Тікелей эфир

Зерттеуші Ғалым Жүсіпбек: Демократия әр адамның қадір-қасиетіне құрметпен қараудан басталады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Сарапшы адами қадір-қасиетті жоғары бағалайтын қоғам құру үшін не істей аламыз деген сауалға жауап берді.

Жақында Астанада алғаш рет Salon форматындағы TEDx іс-шарасы өтті. TEDxAstana командасының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның конференциядан ерекшелігі – спикерлер бір тақырып аясында идея бөлісіп, көрерменнен ой-пікір алмаса алды. 

Salon форматындағы бірінші шара KÖŞ атауымен өтіп, әлемдегі ауқымды оқиға – 2024 жылғы сайлау суперцикліне арналды. Биыл әлемнің 70 елінде сайлау өтіп, Жер халқының жартысы үлкен өзгерістерге бастама боларлық таңдау жасады. TEDxAstana Salon осы оқиғаны зерттеу мақсатында қазақстандық ғалымдар, зерттеушілер мен мамандардың басын қосты. Идеясын бөліскен сарапшылар қатарында зерттеуші Ғалым Жүсіпбек те бар. Шынайы демократия мен бейотар түсінік арасындағы байланыс туралы сөйлеген спикер сөзінен үзік ойлар ұсынамыз.

Шынайы демократия мен бейотар түсінік арасындағы байланыс: "жалпыға ортақ адами қадір-қасиет"

Ғалым Жүсіпбек әңгімесін 2024 жылдың күзінде есте қалған үш оқиғамен бастады. Олар:

  • Біріншісі, аураханада ең мардымсыз жалақы алатын да, ең ауыр жұмысты жасайтын, науқас адамдарға ең қажетті қарапайым нәрселер үшін көмектесетін де санитарлар екенін білу;
  • Екіншісі, АҚШ-та болған сайлауда өз еліндегі қоғамды жіктерге және басқа елдерді де дәрежелерге бөліп, нәсілшіл идеялар айтатын саясаткер және оның командасының жеңіске жетуі;
  • Үшіншісі, деколонизация, отарсыздану және бейотар түсінік туралы бірнеше маңызды жиынға қатысуы. 

"Алдыңғы жылдары халқының саны бір миллиардтан асатын басқа үлкен мемлекетте нәсілшіл дискурсы бар партия билікке келді. Тіпті, соңғы жылдары демократиялық құрылымдар орныққан Еуропа елдерінде де қоғамды жіктерге бөлетін, мигрантофобия мен исламофобия сияқты үрейлерді негізге алатын саяси және қоғамдық күштер күшейіп билікке таласып жатыр. Саяси үрдістерді зерттейтін мамандарда және басқа да азаматтар арасында "демократияның келешегі қандай болмақ?", тіпті "демократия деген не?", "нәсілшіл күштер демократия жолымен билікке келуші ме еді?" деген сұрақтар көптеп сұрала бастады", – деді зерттеуші.

2014 жылдан бері адам құқықтары мен инклюзив қоғам тақырыбында зерттеулер жүргізіп жүрген Ғалым Жүсіпбек TEDxAstana салонында мардымсыз жалақы, сайлау мен отарсызданудың арасындағы байланысты баяндады. Бұл үшеуін заманымызда ең маңызды құндылықтың бірі болып саналатын әркімнің жаратылысынан келетін, әр адамда бар "жалпыға ортақ адами қадір-қасиет" ұғымы біріктіреді. 

"Адамның қадір-қасиетін қалай тұжырымдаймыз?" сұрағы төңірегінде пікірталас көп. Алайда әлемдегі алуан түрлі зайырлы және діни пікір ұстанатын ойшылдардың мәмілеге келгені: "әр адам – тек адам баласы болғаны үшін ғана туабітті, барлығына бірдей құндылыққа ие. Әрі осы туабітті құндылықты өзге тұлғалар және мемлекет сияқты құрылымдар және нарықтық экономика мойындап, құрметтеуі керек", – деді Ғалым Жүсіпбек.

Адам құқықтары философиясы бойынша, адами қадір-қасиет өлшенбейді және оның деңгейлері болмайды. Яғни шыққан текке, жынысқа, жасқа, дінге, әлеуметтік топқа, отбасылық жағдайға, денсаулық жағдайына, азаматтығына байланыссыз ол барлық адамға бірдей. Бұл – адам құқықтары саласындағы негізгі принцип пен басты құндылық. Алайда оны заңгерлер, саясаттанушылар мен мұғалімдердің өзі көп біле бермейді. Адами қадір-қасиетке құрметті үйрету – халықаралық адам құқықтары құжаттары бойынша, білім берудің ең негізгі мақсаттарының бірі. Сондай-ақ, мемлекеттік пен құқықтық жүйе адам құқықтарына қайшы бола алмайды, себебі адам құқықтары – олардың рухы. 

Зерттеуші адами қадір-қасиеттің жалпыға ортақтық идеясы көп жағдайда әлі де практикалық тұрғыда жүзеге асып жатқан жоқ екенін айтып отыр. Тіпті бұл ұғым саяси және жалпы қоғамдық қолданыста да сирек кездеседі. "Бұл құндылықтың бұзылуы, тіпті мойындалмауы – заманымыздың ең үлкен мәселерінің бірі" дейді ол.

"Адам баласына қарсы жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі, оны ақтауға тырысу, топтар арасы иерархиялар, мысалы, гендерлік теңсіздік пен әлеуметтік жіктер, тіпті, былапыт сөздер, түрлі қаңку сөздер, өсек айту немесе көлігі, киімі мен табысына байланысты құрметтеп-құрметтемеу, осының барлығы адами қадір-қасиетті бұзады. Адами қадір-қасиет экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатпен тікелей байланысты. Әлеуметтік құқықтар — адами қадір-қасиетті қабылдаудың ең үлкен көріністерінің бірі. Зейнеткерлер, декреттегі әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, олардың адами қадірін осы әлеуметтік құқықтар қорғайды. Мардымсыз жалақы – деңгейі адами қасиетті аяқ асты ететін фактор", – деді Ғалым Жүсіпбек.

Оның айтуынша, қоғамда маңызды рөлі бар санитарға ең төменгі жалақыны тағайындау – оның адами қасиетіне нұқсан келтіру.

"Адам өмірін сақтап қалуға тікелей себепші болатын жанның еңбегінің қоғамда дұрыс бағаланбауы тікелей сізге де, маған да қатысы бар. Бұл жағдай заманауи адам құқықтарын, білім берудің мақсатын, мемлекет атты құрылымның не үшін бар екенін түсінбеудің де салдары. Біз адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп отырмыз", – деді зерттеуші.

Сайлау қалайша адами қадір-қасиет концепциясын бұрамалап отыр деген сұраққа Ғалым Жүсіпбек былай жауап берді.

"АҚШ сайлауында жеңіске жеткен топ мәдениет, өркениет, кімдікті монолит деп қабылдайды. Ол мигрантофобия, мизогония, исламофобия немесе гомофобияға алып келеді. Мысалы, шетелден келген азаматтарға шектеу қойып немесе қайсы бір топты дегуманизациялап адами қадір-қасиет ұғымын өз икеміне қарай пайдаланады. Өзгермейтін, қатып қалған кімдік (identity) бар деген түсінік – нәсілшілдік пен отаршылдық түсінігі. Кімдік, мәдениет, дін, дәстүр өзгеріп тұратын, икемді, динамикалық, гетероген құбылыстар. Бұл олардың ерекшелігі ғана емес, олардың дамуының, өміршеңдігінің шарты", – деді ол.

Зерттеушінің сөзінше, әлеуметтік сатылар мен иерархиялар, әлеуметтік және экономикалық құқықтардың дамымауы, инфракұрылымдық теңсіздік себепті "адами қадір-қасиетім" бұзылды деген азаматтар популист саясаткерлерге дауыс беріп жатады.

"Алайда осынау популистер "адами қадір-қасиетті" қабылдамайтын, көбінесе қолдан жасанды дұшпан жасайтын тұлғалар. Яғни әлеуметтік әділетсіздік жайлаған елдерде адами қадір-қасиетті мойындамайтын, түрлі фобияларды жаятын, радикал-оңшыл, этникалық ұлтшыл, "нейтивиcтік" идеяларға негізделген түсініктер тез тарайды. Осылайша, тұйық шеңбер пайда болады. Адами қадір-қасиетті қабылдамаған, негізге алмаған жүйе оңбайды. Ондай жүйелерде демократияның өзі популистердің қолындағы құралға айналуы мүмкін. Тіпті охлократия құрылуы мүмкін. Яғни қайсы бір топтарға дұшпан, тіпті нәсілшіл пікірлері бар тобыр өкілдерінің билікке келуі. Кем дегенде, тұрмыстық зорлық-зомбылықты ақтайтын, бала құқықтарын керексіз деп санайтын және басқа да деструктив идеяларды тарататын топтар билікке сайлау арқылы келуі мүмкін", – деді зерттеуші.

Ғалым Жүсіпбек жалпыға ортақ адами қадір-қасиет жалпыға ортақ адам құқықтарының құндылық негізі екенін, яғни адами қадір-қасиет бізге адам болғанымыз үшін тиесілі құқықтарды талап етуге, дамытуға негіз және күш беретінін айтты. "Мен адам құқықтарына иемін" түсінігі, оның өмірде жүзеге асуы, осыған байланысты заңды құқықтың пайда болуы – саяси, құқықтық және демократиялық дамуда ең маңызды сатылар. 

"Қазақ қоғамында қазіргі адам құқықтарын батыстан келген деп емес, қоғамның дамуына байланысты пайда болған құбылыс деп қабылдасақ, адами қадір-қасиетке төнетін түрлі қауіпке төтеп беру оңайырақ болар еді. Затында, адам құқықтарының заманауи тұжырымдамасы құрылымдық табиғатқа ие, қайсы бір өркениет немесе мәдениеттің туындысы ретінде қарастырылмауы қажет. Адам құқықтары, адами қадір-қасиетке мемлекеттен, нарықтық экономикадан және басқа тұлғалардан төнетін түрлі қауіпке төтеп беру үшін қажет. Адам құқықтарын білудің арқасында біз тұлға ретінде дамимыз және қоғам өзгереді, адами қадір-қасиетке сай өмір сүре алатын орта жаратылады", – деді зерттеуші. 

Адами қадір-қасиет ұғымы, кейінгі жылдары көп айтылып жүрген және еліміз үшін маңызды болып саналатын отарсыздану мен бейотар түсінікпен де тікелей байланысты. Отарсызданудың ең үлкен мақсаттарының бірі – отарланған халық азаматтарына тапталған адами қадір-қасиетті қайтып беру. Заманауи бейотар ойшылдар бұл идеяны ары қарай дамытты. Олар әр жергілікті мәдениет пен діннің адам құқықтарымен үйлесетін гуманистік, әмбебап жорамалдар, түсініктер шығара алатынына назар аударды.

"Заманымызда шынайы отарсыздану – отарланған елдер қоғамдары мен мәдениеттерінде, әлеуметтік нормаларында, салт-дәстүрлерінде жалпыға ортақ адами қадір-қасиетті қабылдауды негізгі идеяға айналдыру, тұғыр қылу. Заманауи адам құқықтарының айтары осы. Бұндай мәдени, өркениеттік өсуді бейотар зиялы қауым жасайды. "Қазақ немесе Орталық Азия мәдениеті заманауи адам құқықтары түсінігіне сәйкес дами алмайды-мыс", "қазақ немесе Орталық Азия кімдігі бұған қарсы-мыс" деген ойлар – отаршылдық түсінігінен шыққан және жаңа анықтамаларға сәйкес, кең мағынада нәсілшілдік болып табылады. Эмпатия – деколониал түсінікте де негізгі ұғымдардың бірі, себебі отарлау мен отарлану эмпатия мен өз-өзіне деген эмпатияны бірте-бірте жояды. Бұл жағдайдан шығу да эмпатияны қайта жаңғырту арқылы болады. Осы тұрғыдан алғанда, отарсыздану бетбұрысы – қазақ мәдениеті мен кімдігінде, қазақ саяси ұлтында адам құқықтарының әмбебаптығын, жалпыға ортақтығын дамыту бағытындағы интеллектуал, рухани және мәдени күрес", – деді зерттеуші.

Адами қадір-қасиетті жоғары бағалайтын қоғам құру үшін біз не істей аламыз деген сұраққа Ғалым Жүсіпбек былай деп жауап берді:

  • Күнделікті өмірде өзгенің басынан өткен әділетсіздікті өз басыңыздан өтіп жатқан әділетсіздік деп қабылдау. Мысалы, санитардың қадір қасиеті менен төмен емес. Егер мен университетте жұмыс істеп айлығым жеткілікті болып жатса, басқаның төмен жалақысы мені де толғандыруы керек.
  • Егер сайлау өтіп жатса, қоғамды жікке бөлетін, оңай дұшпан табатын, кімдікті монолит деп қабылдайтын идеялардың таралуына жол бермеуге тырысу, сақ болу. 
  • Шын мәнісінде отарсыздануға күш салу. Ол үшін ескіні жаңғырту емес, өз мәдениетімізді XXI ғасыр шарттарына сәйкес адами қадір-қасиет қабылдайтын түрде жорамалдап шығару.

"Биылғы сайлау суперциклі бізге – қазақстандықтар мен Орталық Азия тұрғындары үшін "адами қадір-қасиет" ұғымы мен құндылығын және оны негізге алатын шынайы демократия мен бейтотар түсініктің маңыздылығын көрсетті. Егер адами қасиетті дұрыс танып-білсек, популист демократия мен шынайы демократияны ажырату және инклюзивті отарсыздануды тұжырымдау оңай болмақ. Жалпыға ортақ адами қадір-қасиет ұғымы заманымызда бірте-бірте шынайы демократияның іргетасы ретінде қабыладанып келе жатыр. Шынайы демократияда адамзатты жіктерге бөлетін пікірлер ұстанатын адамдар мен топтардың билікке келуі мүмкін болмайды. Адами қадір-қасиет құрметтелетін мемлекет пен қоғам – ең мықты және тұрақты", – деп сөзін түйіндеді ол.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары