Қазір қай ата-ананы көрсеңіз де, ұл-қыздарының телефоннан бас алмайтынын айтып, шағым жасап жүргенін көреміз. Бұл, бетін аулақ етсін, қай жылғы әлемді жайлаған "корона" вирусынан да ауыр эпидемияға айналып бара жатыр ма деп қорқамыз. Бұдан да қиыны, осындай аса маңызды мәселенің дұрыс шешімін ұсынатын мамандардың да тапшылығы көңілді күпті етіп отырғаны жасырып емес! Осындай экранға тәуелділік мәселесі туралы не ойлайсыз? Оның қандай зиянын көріп отырсыз? Бұл сауалдарға осы салада көп жыл бойы еңбек етіп жүрген зерттеуші маман Қазим Мұстахим жауап берді.
– Соңғы жылдарда отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, тарихи тұлғалардың өмірі мен мұрасы, сонымен бірге бүгінгі заманның номофобия дерті туралы терең зерттеулер жасап жүрсіз. Бүгінгі әлемнің ең үлкен қаупі экономикалық дағдарыс пa, әлде "тірі қарым-қатынас дағдарысы" ма?
– Сұрақты бүгінгі қоғамдық проблемалардың қақ ортасынан бір-ақ бастадыңыз ғой. Шынында да, ХХІ ғасыр ең үлкен дерті – номофобия, яғни экранға тәуелділік десек артық айтқандық емес. Өзіңіз де байқайсыз, қазір үлкені де, кішісі де таңертең ұйқыдан тұра салып телефонға үңіледі. Демек, құлан иек таңнан бастап, адам өміріндегі ең ұлы құндылықтар екінші приоритетке түсіріледі. Бұл жағдай уақыт деген құндылықтың, бірінші байлық денсаулық пен берекенің басы саналатын отбасылық қатынастың сапасын құлатады.
Бүгінгі қоғам бұрын-соңды болмаған техносферада, яғни технология үстемдік еткен ортада өмір сүріп жатыр. Мұнда ғылым мен техника жай зерттеу құралы емес, қоғамдық басқарудың негізгі құралына айналды. Қалай дейсіз бе? Егер әлемде белгілі бір тұжырымдама жасалып, мұрат етілсе, онда ғылым соған жұмыс істейді. Қарапайым мысал берейін, қазір жастар смартфонның әрбір жаңа нұсқасын асыға күтіп отырады. Бүгін 16 pro шықса, көп қауым тезірек соны қолға түсіруге құмартады. Кейбіреулер бұл смартфонды өмірінің бір бөлшегі ретінде қарайды. Олай болса, Apple әлемдік деңгейде бір тұжырымдама жасаса, ғылым мен техника сол тұжырымдамаға жұмыс істейді. Міне, ғылым қоғамды билейтін, басқаратын функцияға көшті деп отырғаным – осыдан.
Дәл осындай жағдайда халықтың материалдық және рухани мәдениетіне деген аса зәрулік байқалады. Мәдениет адамның іс-әрекетін дұрыс жолға салып, табиғат заңдылықтарына қарсы келмеуге көмектесуге тиіс. Әйтпесе, адам баласы табиғаттың емес, техниканың "баласына" айналады да, неше түрлі экологиялық апаттар, әлеуметтік күйзелістер, тіпті тұтас өркениеттердің құлдырауы да бой көрсетіп қалуы ғажап емес.
Қазіргі заманда технология адамның дүниетанымын қалыптастырушы күшке айналды. Дәл осылай кете берсе, жастардың шығармашылық қабілеті тым әлсіреп кете ме деп қорқамын. Бұл жерде менің айтпағым, мақсат – ғылымды, техниканы жамандау немесе смартфон атаулыны жою емес, оны "өлшеммен, пайдалы қолдану мәдениетін" орнықтыру. Менің ойымша, қазір нағыз ғылым қоғамдағы әрбір адамның қабілеті мен ішкі потенциалдарын ашуға, келесі ұрпаққа білім мен шығармашылықты дамытуға жағдай жасауы керек сияқты. Олай болса, бүгінгі техносфералық дәуірдің басты сұрағы – технология адамзатты "құл" қыла ма, әлде игілікті мақсаттарға жеткізетін басты құрал бола ма? Бұл таңдау – мәдениет пен ғылымды қандай тұжырымдаманың қызметіне қолдануымызға байланысты.
– Егер біз телефон мен техниканы бейберекет, тәртіпсіз қолдануды үлкен қауіп деп санасақ, онда отбасы деген құндылық сол қауіпке "бірінші қорған" бола ала ма?
– Әрине, отбасы – ең бірінші қорған! Өйткені балаға алғашқы әлеуметтік тәжірибе, алғашқы эмоциялық жылу, алғашқы құндылықтар жүйесі – бәрі осы отбасында беріледі. Бала дүниеге келіп, ес біле бастаған сәттен бастап оның "өмір мектебі" ата-ана құшағында, отбасы, ошақ қасында басталады. Сондықтан телефон мен техниканың теріс ықпалынан қорғанудың ең алғашқы, әрі ең қуатты ортасы – отбасы. Әке мен шеше өзара тіл табысып, бірге уақыт өткізіп, баламен шынайы әңгіме құрып, шағын дәстүр қалыптастырса – ол баланың бойына "экран мәдениетін" де, "өмір мәдениетін" де сіңіреді. Мысалы, біз дастархан басында телефон қолданбауды қатаң ұстансақ, балалар да соған бейімделеді. Егер біз жатын бөлмемізді гаджетсіз аймаққа айналдырсақ, бала да өзінің жеке кеңістігінде дәл сол әдетті жалғастырады. Бұл – тәрбиенің ең қарапайым, бірақ ең қуатты тәсілі. Менің ойымша, отбасы тек материалдық қамқорлық емес, рухани иммунитеттің басты қайнары. Егер отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, жылы қарым-қатынас орнаса, сырттағы кез келген техносфералық қысымға төтеп беретін "тірі" қалқан пайда болады.
Бүгінгі дәуірде техника қуатты болса, одан да қуатты нәрсе бар. Ол біздің – тірі жүрегіміз бен жылы сөзіміз. Отбасы осы екеуін де береді. Сондықтан біз "отбасы – бірінші қорған" дегенде бос ұран айтып тұрған жоқпыз, нағыз өмірлік ақиқатты айтып отырмыз. Мына бір ережені ұмытпау керек шығар: баланың тілі, эмоциясы, сенімі, құндылық коды тікелей қарым-қатынаста қалыптасады; экран оны алмастырмайды. Үйіміз – офлайн қатынастың басты мектебі.
– Жоғарыда сіз айтқан әлемдік трендтер бала-шағамыздың санасына, миына, тіліне, жалпы табиғи дамуына қаншалықты әсер етеді? Экран уақыты мен бала тілінің, миының дамуы арасында қандай байланыс бар?
– Өте нәзік әрі жауапты мәселені қозғадыңыз. Себебі баланың миы алғашқы үш жылда қарқынды дамиды, ал тіл – сол мидың басты жемісі. Егер осы кезеңде бала тірі қарым-қатынасқа, пікір алмасуға, әке-шешенің дауысына, бесік жырына, ертегісіне қанықпаса, миы да, тілі де кеш дамиды.
Ғалымдардың зерттеуінше, экранға ұзақ қараған балалардың сөздік қоры аз, тілі кеш шығады, есте сақтау қабілеті әлсіздеу болады. Неге? Өйткені экран дайын бейнені, дайын дыбысты береді. Ал тірі қарым-қатынас ойлануды, сұрақ-жауапты, қимылды, эмоция алмасуды талап етеді. Яғни тірі қарым-қатынас баланың миындағы нейрондарды "жандандырып", жаңа байланыс жасайды. Экран мұндай стимул бере алмайды. Бала үшін ең қуатты "сабақ" – анасымен ойнауы, әкесімен сөйлесуі, атасының әңгімесін тыңдауы. Бұл кезде баланың қиялы дамиды, ойлауы күрделенеді, сөздік қоры толығады. Ал тым көп экран уақыты керісінше, қиялды тежеп, баланы пассив қабылдаушыға айналдырады. Сондықтан ата-аналарға әрдайым мына нәрсені айтамын: "Тіл – тірі қарым-қатынастың жемісі. Ал ми – тірі диалогтың бұлшық еті". Егер біз балаларымызды смартфонмен емес, жылы сөзбен, ертегімен, ойынмен "жаттықтырсақ", олардың ойы да, тілі де табиғи дамиды.
– Ұйқы гигиенасы мен экранға тәуелділік мәселесі – жаһандық денсаулық дағдарысы ма?
– Иә, бұл – қазіргі қоғамдағы ең үлкен денсаулық дағдарысының бірі. Өйткені, ұйқы миымыздың "тазарту" уақыты. Ұйқы кезінде ми ақпаратты сұрыптайды, есте сақтауды бекітеді, денеміз жасушаларын қалпына келтіреді. Ал экранға тәуелділік, әсіресе түнгі уақытта осы табиғи процесті бұзады. Смартфон мен компьютердің көк жарығы мелатонин гормонын тежейді. Мелатонин – ұйқының "қақпашысы", ол бөлінбесе адам ұйықтай алмайды немесе ұйқысы сапасыз болады. Салдарынан адамдар таңертең сергек оянбайды, күндіз ашуланшақ, ұмытшақ, енжар күйге түседі. Бұл көңіл-күйдің бұзылысына, жүрек-қан тамыр ауруларына, семіздікке, тіпті кейбір онкологиялық сырқаттарға дейін апаратын қауіпті фактор.
Балалар үшін бұл қауіп екі есе күшті. Себебі олардың миы әлі дамып келеді. Егер бала ұйқысыз қалса, оның есте сақтауы да, зейіні де, сөйлеуі де зардап шегеді. Ал смартфонды жастықтың астына қойып ұйықтайтын әдет бүгінгі жаһандық проблемаға айналды. Сондықтан дәрігерлер де, психологтар да, мәдениеттанушылар да бір ауыздан "жатын бөлме – гаджетсіз аймақ" болуға тиіс екенін айтады. Ұйықтар алдында бір сағат бұрын экранды өшіру – денсаулықтың алтын ережесі. Егер біз осы қарапайым әдетті сақтай алсақ, қоғамдағы көптеген денсаулық проблемасы өздігінен азаяр еді.
– Экранның көк жарығы көздің көру қабілетіне әсер ете ме?
– Шынында, қараңғыда мобильді құрылғылардың экранына қарау ерте жастан соқырлыққа шалдығу қаупін арттырады. Бұл фактіні Толедо университетінің (АҚШ) биохимик ғалымдары жүргізген зерттеулер дәлелдеді. Мобильді экрандардан бөлінетін көк жарық көздің тор қабығындағы фоторецепторлық жасушаларға молекулалық деңгейде әсер етіп, олардың өлуіне алып келеді. Бұл құбылыс көздің ең көп таралған ауруына, тор қабықтың макулодистрофиясына шалдықтырады. Ал ол көру қабілетінің күрт нашарлауына, тіпті толық соқырлыққа апарады.
Бұл жалғыз мәселе емес. Көк жарық адамның биологиялық ырғақтарын бұзып, ұйқы сапасын нашарлатады. Сондықтан қолымызға смартфон ұстап ұйықтау – ең зиянды әдеттердің бірі. Алайда көк жарықтың пайдалы жағы да бар. Қысқа уақыт ішінде әсер еткенде (шамамен 30 минут) адамның ой еңбегіндегі реакциясын жеделдетеді. Бұл әсер экранды пайдалануды тоқтатқаннан кейін де біраз уақыт сақталады. Ғалымдардың пікірінше, мұндай феноменді жедел реакция қажет ететін мамандық иелеріне, хирургтарға, ұшқыштарға, жүргізушілерге және әуе диспетчерлеріне қолдануға болады.
– Бүгін ақпарат селдей қаптаған заманда "ақпараттық иммунитет" деген ұғымның маңызы қаншалықты?
– Қазіргі заманның ең үлкен сынағы – артық ақпарат. Қазір "ақпарат теңізінде емес, ақпарат дауылында" өмір сүріп жатырмыз десем, артық айтқандық емес. Ақпараттық иммунитет дененің иммунитеті сияқты, бірақ санаға қатысты. Ағзамыз вирусты танып, оған қалай қарсы қорғаныс жасаса, дәл солай санамыз да қажетсіз, зиянды, жалған ақпараттарды ажыратып, сүзгіден өткізе алуы тиіс.
Бүгінде басты қауіп – адамдар шындық пен өтірікті, пайда мен зиянды ажырата алмай қалуы. Жалған жаңалықтар, манипулятивті контент, агрессия мен теріс идеология адамның ойын улайды. Мұның салдары тек жеке тұлғаға емес, тұтас қоғамға қауіп төндіреді. Сондықтан "ақпараттық иммунитет" дегенде төмендегідей үш негізгі қағиданы атар едім: біріншісі – таңдау мәдениеті. Яғни әр ақпаратты бірден қабылдамай, өзімізге "бұл маған пайдалы ма? Мұның мақсаты не?" деген сұрақ қоюымыз керек. Екіншісі – тексеру мәдениеті. Бұл – естіген, көрген нәрсені ресми, сенімді дереккөзбен салыстыру. Өкінішке қарай, қазір әлеуметтік желіде ақпарат таратып отырғанның бәрі адамдарға жандары ашып, пайдамызды тигізейік деп, тек адал ниетті көздеп отырған жоқ. Қазіргі заманды әркім қара басының қамын бәрінен жоғары қоятын "эгоизм қоғамдық формациясы" деп атасам, ақиқаттан алыстай қоймаспын. Иә, кәдімгі феодализм, социолизм, коммунизм деген секілді эгоизм дәуірі. Қазақша айтқанда, "менің атым шаба берсін, жұрттың аты тоқтай тұрсын" деген түсінік жайлап бара жатыр. Осындай кезеңде, әсіресе сенгіш, аңқау балаларымызға көп обал болып жатыр ма деп алаңдаймын.
Үшіншісі – өлшем мәдениеті. Мұның мақсаты – ақпаратты шектен тыс көп тұтынбай, өз уақытыңды реттеу. Алып жатқан мәліметіңіз пайдалы, еш болмаса зиянсыз дегеннің өзінде шектен тыс ақпарат адамға жақсылық әкелмейтіні түсінікті. Қысқасы, бүгінгі қоғамда ақпараттық иммунитет жоқ болса, адам ағзасы вирусты жеңе алмай әлсірегендей, сана да әлсірейді. Бірақ ақпараттық иммунитеті бар адам кез келген заман дауылында құламай, өз бағытын таба алады. Негізі бұл тақырыпты отбасынан бастау керек: балаға кішкентайынан бәрін көргенмен, бәріне сенбеуді үйреткен абзал. Сонда ғана мықты қоғам құра аламыз.
– Ал үй жағдайында, қарапайым отбасында "ақпараттық иммунитетті" қалай қалыптастыруға болады?
– Ақпараттық иммунитет күнделікті өмірде қолданылатын нақты әдеттерден құралады. Отбасында осы бағытта үш негізгі қадамды атайық: 1. Үй ережесі – әр отбасының өз "цифрлық картасы" болуы керек. Мысалы, дастархан басында, жатын бөлмеде, кешкі бір сағатта телефон қолданылмайды деген нақты ережелерді бекіту керек. Мұны "тыйым" деп емес, "қасиетті уақыт пен аймақ" деп қабылдатқан жөн; 2. Ортақ талдау – балалар көрген нәрсесін, тыңдаған ақпаратын үйде бірге талқылап үйренуі қажет. "Бұл хабарда не дұрыс, не бұрыс?", "Бұл видеоны не үшін жасаған?" деген сұрақтар қою арқылы баланың ойлау қабілеті дамиды. Бұл – фильтрлеудің ең қарапайым әрі ең күшті жолы. 3. Жанама емес, тірі үлгі – балаға мың ереже айтқаннан гөрі, әке-шеше өздері ақпаратты талғап қолданса, бала соны қайталайды. Әке бір жаңалықты тексеріп барып сенсе, ана экран уақытын реттесе, бұл әрекеттер бала үшін ең мықты сабақ болмақ.
Қысқасы, ақпараттық иммунитетті үйде қалыптастыру дегеніміз – үйді "жылы сөз бен тірі қарым-қатынас орталығына" айналдыру. Сол кезде бала сырттағы ақпарат дауылына шыдас беретін "рухани қолшатырмен" өседі. Мына бір 4 ережені үйлерімізге енгізсек, ұтарымыз көп пе, ұтыларымыз ба? Қалай ойлайсыз? Ұйқыға дейін 1 сағат бұрын экранды өшіру, 20:00-ден кейін экран қолданбау, дастархан мен жатын бөлме – гаджетсіз аймақ, аптасына 1 күн – "digital-detox" (табиғат, кітап, қонақ-әдет).
– Айтпақшы, қазір жасанды интеллект деген нәрсе әлемді жаулап бара жатыр. Оған біздің көзқарасымыз қалай болуға тиіс? Жасанды интеллектке тыйым салған дұрыс па, әлде сауатты қолдануды үйренген жақсы ма?
– Қазіргі өркениеттің ең қайнап тұрған тақырыбы – Жасанды интеллект. Кейбіреулер одан қорықса, енді бірі оған мақтанышпен қарайды. Бастысы – ЖИ-ді дұрыс түсіну.
ЖИ – "жау" да емес, "құтқарушы" да емес. Ол – құрал. Құралды кім қалай қолданса, соған қызмет етеді. Пышақпен нан да кесесіз, біреуге зиян да келтіресіз. Дәл сол сияқты, ЖИ да бізді дамытатын күшке айнала ма, әлде тәуелді қылатын құбыжыққа айнала ма, бұл біздің қолдану мәдениетімізге байланысты. Тыйым салу қате жол саналады. Өйткені тарихта тыйым салынған нәрсе көбіне жасырын жолмен болса да қолданылады. Оның орнына біз ЖИ-ді сауатты пайдалануды үйренуіміз керек. Мысалы, балаға үй тапсырмасын көшіру үшін емес, идея іздеу, жоспар құру, тіл үйрену үшін қолдануға болады. Мұғалімдер мен ата-аналар балалармен бірге отырып "ЖИ не айтты? Сен оған сендің бе? Неге? Қайдан тексердің?" деп талдау жүргізсе, ЖИ-мен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасады. ЖИ-ді дайын жауап беретін "ақыл" емес, адамның ойлауын дамытатын серік ретінде қарастыру қажет.
Бұл жерде басты мақсат – "тұтынушы" емес, "өндіруші" ұрпақ тәрбиелеу. ЖИ-ді дайын нәтиже үшін емес, жаңа ой салатын, қабілетті дамытатын серіктес ретінде қолдансақ, ұтылмаймыз. Қысқасы, сұрақтың түйіні мынадай: Жасанды интеллект бізді құл қыла ма, әлде қанат қақтырған құрал бола ма? Бұл таңдау өзімізге байланысты.
– "Номофобия" немесе телефонсыз қалудан қорқу дертінен қалай арылу керек? Бұл сұрақты сіздің "Балаңызды гаджеттен қорғаңыз" деген бірнеше айда танымал болып кеткен кітабыңызды оқыған соң қойып отырмын.
– Иә, қазіргі қоғамның ең жасырын, бірақ ең қауіпті тәуелділігінің бірі – "номофобия". Телефонсыз қалудан қорқу тек техникалық әдет емес, ол адамның ішкі жан дүниесіне де әсер етеді. Мен өзімнің кітабымда да бұл дерттен арылудың кілті – тірі қарым-қатынас пен өлшем мәдениеті екенін жаздым. Яғни бізге телефонды жоюдың қажеті жоқ, бірақ телефонсыз да өмір бар екенін қайта сезінуіміз керек.
Практикада мынадай үш қадамды ұсынар едім:
- Күнделікті кіші "детокс" – таңертең тұрғанда бірден телефонға үңілмей, алдымен отбасыңызға немесе өз ойыңызға көңіл бөлу. Кешке ұйықтар алдында да дәл солай болуы керек.
- "Телефонсыз аралдар" қалыптастыру – дастархан, жатын бөлме, демалыс сапарлары. Бұл жерлерді телефонға тыйым салынған аймақ емес, керісінше "жанды қарым-қатынастың қасиетті кеңістігі" деп қабылдау.
- Ішкі әлемді байыту – кітап оқу, табиғатқа шығу, өнермен шұғылдану. Өйткені телефон тек бос кеңістікті толтырады. Ал жан дүниең байыса, телефонсыз қалудан қорықпайсың.
Номофобиядан құтылудың ең басты емі – адамға адам керек екенін қайтадан сезіну. Баламызға да, өзімізге де ең қымбат сый – бірге өткізген тірі уақыт. Қысқасы, телефон біздің өмірімізді басқармасын. Құрал – құрал болып қалуы керек. Ал жүрек пен жан – бірінші орында тұруға тиіс.
USD:
503.5 / 507.5
EUR:
588.5 / 593.5
RUB:
6.51 / 6.63