Тікелей эфир

Мектепке перде орнатқан мұғалімге ақшасы қайтарылды, директорға сөгіс берілді. Жаңалықтарға шолу

Қазақстанға автокөлік әкелу және оны тіркеу қанша тұрады?

Сот "Азбука жилья" басшысының мүліктерін тәркіледі

Құрылыс компаниясының басшысы, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Ерқанат Тайжанов Елордадағы 4 мыңнан астам үлескерді алдап соғып, халықаралық іздеуде жүр. Сан соғып қалған азаматтар үйлерін сол күйі ала алмады. Бас қаланың Алматы аудандың №2 соты алаяқтың мүлкін сотқа дейін тәркілеу туралы қалалық прокуратураның өтінішін қанағаттандырды.

"Е.Тайжановтың қылмыстық жолмен алынған 5 жер телімі мен Lexus LX 570 автокөлігі анықталды. Қылмыскердің мүліктері мемлекет меншігіне алынады" деп жазылған Прокуратураның ресми хабарламасында.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің әнұраны жазылуы мүмкін

Елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысында осындай ұсыныс айтылды. Жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен дін басшылары мен түрлі конфессия өкілдері қатысып отыр.

Отырыста съезд қорытындылары мен хатшылық қызметінің келешегі бойынша пікір алмастырылып, 2021 жылғы кезекті Съезді өткізу бойынша ұсыныстар талқыланып жатыр.

FlyArystan Қостанай – Нұр-Сұлтан бағытындағы рейсін қашан іске қосатыны белгісіз

Бұған дейін лоукостердің 3 қазаннан бастап Қостанай – Нұр-Сұлтан бағытында күн сайынғы рейсі ашылатыны туралы хабарланған болатын. Әуе компаниясының баспасөз қызметі, Қостанай әуежайының Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен, сондай-ақ "Эйр Астана" компаниясының ұшулар қауіпсіздігі департаментінен әзірге рұқсат алмауы салдарынан рейс кейінге шегеріліп отырғанын мәлімдеді.

Сатылымға шығарылған мезеттен бастап алғашқы үш күн ішінде жолаушылар осы бағытқа мыңнан астам билет алып үлгерген. FlyArystan келеңсіздіктер үшін халықтан кешірім сұрап, 3 қазан – 12 желтоқсан аралығында ұшырылуы тиіс болған рейстерге билет алғандардан билетті сатып алған жерге қайта өткізуді өтінді. Жолаушыларға қаражаттары толық қайтарылады деп хабарлады компаниядан.

Әлемде мигранттар саны 9 жылдың ішінде 51 млн-ға өсіпті

"Мигранттар әлем халқының 3,5% құрайды, олардың саны дүние жүзі халықтарының санынан тез өсіп барады" деп хабарлады ТМД сайты. Жарияланған ақпаратта қазір бүкіл әлемде 272 млн астам мигрант бары жазылған.

Мигранттар санынан АҚШ көш бастап тұр. Онда 50 млн-нан астам адам тұрады. Екінші-үшінші орында Сауд Арабиясы мен Германия (13 млн). Ресей 12 млн мигрантпен бұл тізімде төртінші орында. Алғашқы бестікті Ұлыбриятания тұйықтады (10 млн мигрант).

Мектепке перде орнатқан мұғалімге ақшасы қайтарылды, директорға сөгіс берілді

Алматыдағы Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Мұсанованың әлеуметтік желіде жазған шағымынан кейін іске сыбайлас жемқорыққа қарсы күрес қызметі араласты. Л.Мұсанова Facebook-тегі парақшасында директордың мұғалімдерге кабинеттеріне өз есебінен перде сатып алуды міндеттегенін мәлім етті. Осы жағдайдан кейін мектепті комиссия тексеріп, оның шешімімен директоры Гүлсара Байеділова сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Л.Мұсановаға перденің қаражаты қайтарылды.

Г.Байеділова екі жыл бұрын зейнетке шықса да, осы уақытқа дейін білім беру ұйымын басқарып келеді. 20-шы қыркүйекте оның келісім-шартының мерзімі аяқталатын көрінеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілі директормен жасалған келісім-шарт мерзімі әрі қарай ұзартылмайтынын хабарлады.

Директор мектеп мұғалімдерінен пердеге ақша жинамағанын айтып ақталды. Айтуынша, мұны мұғалімдер өз еркімен істеген. Өйткені бюджеттен осы мақсатқа 2,5 млн теңге бөлінген.

"Мұсанованың мұндай арыз жазуына биылғы жылы оған 30 сағаттың орнына 27 сағат берілгені түрткі болды" деді дау-дамайға қатысты пікір білдірген директор. Мектептің басқа мұғалімдері терезе жапқышты өз бастамамызбен сатып алдық деп отыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанда апта соңында күн ысиды. Қазгидрометтің мәлімдеуінше, Иран аймағынан келе жатқан жылы ауа 19-21 қыркүйекте Қазақстанның оңтүстік, орталық және шығыс облыстарында температураның жоғарылауына себепші болады.

Аталған өңірлерде алдағы үш тәулікте жаздағыдай жылы және жауын-шашынсыз ауа райы болады. Күндізгі ауа температурасы 23…30, оңтүстікте плюс 30…35 градусқа дейін жоғарылайды. Республиканың батыс және солтүстік облыстарында ауа температурасы төмендейді, кей жерлерде найзағай жарқылдап жаңбыр жауады, күшті жел соғып, бұршақ жаууы ықтимал.

24.kz: Қазақстанға автокөлік әкелу және оны тіркеу қанша тұрады? 2012 жылы АҚШ-та шыққан, моторының көлемі 2,5 болатын Toyota Camry көлігін мұхиттың әр жағынан 8-9 мың долларға сатып ала аласыз. Жеткізу құны 2500 доллар. Кедендік баж – 20 000 теңге немесе 52,05 доллар. Барлығы 10 552,05 долларды құрайды.

Жеті жылдан асқан Camry көлігін әкелу кедендік құнның 19%-ын құрайды. Яғни 19%-ды 10 552,05 доллардан есептеп шығарсақ төлем 2004,89 долларды құрайды. Содан кейін қосымша құн салығын төлеуіңіз керек (автомобильдің кедендік құнынан 12% және кедендік баж, яғни 12% (10 552,05 + 2004,89) = 1506,83 доллар).

Қазақстанда тіркелу үшін сатып алушы құтқару ақысын да төлеуі керек. Моторының көлемі 2001-ден 3000 текше/см көлік үшін 500 АЕК – 1 226 500 теңге немесе 3285,85 доллар. Сондай-ақ дәл осылай бастапқы тіркеу жарнасы үш жылдан асқан жеңіл көліктер үшін 500 АЕК – 1 262 500 теңге немесе 3 285,85 доллар.

Іnbusiness.kz: Қазақстандықтар азық-түлікке 2 трлн теңге қаржы жұмсаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,9 пайызға көп. Ал өзге тауарларға кеткен ақша 68 пайызға жоғары. Осылайша ірі сауда кәсіпорындарындағы бөлшек сауда үлесі – 57, ал жеке кәсіпкерлер мен қалалық базарда 42,9 пайызды құраған. Көтерме саудадан түскен пайда 15,2 трлн теңгеден асқан.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары