Тікелей эфир

"Сені маған уәде етті": Діни фанатизм мәселесі отандық фильмге арқау болды

"Сені маған уәде етті" фильмінің бір кадры
"Сені маған уәде етті" фильмінің бір кадры
Сценарий бойынша, Ақтау түрмесінен қашып шыққан радикалды діни ағым өкілдері теракт ұйымдастырады.

Қазақстандық кинотеатрларда бір апта бойы "Сені маған уәде етті" атты нақты оқиғаларға негізделген экшн-драма көрсетіліп жатыр. Бұл материалда режиссер Ованес Ованесян мен продюсер Гүлнар Сәрсенованың фильмі не туралы екенін айтып береміз.

Шынында кинолентада экшн көп емес, ал шынайы оқиғаға тек бастапқы сюжеттер негізделген.

Сценарий бойынша, Ақтау қаласының түрмесінен қашып шыққан радикалды діни ағым өкілдері фильмнің түсірілім алаңында террористік акт ұйымдастырады. Бұл оқиға сол жерде болған жас актриса – Таираның психологиясына ауыр соққы береді.       

Расында, мұндай оқиға елімізде 14 жыл бұрын болғанын біреу білсе, біреу білмейді. 2010 жылы Маңғыстау облысындағы түрмеден 20-ға жуық тұтқын қашып кеткен. Қашқындардың бірі ұлтаралық алауыздық пен терроризмді қоздырғаны үшін жауапқа тартылған. Қалғандары негізінен "кісі өлтіру" бабы бойынша сотталған, журналистердің мәліметінше, олар да діни фанаттар болған.

Түрмеден қашу кезінде бірнеше қылмыскер қаза тапты, тәртіп сақшылары Үстірт аумағымен қалғандарының ізіне түсті. Сол уақытта Үстіртте Бахтиер Худойназаровтың "Теңізді күту" фильмінің түсірілімі жүріп жатқан. Гүлнар Сәрсенованың айтуынша, олар қашқындарды ұстау және көзін жою операциясының куәгері болды. Сол кезде түсірілім тобының құрамында болған екі адам кейін "Сені маған уәде етті" фильмінің құрамында да жұмыс істеді.

Фильм желісі бойынша, террористер мен күштік құрылым өкілдері арасындағы қақтығыстың ортасында қалған Таира қатты күйзеліске ұшырайды. Қыз Каспий теңізінің жағасына барады, онда оның ағасы жағалаудағы бунгалоларды сирек қонақтарға жалға беретін. Ол жерде Таира Еуропадан келген орнитолог Мариуспен танысып, көп уақытын сонымен бірге өткізеді. Ғалым Қызыл кітапқа енген құстардың суреттері мен дыбыстарын жинайды. Қыздың оған деген сезімі біртіндеп қалыпты өмірге оралуына көмектеседі, бірақ көп ұзамай жаңа досының қандай да бір құпия жасыратыны белгілі болады.

Ең алдымен, Таираға психологиялық күйзелістен айығуға Маңғыстау облысының таңғажайып пейзаждары көмектеседі. Ол Каспий жағалауында күннің батуын тамашалап, Тетис – ежелгі мұхит түбінде серуендейді. Бірақ қоршаған әлемнің сұлулығын нәзік сезінетін Мариус болмағанда, мұның бәрі қызға осындай әсер беруі екіталай еді. 


Оқи отырыңыз: Дін атын жамылған теріс ағымдар туралы


Егер оқиға өрбіген орын, уақыт пен мән-жайларды ескермесек, сюжет 1995 жылғы "Мэдисон округінің көпірлері" классикалық мелодрамасын еске түсіреді. Онда Айова штатындағы Мэдисон округінің провинциялық қалашығында тұратын кейіпкер Мерил Стрип отбасы сапарға кеткен кезде National Geographic журналының тапсырмасы бойынша ескі ағаш көпірлерді суретке түсіріп жүрген фотографты кездестіреді. Фотографтың рөлін Клинт Иствуд сомдайды. 

Өзін-өзі жоғалтқан әйел және ерекше хоббиі бар жұмбақ адам, жалғыздық және бірігіп саяхаттау, табиғаттың керемет көріністері және күнделікті тіршіліктен бақыт іздеу – осының барлығы екі картинаны біріктіретін дүниелер. Бірақ, егер "Мэдисон округінің көпірлері" кейіпкерлердің мінездері тыңғылықты пысықталған таза мелодрама болса, "Сені маған уәде етті" фильмінде көрермен назарын басты кейіпкерлерден аударатын басқа да желілер бар.

Алайда, фильмде отандық кино үшін аса танымал емес, бірақ маңызды сұрақтар көтеріледі: психологиялық жарақаттан қалай айығу керек, дін мен діни фанатизмнің айырмашылығы неде.

Фильмдегі оқиғалардың дамуына діни радикализм актісі түрткі болды. Картинада оған қарама-қайшылық ретінде білімге, жақсылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа шақыратын және зорлық-зомбылық пен фанатизмді айыптайтын ағартушы ислам көрсетіледі. Фильмде молда басты кейіпкерге болашағына қатысты негізгі шешімді қабылдауға көмектеседі.

Жалпы, діни фанатизмнің бүгінгі қоғамда үрей тудыратын өзекті проблемалардың бірі екені белгілі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері бұл құбылыстың бізге мүлде жат екенін айтады:

"Орталық Азия мұсылмандарын сунниттік исламның Ханафи мазхабы біріктіреді. Оның айрықша ерекшелігі ислам қағидалары мен дәстүрлі негіздерді үйлесімді байланыстыратын объективті, рационалды көзқарасында. Бұл аймақтың мұсылмандары терең мәдени, тарихи дәстүрлерге ие бола отырып, радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің кез келген түрін қатты айыптайды. Олар Исламды жақсылықтың, даналықтың, басқаларға деген құрмет пен жалпыға ортақ прогресстің қайнар көзі ретінде қабылдайды. Олар ата-бабаларының өсиеттерін құрметтейді және ұрпақтарының әл-ауқаты үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды".

Серіктестер жаңалықтары