Тікелей эфир

Жезөкшелікке мәжбүрлеу және құлдықта ұстау. Қазақстанда адам саудасына қандай жаза қаралған

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты қылмыстар үшін жауапкершілік 8 бапта көзделген.

Халықаралық ұйымдардың есептеуінше, әлем бойынша шамамен 30-40 миллион ересек пен бала мәжбүрлі, әділетсіз еңбекке және жезөкшелікке "жегілген". Ал адам саудасының жыл сайынғы айналымы 150 миллиард долларға жетіп отыр, деп мәлімдеді құқық қорғаушы Шахноза Хасанова. Осы орайда сарапшылар мен ІІМ өкілі елде адам саудасымен күрестің қалай жүргізіліп жатқанын және осы қылмыстың құрбаны болуға итермелейтін факторларды атады. 

"Адам саудасымен күресте ең басты күш – білім"

Әйелдер мен балаларды қолдау орталығының басшысы, "Астана-Қорғау" қорының төрайымы Анна Рыль кез келген азаматтың адам саудасының құрбаны болуы мүмкін екенін айтады – ешқандай шектеу жоқ. Ол әсіресе еңбек шарты түсініксіз болса және беретін еңбекақысы нарықтағы бағадан тым жоғары болса, ойлану қажеттігін ескертті.

"Кез келген жан адам саудасының құрбаны болуы, заңсыз еңбекке тартылуы мүмкін десек те, құрбандардың ортақ белгілері бар. Яғни, олардың міндетті түрде бір осал тұсы болады. Бұл мигранттар, жетімдер үйінде өскен балалар, есірткі немесе ішімдікке тәуелді, құжаты жоқ адамдар. Осы топқа қаржылық жағдайын реттеу үшін шетел асатын жас азаматтарды да қосқым келеді. Әдетте еңбек шарты түсініксіз, бірақ еңбекақысы көп жұмысқа баратындар адам саудасының құрбаны болады", – деді "Қорғау-Астана" қорының жетекшісі Анна Рыль. 

Мұнымен қатар, сарапшы өткен жылдардағы пандемияның осы қылмыс түрінің таралуына үлкен үлес қосқанын атап өтті. Себебі, қозғалысқа тыйым салынғаннан кейін әлем бойынша еңбек күшінің миграциясы басталды. 


Оқи отырыңыз: Көкшетау қаласының тұрғыны мүгедек ер адамды қайыр сұрауға мәжбүрлеген


Анна Рыльдың айтуынша, адам саудасы проблемасы әрдайым болады және онымен күресу қиын. Дегенмен ең басты күш – алдын алу, адамдарды ақпараттандыру және түсіндіру

Бірінші орында – жыныстық қанау, екінші орында мәжбүрлі еңбек тұр

"Халықаралық ұйымдардың есептеуінше, әлем бойынша шамамен 30-40 миллион ересек пен бала мәжбүрлі, әділетсіз еңбекке және жезөкшелікке "жегілген". Адам саудасының жыл сайынғы айналымы 150 миллиард долларға жетіп отыр. Бірінші орында жыныстық қанау, екінші орында мәжбүрлі еңбек тұр. Ал мәжбүрлеп қайыр сұрату және қылмыс жасату мақсатында аз ұрлайды. Себебі, басқа жағдайларда пайда өте жоғары, көп қудаламайды, тағылатын айып та аса ауыр емес. Біздің ұйымның статистикалық мәліметтеріне сәйкес, орта есеппен жыл сайын адам саудасымен байланысты 150-200 жағдай анықталады", – деді Шахноза Хасанова. 


Оқи отырыңыз: "Жоғары жалақы мен түсініксіз жұмыс". Адам саудасының құрбаны кімдер?


Мұнымен қатар құқық қорғаушы осал күйге түсіп, адам саудасының құрбаны болуға әсер ететін бірнеше факторды атады:

  • кедейлік, табыстың аздығы, қарыздың бастан асатыны соншалық, шетелде жұмыс істеуге оңай шешім қабылдау;
  • қарулы қақтығыстар мен табиғи апаттар – бұл адамдарды белгісіз жаққа бас сауғалап, шұғыл қоныс аударуға мәжбүрлейді;
  • ерлер мен әйелдерге арналған қызметтердің әртүрлі қолжетімділігі. Өз құқығын білмейтін және қорғай алмайтын адамдар оңай алданады, бұл қылмыскерлердің діттегенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
  • жеке басты куәландыратын құжаттардың болмауы, осының себебінен азаматтар құжат сұрамайтын жерде заңсыз жұмыс істеуге ұмтылады;
  • ақыл-ой кемістігі, мүгедектігі бар адамдар. Оларды тез алдап, жалдамалы жұмысқа оңай жегіп қоюға болады. 

Қазақстанда адам саудасымен айналысқандарға қандай жаза көзделген?

Департамент басшысы, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев 2000 жылдан бастап үкіметтің маңызды халықаралық конвенцияларды бекітіп, алғашқы заңнамалық түзетулер енгізгенін айтады.  Практикалық кешенді шараларға бастама көтерілген:

  • 2003 жылы ведомствоаралық комиссия құрылды;
  • 2004 жылы бірінші үкіметтік жоспар қабылданды;
  • адам саудасына қарсы күрес бөлінісі құрылып, профильді оқу орталығы ашылды. 

Оқи отырыңыз: Конспирологиялық теориялар мен вакцинацияға қарсы үгіт-насихаттан кім, қалай және қанша ақша тауып жатыр?


"Бүгінде заңнаманы жетілдіру, профилактикалық және практикалық шараларды жақсарту, сондай-ақ ынтымақтастық орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазақстан бүгінде адам құқықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты шарттардың қатысушысы. Олардың 13-і құлдықтың заманауи түрлеріне қарсы тұрумен байланысты. Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты қылмыстар үшін жауапкершілік 8 бапта көзделген. Максималды жаза – мүлкі тәркіленіп, 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы. Адам саудасының алдын алу, сондай-ақ жәбірленушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі ережелер 13 заңда және 4 заңға тәуелді актіде қамтылған", – деді Шыңғыс Алекешев.

Сондай-ақ, ол мемлекет басшысының тапсырмасымен "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" бірінші арнайы заң жобасы әзірленгеніне тоқталды. Онда: 

  • кейбір анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру;
  • жаңа ұғымдарды енгізу;
  • уәкілетті органдарды, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу;
  • адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерін және олардың құзыретін анықтау;
  • ҮЕҰ рөлін белгілеу;
  • адам саудасы құрбандарының, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен шетелдік азаматтардың құқықтарын бекіту;
  • халықаралық ынтымақтастықтың негізі қарастырылады.

Қазіргі уақытта заң жобасы парламент мәжілісінің қарауында.

"Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастыққа келетін болсақ, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру үшін аумақтық полиция департаменттері мен үкіметтік емес ұйымдардың арасында меморандумдар жасалды. Сондай-ақ, халықаралық көші-қон ұйымымен, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесімен және АҚШ елшілігімен тығыз ынтымақтастық орнатылған", – деді қосты ІІМ өкілі Шыңғыс Алекешев.


Оқи отырыңыз: Тастанды сәби туралы хабарламаған медициналық ұйымдарға айыппұл салынады


Мұнымен қатар ол адам саудасының алдын алу мақсатында қоғамдық орындарда түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарының жиі жүргізілетінін айтты.   

Серіктестер жаңалықтары