Тікелей эфир

Мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға пәтер үлестіріледі. Жаңалықтарға шолу

Әйелдердің проблемасын шешу үшін "Аruana" құрылтайы құрылды. Үйі бар көпбалалы аналарға жөндеу жұмыстары жағынан да көмек көрсетіледі.

Алматыдағы №12 аурухананың бас дәрігері қамауға алынды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова таратқан мәліметке сәйкес, Нұрлан Тұрдалин екі айға тұтқындалды. Аурухана басшысына мемлекеттік мекеме ғимаратында кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға көмектескені үшін жеке кәсіпкерден жүйелі түрде 200 мың теңге көлемінде пара алып отырған деген күдік келтіріп отыр.

Сонымен бірге оған қатар дәрі-дәрмек жеткізуші ЖШС өкілінен 340 мың және 1950 АҚШ доллары көлемінде пара алды деген айып тағылып отыр.

Су ресурстары комитетінің төрағасы 60 млн теңге көлемінде пара алды деген айып тағылды

Оған бұл соманы құны 5,8 млрд теңге тұратын Соколов топтық су құбырын қайта құру және екінші кезекте қосылатын ауылдық елді мекендерге таратушы торап құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасасу үшін мердігер ұйымның өкілінен алған деген күдік келтіріліп отыр. Ұлттық бюро комитеті аталған іске қатысты И.Әбішевтің сыбайласы, "Қазақ күресі" дүниежүзілік федерациясы" халықаралық қоғамдық бірлестігінің вице-президентіне қатысты да сотқа дейінгі тергеу жүріп жатырғанын хабарлады.

Билетсіз жолаушылар тасымалдағаны үшін ҚТЖ 100-ден астам қызметкерін жұмыстан босатты

11 айдың ішінде (2018 жылдың сәуір айынан 2019 жылдың наурызына дейін) анықталған заңбұзу нәтижесінде осындай шара қабылданған. Олардың басым бөлігі жолсеріктер, арасында пойыз басшылары да бар.

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле Сайлауова ұсталды

Бұрынғы әкім орынбасары 5 мектеп-интернаттың асханасына жиһаз жеткізуге шарт жасасу үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілінен білім басқармасының бөлім басшысы арқылы 5,1 млн теңге сомасында пара алды деп күдікке ілінді. Бұл сома – шарттың жалпы сомасы 34,1 млн теңгенің 15 пайызы.

Экс–шенеунік облыстық білім басқармасы, оған қарасты әдістемелік орталық басшылары және басқа да тұлғалармен бірлесіп 2016-2019 ж.ж. білім және ғылымды дамытуға бөлінген 10 млн теңге сомасындағы ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова бұл іске қатысты тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатқанын хабарлады.

Мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға пәтер үлестіріледі

Алдағы жеті жылдың ішінде аз қамтылған отбасылар үшін 40 мың пәтер салынады. Үкімет басшысы А.Мәмин биыл осындай санаттағы 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі деп мәлімдеді. Ол үшін 13 млн шаршы метр баспана пайдалануға енгізіледі. Екі жылдың ішінде "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" арқылы 22,5 отбасыға жеңілдетілген несие беріледі.

Әкімдіктегі баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың санына қарай әр аймақтан берілетін сома бойынша лимит белгіленген.

Әйелдердің проблемасын шешу үшін "Аruana" құрылтайы құрылды

Құрылтайды құрудағы басты мақсат – әйелдердің, отбасылар мен балалардың мәселелерін шешу мақсатында әйелдер бастамаларын шоғырландыру болып отыр. Қазақстан әйелдерінің құрылтайы алдымен әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы әйелдер арасындағы ең өзекті деген 10-15 мәселені анықтап алады. Содан соң отбасы және әйелдердің мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларға талдау жасалады.

Шымкент пен Маңғыстау облысы жұмысшылардың жалақысын көтеруге құлық танытпай отыр

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, Шымкенттегі 97 ірі кәсіпорынның 33-інде ғана жұмысшылардың айлығы көтерілген. Ал, Маңғыстауда 99 компанияның 22 ғана еңбекақыны жоғарылатқан.

Ал, жалпы алғанда Қазақстанда 180 мың ұйымның миллионға жуық қызметкерінің жалақысы орта есеппен 33%-ға өскен. Мемлекет басшысы ақпан айында өткен "Нұр Отан" партиясының съездінде қазақстандықтардың жалақысын 30 пайызға өсіруді тапсырған болатын.

Шымкентте оқушылардың табиғи газдан жаппай уланғаны белгілі болды

Қазақстанның Бас санитар дәрігері Ж.Бекшин Шымкенттегі мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің жаппай улануына мектептен 600 метр қашықтықта орналасқан тарату стансасынан табиғи газдың шығуы себеп болғанын айтты. Бас санитар дәрігердің дерегінше, медициналық көмекке 45 адам, оның ішінде 41 мектеп оқушысы мен 4 ересек адам жүгінген. Олардың барлығы медициналық көмек алып, үйлеріне жіберілген.

– Шымкенттің газ қызметі газдың таралуын дер кезінде жойды. Сараптама орталығымыздың мамандары стансаның және мектептің аумағында зиянды заттардың болуына бақылау зерттеу жүргізді. Зиянды зат табылған жоқ, –деп мәлімдеді Ж.Бекшин.

"ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясы табиғи газ оқушылардың жаппай улануына себеп бола алмайды деп мәлімдеді. Компаниядан хабарлағандай, метан - адамдарды улайтын газ емес. Ол шыққан күннің өзінде ауаға тарап, ұшып кетеді, мектеп ғимаратына дейін жетпейді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Жас мамандарды баспанамен қамту үшін 21 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының "Жастар жылының" ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру аясында 2019 жылға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың жалдамалы пәтер құрылысына 7,2 млрд теңге қарастырылды. Осылайша, жас мамандар үшін 3 жылда 3 мың пәтердің құрылысына 21,6 млрд теңге қарастырылып отыр.

Baq.kz: Үйі бар көпбалалы аналарға жөндеу жұмыстары жағынан да көмек көрсетіледі. Бұл туралы "Қазақстан балалары" қайырымдылық қорының басшысы Гаухар Танашева "ARUANA" Қазақстан әйелдер құрылтайының құрылғанына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтты. Көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетіледі деген ол келіп түскен әр ананың өтінішінің қараусыз қалмайтынын атап өтті.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары