Тікелей эфир

"Қазақтарда тіл меңгеру қабілеті жақсы". Алғашқы ағылшынша-қазақша pocket book авторы

Аманбек Мағзұмхан он жылдан бері ағылшын тілін үйретіп жүр.

Poliglot Qazaq шет тілдер орталығының негізін қалаушы Аманбек Мағзұмхан "Ағылшынша-қазақша pocketbook" атты күнделікті өмірде қолданылатын сөздер мен сөйлемдер кітаптарын әзірлеп шығарды. Ол үш жыл бұрын Нұр-Сұлтан мен Қарағандыда тоғыз мектеп ашып, 1500-ге жуық оқушының ағылшын тілін меңгеріп кетуіне үлес қосқан. Informburo.kz журналисі стартапер Аманбек Мағзұмханнан pocketbook-тің артықшылықтары мен маңызы жайлы сұрап білді.

– Қай кезден бері ағылшын тілін үйретесіз?

– 2012 жылы Моңғолиядан Қазақстанға алғаш келген кезде ағылшын тілін үйрете бастадым. Жатақханада тұратын магистратураға түсуге дайындалып жатқан студенттер ағылшын тілін үйретші деп көмек сұрап келді. Ол кезде жиырмаға енді келген кезім. Дайындаған екі студент те магистратураға түсіп кетті. Қазақстанға алғаш келген кезде, Ұлан-Баторда жүргенде мектеп кезінде ағылшынша жақсы сөйлейтінмін. Жан-жақтан келген туристерге гид болдым. Содан кейін Қазақстанға келіп журналистика факультетіне түстім. Студент кезімде АҚШ-та төрт ай жүріп біраз тіл сындырдым. Отбасылы болдым. Ата-анамды Монғолиядан көшіріп алуым керек болды, бірақ журналист болып жұмыс істеп жүргенде оған айлығым жетпеді. Сол кезде кәсіп бастап, қосымша жұмыс істеу керек деп ойладым.

Қолымнан келетіні – ағылшын тілін үйрету. Бұрыннан ағылшын тілінен студенттерге үйреткенім бар. Курс ашқым келеді деп мектептерге барғанда "дипломың жоқ" деп рұқсат бермеді. Телеарнада ағылшын тілін үйрететін "Online English" деген айдар ашып, эфирді жүргіздім. Мектептерге қайта барып, басшыларға видеоны көрсетіп курс ашуға мүмкіндік бересіздер ме деп сұрадым. Бір мектеп рұқсатын берді. Сол қарқынмен бастадым да, тоғыз мектеп аштым. Шетелден келген мұғалімдер сабақ берді.

– Pocketbook жасау идеясы қалай пайда болды?

– 2018 жылы мектептерді ашқанда ата-аналар тарапынан ұсыныс түсті. Оқушыларға оқулықтан басқа, қазақша-ағылшынша қосымша білім беретін оқу құралы жоқ. Сол кезде бірнәрсе жасау керек екен деп ойладым. Моңғолияда кез келген кітапханаға кірсең ағылшынша-моңғолша "покетбук", сленг сөздер мен тұрақты тіркестер кітапшалары, Оксфорд сөздігіне дейін бар. Бізде ондай кітаптар жоқтың қасы. Оксфорд сөздігін таппадым десем де болады.

Моңғолияда орыс тілінің ықпалы жоқ, жалғыз шет тілі – ағылшын тілі ғана бар. Бізде орыс тілінің ықпалы болғаннан кейін адамдар ағылшын тілінің маңызды екенін түсініп, енді үйреніп жатыр. 2013 жылдары көп адам қызықпайтын. Қазір 40-50 жастан асқан адамдар "бізге де үйретші" деп хабарласады. Карантин басталған кезде онлайнға көштім. Карантин бізге онлайн білім алуды үйретті. Былтыр жазда тәжірибе ретінде біраз адамды онлайн өз әдісіммен оқыттым. Демек бізде тілді онлайн үйрену дәурені келді деген қорытындыға келдім. Онлайн ағылшынша-қазақша түсіндіретін мұғалімдер өте аз. Ал мектеп мұғалімдерінің әлеуметтік желіні қолданып тіл үйретуге уақыттары бола бермейді. Тіл мамандары болмаса да ағылшын тілін білетіндер онлайн курсын ашып, тіл үйретіп жүр. 

Мектепте жүргенде кітапшалардан сөз жаттадым. Қазақшасын жасау ойда болды. Карантин болған соң мектептердегі ағылшын тілін үйрету курсы тоқтады. Жұмыспен Түркияға кетіп қалдым. Сонда жүргенде осы pocketbook-ты дайындадым. Жалпы ағылшын тілін 60%-ға түсіну үшін 1500-ден 3000-ға дейін сөздік қорыңыз болуы керек. Ал жоғарғы деңгейге жету үшін 4000 астам сөз жаттап алсаңыз жеткілікті.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от @poliglot_qazaq

– Ағылшын тілін меңгергісі келген адам бұл Pocketbook-ты қалай пайдалануы керек?

– Кез келген жерде өзіңізбен бірге алып жүруге өте ыңғайлы кітаптар. Pocketbook төрт кітапшадан тұрады. Күнделікті өмірде қолданылатын сөздердің барлығын сұрыптай келе бірінші кітапты шығардым. Әрі қарай сөздерді деңгейге қарай іріктеп қостым. Pocketbook қаншама кітапты, оқу құралы мен сөздікті ақтара келе дайындалды. "Бір күнде бес сөз" – күнделікті өмірде қолданылатын сөздер және бастапқы, ортаңғы деңгейге арналған. "Бір күнде төрт сөз" – орта және жоғары деңгейге арналған. "Бір күнде үш сөйлем" – әр түрлі тақырыптағы диалогтар, "Бір күнде бір тақырып" – әртүрлі шығармалар. Әр күн сайын кітапшаның бір бетін жұлып, ілеспе қалтаға салып жаттауға немесе қағазды жыртпай-ақ кітап шағын кітапты сөмкеге салып жүруге болады.

Көбінесе бұл ата-аналарға ыңғайлы. Баланы мектепке жіберерде  "сөз жаттап кел" деп қағазды ілеспе қалтаға салып береді. Бала күніне бес сөз жаттаса міндетті түрде өз нәтижесін береді. 

Pocketbook-ты шығаруға Global Medical Tour компаниясы демеушілік жасады. 10 000 тиражбен шығады. Кітаптар кез келген аудиторияға, яғни әріп танитын адамның барлығына арналғандықтан алдағы уақытта көп тиражбен шығарамыз деген үміт бар.

Мектеп бағдарламасында оқулықтар бар, бірақ адам онымен шектеліп қалмауы керек. Қосымша білім алып, бала өзі ізденсе білімін жетілдіре алады. Бұл қалта кітаптар іргетасын қалауға, ағылшын тілін түсінгенше керек болады. Тек ағылшынша оқитын деңгейге жеткен соң қазақша-ағылшынша сөздіктер, оқулықтар қажет емес.   

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Poliglot Qazaq орталығын аштым. Көп тіл білетін адамды полиглот дейді. Моңғолияда жүргенде бірнеше тілді еркін меңгерген қазақтармен жиі ұшырасатынмын. Қазақ әліпбіинде 42 әріп бар, кез келген дыбысты айта аламыз. Кез келген тілде сол елдің адамы секілді сөйлейміз. Қазақтардың тіл үйрену қабілеті жақсы болуы барлық дыбыстардың болуына байланысты шығар деп ойлаймын.

Қалта кітапты Poliglot Qazaq орталығы ішінде шығарып жатырмын. Алдағы уақытта түрік, корей, жапон, араб, неміс тілдерінде шығару жоспарда бар. Әр тілге ыңғайлап аударамыз. 

Мұны Қазақстандағы алғашқы "покетбук" деп айтсам қателеспеймін. Қаншама дүкенді аралап көрдім, қазақша таппадым. Кітап дүкеніне кіретін болсаңыз Ресейден келген оқу құралдары қаптап тұр. Қазақстанда мамандар неге мұнымен айналыспайды екен оны білмедім. Бізде жоқ дегенде таң қалдым. Қазақстанда мектептердің басым бөлігі қазақ тілінде білім береді. Қазақша-ағылшынша кітаптардың, Оксфорд сөздіктерінің жоқ екені ұят нәрсе. Сөздіктер аударылатын шығар, бірақ осыған дейін аударылып қоюы керек еді. "Покетбукты" жасаған кезде өте қиналдым, өйткені мардымды сөздік жоқ. 

Осы кітапшадан кейін сөз жаттайтын мобильді қосымша жасайын деп отырмын. Мобильді қосымша бұған қарағанда ауқымды стартап болмақ. 

Серіктестер жаңалықтары