USD: 487.1 / 489.7
  • EUR: 559.5 / 564.5
  • RUB: 6.37 / 6.49
Тікелей эфир
Алматы +31C
Все города

Журналист Арай Есенбектің бейнежазбасы жасырын тергеу барысында түсірілген – прокуратура

Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Сот үкімі шыққаннан кейін Арай Есенбектің ақша алмай қойған видеосы әлеуметтік желіде тарап, резонанс тудырды.

Журналист Арай Есенбек Шымкент қаласы әкімдігін "бопсалағаны" үшін айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот үкімі көпшіліктің наразылығын туғызды, себебі әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада Арай Есенбектің ақша алудан бас тартқанын көруге болады. 

Осы орайда Информбюро порталы Шымкент қаласының прокуратурасына Арай Есенбектің ісіне қатысты сауал жолдап, аталған видеоның тергеу кезінде қаралғанын, неліктен прокурор ауысқанын сұрады. Сауалға Шымкент қаласы прокурорының орынбасары, сот орындаушысы Мұхтар Арыстанов жауап берді.

"Видео жасырын тергеу әрекеттері кезінде түсірілген"

Шымкент соты таратқан ақпаратқа сәйкес, Арай Есенбек 2025 жылғы қазанда Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін постты әлеуметтік желілерде жариялап, әкімдіктің өкілі Ж.-мен кездесу барысында өзімен 10 млн теңгеге тапсырыс бойынша ақпараттық келісімшарт жасауды, олай болмаған жағдайда әкімдікті масқаралайтын жазбаны өзінің парақшасына жариялайтынын айтып қорқытып, 2025 жылғы 6 қарашада 990 мың теңгені анасының банктік есепшотына аудартып алған.

Сот "сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді" деген тұжырым жасады және Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен Арай Есенбекті кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оған қоса Қылмыстық кодекстің 50-бабы 3-бөлігіне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан бес жылға айырды.

Шымкент қаласының прокуратурасы әлеуметтік желілерде таралған видео іс материалдарында қаралғанын және Арай Есенбектің ақша алғаны дәлелденгенін мәлімдеді.

"Арай Есенбектің Бейсейтова Ж.-дан ақша алудан бас тартқаны бейнеленген бейнежазба қылмыстық іс материалдарында және ашық дереккөздерде бар. Аталған бейнежазба қылмыстық іс аясында жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері барысында түсірілген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жиналған дәлелдемелердің, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерінің негізінде Арай Есенбектің Бейсейтова Ж.-дан ақша алғаны дәлелденді. Бұдан бөлек, жасырын тергеу әрекеттері барысында алынған бейнежазбалар сот отырысында жан-жақты зерттеліп, талқыланды. Соның нәтижесінде сот Арай Есенбектің әрекеттеріне құқықтық баға беріп, тергеу органы тарапынан арандатушылық белгілерін анықтаған жоқ", – делінген ресми жауапта.

Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Арай Есенбектің іс-әрекетінде "бопсалау" қылмысының құрамы жоқ екенін ескеріп, оны "алаяқтық бабы" бойынша айыптап, бар болғаны 1 жыл жаза кесуді сұраған. Бірақ, келесі сот отырысында прокурор ауысып, ол бірден 6,5 жыл сұрады.

Шымкент қаласының прокуратурасы мемлекеттік айыптаушыны ауыстыру мәселесіне қатысты сауалға жауап берді. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушыларды тағайындау және ауыстыруды прокуратура органдары басшылығының ведомстволық өкілеттіктері мен ішкі регламенттері шеңберінде жүзеге асырады. 

"Қазақстан Республикасының прокуратурасы бірыңғай орталықтандырылған жүйе болғандықтан, сот процесіндегі нақты бір лауазымды тұлғаның ауыстыру істі сотта қарауға кедергі келтірмейді. Арай Есенбектің әрекетін саралау және оған тағайындалатын жазаға қатысты мемлекеттік айыптаудың түпкілікті ұстанымы сот тергеуі барысында зерттелген барлық дәлелдемелер жиынтығына жан-жақты әрі объективті талдау жүргізу арқылы қалыптастырылды. Арай Есенбектің әрекеттеріне және тараптардың уәждеріне түпкілікті құқықтық бағаны сот үкім шығару кезінде берді. Қала прокуратурасы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қабылдаған сот актілерімен келісті", – делінген Шымкент қаласы прокуратурасының жауабында.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 484-бабына сәйкес, кассациялық сот бірінші сатыдағы соттардың апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларына берілген кассациялық шағымдарды, прокурорлардың наразылықтарын, сондай-ақ апелляциялық саты соттарының үкімдері мен қаулыларына қатысты істерді қарайды. Сол себепті Арай Есенбек пен оның қорғаушылары ҚР Кассациялық сотына өз бетінше өтінішхат беруге құқылы.

Қорғаушылар апелляциялық сот шешімімен келіспейді

Апелляциялық сатыда Арай Есенбектің мүддесін адвокаттар Қанат Жүнісов пен Бақытжан Бейсембайұлы қорғады. Қорғаушылардың айтуынша, 990 мың теңге кейін сот процесі кезінде тараптардың келісімімен және соттың рұқсатымен қайтарылған.

Жаза тағайындау кезінде айыпталушының бес кәмелетке толмаған баласы бар екені, келтірілген шығынның өтелгені және басқа да жеңілдететін мән-жайлар ескерілген. Апелляциялық сот алқасы 2026 жылғы 24 сәуірдегі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды, ал адвокаттардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмады.

Соттан кейін қорғаушылар апелляциялық соттың шешімімен мүлде келіспейтіндерін және істі кассациялық тәртіппен қайта қаратуға ниетті екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, тергеу мен сот барысында заңнама бұзылған.

Қорғау тарапы прокурордың іс қарау барысында ұстанымын өзгертуіне байланысты қабылданған процессуалдық шешімдердің заңдылығына күмән келтірді. Сондай-ақ жәбірленуші тарапты тануға қатысты кейбір құжаттарда қарама-қайшылықтар бар деп есептейді.

Қорғаушылар сот-филологиялық сараптама қорытындыларына да сүйенеді. Олардың пікірінше, Арай Есенбектің сөздерінде "қорқытып алу, қоқан-лоқы көрсету немесе бопсалау" белгілері болмаған. Керісінше, арызданушы тараптың кейбір әрекеттері ақшаны беруге арандату болғанын көрсетеді.

Адвокат Қанат Жүнісов БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланған "Арай Есенбек кінәсін мойындапты" деген ақпарат шындыққа сай келмейтінін айтты

"Арай Есенбек өзіне тағылған айыптың негізсіз әрі заңсыз екендігін әу бастан, яғни қылмыстық іс қозғалған күннен бастап, соттағы соңғы сөзіне дейін айтып келген. БАҚ өкілдері ақпаратты қалалық соттың ресми парақшасына сүйене отырып жариялаған шығар, дегенмен ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұған бірден-бір дәлел – сот мәжілістерінің бейнежазбалық хаттамалары. Сот мәжілісінің бейнежазбалық хаттамаларында Арай Есенбектің әрбір сөзі жазылған. Соттың ресми сайтында тексерілмеген ақпараттың жарияланып кету себебін анықтап, алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайға жол бермеу мақсатында тиісті шара көру үшін жоғары тұрған сотқа өз шағымымды бердім", – деді

Ол Арай Есенбек тағылған айып бойынша кінәсін мойындаса, оған тағайындалған жаза анағұрлым жеңіл болуы мүмкін екенін, кінәсін мойындамаған соң 5 жылға бас бостандығынан айырылғанын айта кетті. 

Адвокат Бақытжан Бейсембайұлы алғашқы және апелляциялық сатыдағы сот шешімімен келіспейтінін айтып отыр. 

"Соттың баспасөз хабарламасында Арай Есенбек кінәсін мойындап, өкінді деп көрсетілген. Алайда ол өзіне тағылған айыппен келіспейді және өз ұстанымында қалып отыр. Қорғау тарапы Жоғарғы Сотқа кассациялық шағым дайындап, жолдайды", – деді ол.

Қорғаушылардың мәліметінше, қазір Арай Есенбек Шымкенттегі тергеу изоляторында отыр. Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін оны қай мекемеге жіберу мәселесін қылмыстық-атқару жүйесі шешеді.

Шымкент қалалық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Жандос Құлмахан бейнежазба қылмыстық іс материалдарына тіркелгенін, бейнежазбадағы әйел адам қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғанын хабарлады.

"Полиция қызметкерлерінің бақылауымен және сот санкциясымен тергеліп жатқан Арай Есенбектің қылмысқа қатысын әшкерелеу мақсатында жүргізілген процессуалдық іс-шара болды. Қалған мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді", – деді Жандос Құлмахан.

Полиция өкілдері қазір жарияланым авторының жеке басын анықтап, оның әрекеттеріне құқықтық баға беру мәселесін қарастырып жатқанын да мәлімдеді.

Жасырын тергеу әрекеті деген не?

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде "жасырын тергеу әрекеті" деген ұғым бар. Бұл дегеніміз – осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында, мүдделеріне қатысы бар тұлғаларға алдын ала хабарламай жүргізілетін әрекет. Яғни, қылмысты ашу және дәлел жинау мақсатында алдын ала хабарламай жүргізілетін арнайы тергеу шаралары.

Жасырын тергеу әрекеттерінің мынадай түрлері бер:

  • адамды немесе орынды жасырын аудио және бейнебақылау – адамның әңгімесін жасырын жазып алу немесе оны камера арқылы бақылау;
  • телефон мен басқа байланыс құралдары арқылы берілетін ақпаратты бақылау – телефон қоңырауларын тыңдау, хабарламаларды бақылау және олардың көшірмесін алу;
  • кімнің кіммен байланысқанын анықтау – кімге қоңырау шалды, қай уақытта сөйлесті, қанша уақыт сөйлесті деген мәліметтерді алу;
  • компьютерлер мен серверлерден ақпарат алу – компьютерден, телефоннан немесе басқа электрондық құрылғылардан қажетті мәліметтерді жасырын көшіру;
  • пошта жөнелтілімдерін бақылау – хаттарды, сәлемдемелерді және басқа да жөнелтілімдерді жасырын тексеру;
  • белгілі бір орынға жасырын кіру немесе оны тексеру – пәтерге, кеңсеге немесе басқа жерге құпия түрде кіріп, тексеру жүргізу;
  • адамды немесе орынды жасырын бақылау – белгілі бір адамның қайда барып жүргенін, кіммен кездесетінін сырттай аңду немесе белгілі бір жерді бақылауға алу;
  • жасырын бақыланатын сатып алу – құқық қорғау органдарының бақылауымен тауар немесе ақша беру арқылы қылмысты әшкерелеу.

Мысалы, пара беру фактісін тіркеу үшін арнайы операция жүргізілуі мүмкін. Шымкент қаласының прокуратурасы Арай Есенбекке қатысты осындай операция жүргізілгенін хабарлап отыр.

Жасырын тергеу әрекеттері мынадай адамдарға жүргізіледі:

  • қылмыс жасады, жасап жатыр немесе жасауға дайындалып жатыр деп көрсетілген адамға;
  • күдіктіге;
  • жәбірленушінің жазбаша келісімі болса, жәбірленушінің өзіне;
  • егер іс үшін маңызды ақпаратты алып немесе беріп жүргені туралы негіз болса, үшінші тұлғаларға;
  • қылмысқа қатысты маңызды мән-жайлар болуы мүмкін орындарға.

Яғни, жасырын тергеу әрекеттері кез келген адамға қатысты қолданыла бермейді. Тергеу органдарында ол адамның қылмысқа қатысы бар немесе іс үшін маңызды ақпаратқа ие екеніне негіз болуы керек. Көп жағдайда мұндай әрекеттерді жүргізуге соттың санкциясы қажет. 

Қылмыстық-процестік кодексте көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды жүргізу барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.

Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісім бойынша құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдар айқындайды. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейін оны жүргізу барысында алынған, іс үшін маңызы бар барлық материалдар құпиялық сақтала отырып, ілеспе хатпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына беріледі.

    Арай Есенбек кім?

    Арай Есенбек – журналист, блогер. Ол Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, Шымкент қаласы Ақпараттық коммуникациялық орталықтың директоры, "Аманат" партиясының Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық филиалының атқарушы хатшысы болып қызмет еткен. Еңбек жолын "Хабар" агенттігінде бастап, кейіннен "Оңтүстік", "31" арналарының тілшісі болған.

    Кейін тәуелсіз журналистикаға ауысып, интернет-порталда жұмыс істеді. Өткір сыни материалдарымен, билік өкілдерін тікелей сынға алуымен танылды. Брифингтерде қала басшылығына тікелей сұрақ қойып, қала әкімі орынбасарының отставкасын ашық талап етті. 

    Отбасылы, бес баласы бар.

    Серіктестер жаңалықтары

    Подтверждение Email

    Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

    Телефон нөмірін растау

    Өтініш беру себебін сипаттаңыз