Тікелей эфир

Сарапшы: Жалпы ішкі өнімді арттыру үшін шикізаттық емес секторға күш салатын кез келді

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Биыл 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, 37 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейін ұлттық жалпы ішкі өнім көлемін екі есеге – 450 млрд долларға дейін арттыру жөнінде маңызды міндетті жүктеді. Бұл үшін экономиканың өсімін жыл сайын 6% деңгейінде қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Аталған ауқымды мақсатқа жетудің жолдары айқындалды. Осы орайда "Экономика KZ" салалық талдау орталығының директоры Тимур Усеев шикізат емес өндіріске басымдық берудің артықшылықтарына тоқталды. 

2024 жылы экономикалық өсуді жеделдету бойынша жүзеге асырылатын шаралар дайындалды. Бұл ретте экономиканың шикізаттық емес секторын өсуді ынталандыруға басымдық беріледі. Осылайша, биыл өсім, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік, ақпарат және байланыс және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда қамтамасыз етіледі. Аталған әр саланың қазіргі әлеуетіне талдау жасалып, ескерілді. Салалық министрліктермен және холдингтермен бірлесе, қарқынды өсуді қамтамасыз етуге қажетті барлық шаралар пысықталды.

Сонымен қатар, мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына сәйкес инженерлік желілер мен жылу көздерін жаңғыртуға, автокөлік жолдарын салу мен жөндеу жұмыстарына, жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосуға, сондай-ақ елді мекендерді газификациялауға ерекше мән берілетін болады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 4,5 мың адамға кәсіп бастауға 1,5 миллион теңге қайтарымсыз грант беріледі


Жуырда Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шарада биыл елімізде 4 ауқымды жоба қолға алынатынын жеткізді.

"Атап айтқанда, көптеген жылу орталығы және инженерлік желілер жаңғыртылады, 12 мың шақырым жол салынып, жөнделеді. Сонымен қатар 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды және ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Ал жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Елге, халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде жалғасын табады" – деді мемлекет басшысы.

Мұның барлығының ұлттық экономикаға қосымша серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар бұл шараларды жүзеге асыру экономикалық қана емес, әлеуметтік те оң әсер береді. Биыл 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, 37 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ ТКШ саласындағы ахуал жақсарып, 300 мыңнан астам қазақстандық көгілдір отынға қол жеткізе алады.

"Экономика KZ" салалық талдау орталығының директоры Тимур Усеев басымдықты шикізаттық емес секторға берудің тиімді тұстарына тоқталды. 

"Қазақстан экономикасында басымдықтың шикізат емес секторға берілуінің бірнеше себебі бар. Мемлекет кірістері құрылымындағы шикізат экспортының салыстырмалы үлесін қысқарту есебінен әлемдік бағалардың құбылуы алдындағы осалдық төмендейді, бұл өз кезегінде тұтастай алғанда экономиканың неғұрлым тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Өндіріс, қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар, білім беру және денсаулық сақтау сияқты шикізаттық емес секторларды дамыту жаңа жұмыс орындарын құруға, әсіресе жоғары технологиялық және инновациялық салаларда халықтың табыс деңгейін арттыруға ықпал етеді. Өзінің бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібінің дамуы импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді, өйткені халық үшін де, бизнес үшін де импортқа балама өнім көзі пайда болады", – деді Тимур Усеев. 


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Салық жүйесі жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс


Мұнымен қатар орталық директоры "Шикізаттық емес" инвестициялардың инфрақұрылымды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және басқа да әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру қажеттілігімен тығыз байланысты екеніне тоқталды. 

"Бұл сайып келгенде халықтың өмір сүру сапасын жақсартады. Әдетте шикізаттық емес секторды дамыту өнімділікті, сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін инновациялық технологияларды әзірлеуді, тартуды және енгізуді талап етеді. Бұл да тұтастай алғанда экономиканың тұрақты дамуының маңызды факторына айналады", – деп қосты орталық жетекшісі. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары