Тікелей эфир

Алматыда 123 жыл тарихы бар ғимарат неге бұзылып жатыр?

Бұл ғимарат 1911 жылғы жер сілкінісіне де төтеп берген.

Алматы қаласындағы Қайырбеков пен Мақатаев көшелерінің қиылысында орналасқан көне үйі бұзылып жатыр. Бұл қандай үй, тарихына шолу жасайық.

Ғимаратты 1901 жылы Филиппов көпеске арнап сәулетші С. К. Тропаревский салған. Төңкерістен кейін ғимарат халыққа өткен.

1919 жылдың мамырында Жамбыл Жабаевтың қатысуымен ғимарат ішінде Жетісу ақындарының алғашқы слеті өтті. Бұл оқиғаның құрметіне ғимаратта мемориалды тақта орнатылды. Кеңес Үкіметі кезінде ұлттық мәселе бойынша облыстық бөлім орналастырылған. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғимаратта Түркия елшілігінің мәдени-ағарту орталығы жұмыс істеді.

Қазіргі таңда ескі ғимарат жеке меншікке өткен соң, бұл жер кофеханаға айналған. Бір бөлігі өзгертіліп, боялған. Ағаш терезелердің орнына пластик қойылып, ғимарат тарихи келбетін жоғалтты.

Кондитер үйінің басшылығының сөзінше, ғимараттың қожайыны кім екені белгісіз. Кәсіпкерлер ғимаратты жалға алып, өз қажетіне жаратып жатқан көрінеді. Ғимарат іші өзгертілмеген, өйткені ағаш құрылыс реставрацияны көтермейді. Бәрі көне.

Ғимарат сәулет ескерткіштері реестріне тіркелмеген.

"Медеу ауданы әкімдігінің қызметкерлері өтініш негізінде Қайырбеков, 2 мекенжайында орналасқан нысанға барды. Ғимарат жеке заңды тұлғаға тиесілі. Қазіргі таңда жекеменшік компания қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, пластик терезелер қойылып, жапқыштарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Шатырды ауыстыру қарастырылмаған. Сонымен қатар, бұл ғимарат Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне кірмейтінін хабарлаймыз. Алайда, жеке компанияның сөзінше, ғимараттың сәулет өнеріндегі құндылығы ескеріледі, жөндеу жұмыстары кезінде тарихи келбеті сақталатын болады", – делінген қала әкімдігінің хабарламасында.

Ең ауыры, бұл көзі жойылып жатқан алғашқы тарихи ғимарат емес.

Алматы қаласындағы Пушкин, 44 мекенжайында орналасқан Әміре Қашаубаев атындағы музыкалық мектеп ғимараты қазіргі таңда KFC ғимаратына айналған.

Қоғам белсенділері бұл сұрақты Алматы қалалық мәслихатының депутаты Владимир Власовқа қойды. Бұрын ол қала тұрғындарына қоқыс мәселесін шешуге көмектескен еді. Депутат ғимаратқа барып, өз көзімен көрді.

"Ол "ескерткіштер реестріне" тіркелмеген, жекеменшік құқық заңы бойынша, қожайындары өз еркінше пайдалануға құқылы. Алайда бұны осылай қалдыруға болмайтынын түсінемін. Профильді комиссия жинауды өтіндім. Не шығатынын көреміз, ғимаратты тізімге қосуға тырысамыз, бұл бағытта жұмыс істейміз. Бұндай ғимараттар реестрге тіркелуі тиіс. Алайда дәл қазір заң бойынша ешқандай кінә қоя алмаймыз. Әкімдік дұрыс айтып отыр. Алайда біз хат жазып, оларға жіберуге тырысамыз. Өзім кофейняға кіріп, олармен сөйлестім. Ғимарат ішіндегі иіс маған ұнаған жоқ. "Осы жерге кірдіңдер, не таптыңдар?" деп айтып кеттім", – дейді Власов.

Сарапшылар Алматы қаласындағы Республика сарайы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Республикалық қуыршақ театры ғимараттары толықтай қайта жөнделген соң тарихи келбетін жоғалтып алды дейді.

Мамандар тарихи ғимараттарды жекеменшікке беру оның тарихи құндылығына кері әсер ететініне алаңдайды. 

Наталья Бойко

Аударған Мейіргүл Оңғарова

Серіктестер жаңалықтары