Тікелей эфир

"LRT құрылысы жанданады. Газ тарту арзандайды. Қаланы су алмайды". Елорда әкімінің есебі

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов халық алдында есеп беріп, Тұрғындардың сұрақтарына онлайн жауап берді.

"Astana LRT – тұрғындарды алаңдататын мәселенің бірі. Оның құрылысы пандемия кезінде тоқтатылды. Себебі екінші дәрежелі банктерден сыртқы қарыз тарту керек болды. Қаражат қазақстандық банктерден ғана емес, шетелдік банктерден де тартылады. Қазір бұл жұмыс жанданды, банктер қаржы тартуы керек", – деді қала әкімі. 

Ол LRT-ның қалдықтары қаланың көркін бұзатынын айтты. "Бүгінде банктермен инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, құрылыс жалғасады", – деді ол. 

Көлгінов Талдыкөл қалай абаттандыралатынын да айтып өтті: "Талдыкөл айналасында экокеңістік жасау бойынша жоба бар. Абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Осы сынды жобаны әуежай маңындағы Майбалық өзені жанында да жүзеге асыру көзделіп отыр".

Тұрғын үй мәселесі

"2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер пайдалануға берілді. 2020 жылы 7 мың қолжетімді баспана тапсырылды. Біз қолжетімді баспана санын екі есеге арттырдық. Биыл оның санын 10 мың пәтерге жеткізуді көздеп отырмыз. Жаңашылдықтарды атап өтсек, біз алғашқы жарна бойынша сертификат көлемін арттырдық. Биыл оны 1,5 млн теңгеге арттырдық. Бұл айтарлықтай көмек болып отыр. Егер осыған дейін 3 санат енсе, қазір барлық 9 санат оған қосылады", – деді Көлгінов.


Оқи отырыңыз: Көппәтерлі үйлерді басқарудың жаңа жүйесі. Ол қашан және қалай жүзеге асады?


 

Газ тарту бағасы 30%-ға арзандады

"Газ тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды  - 300 км газ тарату желісі салынды. Бірқатар тұрғын алап тұрғындары биылғы жылыту маусымында газға көшу мүмкіндігін алды. Бұған қоса, қазір Көктал-1, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Газдандыру зиянды қалдықтардың атмосфераға тарауын бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ЖЭО-1 және ЖЭО-2  қазандықтарының бір бөлігі газға ауысты", – деді Алтай Көлгінов.

Жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, әкімдік монтаж жұмыстарының құнын төмендету бойынша жеке ұйымдармен келіссөздер жүргізді. Осылайша, үй ішіне газ тарту бағасы орташа алғанда 30%-ға арзандады (газ құрылғысы мен құрамдастарының құны кірмейді). Есептегіштерді мемлекет қалалықтарға тегін береді.

2020 жылы елордада 173 көше жөнделіп, асфальт төселген

Қала әкімінің айтуынша, асфальт төселуі және жөнделуі тиіс жолдар бірнеше санат бойынша таңдалды. Атап айтқанда, бұрын асфальт болмаған жолдар; жаңа автобус бағдарлары іске қосылатын көшелер; көлік көп жүретін жолдар мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар іріктеп алынды.

 "Жалпы алғанда, 173 көшеге асфальт төседік, олардың 100-ден астамы тұрғын алаптарында орналасқан. Бұл жұмыстарды биыл да жалғастырамыз. Тұрғын алаптары мен қаланың ескі бөлігіне басымдық беріледі", – деді Алтай Көлгінов.

Оның атап өтуінше, жол жұмыстарын жүргізуге "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы біршама көмектесті. Ол бойынша 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бірінші кезекте қалалықтар Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, бұрын жарығы жоқ көшелерге жарық қосылды. Бұған қоса, ескі шамдар заманауи энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға алмастырылды.

Биыл 40 мың бала білім алатын 15 мектеп салынады

 Нұр-Сұлтан әкімдігі мектеп құрылысы бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізіліп жатыр. 2021 жылы 2020 жылға қарағанда екі есе, 2019 жылмен салыстырғанда төрт есе көп орын ашылады. 2020 жылы 2019 жылға қарағанда пайдалануға берілген мектепер саны екі есеге көп. Бұл 11 білім мекемесі бұрын мектеп болмаған тұрғын алаптарда салынды. Ол жерлерде бұрын балалар бейімделген ғимараттарда оқыған.

"Жаңа мектептер үш ауысымды мектептер санын 8-ден 4-ке қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, бірқатар мектеп қазандық жылытудан орталықтандырылған жылытуға көшірілді. Бұл - мектептерге тек жылыту бойынша жыл сайын 100 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. 2021 жылы 15 мектеп салатын боламыз. Бұл 40 мың орын ашуға мүмкіндік береді", – деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, 5 жылдық кешенді жоспар аясында 50 мектептің құрылысын жүргізуге жоспарланып отыр. Мектеп құрылысына жеке инвесторлар да тартылатын болады.

Жауын-шашын кәрізі жүйесі мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Инженерлік инфрақұрылым мәселесі күнтәртібінде тұр. Жауын-шашын кәрі жүйесіне байланысты Elorda eco systems кәсіпорнын құрылды. Ол дәл осы мәселемен айналысады.

"Қалада бірнеше проблемалы учаске бар. Олар: Бауыржан Момышұлы даңғылы, Жұмабек Тәшенов, Республика даңғылы жақтан Амангелді Иманов көшелері, Тұран, Ұлы дала даңғылдары. Момышұлы бойынша жұмысты аяқтап, диаметрі үлкен құбыр төседік, қосымша сорғыш қойдық. Қазіргі уақытта ол жерде бұрынғыдай проблема жоқ", –деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, Тәшенов көшесі бұрын батпақты жер болған. Осы тұсқа тазарту қондырғысы орнатылды. Ол 42 мың текше метр жауын-шашын суын жинап, тазартып, одан кейін өзгенге ағызып отыратын болады.

"Elorda eco systems кәсіпорындары құдықтарды тазартумен де айналысады. Мәселен, Тәшенов көшесінің бойындағы бір ғана учаскеден 30 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Арықтар мен құдықтан 2,5 мың тонна қоқыс алынды", - деді ол.

Сондай-ақ, елорда әкімі "Тельман" тұрғын алабындағы магистральді коллектор мен тазарту қондырғысы жұмыстарының аяқталғанын атап өтті. Оның қуаты тәулігіне 36 мың текше метрді құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру "Тельман" тұрғын алабы мен № 27 көше бойындағы және басқа да құрылысы қарқынды жүріп жатқан аумақты су басудан қорғауға мүмкіндік береді.

Қосшы елді мекені қалаға қосыла ма?

"Қосшы ауыл емес, үлкен қала болды. Біз Ақмола облысы әкімдігімен тығыз жұмыс істейміз. Өткен жылы карантин кезінде Қосшыны блок-посттың ішіне қостық. Неге? Өйткені, тұрғындарының басым бөлігі қалада жұмыс істейді, оқиды, ем алады. Бүкіл қызметтердің барлығы қалада сіздер үшін ашық, оны ешікім шектемейді. Тап осындай Қосшы секілді қаланың маңайында бірнеше елді мекен бар. Урбанизация жүйесінде агломерация деген бар. Яғни, үлкен қаланың төңірегінде қалашықтар пайда болады. Ол заңдылық", – деді Алтай Көлгінов Қосшы елді мекені тұрғының сауалына орай.

Оның айтуынша, қаланың аумағында 16 тұрғын үй алабы бар. Оларда 300 мыңға жуық адам тұрады, мәселелері де жеткілікті. Ақмола облысы Нұр-Сұлтан қаласымен бірге тығыз жұмыс атқарады. Қазір қалаға қосатын ешқандай жоспар жоқ. Себебі  қала аумағындағы тұрғын үй алаптарымен айналысатын мәселелер жеткілікті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары