Тікелей эфир

"Қазақстандық рэперлер бәрін Батыстан көшіреді" деген сөз жалған". Америкалық зерттеушімен сұхбат

Сурет зерттеушінің жеке мұрағатынан алынды
Сурет зерттеушінің жеке мұрағатынан алынды
Америкалық жас зерттеуші А'яна Соломон Орта Азия елдерінің хип-хоп мәдениетін зерттейді.

Ол – Энн-Арбор қаласындағы Мичиган университеті славян тілдері мен әдебиеті кафедрасының докторанты.

– А'яна, сіздің қазақстандық рэп орындаушы Айдын Нұрәлиннің шығармашылығына арналған ("Масло черного тмина" атты сахналық есіммен танымал) баяндамаңызбен кездейсоқ таныстым. Орта Азия, оның ішінде Қазақстан музыкасына ден қоюыңызға не себеп болды?

– Мен мектепте оқып жүрген кезде хобби ретінде орыс тілін үйрене бастадым. 2018 жылы колледжге түсіп, "орыс және испан тілдері" мамандығы бойынша білім алдым. Орта Азия мәдениетімен музыка арқылы таныстым. Екінші курста оқып жүргенде бізге "талдау жасау үшін бір ән таңдаңдар" деген тапсырма берілді. Сонда мен ресейлік рэп орындаушы "Хаскидің" "Панелька" деген әнін талдадым.

Сол кездерде бірге оқитын досым мені қазақстандық әнші Данеля Садықованың (Dequine лақап атымен танылды) шығармашылығымен таныстырды. Оның мағаны ұнағаны соншалық, дереу өзім тыңдайтын орыс тіліндегі музыка тізімін құрастыра бастадым. Бір күні менің тізімімде "Масло черного тмина" деген орындаушының әндері пайда болды. Соларды тыңдаған соң, мен орындаушы туралы ақпарат іздеп, оның ресейлік емес, Қазақстаннан екенін білдім. Ол кезде мен Қазақстан деген елмен аса таныс емес едім. 


Оқи отырыңыз: Карина Абдуллина: Басыма түскен қайғы менің балет жазуыма түрткі болды


– Ал, хип-хоп cаласына деген қызығушылығыңыз қашан басталды?

– Иә, менің туған қалам Балтиморда жергілікті рэп пен поп-рэп кең таралған. Менің анам дәстүрлі госпел музыкасы, христиан рок және христиан хип-хобын жиі тыңдайтын. Ал, әкем үйде, көлікте, отбасылық отырыстарда хип-хоп музыкасын ойнайтын. Мен соның бәрін көріп, тыңдап жүріп, өз талғамымды қалыптастырған сияқтымын. Мектепте оқып жүргенде сабаққа ертерек келіп алып, достарымызбен музыка тыңдап не ойнап уақыт өткізетінбіз. Мектептің асханасында отырып ән салу, рэп оқу біздің үйреншікті әдетіміз болатын.

– Сіздің жалпы осы тақырыпты зерттеп жүргеніңізге көп болды ма?

– Мен ешқашан хип-хоп саласының зерттеушісі болуға ұмтылған жоқпын. Ол осы уақытқа дейін мен үшін соншалықты жақын әрі үйреншікті дүние болып келді. Ал, тілге деген қызығушылығым мені аудармашы не мәдениетаралық кеңесші болам деген арманға жетеледі. Дегенмен, бакалавр оқу кезінде көзқарасым өзгерді. Орыс тіліндегі музыканы қанша тыңдасам да, қазақ орындаушылары бәрінен ерекшеленіп тұратын. Маған әлемде Қазақстан музыкасы туралы ешкім айтпай жүргендей көрінді. Осылайша, бакалаврдың соңғы жылында осы зерттеу жұмысын бастадым.

 – Бір ғылыми конференция кезінде сіздің "Масло черного тмина" атты атпен танымал рэп орындаушының әнінің мазмұнын талдап жатқаныңызды байқадым. Жалпы, осы баяндамаңыз туралы айтып беріңізші, онда не айтылды? 

– Әңгімені әріден бастайын. Мен колледжді бітірген соң, Балтимордан Энн-Арбор қаласына көшіп, докторантураға түстім. Бірінші семестр кезінде "отаршыл және кеңес шығармаларындағы Орта Азия бейнесіне" байланысты пәнге қатыстым. Бұл осы тақырыпта мен оқыған алғашқы сабақ болғанымен, онда "орыстар не ойлайды?" деген дүниеге көбірек көңіл бөлді.

Ал, маған Орта Азия тұрғындарының өз қоғамы, мәдениеті, тілі мен тарихы туралы не ойлайтыны қызық болды. Осылайша, мен курстың қорытынды жұмысын жазу үшін Қазақстандағы хип-хоп тақырыбына келдім. Мақаламды "Масло черного тмина" деген орындаушының шығармашылығына арнадым. Себебі, оның "Аяз" деген әні – менің сүйікті әнім. Сондай-ақ, әннің бейнебаяны (режиссері – Айсұлтан Сейітов) өте шебер түсірілген деп санаймын. Осы бейнебаянды көргенде қатты әсерлендім.

Менің ойымша, қазақстандық суретшілер өз тәжірибесін тәуелсіз (ресейлік не кеңестік нарративтен тыс), еркін түрде баяндай алады, олардың айтары көп.

Осыны тек мен ғана емес, менің құрдастарым, әріптестерім де білгенін қаладым.

Осы жылдың наурыз айында Гарвард университетінде өткен "Славян тілдерін әртараптандыру" конференциясында өз баяндамамды көрсеттім. Сондағы мақсатым, көпшілікке Айдын Нұрәлиннің шығармашылығы Қазақстандағы хип-хоп мәдениетінің бір ғана мысалы екенін жеткізу болды. Оған қоса, мен үшін Айдынның музыкасы америкалық хип-хоптың арзан көшірмесі емес, керісінше қазір өнердің осы түрі Қазақстанның әлеуметтік-мәдени және көркемдік қажеттіліктерін қанағаттандырып отырғанын айту маңызды болды. Алайда, осы баяндамамнан кейін де өз жұмысыма көңілім толды деп айта алмаймын. Қазақстанды көріп, қазақтармен бетпе-бет сөйлеспей, зерттеу жұмысымды әрі қарай жалғастырғым келмеді.

– Қазақстанда хип-хоп орындаушылар жетерлік. Неліктен таңдауыңыз дәл осы Айдын Нұрәлинге түсті?

– Мен зерттеуші ретінде бір нәрсені ұзақ уақыт бақылауға міндеттімін. Өзіме Айдынның шығармашылығын зерттеу, зерделеу оңай болды. Сондай-ақ, жұмыс барысында мен оның ағылшын, қазақ және орыс тілдерін шебер үйлестіре алатынына тәнті болдым.

– Cіз өз баяндамаңызда қазақтың айтыс өнеріне де тоқталып өткен екенсіз. Айтыс туралы пікіріңіз қандай?  

– Айтыс АҚШ-тағы рэп баттлға қатты ұқсайды. Қазақтың дәстүрлі перформанс өнеріне, яғни, айтысқа көңіл бөлгенім қазақстандық хип-хоптың шығу тегін тереңірек түсінуге септігін тигізді. Сонымен қатар, айтыс өнерін зерттеу менің "қазақстандық рэп орындаушылар бәрін Батыстан көшіріп жатыр" деген пікірді жоққа шығаруыма көмектесті. Қазір біреу келіп қазақ рэп орындаушылары туралы "бұлардың өзіндік стилі жоқ, бұлар тек көшіруді біледі" десе, мен оған "бұл пікіріңіз шындыққа жанаспайды" деп сенімді түрде айта аламын.


Оқи отырыңыз: Әнші Әсем Көпбаева: Рок бағытына қайта ораламын


– Өз жұмысыңызда сіз хип-хопты "жарақат және құрылымдық зорлық-зомбылық туралы ақпаратты жеткізу тәсіліне" теңеген Лиза Скитольски деген ғалымға сілтеме жасайсыз. Осы автордың еңбегіне сүйене отырып, біз хип-хоп саласы әлі де лайықты бағасын алмаған деп айта аламыз ба? Бұлай деп отырған себебім, кей адамдардың санасында ол әлі де жеңіл-желпі жанр ретінде қарастырылатындай.

– Хип-хоп әрдайым "травмаларды" жырлай беруге міндетті емес. Меніңше, онда әртістер өзінің сезімін, өмірде бастан кешкен тәжірибесін жеткізеді. Мен хип-хоп өнерін ешқашан төмен бағаламаймын және оған басқалардың да солай қарағанын қаламас едім. Бұл – өз оқиғаңды баяндаудың бір жолы.

Кейбір адамдар неге хип-хопты жеңіл жанр деп санайды? Себебі, олар оны түсініп, мән беріп тыңдамайды. Хип-хопты мағынасыз деп санайтындар оны ешқашан тыңдап көрмегендер деп ойлаймын. Мен хип-хоптың маңызын жақсы түсінемін, өйткені, жастайымнан осы өнердің маңайында өскен адаммын.

– Алға қойған жоспарларыңыз қандай? 

– Осы жылдың жазында орыс тілінен 8 апталық интенсивке қатысу үшін Қазақстанға бардым. Алматы мен Шымкент қалаларында қонақта болдым. Сол сапар маған ұнағаны соншалық, тіпті елге қайтқым келмеді. Қазақстанға барып келгеннен кейін мен тек қазақстандық хип-хоп емес, жалпы қазақ музыкасы, қазақ қоғамына деген қызығушылығым артқанын түсіндім. Өзім тек хип-хоп емес, рок, поп музыканы да көп тыңдаймын.

Алматыда болған кезімде маған біраз адам қырғыздың рэп орындаушысы "Ulukmanapo"-ны тыңдауға кеңес берген еді. Қазір енді зерттеуші ретінде осы орындаушының жұмыстарына ден қойдым. Алдағы уақытта Бішкекке барғым келеді. Өзіңіз де түсінесіз, мен зерттеуші ретінде тек Қазақстан музыкасын зерттеумен шектеле алмаймын. Маған жалпы Орта Азия елдерінің хип-хоп мәдениетін түрлі ракурстан қарастырған ұнайды.

Серіктестер жаңалықтары