Тікелей эфир

Мәулен Әшімбаев: оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосу мәселесін қараған жөн

Бұл жөнінде Сенат төрағасы "Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі" тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда айтты.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ұлттық құндылықтарымызды азаматтарымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің оңтайлы жолын табу қажет. Бұл ретте негізгі салмақ білім беру саласына түседі. Білім беру оқу бағдарламасын түсіндірумен ғана шектелмеуі керек. 

"Біздің ұлттық танымда білім әрдайым тәрбиемен қатар жүрген. Сондықтан бала адамдық әліппесін ата-анасымен қатар мектептен үйренгені шарт. Білім мекемелері жанашыр, адал, жауапты, еңбекқор болуды ерте жастан баланың бойына сіңіруге тиіс. Сол себепті, оқу бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптеу сабақтарын қосып, оны жаңаша жасақтау мәселесін қараған жөн болар еді. Қай заманда да зиялы азаматтарымыз қоғам үшін бағдар болған. Алдыңғы аға буын осы бағыттағы миссиясына адалдық танытып, әрдайым ұлтымыздың үні, қорғаушысы болып келеді. Сол үшін оларға алғысымызды білдіреміз. Ендігі кезекте, елімізде зиялы қауымның жаңа буынын қалыптастыруды өзекті мәселелердің бірі деп есептейміз. Олар ХХІ ғасырда ұлттық құндылықтарды сақтаушы және насихаттаушы болуы қажет", – деді Мәулен Әшімбаев.


Оқи отырыңыз: "Үйде білім алу оқу үлгерімін төмендетеді". Жекеменшік мектептер неге online білімге қарсы?


Сондай-ақ, ол ұлттық құндылықтардың аясы кең екенін, оның тәуелсіздік, жер, тіл, мәдениет, салт-дәстүр сияқты ерекшеліктерді қамтитынын айтып, адами құндылықтарға, хакім Абайдың "Толық адам" тұжырымдамасына кеңірек тоқталды:

"Ұлы ойшылдың "Толық адамына" нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат тән. Нұрлы ақыл аясында қоғамда білім культін қалыптастыруымыз қажет. Сол арқылы өмір бойы білім алу дағдысын негізгі қағидатқа айналдырғанымыз жөн. Өзара сенім, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты құндылықтарды да кеңінен дәріптеген абзал. Оның бәрі Абай айтқан жылы жүректен бастау алады. Қоғамда сенім болған жерде адами қарым-қатынастың нығаюымен қатар, экономика да дамиды деген заңдылық бар. Ақын өсиет еткен ыстық қайратқа талап пен еңбекқорлық секілді қасиеттер жатады. Бұлар да жаңа заманда ұлттық ұстанымға, өмірлік мақсатқа айналуы қажет".

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары