Тікелей эфир

Коронавирусқа қарсы екпе алғандардың ағзасында антидене екі жылға дейін сақталады

Сондықтан вакцинаны бір жыл ішінде екі рет алуға қажеттілік жоқ.

ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбеков, коронавируспен сырқаттанғандар мен вакцина салғандардың ағзасындағы антиденеге қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, Covid-19 жұқтырып, жазылғандардың ағзасындағы антидене тек алты айға дейін сақталады. Ал, індетке қарсы вакцина салғандардікі екі жылға дейін жеткілікті.

"Дүниежүзі осы коронавируспен күресті жүргізіп, мамандар мен ғалымдар түрлі зерттеулер жүргізіп жатыр. Зерттеу жасаған көптеген ғалымдар осыған дейін айтқан, ауырған адамның ағзасында антиденелердің күші алты айға дейін сақталады деп. Сондықтан, 3-4 ай ғана сақталады деген жаңсақ пікір. Ал "Спутник V" екпесін шығарып отырған Гамалей институты мамандарының айтуынша, вакцина салдырғаннан кейін ол екі жылға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан, екпені бір жылда екі рет алу қажет деген мәселе жоқ", – деді Нұрлыбек Асылбеков.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жануарларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина әзірленеді


Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың мәліметінше, сәуір айында Қазақстан екі миллион адамды вакцинациялау үшін жеткілікті мөлшерде екпе алады. Қазір көптеген шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Шорановтың айтуынша, бүгінде коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін 435 мың адам, екінші компонентін 170 мыңнан астам адам алған.

"Сәуір айының басынан бастап аймақтарға "Спутник V" вакцинасының 923 мыңнан астам дозасы жеткізілді. Осы айдың соңына дейін тағы 910 мың доза "Спутник V", басқа өндірушілерден 500 мың доза вакцина, сондай-ақ 25 мың доза QazVac екпесін жеткізу күтілуде. Бұл елдің екі миллионға жуық азаматын вакцинациялауға мүмкіндік береді", – деді Марат Шоранов.

Айта кетсек, халықты коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау көптеген аймақтардағы денсаулық сақтау ұйымдарында: емханаларда, отбасылық денсаулық орталықтарында, дәрігерлік амбулаторияларда жүріп жатыр. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда, Алматыда және Қарағандыда сауда ойын-сауық орталықтарында да вакцинация пункттері ашылды.


Оқи отырыңыз: 

 
Серіктестер жаңалықтары