Тікелей эфир

LRT ісі бойынша сот басталды. Бір айыпталушы ғана кінәсін мойындады

Фото depositphotos.comсайтынан алынды
Фото depositphotos.comсайтынан алынды
Қылмыстық іске қатысты тұлғаларға LRT жобасын іске асыру кезінде 5,8 млрд теңге сомасында ақша жымқырды деген айып тағылып отыр.

Нұр-Сұлтан қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында LRT құрылысына бөлінген қаражатты жымқыру ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Сот процесін судья Қажымұқан Мекемтас жүргізіп жатыр.

Сотталушылар – қаланың Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, Нұр-Сұлтан мәслихатының бұрынғы депутаты әрі хатшысы Жанат Нұрпейісов, Astana Innovations АҚ бұрынғы төрағасы Талғат Әшім, сонымен қатар әртүрлі кәсіпорындар қызметкерлері Улугбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов пен Дәурен Әбдіхамитов. Осы іске қатысты елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" бұрынғы басшысы Талғат Ардан "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасымен халықаралық іздеуде.

Сот талқылауының алғашқы күні айыптау актісін жариялауға арналды. Қала прокурорының көмекшісі, кіші әділет кеңесшісі Жангелді Есебаев айыптау актісін оқып біткен соң сот тергеуіне көшу туралы шешім қабылданды.

Сотталушылардың барлығына жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру кезінде 5,8 миллиард теңге көлемінде ұрлық жасады деп айып тағылып отыр.

"ҚР Президентінің, үкіметінің және халқының сенімін теріс пайдалана отырып, Сұлтанбеков өзіне берілген билік өкілеттіктерін мемлекет мүддесіне қарамастан және өлшеусіз жеке байыту мақсатында Астана қаласының аумағында мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы, меншікке қарсы ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау жолымен, жобаны іске асыруға бөлінген және сеніп тапсырылған бюджет қаржысын иемдену және жұмсау жолымен пайдалануға шешім қабылдады", – делінген айыптау актісінде.

Тергеу мәліметінше, ойластырылған заңсыз іс-әрекеттердің ауқымы мен күрделігін ескере отырып, Сұлтанбеков өзінің қылмыс жоспарын табысты іске асыру үшін әкімдіктің, оған бағынысты ұйымдардың лауазымды тұлғаларының қатарынан қылмыстық іске белгілі бір адамдар тобын тарту қажет екенін ұққан. Осылайша 2012 жылы ауыр қылмыстар жасай отырып жеке материалдық пайда алу мақсатында жоспарлар әзірлеу мен жағдайлар жасау үшін ұйымдасқан қылмыстық топ құруға қылмыстық ниеті болған.

Оқи отырыңыз: LRT құрылысы: Нұр-Сұлтан әкімінің экс орынбасары Қанат Сұлтанбековке іздеу салынды

Қанат Сұлтанбековте 2008 жылдың мамырынан 2009 жылдың қазанына дейін Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасының басшысы ретінде хаттамалар мен өзге де құжаттарға қол қою, "Астана LRT" ЖШС жергілікті атқарушы органының өкілдігімен байланысты қажет іс-әрекеттерді жасау құқығы болған.

Елорда әкімігінің 2011 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен Талғат Ардан бес жыл мерзімге "Астана LRT" басқарма төрағасы болып тағайындалған. Ол бұл қызметке дейін Астана қаласының көлік басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.

Прокурордың сөзінше, Сұлтанбеков өзіне жүктелген өкілетке байланысты жобаның іске асырылуы мен нәтижесін жеке өзі бақылап отырған. Ол үшін Аманжолов пен Арданның қатысуымен тұрақты түрде кеңес өткізіп тұрған.

Тергеу мәліметінше, келісімге келу барысында жоғарыда аталған адамдар қаражатты заңсыз алу және қолма-қол ақшаға айналдыру бойынша қылмыстық схема жасаған. Олар нысан құрылысы бойынша орындалмаған жұмыстар үшін жоба құнын әдейі қымбаттатып жіберген.

Алғашқы сот отырысында Талғат Әшім ғана кінәсін толық мойындады. Тимур Қасабаев пен Дулат Мусенов кінәсін ішінара мойындаса, қалған төртеуі кінәсін жоққа шығарды.

"Даулы әрі күмәнді жоба"

2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысының жобасы қымбат екенін мәлімдеген болатын. 2019 жылдың шілдесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл LRT құрылысын сынға алып, осы іс бойынша жауапты адамдар бақылаушы органдардың сұрағына жауап беруі тиіс екенін ескертті.

LRT құрылысын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтауды, ал жобаны 2020 жылдың жазында іске қосуды жоспарланды. Бірақ сәуір айында қытайлық инвесторлардың қаржыландыру проблемаларына байланысты құрылыс тоқтатылды. Таратылған "Астана Банкінің" шоттарында шамамен 200 млн доллар "қатып қалғаны" хабарланды. Биыл наурызда Есеп комитеті де LRT жобасын "ақталмайтын" деп атады.

Оқи отырыңыз: "ҚазАгро" мен LRT дауы қалай шешіледі?

2018 жылы жазда "Астана LRT" басқармасының экс-төрағасы Талғат Арданның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша тергеу басталды.Сол кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері төрт жыл бұрын "Астана LRT" бюджет қаражатынан қолданыстағы лимиттен 125 млн теңгеге асып, мердігерлік ұйымдардың бірінің шотына 300 млн теңгеден астам қаражат аударғанын анықтады. Талғат Ардан 2017 жылдың шілдесінде қызметінен шеттетілді.

Елорда әкімдігі станциялар мен жаяу жүргіншілер өткелін қысқартып, LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары