Жастар арасында сәнге айналған сленг атауы ағылшынның "slang, jargon" сөздерінен шыққан. Былайша айтқанда, әлеуметтік диалект. Мағынасы қарап тұрақты сөз тіркесіне теңеуге болады, бірақ, бұл сөздер не сөздердің жиынтығы ешқандай фонетикалық және грамматикалық жүйеге бағынбайды. Тек лексикалық мағынасы ғана болады. Әдетте сленгтер өзге тілден енген сөздер не ешбір грамматикалық заңдылықсыз қысқартылған сөздер болып келеді. Ағылшын не орыс тілдерінде сленгтер бұрыннан қолданылатын болса, қазақ тілінде мұндай сөздердің дамуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің көптеп қолданылуы серпін берді. Мұны жастар "сәнді сөлеймін" деп мақтаныш көрсе, аға буын "қазақ тілінің шұбарлануы" деп айыптайды.
Лингвистердің зерттеуі бойынша, сленг сөздер 13-23 жас аралығында кеңінен қолданылады.
Сленгті не үшін қолданады?
Жастар арасында сөйлеу кезінде жалпы қолданыстағы сөздерге орысша жалғау жалғап, өз тілімізде баламасы бола тұра кірме сөздерді шектен тыс көп пайдаланып, оның үстіне тағы қазақша қосымша жалғап, тіпті тарихи қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзып қолданып жүргендері бар. Жастар дағдысына қарай бұндай сөздерге өте оңай бейімделеді, әрі оларды кез келген жағдайда қолдана береді. Мысалы: күлкі — угар; арзан — фуфло; мас — бухой; мақсат — таргет; скилл — дағды; сәнді — гламурный.
Лингвист Мөлдір Жасаралдың айтуынша, жасөспірімдер әдетте сленгті:
- ерекше әсер қалдыру;
- өзіне сенімділік сезімін беру;
- жаңа, өзгеше болу;
- басқа біреудің түсінбеуі;
- әзіл;
- белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету;
- тілдік қорды байыту үшін қолданады екен.
Зерттеу нәтижесі: сленг сөздерді жігіттердің 50 пайызы, қыздардың 33 пайызы күнделікті өмірде қолданады.
Жастар арасындағы тренд сленгтер
Трендтегі сөздер жастардың көретін, оқитын мәлімет, ақпараттарына байланысты қалыптасады. Әзіл-сықақтан, пікір қалыптастыратын тұлғалардан үлгі ала отырып заманауи сөздер пайда болады:
- "Жиза" – орысша "жизнь", яғни "өмір" деген сөздің қысқарған түрі;
- "Изи" – ағылшынша "easy" деген сөзді оқылуы бойынша қолдану, аудармасы "оңай" дегенді білдіреді;
- "Краш" – ағылшынның сrush деген сөзінен шыққан. Біреуді сыртынан ұнату, жауапсыз жақсы көру;
- "ЛП" – орысша "лучшая подруга" дегеннің қысқарған нұсқасы. МЧ – қыздың кездесіп жүрген жігіті (молодой человек), ЛЧ – сүйікті адам (любимый человек). Қазір мессенджерлерде жиі сөйлесетін болғандықтан, ұзақ жазуға ерініп, сөзді қысқартып жазу сән;
- "Хейт" – біреуді ашықтан-ашық ұнатпау, оның қаншалық жаман, нашар екенін ауызша немесе жазбаша хабарлау;
- "Гоу" – ағылшынның "go" деген сөзі, "кеттік" деген мағынада қолданылады. Бұл сленгіні қолданатындар "гоу" дегеннің өзін ұзақ көріп, оны "го" деп жазады;
- "Сорян" – "sorry" сөзінің қысқартылған нұсқасы;
- "Ауф" – кайф, керемет;
- "Рили" – ағылшынның really деген сөзінен шыққан. "Шынымен, расында" деген сөздердің орнына қолданылады;
- "Олд" – ағылшынның old (кәрі) деген сөзінен шыққан;
- "Инсайд" – ағылшынның inside (ішкі) деген сөзінен шыққан;
- "Флекс" (икемді). Ағылшын тілінен "flex" – бүгу, майыстыру;
- "Шарить" – бір нәрсені түсінуді білдіреді.
- "Ботан" – зерделі адам;
- "Тормоз ұстау" – бөгеліп қалу;
- "Типаж болу", "блатной" – өзңмшіл, өркөкірек;
- "Косякқа кіру" – ыңғайсыздыққа тап болу;
- "Құлаққа лапша ілу" – өтірік соғу;
- "Маяк тастау" – қысқаша қоңырау шалу;
- "Шпор жасау" – жауап парағын дайындау;
- "Капустаға қарау" – материалдық жағдайын қарау;
- "Ауру" – адамға маза бермейтін адам;
- "Қуғынбай" – артық сөйлеп кеткен, мылжың.
Қазақ тілінің халі қалай?
Мамандардың пікірінше, мұндай сөздерді қолдану, шала қазақ тілінде сөйлеу өмір салтына айналып барады.
"Жаһандану заманында ешбір сүзгіден өтпеген ақпараттар тасқыны ағылып, жастардың көзін тұмандандырып, санасын уландырып барады. Осыларға төтеп беретін қазақы тіл, ұлттық салт-дәстүр. Бүгінгі жастардың арасында тіл байлығының нашарлығынан дейміз бе, әйтеуір бір сүреңсіз, нәрсіз сөздер өршіп тұр. Алайда барлығына жастарды кіналай беруге де болмайды. Интернеттегі кейбір сананы улайтын сайттар, теледидардағы түкке тұрғысыз түрлі бағдарламалар, әлеуметтік желілердегі жеңіл әңгімелер, отбасындағы тәлім-тәрбие де баланың санасына әсер етеді", – делінген "Тіл-Қазына" орталығының сайтында.
Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның айтуынша, қазақты қазақ ететін – оның тілі. Тіл тазалығын, сөйлеу мен жазу мәдениетін, заңдылықтарын сақтау міндет.
"Олай болмағанда жаһандану заманында тіліміз өзіміз де түсінбейтін қойыртпаққа айналып шыға келуі әбден мүмкін. Байқасаңыз, біздің сөйлеу мәнеріміз, сөйлем құрауымыз, ойымызды жеткізуіміз қазақша емес. Мүлде өзгеріп кетті. Бұл әлеуметтік желілер өмірге ене бастағалы қарқын ала түскенімен, шын мәнінде оның тамыры тереңде жатыр", – дейді Әділбек Қаба.
Бұл орайда Тіл саясаты комитеті мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында "Мен қазақша сөйлеймін" атты республикалық байқау өткізуді қолға алған. Шараның басты мақсаттарының бірі – жасөспірімдерді қазақ тілінде таза сөйлету.