2018 жылы 18 маусымда, Астанада халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен "Ұлы дала" III гуманитарлық ғылымдар форумы өз жұмысын бітірді. Онда әр елден келген түркі ғалымдары өзара пікір алмасып, тіл мен саннан туындаған мәселелерді ортаға салды.
Ауылда да ана тілінде сөйлейтін бала қалмай барады
Алена Тазранова – Ресейдің Алтай Республикасынан. Алтай, теленгіт, филология ғылымдарының кандидаты, Ресей Ғылымдар академиясы Сібір бөлімшесі филология институтының жетекші ғылыми қызметкері.
– Мен Теленгітпін. Қазір телеңгіт тілінде, яғни алтай тілінде баяндама жасасам барлығыңыз түсінесіздер. Алтай Республикасында телеңгіттер жиі орналасқан Улаган ауданында туылдым. Бізде бұрын 4 сыныпқа дейін телеңгіт тілінде, яғни алтай тілінде оқытылатын. Тіптен, орыс тілін жақсы білмейтін едік. Ал қазір алтай тілі факультативті сабақ ретінде аптасына 2-3 сағат қана оқытылады.
Республиканың шығыс солтүстігіне жиі қоныстанған челкандар да қазір телеңгіттердегідей жағдай қалыптасты. Тубаларда да сондай, – деп қынжылысын жасырмады.
Телеңгіт, Куманды, Челкан, Тубалар алтай ұлтының этникалық тайпалары саналады. Кейде жеке ұлт ретінде аталып, кейде алтай ұлтына жатқызылып жүр.
Үкіметтен қысым жоқ, бірақ...
Николай Уртегешев, Шор тілі ғалымы, филология ғылымдарының докторы, Ресей Ғылымдар академиясы Сібір бөлімшесі филология иниститутының жетекші ғылыми қызметкері:
– Шор халқының саны 13 мыңға жуық. Қазір балалар ана тілдерін білмейтін дәрежеге жетті, – деп мұңын шақты.
Осындай талқы басталған кезде дінтанушы, ғалым Әбсәттар Дербісәлі сөзге араласып: "Оған үкіметтің көзқарасы қандай?" деп сұрады.
Николай Уртегешев:
– Үкімет қарсы емес. Алайда нақты қадам жоқ. Заң бойынша әр халық өз тілінде білім алуға құқы бар және оған үкімет те көмектеседі. Алайда тілге сұраныс жоқ, – деп жауап берді.
"Тілімізді жол мен телевизор құртты"
– Ондағы басты себеп: ауылға жол мен телевизордың келуі болды. Балалар телевизорды тек ғана орыс тілінде көреді. Өз ана тілдерінде хабар тарататын телеарналар, әсіресе балаларға арналғаны жоқ.
Сонымен жас ұрпақтың санасында қала мен телевизордан көретін виртуалды өмірге деген қызығушылық болады. Соларға еліктейді.
Міне осылайша өз ана тіліне сұраныстың болмайтынын түсінеді. Ата-аналары да балаларының орыс тілін жақсы біліп, бәсекеге қабілетті болуын қалайды, – деді Алена Тазранова.
Башқұрттар діни уағызды да орыс тілінде жүргізеді
Фирдаус Хисамитдинова, филология ғылымдарының докторы, профессор Ресей Ғылымдар академиясының Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет иниститутының ғылыми жетекшісі (РФ, Башқұртстан):
– Башқұрт тілі – Башқұртстанның мемлекеттік тілі. Алайда республика көлемінде башқұрт тілін міндетті оқытылатын және білім алатын тіл ретінде қалыптастыра алмай отырмыз. Башқұрттардың ана тілін қолдану мәселесі белгілі шектеулерге ұшырап отыр.
Башқұрт тілінде өтетін сабақ аз. Ауылдағы башқұрттардың ана тілінде білім алу мүмкіндігі де азайып келеді. Ал қалада тіптен қиын. Осыған қатысты түрлі ереуілдер жиі болады. Тіптен Ресей Федрациясының Думасына да бірнеше рет хат жіберілді. Алайда халықтың басым бөлігі башқұрттан өзге ұлт болғандықтан қиындық көп.
Фирдаус апамыздың айтуынша, Уфадағы тарихтан әйгілі Ғалия медіресесі қазір Башқұртстан ислам университеті аталады. Алайда барлық іс-қағаздары мен оқу, тіптен уағыздар да орыс тілінде жүріледі. Ана тілінің көсегесін көгертпей отырған себептердің бірі осы.
Жалпы әр адамның өз ана тілінде білім алғысы келетіні анық. Ал, башқұрттарға өз мемлекеттік тілінде білім алуға кедергі көп.
Біріншіден, республикадағы башқұрттардың салыстырмалы саны 30%. Орыстар 36%-дан асады. Татарлар – 25%.
Екіншіден, башқұрттардың басым бөлігі ауылда тұрады. Басқа ұлт өкілдері көп болғандықтан башқұрт тілі факультативті сабақ ретінде ғана өтеді.
Үшіншіден, РФ Конституциясы бойынша башқұрт тілінде білім алу стандартына көшуге заңдық негіз бар. Алайда, үкімет құлық танытар емес.
Татарстанда тілге шектемелер күшейіп келеді
Татарстанның 1992 жылы қабылданған Конституциясына сай татар тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде орыс тілімен теңестірілді. Сонымен Республикадағы жалпы білім беретін мектептерде орыс тілімен бірдей құқықта міндетті түрде оқытылатын пән ретінде қабылданған болатын.
2002 жылы Мемлекеттік Дума және Конституциялық сот татар тілі графикасын кириллицадан латын графикасына аударуға тыйым салды.
2009 жылы Ресей Біртұтас мемлекеттік емтиханды ұлттық тілде тапсыруға шектеме қойды.
Мысалы, Татарстанда орта мектепте балалар татар тілін және татар әдебиетін аптасына 5-6 сағатқа дейін оқыды. Алайда бұл орыс тілді ата-аналардың наразылығын тудырған болатын. Олар Федералдық биліктен көмек те сұраған.
Татар тілін міндетті оқытуды шектеді
Республикадағы татар тілі мен орыс тілді ата-аналардың дауы бүкіл Ресейдің назарын аударғаны белгілі.
2017 жылдың шілде айында Этносаралық қатынастар жөніндегі кеңестің отырысында Ресей Президенті Владимир Путин ұлттық тілді үйрену – әркімнің ерікті құқы екенін атап: "Адамдарды өз ана тілінен басқа тілді үйренуге мәжбүрлеуге және орыс тілінің оқытылу сағат санын қысқартуға жол бермеу керек" деп тапсырған болатын.
Бір ай өткен соң, Путин Бас прокуратураға осы мәселе бойынша тексеру жүргізуге пәрмен берді.
Нәтижесінде Татарстандағы білім беру мекемелеріне "үздіксіз тексеру" жүргізіліп, 3900-ге жуық заң бұзушылық анықталған. Тек 24 мектепте федералды білім беру стандарттарында көзделген көлемде орыс тілі оқытылыпты.
2017 жылы желтоқсанда Татарстан билігі орталықтың қысымымен автономияның басты рәміздерінің бірі – республика мектептерінде татар тілін міндетті түрде оқытудан бас тартты. Енді тек ата-аналардың рұқсатымен аптасына 2 сағаттан аспайтын жүктемемен ғана оқытылады. Алайда бұл Ресейді саны аз ұлттардың наразылығын тудырып жатыр.
Ұлтты сақтап тұрған үш діңгек: Тіл, Дін және діл (салт-дәстүр мен ұлттық түсінік)
Бұл үш діңгектің бірі құласа, сол ұлттың жоғалуына жетелейтіні белгілі. Мұндай тағдырды бастан кешіп жатқан түркі халықтары жеткілікті.
Мысалы, Хакасиядағы хакастардың түрі болмаса, діні де, тілі де, ділі де орыстанып барады. Себебі, аталған Республиканың өзінде хакас тіліне сұраныс жоқ. Ал сұранысты дайындайын республика билігі Кеңес Одағынан қалған сүрлеуден шыға алмай отыр.
Үлкен республикалардың мемлекеттік тілінің өлі тілге айналуы саны аз түркі халықтарының үмітін үзді. Алайда, әр адамның өз ана тілін үйренуге құқы бар екенін негізге алсақ кей мүмкіндіктер әлі де бар. Мысалы, жиі қоныстанған ауыл-ауданда баласының ана тілде сабақ алуын ата-аналары сұрап, өтініш жазып, конституциялық құқын пайдалануға болады.
Әлемдегі түркі халықтарының саны қанша?
Еліміздің бас демографы Мақаш Тəтімовтың дерегі бойынша əлемдегі түркі халықтарының саны 150 миллион шамасында, тілі жағынан 5 топқа, 40 тіл мен 100 диалектке бөлінеді екен. Ал Уикипедия ашық энцклопедиясында 180 миллион адам деп көрсетілген.
Ресейдегі түркі халықтарының саны
Түркі халықтарының өкілдерінің 16,9%-ы қазір Ресейде тұрады. Мұндағы жалпы саны шамамен 25-28 миллион. Бірақ ресми мәліметі бойынша 12,5 миллион.
Ресейде 180-нен астам ұлт пен ұлыс тұрады. Оның 40-қа жуығы түркі текті халықтар. Соңғы мәліметтерге қарағанда Ресейдегі халық саны азая бастаған.
Ресейдегі түркі халықтарының нақты саны айтылмайды
Бейресми мәліметтер бойынша бұл 12,5 миллион деген санды екі еселеуге болады. Мысалы, 2015 жылы Мәскеу қаласының жансаны мен ұлттық құрамы ақпаратта тараған болатын. Онда Мәскеу халқының 31 пайызы ғана орыс ұлты екені айтылған. Тіптен, әзербайжандар мен татарлардың саны 20 пайыздан асатыны көрсетілеген.
2017 жылы қаңтар айында Ресей Мемлекеттік Думасының Мәдениет комитетінің төрағасы Станислав Говорухин Ресейдегі әр төртінші адам мұсылман деп жариялаған. Онда нақты сан әлі ашық айтылмай отырғанын мысал етіпті.
Бұл тұрғыдан алғанда Ресейдегі түркі халықтары жалпы Ресей халқының 15 пайызын құрайды деп саналғанмен, кемі 25 пайызға жетуі мүмкін.
Түркі мемлекеттеріндегі түркілердің саны
Түркітілдес елдер: Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы. 2010 жылғы санақ бойынша 139 744 000 адам.
2011 жылы АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы (ары қарай АҚШ ОББ) – Central Intelligence Agency, CIA. АҚШ-та орналасқан тәуелсіз құпия барлау басқармасы) деректері бойынша 141,4 млн адам болды.
БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) болжамы бойынша, 2025 жылы 161,6 миллион адамға, 2050 жылы 176,3 миллион адамға жетеді.
Парсы мемлекеттеріндегі түріктердің саны
Парсы елдері – Иран, Ауғанстан, Тәжікстан. Халқының жалпы саны – 112 668 миллион адам, оның кемінде 24 607 миллионы түркілер (2010 жылғы шілдедегі CIA деректері).
Орта ғасырларда бұл елдердің бәрі бұрыннан бері түрлі түркітілдес мемлекеттердің бір бөлігі болғанын атап өту керек. Сондықтан ирандық (парсы) мемлекеттердің түріктері бұл мемлекеттердің байырғы өкілдері болып табылады. Қазіргі уақытта еуропалық стандарттарға сәйкес бұлар парсы-түркі мемлекеттері саналады.
Себебі, бұл мемлекеттерде саны төмендетілген түркі халқының азшылық үлесі Ирандағы 26%-дан Ауғанстандағы 12% дейін ауытқиды. Ресми түрде, мысалы, Иранда 17,9 миллион түрік, яғни 21,8 пайыз. Бірақ 2006 жылдың наурызында Әзербайжандағы Иран елшісі Афшар Сүлеймани Ирандағы азербайжандықтардың саны 35 миллион адам екенін мәлімдеді.
Демократияландырудың талабына сай, түркі тілдеріне мемлекеттік тіл статусын беру, сондай-ақ федерализация мәртебесін беру ықтималдығы осы мемлекеттердің күн тәртібіне қойылуы мүмкін.
БҰҰ болжамына сәйкес, парсы елдерінің халқы түркі мемлекеттеріне қарағанда тезірек артып, 45 жылда екі есе өседі. Болжам бойынша 2025 жылы кем дегенде 33,6 млн-ға, 2050 жылы шамамен 46,8 млн-ға жетеді.
Автономиялық мәртебесі бар түркілер
Әлемде 5 мемлекетте түркі халықтарының автономиясы бар: Ресей, Қытай, Украина және Молдова, Моңғолия. Бұл елдердегі түркілердің саны шамамен 23,5 миллионға жетті. Ресейде 12,2 млн, Қытайда 10,8 млн, Украинада 400 мыңға жуық, Молдавияда шамамен 200 мың және Моңғолияда шамамен 150 мың адам. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықта барлық түркілердің саны өседі.
Еуразияның басқа мемлекеттеріндегі түркілер
Балқан елдерінде, Ирақта және Грузияда бар.
Болгарияның екінші бөлігі Волга-Волга (Ильль-Булхар) елін құрды. Бүгінгі Волга бұлғарлары Қазан татарлары деп те аталады. Қап тауындағы Қарашай-Черкес Республикасындағы және Кабардин-Балқар Республикасындағы байырғы тұрғындарды да қағыс қалдырмау керек.
Қазіргі Болгарияда халықтың 9,6%-ы түріктер мен татарлардан тұрады. (Және бұл өз елінен қайта-қайта келіп жатқандарына қарамастан, соңғы 150 жыл ішіндегі көрсеткіш). Грузияда тұратын әзербайжандықтардың саны 6,7% және Иракта тұратын түріктердің саны шамамен 4-5%. (Ирак Түрікмен Ирак Түрікмен майданы айтуынша 3 миллион адам, жалпы 10% құрайды.) Балқан елдері, Грузия және Ирактағы түріктердің жалпы саны 2,7 млн-нан әлде қайда жоғары екенін сеніммен айтуға болады.
Батыс елдеріндегі өзін-өзі сақтайтын түріктердің ең аз саны 5-тен 6 миллион адамға дейін. Солтүстік Африка елдері мен Парсы шығанағындағы түріктерде жұмыс істейтін иммигранттар шамамен 0,3-0,5 миллион.
2010 жылғы түріктердің саны және 2025-2050 жылдарға болжам
2010 жылы АҚШ Орталық барлау басқармасының деректері бойынша Түркі мемлекеттерінің халқының саны– 138 367 миллион болды.- Түркі мемлекеттерінің халқы Солтүстік Кипр Түрік Республикасын (0,25 млн) есепке алғанда 2011 жылы – 142,1 млн адам
- Иран-түркі мемлекеттеріндегі түріктердің саны – 23,6 млн.
- Түрікі автономияларындағы түркі халықтарының саны – 23,5 млн.
- Еуразияның басқа мемлекеттерінің тұрғындары ішіндегі түркілер саны – 2,7 миллион адам.
- Түрік иммигранттары мен Еуропа мен Америкадағы азаматтар – 5,5 млн.
- Парсы шығанағы және Африка елдерінде түрік иммигранттары – 0,5 млн.
- Жалпы түркілердің саны 2010 жылдың ортасында кем дегенде 197,9 млн адам болған.
2025 және 2050 жылға арналған болжам:
- 2025 жылы Түркі мемлекеттеріндегі түркілердің саны 161,6 млн, 2050 жылы – 176,3 млн болады.
- 2025 жылы ирандық-түркі мемлекеттеріндегі түркілердің саны 33,6 миллион адам, 2050 жылы 46,8 миллионға өседі.
- 2025 жылы түркі халықтарының саны 227,2 млн, ал 2050 жылы 255,1 млн-ға жетеді деп күтіледі.
Ресейдегі түркі халықтарының өсімі неге төмендеп кетті?
Ресейдің жалпы халық саны тез азайып барады. Әр жылы орташа есеппен 2-5 миллионға адамға дейін қысқарады.Тіптен әр жылы көшіп баратын этникалық орыстар мен Ресей үкіметі тағайындаған әр туылған сәби үшін берілетін "ана капиталы" бағдарламасының да көмегі шамалы болды.
Біріншіден, елдегі араққұмарлықтың тамыры терең. Ауыл халқы қатты ішімдікке салынып кеткен. Осы себептен, әр отбасының экономикалық жағдайы нашарлап ғана қоймай түрлі аурулар көбейген. Отбасылардың берекесі қашып, балалы сүю табиғи азайған.
Екіншіден, халықтың еуропалық мәдениетке бет бұруы арқылы менталитеттің өзгеруі. Бұл әйел мен еркек арасындағы жауапкершілікті, ұрпақ туралы көзқарасты түбірінен өзгерте бастады. Жұрт ұрпақ үшін емес, жеке басы үшін өмір сүруді мұрат тұта бастады.
Үшіншіден, діни сенім. Мысалы, мұсылмандар көп балалы болуды дәріптейді. Ал христиан, шамандар үшін ондай түсінік жоқ. Оның үстіне ислам дінінде араққа, нәпсіқұмарлыққа салынатын қатты тыйым халықтың таным-түсінігіне әсер етіп, еуропалану мен еуропаның жат әрі озбыр мәдениетіне қарсы иммунитетін қалыптастырады.
Ресейдегі түркі халықтарының тілі неге жоғалып жатыр?
Алена Тазранованың айтуынша, ең алдымен аз халық қашанда көп халыққа жұтылады. Яғни тілге деген сұраныстың болмауы мен урбанизацияның себебінен аз санды ұлттар қалаға көшіп, ассмилияцияға ұшырайды.
Екіншіден, радио-телеарналар мен басқа да ақпараттық құралдардың, биліктің тілінің өзге тілде сөйлеуінің кесірі жас ұрпақтың сана-сезіміне ақпарат алған тілге қарай бейімделіп, қалыптасады.
Үшіншіден, батыс мәдениеті ұлттық иммунитетті құртып жатыр. Ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастың өзгеруі ұрпақты өзімшілдікке, тым жеңіл өмір сүруге жетелейді. Осылайша көпбалалы болудан, оларды бағудан қашады.
Тілді қалай құтқаруға болады?
Темірхан Тебегенов, филология ғылымының докторы, профессор:
– Ең алдымен халықтың табиғи өсімін көтеруге күш салу керек. Бала көп туылып, саны көбеймесе тіл жоғалады. Сондықтан мемлекеттің түрлі жәрдемақылары мен көмектері арқылы шабыттандыру жұмыстарын күшейту керек.
Екіншіден, әр елдегі тіл туралы заңның "әр адам өз ана тілінде білім алуға құқылы" деген тармақты басшылыққа алып, берілген конституциялық құқын пайдаланып, мектепте ана тілінде оқыт деп үкіметтен талап ету керек. Осы арқылы сол ұлт жиі қоныстанған жерде факультативті сабақтарды енгізуге болады.
Үшіншіден, түрлі ұлттық мәдениет орталықтарын құрып, өз этностарын ұйыстыратын орын дайындау керек. Сол негізде ұлттың салт-дәстүрін, тарихын, тілін жаңғыртуға тырысу керек. Тіптен, түрлі үйымдардан, мемлекеттен грант, көмек алулары керек.
Төртіншіден, қала не ауылдағы аз санды халық мүмкіндігінше жиі қоныстанып, тілдік ортаны қалыптастырулары керек.
Бесіншіден, өзара жақын туыстықты, этносаралық байланысты күшейтіп, оны үнемі қолдау жасау керек. Осы арқылы көршілес елдердің де көмегін алып, рухани қорғаныс қалыптастыруға болады.
Ресей түбі түркіленеді деушілер бар
Бұл тұралы АҚШ-тың ОББ-ның жоғарыдағы болжамы да бекерден бекер емес.
Ресейдегі түркі нәсілді халықтың жалпы саны артатыны белгілі. Өйткені орыстардың туу көрсеткіші төмен әрі тым тез азайып бара жатыр.
Біріншіден, Ресейде орыс тілді түркі халықтары көптеп өсіп барады. Себебі Ресей – татар, башқұрт, чуваш, қазақ, ноғай, саха қатарлы ұлттардың тарихи атамекені. Олардың өсімі орыстардан жоғары әрі шетелден көшіп барып жатқандары да көп.
Екіншіден, орта азиялық еңбеккүш Ресейге жиі ағылады. Бұның да ресейлік түркілердің санының өсуіне қатты әсер етіп, тілін сақтауға көмектесетіні хақ.