Тікелей эфир

Кәсібі – киберспортшы. Компьютер ойындары арқылы қалай ақша табуға болады?

Фото sites.google.com сайтынан алынды
Фото sites.google.com сайтынан алынды
Қазақстандық прогеймерлер мен киберспорт сарапшылары компьютер ойындарының артықшылығы мен онымен қалай табысқа жетуге болатыны жайлы әңгімеледі.

Компьютер ойыны индустриясындағы компаниялар өткен жылы $128,5 миллиард табысқа жетті. Одан бір жыл бұрын олардың табысы $108,9 миллиард болған. Бұл компьютер ойындарының танымалдығы күн сайын артып жатқанын, ал соңғы 10 жылда оның алып индустрияға айналып үлгергенін білдіреді. Киберспорт нарығында тек ойын құрастырушылар емес, кәсіби киберспортшылар мен стримерлер де айтарлықтай табысқа жетіп отыр. Олардың қатарында қазақстандықтар да бар.

Қазақстанда Counter Strike: Global Offencive (CS:GO), PlayerUnkknown’s Battlegrounds (PUBG) және Dota 2 ойындары әсіресе, танымал. Еліміздегі киберспортшылардың шамамен 70 пайызы CS:GO ойынына қызықса, қалғандары Dota 2 ойнайды. Бірақ, соңғы 2 жылда PUBG платформасына ауысқан жастар көп.

Informbur.kz тілшісі киберспорт феномені мен оның Қазақстандағы дамуына анализ жасап, нарықтағы қазақ киберспортшыларының мүмкіндіктері мен жетістіктеріне талдау жасап көрді.

Киберспорт Қазақстанда ашық мойындалды

2018 жылдың 25 маусымынан бастап киберспорт Қазақстанда ресми спорт түрі деп танылды. Бұған, әрине, киберспорт сүйер жастар мен осы индустрияға бейжай қарамайтын азаматтар демеу болды. Іnformburo.kz тілшісі Қазақ киберспорт федерациясы (ҚКФ) вице-президенті Евгений Богатыревпен Қазақстандағы киберспорт жайлы әңгімелесті.


Оңтүстік Корея компаниясы жасаған PUBG әлемде ең көп сатылған киберспорт ойыны ретінде тамынал. Бүгінге дейін оның 42 миллион көшірмесі сатылған

Оңтүстік Корея компаниясы жасаған PUBG әлемде ең көп сатылған киберспорт ойыны ретінде танымал. Бүгінге дейін оның 42 миллион көшірмесі сатылған / Фото variety.com сайтынан алынды


– Компьютер ойындары – бүкіл әлемде жылдам дамып келе жатқан индустрия. Біз де әлемнен артта қалмау үшін Қазақстанда киберспортты танытуға тырысып жүрміз. Қазір біздің кәсіби ойыншыларымыздың арасында DOTA 2, PUBG және CS:GO бойынша бірқатар жетістікке жетіп үлгерген киберспортшылар бар. Мысалы, "Hobbit" – Абай Қасенов пен "AdreN" – Дәурен Қыстаубаев және "mou" – Рустем Телепов сынды киберспортшыларымыз әлемдік деңгейде танымал болып үлгерді, – дейді Евгений Богатырев.

Ресейлік Gambit командасы халықаралық турнирде Қазақстан туымен шықты

CS:GO ойынындағы ең үлкен сыйақы белгіленген PGL Major Krakow 2017 ойынында ресейлік Gambit киберспорт ұйымының командасы бәрінен озып, $500 000 ұтып алды. Бірақ, аталған команда Қазақстан жалауымен жарысқа қатысқан. Себебі команда құрамындағы бес ойыншының үшеуі Қазақстаннан болды. Олардың есімін Евгений Богатырев жоғарыда атап өтті.

Gambit Esports – Ұлыбританияда жаттығу ойындарын жүргізетін ресейлік киберспорт ұйымы. Аталмыш ұйым League of Legends and Counter-Strike: Global Offensive ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен.

Қазақстанның ең табысты киберспортшылары кім?

Қазақстандық киберспортшылардың арасында ең көп табысқа жеткен әзірге 29 жастағы "AdreN" – Дәурен Қыстаубаев болып отыр. Cybersport.ru сайтының мәліметіне орай, оның жарыстардан тапқан табысы $214 135 құрайды. Ол UNiTED, MYM, Virtus.pro, Astana Dragons, HellRaisers, AT Team командаларында өнер көрсеткен. Ал 2016 жылдың қаңтар айынан Gambit Esports ұйымымен келісім-шартқа отырады. Кәсіби мансабында 671 ойын өткізіп, 351 рет жеңген. Қазіргі таңда FaZe Clan ұйымы атынан жарыстарға қатысып жүр.

Табысты киберспортшылардың қатарында Дәуреннен кейін Рустем Телепов тұр. 27 жастағы қазақ жігіті бүгінге дейін 207 559 АҚШ долларын тапқан. Ол кәсіби біліктілігін Exgaming командасында бастап, кейіннен HellRaisers құрамында жалғастырады. 2016 жылдың қаңтар айынан Gambit Esports командасында өнер көрсетеді. Ол 540 рет өткен кәсіби ойынның 276-ында жеңіп шыққан.


Ресейлік Gambit Esports құрамындағы үш қазақ киберспортшысы әлем чемпионатында топ жарған сәтінен

Ресейлік Gambit Esports құрамындағы үш қазақ киберспортшысы әлем чемпионатында топ жарған сәтінен / Фото liquipedia.net сайтынан алынды


24 жастағы Абай Қасеновтың табысы 200 000 АҚШ долларына жуықтаған. Ол 2015 жылдан бері PARTY, Tengri және Gambit Esports командаларында ойнаған. Қазіргі таңда, украиналық HellRaisers ұйымының атынан жарыстарға шығып жүр. Абай әлемдегі ең үздік CS:GO ойыншыларының рейтингінде 7 орынға (HTLV ұйымының рейтингі) жайғасқан. Дәурен Қытаубаев осы рейтингте 17 орында тұр.

Қазақстанда 30-ға жуық кәсіби киберспортшы бар

Imgame.kz сайтының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 400 кәсіби киберспортшы бар. Ал, киберспортшылардың табысы бойынша Қазақстан 1,5 миллион АҚШ долларымен 130 елдің ішінде 35 орында тұр екен. Бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жақын екенін ҚКФ вице-президентінен сұрап көрдік.

Евгений Богатыревтың ойынша, Қазақстанда табысқа жетіп үлгерген 30-ға жуық кәсіби киберспортшы бар. Бірақ, тәулігіне 15-20 сағат компьютер ойынын ойнайтындар көп. Әйтсе де, олар кәсіби деңгейге әзірге жете қойған жоқ.

– Нақты кімнің кәсіби киберспортшы, ал кімнің әуесқой ойыншы екенін айта алмаймыз. Себебі, олардың кәсіби деңгейін айқындайтын әдісті әлі дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта киберспортшыларға да ресми түрде "спорт шебері" немесе "спорт шеберіне үміткер" деген атақ беруді ойластырып отырмыз, – дейді Евгений.

Евгений Богатырев бала кезінен видео ойындарына қызығып, кейіннен компьютер ойындарына назары ауған. Оның бұл салада 30 жыл тәжірибесі бар. Евгенийдің айтуынша, қазақстандық жастар киберспортта 13-14 жасынан бастап танылып жүр. 30 жастан асқандар киберспорттан кеткілері келмесе де, өзімен-өзі шеттеп қалады екен. Себебі компьютер ойындарына көбіне жастар икемді.


Абай "Hobbit" Қасенов әзірге Қазақстандағы ең қымбат киберспортшы статусын иемденіп отыр

"Hobbit" – Абай Қасенов әзірге Қазақстандағы ең қымбат киберспортшы статусын иемденіп отыр / Фото prosports.kz сайтынан алынды


Бірақ, жасы 30-ға жақындап қалса да, Евгений – Se7ens Esports ұйымының CS:GO командасын капитаны. Ол алғырлықтың жас ерекшелігімен емес, тәжірибемен бірге келетінін айтады.

Қазақстанның киберспорттағы беделі артып келеді

Евгений Қазақстан киберспортшыларының бүгінге дейін тапқан табысы шамамен 1 миллионнан асып түскенін айтады. Бірақ, оның нақты есебін әзірге ешкім жасап жүрген жоқ.

– Қазақстан киберспорт арқылы табысқа жетіп жүрген 30 ТОП елге де кіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлемдегі киберспорт жарыстары мен турнирлерге тігілетін қаржыны есептеп, статистиканы жүргізетін бірегей ұйым жоқ. Сондықтан Қазақстанның қай орында екенін нақты айту қиын, – дейді ол.

Киберспортшылар неге Қазақстанда жаттықпайды?

– Барлық танымал ойындардың серверлері Еуропада құрылған. Қазақстан Еуропадан айтарлықтай алыста орналасқандықтан, біздің ойыншылардың ойындағы әрбір операциясы серверге барып, компьютерге қайту уақыт аралығы Еуропадағы ойыншылардікіне қарағанда көбірек. Сондықтан біздің ойыншылар кәсіби біліктілігі жоғары болса да, Қазақстанда тұрып, жеңіле береді, – дейді Евгений Богатырев.

Оның айтуынша, қазақстандық киберспорт ұйымдары Еуропа елдерінде дайындық орындарын құрып, спортшыларын Еуропа территориясында дайындалуына жағдай жасап жатыр. Евгений осы әдіс жетістікке жетудің ең тиімді жолы екенін айтады.


Жан "MuMiNo" Омаров Se7en Esports киберспорт ұйымын құрған. Бірақ ол қазіргі таңда өзіне жаңа команда жинақтап жатыр

"MuMiNo" – Жан Омаров Se7en Esports киберспорт ұйымын құрған. Бірақ, қазіргі таңда өзіне жаңа команда жинап жатыр / Фото gameinside.ua сайтынан алынды


– Қазақстанда қазіргі таңда ірі киберспорт ұйымдарының қатарына Avangar, Montegos және Se7en Esports-ты жатқызуға болады. Аталған ұйымдардағы киберспортшылар тұрақты түрде 400-ден 5000 АҚШ долларына дейін жалақы алып отырады. Олардың міндеті – күнде компьютер ойындарын ойнап, біліктілігін арттыру, – дейді Евгений.

Киберспортшылар компьютер ойындарымен қалай ақша табады?

Киберспорт ұйымдары кәсіби футбол клубтардың деңгейіне жете қоймаса да, ойыншыларды сатып алу немесе сату, яғни трансфер құрылымын іске қосып үлгерген. Мысалы, CS:GO ойынындағы үздіктердің бірі Абай "Hobbit" Қасеновтің Tengri-ден ресейлік Gambit Esports ұйымына ауысқандағы трансфер құны $100 000-ға бағаланды.

Кәсіби киберспортшы, Avangar ұйымының негізін салушы "MuMiNo" – Жан Омаров киберспортшылардың әртүрлі платформалар мен әлеуметтік желілерде стриминг (тікелей эфирге шығу) жасау арқылы да ойнап, ақша табатынын айтады. Ол әртүрлі халықаралық жарыстарға қатысып, бүгінге дейін $36 000 ұтқан. Десе де, бұл – оның негізгі табысы емес.

– Ойыншылар әртүрлі жолмен табыс табады. Мысалы, олардың ұйымнан төленетін жалақысы, әр ойыннан түсетін гонорары бар. Одан қалса, стриминг арқылы да өз көрермендерінен донат ("donate" – қайырымдылық, қаржылай қолдау – ред.) жинай алады. Ойында өзіңізге қажет емес қаруды өзге біреуге сатып жібере аласыз. Ол да – табыс көзі. Сосын, әрине, жарнамаға түсу арқылы да киберспортшылар қомақты қаржы тауып жүр, – дейді киберспортшы.

"MuMiNo" – Жан Омаров 15 жылдан бері компьютер ойындарын ойнайды. Соңғы екі жылда PUBG ойыны арқылы танылып жүр. Жанның жасы 30-ға келсе де, киберспорттан кетуге асықпайтынын айтады. Ол бұл саланың Қазақстанда дамуына үлес қосуды мақсат еткен.

Стриминг арқылы қалай табысқа жетуге болады?

Бүгінде кәсіби стримерлер (әртүрлі видео платформаларда тікелей эфир жасаушылар) спорт комментаторлары немесе журналистерден аз ақша таппайды. Ол үшін сізге twitch.tv платформасының серіктесіне айналуыңыз қажет. Ал, серіктес атану үшін сіз кем дегенде аптасына үш рет стриминг жасап, әр стримдегі көрермендеріңіздің санын 500-ден асыруыңыз қажет. Серіктестер де жарнама және донат функциясы арқылы табыс таба алады.

Жан Омаров кәсіби біліктілігін дамыта отырып, стримингпен табыс табуға үйреніп жүр. Ол сіздің стримингті көретін адамдардың санына байланысты табысыңыздың да артатынын айтады. Оның ендігі жоспары осы бағытта кәсіби біліктілігін арттыру екен.


Twitch сервисі арқылы тәулігіне миллионға жуық адам ойын стримингтерін тамашалайды

Twitch сервисі арқылы тәулігіне миллионға жуық адам ойын стримингтерін тамашалайды / Фото mashable.com сайтынан алынды


– Стримингтегі табысыңыз сіздің ойнау шеберлігіңіз бен көрермендерді қызықтыра алуыңызға байланысты. Егер көп көрерменге қызық бола білсеңіз, табысыңыз да сөзсіз артады, – дейді ол.

Көрермендер өздері ұнатқан стримерлерінің аккаунтарына ақылы түрде жазылады. Мысалы, twitch.tv серіктестеріне жазылу айына $4.99-нан басталады. Сонымен қатар, көрермен стримерге өзі қалаған сома көлемінде донат жасай алады.

Қазақстандағы киберспорт ұйымдарының жетістіктері қандай?

Informburo.kz тілшісі Қазақстандағы жетекші киберспорт ұйымдарымен байланысқа шықты. Avangar ұйымының өкілі белгілі бір себептермен тілші сұрақтарына жауап бермеді. Бірақ, Se7en Esports ұйымының өкілі Ержан Шәкеевтен ақпарат алу мүмкін болды.

Қазақстандық киберспорт ұйымы Se7en Esports құрылғанына 7 ай енді болса да, бірқатар жарыстарда жеңіске жетіп үлгерген. Айта кетсек, Se7en Esports киберспортшылары PUBG Europe League 2018, World Electronic Sport Games, GLL Wingman Series VI, Gorilla Cyber Energy Cup, KeoGG November Cup, WESG Kazakhstan, PUBG Europe League LAN Qualifiers, The ChongQing Major CIS Open Qualifications сынды жарыстарда көзге түскен.

Аталмыш ұйымның PUBG, CS:GO, Dota 2, Articraft, Starcraft II ойындары бойынша тұрақты командалары бар. Сондай-ақ, CS:GO бойынша кәсіби әйелдер командасы да түрлі жарыстарға қатысып жүр.

Se7en Esports киберспорт ұйымы бүгінге дейін 24 түрлі жарыстарға қатысып, 15 000 АҚШ долларына жуық табысқа жетіпті. Өзге де табыстары мен инвесторлары туралы мәліметті бермеген. Ержан Шәкеев келісімге отырған киберспортшылардың табысы мен олардың трансфер құны жайлы да ақпараттың берілмейтінін жеткізді.

Десе де, Ержан киберспортшылардың күн тәртібі туралы толық мәлімет беріп өтті. Se7en Esports киберспортшылары тәулігіне 12 сағат жаттығу жасайды. Одан бөлек, спортшылар күнде жаттығу залына барып, ағылшын тілі курсына қатысады.

Қызығушылықтан кәсіби бағытқа

18 жастағы Айбек Тоқаев Dota 2 бойынша ауызға толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерген. Ол компьютер ойындары нарығында "Naive" атымен белгілі.

Енді мектепті бітірген қазақстандық өткен жылдың сәуір айында Team Empire командасына қосылып, танымал бола бастады. Бүгінде ол The Pango командасында өнер көрсетіп жүр.


Айбек Тоқаев Қазақстан киберспорт қауымдастығы үміт артқан Dota 2 шеберлерінің бірі

Айбек Тоқаев – Қазақстан киберспорт қауымдастығы үміт артқан Dota 2 шеберлерінің бірі / Фото dota2.net сайтынан алынды


Айбек Тоқаев кәсіби мансабын бастағанына көп болмаса да, 10 000 АҚШ долларына жуық табыс тауып үлгерген. Ол informburo.kz тілшісіне жоғары оқу орнына түспей, киберспорттағы мансабын жалғастыратынын айтты.

– Күнде түске қарай оянамын. Сосын түскі асымды ішіп, Dota 2 ойнауға кірісемін. Шамамен, 8-10 сағаттан кейін кешкі асымды ішіп, басқа киберспортшылардың стримингтерін қараймын. Көбіне таңға қарай ұйықтаймын, – дейді ол.

Айбек Dota 2 стратегиялық ойлауды дамытуға бағытталғанын айтады. Сол себепті де ол дәл осы ойынды кәсіби бағытына таңдап алған екен.

– Киберспортқа мен бос уақытымды өткізетін хобби емес, кәдімгі кәсіп ретінде қараймын. Үйдегі әке-шешем де, туысқандарым да мені қолдайды. Киберспорттың болашағына сенемін. Сондықтан басқа салаға уақытымды жұмсамай, тек осы бағытта дамуды мақсат етіп отырмын, – дейді Айбек "Naive" Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары