Тікелей эфир

Мадам Тюссо музейінде 20 адам жабылып жасайтын мүсінді жалғыз еңсеретін қазақ жігіт

Фото Айдос Есмағамбетовтың жеке архивінен алынды
Фото Айдос Есмағамбетовтың жеке архивінен алынды
Гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбет бүгінде алты адамның мүсінін жасады. "Қолдау болса, Қазақстанда да Мадам Тюссо музейі сияқты музей ашар едім" дейді ол.

Айдос ең бірінші Барак Обаманың балауыз мүсінін жасаған. Ол Мадам Тюссо музейіндегілерге қарап жасай бастаған. Қазақстанда да балауыз мүсіндер музейін ашуды армандайды.

Айдос музейдің неше бөлімнен тұратынын, кімдерді мүсіндейтінін, тіпті қалай орналастыру керектігін ойластырып қойған.


мприо

Астанада өткен "Балауыз мүсіндер" көрмесінде Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол мырзамен / Фото Айдос Есмағамбеттің жеке архивінен алынды


Мәселен, саясаткер, өнер адамдары мен спортшылар секілді ең танымал адамдардың мүсіндерін әр сала бойынша топтастырып жасақтау ойында бар.

Балауыз деп жүргеніміз балауыз емес

Айтуынша, қазір "Балауыз мүсіндер көрмесі" деп жүргеніміз "силикон мүсіндер".

– Барлық музейлер мен көрмелер жеткісі келетін гиперреализимді балауыз көрсете алмайды. Сондықтан мүсіншілердің негізгі құралы –силикон. Оны әр түрлі қоспалармен түрлендіреді. Ал балауыз фигуралар деп бұрыннан қалыптасып қалған әдет бойынша айтылып келеді. Мысалы "Әр түрлі қоспалары бар силикон фигуралар көрмесі" десе, адам жинай алмаушы еді, – дейді ол.

– Мадам Тюссо музейіндегі фигуралар балауыздан жасалған. Өйткені ол кезде силикон болмаған. Силикондар әр түрлі болады. Кино саласында қолданылатын, мысалы киноларда адамдарға мұрын, бетін қартайтып көрсету үшін қолданылатын силикондар болады.

Музей ашылса, қаңырап тұрмайды

"Силиконнан мүсін жасайтындар аз. Тіпті жоқтың қасы, бірақ мен шәкірт тәрбиелеуді қолға алатын едім" дейді Айдос.

Ол бастапқыда силиконнан аквариумдар жасап жүреді. Одан бұрын саз-балшық пен гипсті мүсіндер жасайтын ол, біртіндеп силиконға көшеді. Осылайша екінің бірі жасай алмайтын туындылар пайда болады. Обамадан соң елбасы Н.Назарбаевты, одан кейін, Абылай ханды мүсіндейді.


выапро

Н.Назарбаев пен Абылай ханның силиконды мүсінін 2011 жылы жасаған / Фото Айдос Есмағамбеттің жеке архивінен алынды


Әке көрген оқ жонар

Айдос – Арқалық қаласының тумасы. Кәсіби білімді Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институында "Бейнелеу өнері мен сызу" мамандығы бойынша алған.

Ол өнерге деген құштарлығын қанымда бар деп түсіндіреді. "Әке-шешем – өнерден қалыс қалмаған адамдар" дейді ол. Әкесі сурет салып, мүсіндер жасаса, анасы домбырадан сабақ береді.

– Менің жұмыстарым Мадам Тюссодағы фигуралардан басқа. Онда бір мүсінді жасап шығару үшін толық бір команда жұмыс істейді. Шаштаразы, стилисі бөлек, көзін жасайтын адамы бар, бәрі жеке-жеке. Сосын мүсіні жасалатын адамды арнайы шақыртады. Оның бойы мен өзге өлшемдерін, тіпті қолының таңбаларына дейін алады. Ал, мен жалғыз өзім осы бір команданың жұмысын істеймін. Және суреттеріне қарап ғана мүсіндеймін. Оның әр тал шашын жеке-жеке қоямын. Шыдамдылықты талап ететін жұмыс, – дейді Айдос.

Бір фигураны жасау үшін:

Ең алдымен компьютерде болашақ экспонаттың 3D-моделі салынады. Бұл мүсіндегі тепе теңдікті анықтауға мүмкіндік береді.

Одан кейін, мүсіннің қаңқасы жасалады да, оған бірнеше қабат силикон қоспасы жағылады. Соңында терісінің түсі келтіріліп, әжімдері, болса тыртықтары қосылады. Бір-бірден шашын тоқып, көзін жасайды.


әрленбеген мүсін

"Бір фигураны толық аяқтау үшін шамамен 4-5 айдан бір жылға дейін уақыт кетеді" дейді Айдос Есмағамбет / Фото жеке архивтен алынды


– Мүсін жасағанда тұлғаның әдетте еленбейтін ерекшеліктерін де ескеру маңызды. Мысалы терісінің, шашының, көзінің түсі, меңі, татуировкасы, тыртықтары.

Айтуынша, ол ғана емес, кез-келген суретші үшін адамның көзін салу қиын. Әсіресе, елбасының суретін салғанда көп суретші көзін келтіре алмай қиналғандарын жиі айтады.

Бір құйғаннан көздің дұрыс формасы шыға қоймайды. Біресе түзу болмай қалады немесе көбіктеніп кетеді. Формасын келтіріп алғаннан кейін реализмді қосамын. Қан капиллярлары мен дақтарды саламын.

Генадий Головкинге тосын сый болады

Айдос қазір Геннадий Головкиннің мүсінін жасап жатыр.

– Головкин оның мүсінін жасап жатқанымды білмейді. Көрсе ұнатады деп ойлаймын, – дейді Айдос.


 миол

Айдос қолы қалт етсе мүсін сомдайды / Фото жеке архивтен алынды


"Негізгі жұмысым мен жедел тапсырыстар қолбайлау болып, Головкиннің мүсіні ұзаққа созылып кетті" дейді мүсінші. Бірақ, алдағы бір-екі айда аяқтаймын деп өзіне сөз беріп қойған.

Мүсін жасау – күнә ма?

Айдосты бұл жұмысының діни тұрғыда көп сыналатыны қатты қапаландырады. Айтуынша, өзі бұл ісінен тек өнерді ғана көреді.

– Суретшілер болса, кәсіби көзқарастарын білдіреді. Ол кісілердікі орынды деп ойлаймын. Біреуі ұқсатып, екіншісі ұқсамайды дейді. Сынды барынша түсінікпен қабылдауға тырысамын.

Арманым – Қазақстанда осы өнерді алғашқы бастаған адам ретінде өзіміздің Мадам Тюссо тәрізді музейімізді ашсам деймін. Мемлекет тарапынан қолдау білдіріліп жатса, өзге елдерден өнеріміз кем емес екенідігін айқындай түсер еді.

Елбасына мүсіні ұнады ма?

Жуырда Айдос Қорғаныс министрлігі тапсырысымен тарихи мүсіндерді жасапты. Ол жерде Президенттің тәуелсіз елдің тұңғыш Қорғаныс министрін тағайындау туралы жарлыққа қол қойған сәті бейнеленген. Генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовті мүсіндеген. Әскери-тарихи музейіне қойылған.


еанпгошлщд

Тарихи қол қойылған сәт / Фото Айдос Есмағамбеттің жеке архивінен алынды


– Бұл жолы Елбасының 1990 жылдардағы бейнесін мүсіндедім. Негізі бірінші желтоқсанда көрсетуім керек еді. Бірақ, өте асығыс жасалғандықтан кейбір ұсақ-түйек жұмыстарын бітіре алмай қалдық. Бұйыртса, алда Елбасын шақырып мүсінді көрсетеміз деген. Ұнайтын болар деп сенемін, – дейді Айдос.

Материалды АҚШ-тан алдырады

– Оның бағасы да да әжептеуір. Бір мүсін жасау үшін 300 мыңнан жоғары ақша кетеді. Ол жерде тек фигура емес, киім-кешектері де бар. Мысалы тарихи тұлғалар жасау үшін жақсы деген шапанның өзі 200 мыңға кетіп қалады. Есептей беріңіз, – дейді Айдос.

Ал силиконның бағасы долларға байланысты, 7 килограмм силиконның орташа бағасы – 90 мың теңге.

Әзірше өзіне өзі демеуші

Сондықтан материалдың ақшасын шығарып алу үшін, бос уақытын қалт жібермей қосымша тиын-тебен табуға тырысады.

Арасында тапсырыспен медициналық протездер де жасаған.

– Ондай тапсырыстар аз. Мысалы, саусақтарынан айырылып қалған адамдарға өз саусақтары сияқты силикон қолғаптар жасап бергем. Косметикалық протез ғой. Бір қарағанда өз қолынан ажырату қиын.

Ол үшін арнайы тез кебетін материалға қолының таңбасын жасайды. Қолының формасы барлық детальдармен, тіпті әжім мен кесіп алған жерлеріне дейін сақталады. Формаға супергипс құямын. Кейін сол негізде протез үшін саусақтар жасаймын, – дейді мүсінші.

Айдос мүсінші болу үшін арнайы оқымаған

Керек мәліметтерді интернеттен, одан қалса воск фигуралар көрмесінен іздеп табады.

– Кейбір көрмелерде фигураны жасаған затты құрамы жазылып тұрады. Сол жерден жаңа бір заттың атауын көріп қалсам, мысалы стеклопластик делік, дереу зерттей бастаймын. Физикалық сипатынан бастап, яғни немен араластыру керек, қайдан алуға болады, қанша уақытта кебеді деген сияқты мәліметтерді өзіме түртіп аламын.

– Бізде бұл өнер әлі дами қоймаған. Оны көрмеге келген адамдардың фигураларға ұқыпсыз қарайтынынан-ақ байқауға болады, – дейді Айдос. – Сондықтан, көпшілікті өнерді құрметтеуге, еңбекті бағалауға шақырамын.

Серіктестер жаңалықтары