Тікелей эфир

Tozbe қосымшасы қыздар мен әйелдерді зорлықтан қалай қорғайды?

Сурет: Baribar.kz
Сурет: Baribar.kz
Мобильді қосымшаны әзірге Android операциялық жүйесінде қолдануға болады.

Дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 400-ге жуық әйел күйеуі жасаған зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Елдегі осындай ауыр статистиканың алдын алу үшін алматылық бойжеткендер бір жылға жуық уақыт жасаған Tozbe қосымшасын таныстырды. Өміріне қауіп төндіретін жағдайға тап болған адамдар алдын ала бұйрық ретінде енгізіп қойған сөзді дауыстап айтса жеткілікті. Қосымша жәбірленушінің ең жақын екі адамына оның қай жерде екені туралы ақпарат жібереді.

Tozbe қосымшасы арқылы адамдар ең жақын туыстарымен байланысып қана қоймай, психолог, заңгер, отбасындағы зорлық-зомбылық саласындағы мамандар және дағдарыс орталықтарынан жылдам көмек сұрай алады. Оны жасаған арулар халықаралық Infomatrix Asia конкурсында бірінші орынды жеңіп алып, Technovation жартылай финалисі атанды. Мұнымен қатар, жоба "Қазақстанға арналған 100 идея" ұлттық байқауында "Әлеуметтік сала" аталымы бойынша жеңіске жетті.

Сурет: instagram.com/tozbe.app

Қосымшаны жасаған бойжеткендер небәрі 17-19 жаста. Сәния Мұхамбетқалиева Java және Android Studio бағдарламашысы, Аружан Нүсіпжан FrontEnd жасаушы, Дана Скороходова SMM-менеджер, Аликсения Мартышева мәліметтер жинау бойынша менеджер, Селин Четинелли қаржы менеджері, Мира Оңғарова әлеуметтік жетекші.

"Қазақстандағы әйел қауымына қатысты зорлық-зомбылық туралы статистикалық мәліметтер, жаңалықтар осы қосымшаның дүниеге келуіне себепші болды. Қиын сәтті бастан өткеріп жатқанда телефон арқылы полицияға қоңырау шалу, көмек сұрау мүмкін емес. Мұндай оқиғалар жаныма қатты батады. Ал Tozbe қосымшасы тиісті команданы ести салысымен мұның барлығын өзі жүзеге асырады. Бірақ, идеяға жан бітіруге Technovation байқауы себеп болды. Бастапқыда жобаны "Әйел" деп атағымыз келген, бірақ ақылдаса келе "Төзбе" атауына тоқтадық. Өйткені, зорлық-зомбылық ұғымы тек әйелдер емес, ер адамдарға да, балаларға да қатысты. Біз кімнің болсын зорлық-зомбылыққа төзбегенін қалаймыз", – деді Сәния Мұхамбетқалиева.

Дана Скороходованың айтуынша, Tozbe қосымшасы оны абьюзерлерден жасырып қоюға болатынымен ұтымды. Бір қарағанда ол кітап қосымшасына ұқсайды. 


Оқи отырыңыз: Tozbe авторлары: Әйелдер ғана емес, балалар мен ерлердің де зорлық-зомбылыққа төзбегенін қалаймыз 


"Абьюзерлердің әйелінің телефонын жиі тексеретінін ескеріп, алғашқы бетіне кітаптардың суретін қойдық. Оның төменгі бөлігіндегі көзге көрінбейтін батырманы басып, көмек қолын соза алатын адамдар туралы нақты мәліметтер енгізу қажет. Әзірге бұйрық ретінде біз әзірлеп қойған он шақты сөздің бірін пайдалануға болады. Тізімді алда жаңа сөздермен толықтыратын боламыз", – деді Дана Скороходова. 

Заңгер, зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы Қазақстан қоғамының зорлық-зомбылықты ақтауға бейім екенін айтады. 

"Күйеуі әйелін, кейін әйелі баласын жұмыстан шаршап келген соң ұрып жіберді. Бұл эмоциясын басқаша шығара алмаған соң болып отыр" деп жазылған мақалаларды көзіміз шалады. Бұдан өзге отбасыларда әжелер "Кезінде аталарың белдігімен өлімші етіп сабайтын, бұдан ешкім өлген жоқ" деп отырады. Зорлық-зомбылықтың қай түрі екеніне қарамастан, ол адам құқығына қарсы жасалған қылмыс. Қосымшаның Tozbe деген атауы секілді біз мұндайға мүлдем көнбеуіміз керек", –  деді Әйгерім Құсайынқызы. 

Сурет: instagram.com/tozbe.app

Отандық бірнеше басылымның негізін қалаушы, кәсіпкер Айсана Әшім жыл сайын көз жұматын әйелдер саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтады. 

"Шынайы статистиканы көрсету ішкі істер министрлігіне тиімсіз болуы мүмкін. Егер бізде абьюзерлерге қатысты қылмыстық жауапкершілік қатаң болғанда, олар бұлай жөн-жосықсыз қол жұмсамайтын еді. Екінші жағынан көптеген әйел қауымы ұят сезіміне бола зорлық-зомбылыққа көніп жүре береді", – деді Айсана Әшім.

Неге зорлық-зомбылық құрбандары абьюзерге қайта оралады?

"Өзіне қол жұмсап, қорлап жатқан жерден бірден кету керегін барлық адам саналы түрде жақсы түсінеді. Алайда психикамыздың құрылымы өте күрделі. Адам бала күнінен миға сіңірген "Мен махаббатқа лайық болуым үшін әрекет етуім керек. Үйден кетіп, жағдайым бұдан да нашарласа не істеймін? Барлығына өзім кінәлімін" деген ойлардың шырмауында қалып қояды. Бізге сөзбен айту оңай болғанымен, жәбірленушіге ұят пен кінә сезімін өткеру өте қиын. Осы орайда, біз әрдайым зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік жәбірленушіде емес, қарсы тарапта екенін еске салып отыруымыз керек", – деді психолог Мира Сағынғали. 


Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат


Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, Қазақстан қоғамының басты ерекшелігі — көп жағдайда әйелдердің ер азаматына экономикалық тұрғыдан тәуелді болуы. Жоғары білім алып, түрлі жетістікке жеткеніне қарамастан, отбасылық өмірде ошақ қасынан шыға алмайды. 

"Қайтып келген малда береке бар, ал қайтып келген қыз жаман. Барған жеріңе тастай батып, судай сің. Бақытты боламын деп емес, бақытты қыламын деп бар" деген секілді мақалдарды санасына сіңіріп өскен 18-20 жастағы қыз бала үшін таптаурындармен күресу қиын. Қазақстан бакалавриатта білім алып жатқандардың 57 пайызы, магистратурада білім алып жатқандардың 62 пайызы, PhD-де оқитындардың 70 пайызы – қыздар. Білімді әйелдердің көптігіне қарамастан, олардың экономикалық нарықтағы үлесі 25 пайыз ғана. Бұл арулар қоршаған ортасының талабына сай ошақ қасынан шыға алмай отыр. Өйткені айналасындағы адамдар "Карьерада жетістікке жеткен әйел болғанша, "Алтын алқа" таққан әйел бол" деп талап қояды. Мұнымен қатар, қазақ қоғамында мүлік автоматты түрде ер адамның атына тіркеледі. Біз әйелдің әлеуметтік рөлін шатастырып отырмыз. Оларға "Балаңды, оның психикасын ойла" деп айту қате. Әйел бірінші кезекте қыз, әпке, қарындас, ана емес, қарапайым адам. Тіпті, 8 наурызда аналар мерекесімен деп құттықтайды. Ал аналар күні бізде 19 қыркүйекте. 8 наурыз әйелдер құқықтарының эмансипациясы күні, біз оның тарихын білуіміз керек", – деді Әйгерім Құсайынқызы. 

Сурет: instagram.com/tozbe.app

Неге полицияға хабарласатын әйелдер көбейді?

Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің полицияға хабарласу тенденциясы 2015 жылдан бері 2,5 есе өсті. Сол жылы 49 мың рет хабарласса, қазір бұл көрсеткіш 120 мыңға жетіп отыр. 

"Мұны жақсы нәтижеге деуге болатын шығар. Өйткені әйел қауымы зорлық-зомбылыққа төзіп жүре беретін болса, бұл өміріне үлкен қауіп төндіретінін түсіне бастады. Десе де полицияға жеткен істің барлығы сотқа барып жатқан жоқ. Сотқа дейін табысады, Құдайға қалдырады және т.б." – деді Мөлдір Албан. 

Заңгердің айтуынша, бұған 2016 жылы басталған қазақстандық феминизмнің екінші толқыны себеп. Мұны қоғамда "Баян Алагөзова эффектісі" деп атайды. 

"Баян Алагөзова – миллиондаған әйел арасында танымал, Forbes бойынша бай әйелдердің бірі, Kesh You тобының қыздарын киноға түсірген беделді әйел. Бір өлімнен аман қалғанын ұялмай айтқаны көптеген адамның оянуына себеп болды.  "Сендер жалғыз емессіңдер, зорлық-зомбылық туралы ашық айтыңдар. Мен сендерді қолдайтын боламын" деді. Осының өзі керемет серпіліс болды деп ойлаймын. Жуырда шыққан "Бақыт" фильмінен кейін сол серпілістің үшінші толқыны басталатын шығар. Нұрлан имам секілді заманауи имамдар да "Күйеуің қол көтерсе, 102-ге хабарлас" деп кеңес береді. Бұлардан бөлек тәуелсіз медианың өзіндік рөлі бар. Өйткені, "Хабар", "Қазақстан", "Еларна" телеарналары ас үйде, бала-шағасын бағып қана отыратын әйелдің бақытты екенін көрсетуге тырысады" – деді Әйгерім Құсайынқызы. 


Оқи отырыңыз: "Әкесімен ерлі-зайыпты ретінде бірге тұрды". Дағдарыс орталығын паналаған әйелдердің хикаясы


Медиа Қазақстан мен қазақстандықтарға қалай әсер етеді?

"Зорлық-зомбылыққа қарсы күресте медианың рөлі үлкен. Өйткені осы медиа арқылы мұның қалыпты емес, ешқандай да дәстүр емес екенін түсіндіреміз. Көп жағдайда біз ауызға алмайтын дүниелер қоғамда жоқ сияқты болып көрінеді. Ал біз керісінше айту арқылы тиісті адамдардың назарын аударамыз. Абьюзерлер шын мәнінде қорқақ болып келеді. Жәбірленушіні қорғайтын адамы бар екенін білген кезде аяғын тартады", – деді Мира Сағынғали. 

Әйгерім Құсайынқызы өз кезегінде медиа кез келген идеологияны санаға сіңіре алатындықтан, оның теріс жақтары да бар екенін айтады. 

"1924 жылы КСРО қалың малды жоққы шығару туралы жарлықты қабылдап, тұңғыш рет әйелдерге сайлау құқығы берілді. Араға бір жыл салып "Қазақстан әйелдері" деген журнал шықты. Мемлекет қазақ әйелінің образын осы журнал арқылы көрсетуге тырысты: өте білімді, күйеуіне ешқашан қарсы шықпайды, тілі қысқа және т.б. Қандай да бір себеппен оқуынан шығып қалған, зорлық-зомбылық құрбаны болған, 4 баласымен жалғыз қалған әйелдер бұл журналдың мұқабасына ешқашан шыққан емес. Мемлекеттік медиа мен тәуелсіз медианың арасы жер мен көктей. Мысалы, "Батыр Жамалға" шыққан мақала ешқашан "Егемен Қазақстанға" шықпайды. Халықтың 46 пайызының әлі күнге дейін ауылдық жерде тұратынын ескерсек, оларға "Егемен Қазақстан" қолжетімді. Ал онда "Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылайын деп жатыр. Елдегі отбасыларда ешқандай зорлық-зомбылық жоқ. Болған күннің өзінде оған тілі ұзын әйелдердің өзі кінәлі" деген картина бар. Біз сыни оқырман ретінде "Бұл сатираңды қой, шындықты айт" деп талап етуіміз керек", – деді Әйгерім Құсайынқызы. 


Оқи отырыңыз: Қазақ баланы қалай тәрбиелеген? Бізге отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң керек пе?


Жобаның әлеуметтік жетекшісі Мира Оңғарова зорлық-зомбылықпен күресуге интернеттегі мақалалар ғана емес, фильмдердің де оң әсер ететініне тоқталды. 

"Жуырда Асқар Ұзабаевтың "Бақыт" атты картинасы прокатқа шықты. Ол фильмді еске алғанның өзінде дауысым дірілдейді. Көріп отырып көз жасымды тия алмадым. Бұл проблеманың алдын алуға мақала, қосымша, осындай жиындар ғана емес, фильмдер де қатты әсер етеді", – деді Мира Оңғарова. 

Бұрын неге ажырасу аз болды?

Зерттеушінің айтуынша, патриархал қоғам барлығына әйелді кінәлауға бейім. Сондай-ақ, қазір ажырасу саны көбейді деу – қате. Өйткені, бұған дейінгі қоғамның зорлық-зомбылыққа көніп жүре беруіне өзіндік себебі болғанын бөлісті. 

"Instagram желісінде Мальдив аралдарына барғандардың суретін көрдім де күйеуіме барғым келетінін айттым. Егер мұны айтпағанымда ол мені ұрмайтын еді" деген секілді виктимблейминг туралы да айта кету керек. Кейде тарихшыларымыз "Бұрын қазақ қоғамында мүлдем ажырасу болмады" деп айтады. Неге болмады? Өйткені, ажырасудың экономикалық тұрғыдан ауыр салдары болды. Мысалы, Жеті жарғыда "Қалың малға 70 жылқы берсе, әкең оны 100 есе қылып қайтарады" деп жазылған. Қарапайым отбасыға 700 жылқыны қайтару мүмкін бе? Сол себепті, ол уақыт пен қазіргі кезеңді мүлдем салыстыруға келмейді", – деді Әйгерім Құсайынқызы. 

Мұнымен қатар, Мира Сағынғали әйел адамдарға зорлық-зомбылықтан айығу өте қиын екенін айтты. 

"Бұл ұзақ терапияны қажет етеді, бір сағаттың ішінде емдеп жазу мүмкін емес. Сондай-ақ, адамды ақ-қара деп бөлу дұрыс емес. Иә, адам зәбір көрген жерден кетуі керек. Бірақ ерлі-зайыпты отбасында зорлық-зомбылықтың бар екенін мойындап, қайта табыса алады", – деді Мира Сағынғали. 

Tozbe қосымшасы дәл қазір Android операциялық жүйесі бар қосымшаларда қолжетімді. Жуырда оны IOS жүйесі орнатылған телефон иелері де қолдана алады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары