Қазақстан қалаларының эстетикалық келбетін сақтау мен қоғамдық мүлікті бүлдірудің алдын алу мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттардың қабырғасына заңсыз граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Президенттің пайымдауынша, Қазақстан қалаларында вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын мұндай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс және қоғамдық орындарды бүлдіретін "шығармашылықтың" бұл түріне заңнамалық деңгейде толық тыйым салу қажет. Осы тапсырмаға сәйкес премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте Ішкі істер министрі Ержан Саденов ғимараттар мен құрылыстарға заңсыз суреттер мен жазулар түсіруге тыйым салуды және бұл үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынды. Өз кезегінде Үкімет басшысы вандализммен күресті күшейтуді тапсырып, есірткі жарнамалайтын наркограффитилердің көзін жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Дегенмен, заң талаптарын қатаңдату барысында нағыз өнер туындысы мен мағынасыз вандализмнің ара-жігін қалай ажыратамыз? Барлық көше суретін біркелкі бояп тастау қаланың мәдени тынысына қалай әсер етеді? Informburo қойған осы сұрақтарға урбанист және өнертанушы мамандар жауап берді.
Қалалық ортаны реттеуде ең алдымен заңдылық пен сапаның басты критерий екенін алға тартқан Астана урбанистика орталығының жетекшісі, сәулетші Елнар Базыкен бұл тұрғыда өз көзқарасын білдірді. Сарапшы вандализм мен сапалы көше өнерін қатар қоюға болмайтынын, себебі екеуінің мақсаты да, нәтижесі де екі түрлі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол кез келген шығармашылық әрекет қоғамдық мүлікті бүлдіруге сылтау болмауы тиіс екеніне тоқталды.
"Мемлекет басшысының вандализм мен заңсыз граффитиге қатысты айтқан ескертуі өте орынды деп есептеймін. Президент бұған дейін де вандализм мен ұсақ бұзақылыққа қатаң тосқауыл қою қажеттігін бірнеше рет атап өткен. Бұл, ең алдымен, ортақ қалалық кеңістікке деген жауапкершілік пен құрмет мәселесі. Сонымен бірге вандализм мен көше өнерін бір ұғым ретінде қарастырмауымыз керек. Егер тұрғын үйдің қасбетіне, қоғамдық ғимаратқа, аялдамаға немесе басқа да қалалық нысанға рұқсатсыз жазу немесе сурет салынса – бұл вандализм. Ал стрит-арт пен мурал - авторы, идеясы, көркемдік тұжырымдамасы және келісілген орны бар шығармашылық жұмыс. Сапалы мурал қаланың көркін ашып қана қоймай, белгілі бір ауданның ерекшелігін көрсетіп, қаланың бірегейлігін қалыптастыра алады. Сондықтан негізгі критерийлер заңдылық, көркемдік сапа және қалалық ортаға деген жауапкершілік. Шығармашылық еркіндік өзгенің мүлкін бүлдіруге құқық бермейді", – Елнар Базыкен.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы танымал ескерткіштердің авторы кім екенін білесіз бе
Маманның айтуынша, қаланың келбетін сақтап қалу үшін бәрін біркелкі өшіре бермей, жүйелі механизм қалыптастырудың маңызы зор. Осы орайда маман рұқсатсыз шығармашылық пен келісілген өнер туындыларын ажыратудың нақты тетігін ұсынды. Арнайы тізілім жүргізу арқылы шаһарды заңды туындылардан айырмай, тек вандализмнен тазартуға болатынын алға тартты.
"Менің ойымша, бұл жерде ең маңыздысы – бәрін бірдей бояп тастау емес, нақты әрі жүйелі тәсіл қалыптастыру. Заңсыз жазулар, тегтер және қоғамдық мүлікті бүлдіретін граффити жедел анықталып, тазартылуы керек. Ал ресми түрде келісілген, көркемдік құндылығы бар муралдар мен стрит-арт туындылары сақталуы тиіс. Ол үшін әр қалада келісілген муралдар мен стрит-арт нысандарының бірыңғай тізілімін жүргізуге болады. Сонда жауапты қызметтер қай жұмыстың заңды әрі келісілгенін, ал қайсысының рұқсатсыз пайда болғанын нақты ажырата алады. Яғни мақсат қаланы өнерден емес, вандализмнен тазарту. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылықты нақты түсінуіміз қажет", – деді урбанист.
Елнар Базыкен заңсыз шимайлаудың алдын алу үшін балама алаңдар ұсынудың тиімді екенін сөз етті. Ол жастардың ізденісін дұрыс бағытқа бұру арқылы қала мәдениетін көтеруге болатынына назар аудартты.
"Тек тыйым салу арқылы мәселені шешу мүмкін емес. Жастарға шығармашылықпен заңды түрде айналысатын мүмкіндік пен кеңістік беруіміз керек. Қалаларда стрит-артқа арналған арнайы қабырғалар мен алаңдарды белгілеуге, ашық байқаулар мен фестивальдер өткізуге, жас суретшілерді қоғамдық кеңістіктерді безендіруге тартуға болады. Сонымен қатар мұндай жобалар арқылы қаланың тарихын, ұлттық мәдениетін, жергілікті ерекшелігін заманауи тілмен көрсетуге мүмкіндік бар. Біздің міндетіміз жастардың шығармашылығын шектеу емес, оны дұрыс арнаға бағыттау. Вандализмге - төзбеушілік, ал сапалы әрі келісілген көше өнеріне – мүмкіндік пен қолдау", – деді Елнар Базыкен.
Мәселеге басқа қырынан қараған астаналық экскурсовод және Astana_streetart жобасының авторы Дмитрий Димов кез келген заңсыз өзгерістің заң тұрғысынан вандализмге жататынын алға тартты. Экскурсоводтың айтуынша, меншік иесінің немесе басқарушының келісімінсіз физикалық ортаны өзгерту – вандализммен пара-пар.
"Бұған суреттің салынған орны, қоғамның қабылдауы, контекст, суретті кімнің және қалай салғаны сияқты факторлар тікелей әсер етеді. Біреулер үшін көшедегі тегтер – жай ғана вандализм болса, енді біреулер одан көркемдік мән көреді. Кімге де болсын трансформаторлық кіші станциядағы әдемі гүлдердің суреті өнер болып көрінгенімен, өзге бір жан оны да вандализмге балап жатады. Бұл – баршаны әрдайым толғандыратын әрі бұған дейін де сан алуан пікір тудырған мәңгілік сұрақ. Таза қабырғалар – бұл тәртіптің жалған иллюзиясы. Мен, әрине, көшедегі жұмыстар тіпті сапасыз болса да, оны өнер деп бағалайтын көзқарасты қолдаймын. Өйткені бұл – өзін-өзі білдіру, шығармашылық еркіндік, қала тұрғындарының қаламен және бір-бірімен өзара диалогы. Бүгін адам көшеде заңсыз сурет салып жүргенімен, ертең ол өз дағдысын дамытып, тәжірибе жинақтай келе, өте сапалы туындылар мен муралдар жасау дәрежесіне жетіп, танымал тұлғаға айналуы мүмкін", – деді Дмитрий Димов.
Оқи отырыңыз: Алматыда 123 жыл тарихы бар ғимарат неге бұзылып жатыр?
Дмитрий Димов кез келген көше суретін бірден есірткі жарнамасы деп айыптаудан аулақ болу керектігін ескертті. Маман жастарды бірден жазаламай, мәселені заңды әрі парасатты түрде шешудің маңыздылығын түсіндірді. Айтуынша, граффитимен күрес әдеттегідей классикалық сценариймен өтеді: бейнебақылау камералары көбейеді, айыппұлдар артады, салынған суреттерді бояп тастау жиілейді.
"Шыны керек, мұның алдын алу үшін нақты не істеуге болатынын да айту қиын. Бәлкім, бұған тек азаматтардың жоғары белсенділігі мен жедел әрекет етуі ғана септігін тигізер. Ең алдымен, әдеттегі граффитиді тыйым салынған жарнамадан ажыратуды үйренуіміз қажет. Өйткені бізде саралап жатпастан, кез келген көше суретін "наркограффити" деп айыптау белең алған. Осының кесірінен талай жас шығармашылық өкілдері орынсыз зардап шегіп жатады. Одан да түсіністік танытып, өзара келісімге келуге тырысқан абзал. Бұзақылық жасаған адамға қабырғаны қайта бояуды немесе меншік иесіне келтірілген шығынды өтеуді жүктеген жөн. Бірақ бірден айыппұл салмай, тіпті сорақысы – ауыр қылмыстық іс қозғамай-ақ шешкен дұрыс", – деді Дмитрий Димов.
Көше өнерін жүйелі дамыту үшін арнайы фестивальдер мен "заңды" қабырғалардың қажеттігін айтқан астаналық экскурсовод бұл бағыттағы олқылықтарға тоқталды. Ол шектеулер жиілеген кезеңде де өнердің кез келген формасын түсінуге және азаматтардың талғамына құрметпен қарауға шақырды. Сарапшы тіпті ең даулы жұмыстардың өзі белгілі бір адам үшін құнды болуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол қалаларда кем дегенде 15 жылдан бері сұранысқа ие болып келе жатқан "заңды қабырғаларды" белгілеуді ұсынды. Айтуынша, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін мұндай бірде-бір арнайы қабырға жасалған жоқ.
"Адамдар сапалы әрі кәсіби граффитиді заңды түрде сала алатын көше мәдениеті фестивальдерін қайта жаңғыртқан жөн. Әлемдік деңгейдегі өнер иелері шақырылатын, дәрістер, экскурсиялар мен фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылатын көше өнері фестивальдерін қайта жандандыру қажет. Мұндай ауқымды шараларда жастар сапалы әрі ауқымды туындылар жасауға шабыт ала алар еді. Дегенмен, тарихтың қазіргі кезеңінде мұның бәрі жүзеге аса қоюы неғайбыл ма деп қорқамын. Қазіргі уақыт – өте мазасыз кезең. Барлық салада шектеулер жиілеп барады. Мен мұндай жағдайға түсіністікпен қараймын, бірақ әрдайым жақсылықтан үміт үзбеймін. Өзім Астанада көше өнері бойынша экскурсия жүргіземен, сонымен бірге Astana_streetart деген Instagram парақшам бар. Оны аса белсенді жүргізбеймін, бірақ бұған өзіндік сылтауым да жоқ емес: "қаладағы өнердің деңгейі қандай болса, парақшаның да сипаты сондай". Абсолют түрде кез келген нәрсе өнер болып саналуы мүмкін. Тіпті адамдардың 99,9 пайызы белгілі бір туындыны сапасыз әрі лайықсыз деп санаса да, егер ол кем дегенде бір адамға ұнап, бойында қандай да бір эмоция тудырса, оны өнер деп бағалауға болады. Мұндай жағдайда ол сол адам үшін – шынайы өнер. Сондықтан кез келген әрекетке құрметпен қарап, әрбір адамның талғамын сыйлай білуіміз керек. Сонымен қатар, өнер тек жағымды эмоция сыйлауға міндетті емес, ол адамды ашуландыруы, тіпті жынына тиюі де әбден мүмкін", – деді Дмитрий Димов.
Оқи отырыңыз: Сәулетші Сюзанн Хофманның "Архитектура жұртшылықтың қатысуынан тұрады" кітабы қазақ тілінде жарық көрді
Қала тазалығы мен тәртібін сақтаудың заңнамалық маңызына тоқталған өнертанушы Амангелді Мұқан бұл бағыттағы президент бастамасын толық қолдайтынын білдірді. Ол қоғамдық мүлікті бүлдірудің белең алуы қала эстетикасына нұқсан келтіретінін ашып айтты. Осыған орай маман заң бұзушылықтарға қатаң шаралар қолдану арқылы ғана тәртіп орнатуға болатынын атап өтті.
"Бүгінгі таңда мемлекет басшысының айтып отырған бастамалары – өте маңызды мәселе. Шаһар мәдениеті, оның ішінде қаланың сыртқы келбеті – басты назарда. Біз қоғамнан оқшау өмір сүріп жатқан жоқпыз. Еліміздің мәдени астанасы Алматы мен бас қаламыз Астанада, сондай-ақ барлық өңірде қалалардың тазалығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілуде. Осы орайда, тұрғындар мен қоғам игілігіне арналған демалыс орындарына жауапсыз қарау, ғимараттарға рұқсатсыз жазу жазып, бей-берекет граффити салу, яғни мемлекеттік немесе жекеменшік мүлікке нұқсан келтіретін вандализм жағдайлары жиілеп кетті. Осының бәрін саралай келе, президенттің мұндай бастама көтеруі өте орынды әрі уақытылы болды деп есептеймін. Қоршаған ортаны, қаламыздың көркі мен күнделікті атмосферасын таза ұстау – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Тұрғын үй қабырғаларына заңсыз сурет салуды құқық бұзушылық қатарына жатқызып, жауапкершілікті қатаңдату – бұрынғыдай бейбастақ кетіп, қолына бояу алып, кез келген жерді шимайлай беретіндерге тосқауыл болары сөзсіз. Әйтпесе, ортамыздың сұрқай геттоларға айналып кетуіне жол бермес үшін тазалыққа жауапкершілікпен қарауымыз қажет", – деді Амангелді Мұқан.
Өнертанушы жақында Астана мен Алматы қалаларының әлемдік деңгейде өмір сүруге ең қолайлы үздік қалалардың қатарына енгенін еске салып, бұл атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті. Қазіргі уақытша қиындықтар мен құрылыс жұмыстарына қарамастан, Алматыда керемет жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Мысалы, жақында ашылған екінші Арбаттың қала тұрғындары мен блогерлердің оң бағасын алып жатқанын, онда көлік қозғалысы шектеліп, жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз, әдемі әрі тыныш демалыс аймағы қалыптасқанын айтты. Соған байланысты ол мұндай қоғамдық мүлікті бүлдіргені үшін заң жүзінде жауап беру әрбір азаматтың міндеті екенін ескертті. Бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтіру, ұсақ бұзақылық сияқты әрекеттерді құқық бұзушылықтың деңгейіне қарай топтастырып, ірі көлемде айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамауға алу сияқты жаза түрлерін қолдану қажеттігін баса айтты. Бұл кез келген заң бұзушыны ойлантып, ойланбай қадам жасаудан тыятынын, соның арқасында айналамыз артық шимайлардан тазарып, заңды тәртіп орнайтынын сөз етті.
"Стрит-арт – бұл белгілі бір идеяға, белгілі бір сюжетке негізделген, арнайы тақырыбы бар өнер туындысы. Тұтас үйлердің қабырғасына салынған мазмұнды муралдар сұр бетон мен темірден тұратын ғимараттарға жан бітіріп, қаланың сәулетін аша түседі. Олар тұрғындарға эстетикалық ләззат сыйлап қана қоймай, туристер мен қонақтарды баурап алатын мәдени кеңістікке айналады. Мұндай туындылар, әдетте, қала әкімдігінің немесе ғимарат иелерінің ресми рұқсатымен, кәсіби шеберлікпен салынады. Естеріңізде болса, кезінде киікті қорғаймын деп қаза тапқан қорықшы азаматқа арналып тартымды мурал салынған еді. Осындай терең мағынасы бар дүниелер қаланың сәнін келтіреді. Ал вандализмге келер болсақ, бұл – түнделетіп жасырын келіп салынатын, ешқандай көркемдік мәні жоқ мағынасыз тегтер, бейпіл сөздер, агрессивті белгілер немесе нашақорлықты насихаттайтын заңсыз "сілтемелер". Олардың мақсаты – өнер туындысын жасау емес, жай ғана өзін көрсету немесе наразылық білдіру. Сондықтан өнер туындысы мен вандализмді ажырату ешқандай қиындық тудырмайды. Лифтілердегі, аялдамалардағы немесе тарихи ескерткіштердегі бүлдірушілік әрекеттер қала бюджетіне және пәтер иелері кооперативтеріне үлкен материалдық шығын келтіреді. Ондай құқық бұзушыларды дереу анықтап, жауапкершілікке тарту керек. Қорыта айтқанда, стрит-артты қолдап, ал заңсыз шимай-шатпақтар мен вандализмге бақылауды күшейтуіміз қажет. Заң қабылданды, енді оның сауатты орындалуы маңызды. Жергілікті билік, яғни қала әкімдіктері бұл жұмысты заң аясында сапалы түрде жүзеге асыруы тиіс", – деді Амангелді Мұқан.
Сонымен қатар, өнертанушы сапалы муралдарды қарапайым шимайлардан ажыратып, сақтап қалу үшін бұрын салынған жақсы дүниелерді есепке алып, тізім жасау керектігін айтты. Осы мақсатта әкімдік жанынан құрамына Әдебиет және өнер институты мен Жүргенов академиясының ғалымдары мен өнертанушылары кіретін арнайы комиссия құруды, ал тізімге енбейтін заңсыз жазуларды өшіруді ұсынды. Сондай-ақ, Амангелді Мұқан жастардың көше өнерін заңды дамыту, вандализммен күресу үшін бейнебақылау, арт-кеңістіктер және бояу сатуды шектеу сияқты кешенді шараларды атап өтіп, есірткі жарнамасына қарсы қоғамдық белсенділіктің маңызын сөз етті.
"Ең алдымен, аулалардағы, мектептердегі жастарға, түрлі белсенді топтарға заң талаптарын ақылға салып, дұрыстап түсіндіруіміз керек. Заңдық шектеулерді ұғынған жасөспірім ғимарат қабырғаларын бей-берекет бүлдіруден бойын аулақ ұстайды. Сонымен қатар, жастардың шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасау маңызды. Екіншіден, қауіпсіздік пен бақылауды күшейту қажет. Қазір көшелерде, аулаларда бейнебақылау камералары бар, тіпті жасанды интеллект жүйелері енгізілуде. Көшелер мен тұрғын үйлердің айналасын 24 сағат бойы үздіксіз қарап отыру мүмкін болмаса да, камералардың көмегіне сүйену қажет. Бейнебақылау жүйелері ғимараттардың бірінші қабаттары мен қабырғаларын бақылауда ұстап, қолына аэрозоль бояуын алып, вандализм жасауға оқталған топтарды байқаған бойда полицияға немесе күзет қызметіне автоматты түрде дабыл беретіндай дәрежеде жұмыс істеуі тиіс. Үшіншіден, заманауи қорғаныс технологияларын қолдану өзекті. Ғимараттардың төменгі қабаттарына антиграффити арнайы полимерлі лак жағылса, кез келген заңсыз жазулар мен суреттер әдеттегі сумен әрі сабынмен оңай жуылып кетеді. Бұл ғимараттың немесе ауланың эстетикалық келбетіне зиян келтірмей, материалдық шығынды азайтады. Төртіншіден, тұрғындардың белсенділігі мен құқықтық сауаттылығы артуы тиіс. Заңбұзушылықты байқаған кезде оны фотоға немесе видеоға түсіріп, полицияға немесе коммуналдық қызметтерге жіберіп отырса, бұл да заңсыз шимайлаушыларға тосқауыл болып, құқық бұзушылықтың алдын алуға септігін тигізеді. Бесіншіден, заңнамалық және экономикалық шектеулер енгізу қажет", – деді өнертанушы.
Амангелді Мұқан шетелдік тәжірибеге сүйеніп, мүлікті бүлдіруге жол бермеу үшін аэрозольді бояуларды кәмелетке толмағандарға сатуға шектеу қоюды ұсынды. Сондай-ақ, вандализм үшін жазаны қатаңдатып, бұзақыларды бүлдірген жерлерін қайта бояту сияқты қоғамдық жұмыстарға тарту қажеттігін айтты. Ол жасөспірімдердің қателігін еңбекпен түзеуі заңбұзушылықты қайталамауға септесетінін жеткізді. Сонымен бірге, сарапшы жастарға арнап саябақтарда арт-кеңістіктер ашуды, рұқсат беруді жеңілдетуді және есірткі жарнамасымен күреске еріктілерді тартуды ұсынды. Ол шығармашылыққа жағдай жасай отырып, қоғам мен биліктің бірлескен жұмысы арқылы қаланың мәдени келбетін сақтау басты орында болуы тиіс екенін баса айтты.
Оқи отырыңыз: Мың жылдық тарихы бар қала: Талғарда нені тамашалауға болады?