Ер адамның әйел кейпіне еніп ойнауы немесе әйелдің ер адамның рөліне шығуы – әлемдік театр мен кинода ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан тәсіл. Бұл құбылыстың түп-тамыры өте терең. Мәселен:
- Антикалық Грекия сахналарында әйелдерге театрға шығуға тыйым салынғандықтан, барлық әйел рөлін ерлер ойнаған;
- Жапонияның Кабуки театрында да осы дәстүр әлі күнге дейін сақталып келеді;
- Батыс кинематографиясында да гендерлік рөлдерді алмастырып ойнау – комедиялық тәсілдің, әлеуметтік сатираның және мәдени сынның бір құралы ретінде қалыптасқан.
Әлемге танымал Mrs. Doubtfire, Some Like It Hot, White Chicks фильмдері немесе Шекспир театрларының классикалық қойылымдары – бәрі де гендерлік рөлдерді көркем тәсіл ретінде қолданған туындылар. Бұл бағыт көптеген елде заңмен шектелмейді, керісінше шығармашылық еркіндіктің бір бөлігі ретінде танылады. Шетелдік заңдар көбіне мұндай көркемдік элементке тыйым салмайды, тек оның мазмұны балаларға арналмаған жағдайда тиісті жас санаты бойынша реттеледі.
Қазақстанда да гендерлік рөлдердің ауысуын комедиялық әдіс ретінде пайдаланатын фильмдер аз емес: халық жақсы көретін "Келинка Сабина", "Зу-зу Күлпаш", жаңа "Жездуха" франшизасындағы образдар – көрермен арасында кең таралып, ұлттық комедияның бір бөлігіне айналды.
Алайда соңғы кезде қоғамда өнердің осындай формаларына қатысты пікірталас күшейіп, кейбір азаматтар мен ұйымдар бұл тәсіл ұлттық құндылықтарға қаншалықты сай келетіні туралы сұрақтар көтере бастады. Осыған байланысты мемлекеттік деңгейде "насихат", "әдеп", "қоғамдық құндылықтар" ұғымын қалай түсіндіру керектігі туралы да талқылау жүріп жатыр. Осындай пікірталастар аясында қоғам белсенділері мен киносыншылар өз ұстанымын ортаға салды.
"Театрлар мен продюсерлік орталықтарға мәдени жауапкершілік стандарттарын енгізу қажет"
"Қазақстан ата-аналар одағының" төрайымы Бағила Балтабаева қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдіріп, өнер мен ұлттық құндылықтардың бір-біріне қарсы қойылмауы керектігін айтты. Оның айтуынша, негізгі шешім – тыйым салуда емес, мәдени талғамды өсіруде жатыр. Ол қоғамның талғамы көтеріле бастағанда, сахнадағы бейнелердің де табиғи түрде өзгеретініне сенетінін жеткізді.
"Бұл мәселенің шешімі – тыйымда емес, мәдени талғамды көтеруде. Ұлттық құндылық пен өнер бір-біріне қарсы емес, оларды тек дұрыс арнаға бағыттау қажет. Қоғамның талғамы өссе, сахнадағы бейнелер де ешкімге күш салмай-ақ, біртіндеп жөнге келеді деп ойлаймын", – деді Бағила Балтабаева.
Одақ басшысы ер адамның әйел рөлін шектен тыс бейнелеуі немесе керісінше әйел адамның ер кейіпіне тұрпайы енуі көрермен талғамын төмендетуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнердің еркіндігі бар болғанымен, ұлттық құндылықтарды қорғайтын өз шеңбері де болуы тиіс. Ол бұл мәселені нәзік тақырып санайтынын, бірақ кез келген нәрсенің шегі бар екенін айтты.
"Ер адамның әйел рөлін ойнап, оның кейіпіне енуді өз басым құптамаймын. Өнер еркін, бірақ ұлттық құндылықтың да өз шегі бар. Шектен тыс тұрпайылық қоғам талғамын бұзады", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Полигамияны дәстүрмен ақтауға бола ма немесе "тоқалдан туған" баланың құқығы қандай?
Балтабаева театрлар мен продюсерлік орталықтарға мәдени жауапкершілік стандарттарын енгізу қажет деп есептейді. Оның сөзінше, бұл шектеу емес, бағыт көрсету. Ол арзан күлкіге емес, сапалы сатираға басымдық беру керектігін айтып, көрермен талабы өссе, өнердің өзі де өзгереді деген пікірде.
"Сондықтан мәдени жауапкершілік стандарттарын енгізу керек деп ойлаймын. Бұл тыйым емес – дұрыс бағыт. Арзан күлкі көрермен талап ететін жерде ғана жасалады. Егер қоғам сапалы өнерді талап етсе, сахна да өзгереді", – деді Бағила Балтабаева.
Айта кетсек, сарапшы телеарналар мен театрларда ұлттық құндылықты нығайтатын жаңа форматтағы комедияларды қолдау маңызды екенін ерекше атап өтті. Ол жас буынның талғамын қалыптастыру үшін мектептер мен колледждерде театр мәдениетіне арналған сабақтар мен шеберлік сағаттарын өткізу қажет деп санайды. Бағила Балтабаеваның пікірінше, бұл келешек буынды арзан күлкіден алыс ұстап, сапалы өнерді ажырата алатын деңгейге жеткізеді.
Ал ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы, ұстаз Елбек Тасболатұлы дін іліміндегі біржынысты қатынас жайлы тұжырымдарды таратып түсіндіріп, қоғамның өркендеуі мен рухани тұрақтылығы ең әуелі берік отбасы институтына байланысты екенін атап өтті.
"Біздің басты міндетіміз – халқымызды имандылыққа, рухани тазалыққа шақыру, ата-бабамыздан мирас болып жеткен ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды ұлықтау. Ұлттың рухани бірлігі мен отбасылық институты – қоғам тірегінің ең маңызды бөлшектері. Соңғы уақытта қоғамда әртүрлі атаумен көрініп, өзін адам құқықтарын қорғаушылар ретінде көрсететін кейбір топтардың дәстүрлі құндылықтарымызға қайшы дүниелерді насихаттауға ұмтылып жүргені жайлы хабарлар түсуде. Әсіресе әлеуметтік желілерде қоғамның құндылықтық таңдауларын қайта бағалау қажеттігін айтып, қалыптасқан ұстанымдарға әсер етуге тырысатын пікірлер жиілеп кетті", – деді ұстаз Елбек Тасболатұлы.
ҚМДБ ресми өкілі ары қарай отбасының табиғи болмысы ер мен әйелдің одағынан басталатынын, бұл – жаратылыстың өзгермес заңы әрі адамзат өркендеуінің негізі екенін еске салды. Сондай-ақ "Ағраф" сүресінің 80-81-аяттарына тоқталды.
"Шариғат бойынша ер мен әйелдің арасындағы шынайы отбасы – жаратылыстың негізі. Қасиетті мәтіндерде осы жаратылыстан алшақтайтын әрекеттердің құпталмайтыны анық айтылған. Құранда Лұт пайғамбар қауымының мысалы келтіріліп, мұндай жолға түспеудің қажеттігі ескертіледі. Бұл аяттарда табиғи емес бағытқа бет бұрудың дұрыс еместігі нақты ескертіледі", – деп түсіндірді ол.
Оқи отырыңыз: Ажырасу – тренд пе, шешім бе? Дариға Бадықова мен Тұрсынбек Қабатов кейсі нені көрсетті
Дін өкілінің айтуынша, адамның өз болмысын өзгертуге талпынысы да шариғатта мақұлданбайды. Сөз соңында өкіл қоғамды сабырға, парасаттылыққа, өзара құрметке шақырды.
"Кімде-кім табиғи жаратылысын өзгертуге ниет етсе, ол өзіне де, қоғамға да зиян келтіреді. Мұндай жағдайда ең дұрыс жол – рухани қолдау іздеу, кеңес алу, тәубе мен түзелуге ұмтылу" – деді ол.
"Комедия жанрында осы арқылы контраст пен абсурд беріледі"
Кино саласын ұзақ жылдар зерттеп жүрген киносыншы Жанкелді Өмірәлиев қазіргі комедияда жиі кездесетін гендерлік рөлдер ауысуы туралы пікір білдіріп, бұл тәсілдің әлемдік кинода да, қазақ комедиясында да бұрыннан бар драматургиялық әдіс екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай трюк контраст пен абсурдты ашуға мүмкіндік береді, әрі стереотиптерді күлкіге айналдырудың тиімді тәсілі саналады.
"Киноға келетін болсақ, әйел адамның рөлін ер адам немесе ер адамның рөлін әйел адам сомдау – баяғыдан келе жатқан үрдіс. Көбінесе комедия жанрында қолданылады. Комедия гендерлік рөлдердің ауысқанын, кейіпкердің өзіне тән емес әлеуметтік жағдайда ашылғанын жақсы көреді. Мұндай тәсіл арқылы авторлар әйелдер мен ерлерге қатысты стереотиптерді, қос стандарттарды, әлеуметтік айырмашылықтарды күлкіге айналдырады", – деді Жанкелді Өмірәлиев.
Кино маманы бұл тәсілдің қазақ комедиясында да кең таралғанын айтады. Оның пікірінше, "Зу-Зу Күлпаш", "Келинка Сабина" немесе "Жездуха" франшизасындағы Айжамал секілді образдардың халыққа ерекше жаққандығы – дәл осы трюктің драматургиялық тиімділігіне байланысты.
Өмірәлиев бұл кейіпкерлер арқылы авторлар танымал келін образын батыл түрде комедияға айналдырып, жарқын тұлғалар жасағанын атап өтті.
"Біздің комедияда да бұл құбылыс өте жиі. Күлпаш, Сабина, Айжамал секілді кейіпкерлерді көрермен қатты жақсы көреді. Олар арқылы авторлар келін образын ашық көрсетіп, күлкілі формаға енгізіп, есте қаларлық персонаждар жасап шықты", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ерлер мен әйелдердің жалақысы неге тең емес? Инфографика
Киносыншы қазіргі әлеуметтік шектеулер мен қоғамның жедел өзгерісі бұл әдісті ескілеу етіп көрсететінін де жоққа шығармайды. Ал дорамалардағы біржынысты кейіпкерлер бойынша нақты пікір айта алмайтынын, себебі ол контентті жүйелі түрде көрмейтінін айтты. Сонымен қатар, ЛГБТ тақырыбын реттеуге бағытталған заң жобаларына қатысты да өз көзқарасын білдірді.
"ЛГБТ насихатына тыйым салу мәселесіне келсек, жалпы кез келген цензураға қарсымын. Иә, кейде фильм авторлары шектен шығып, қажетсіз жерге өз "повесткаларын" тықпалайды. Мысалы, балалар контентінде ондай кейіпкерлердің түкке қажеті жоқ. Бірақ оның сыртында, шығармашылықта артық цензура болмауы керек", – деді Жанкелді Өмірәлиев.
Оқи отырыңыз: Этностиль – трендте! Қазақтың ұлттық киімдерін қалай сәнге айналдыруға болады?
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қоғамда талқыланып жатқан мәселе жөнінде өз позициясын білдіріп, ұлттық болмысты сақтау әрқашан мемлекет назарындағы маңызды ұстанымдардың бірі екенін айтты. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістерді бағалау кезінде елдің тарихи тәжірибесі мен құндылықтық бағдарын да ескеру қажет.
"Қазақстан әрқашан өзінің дәстүрі мен салт-санасын сақтау жолында болған, сондықтан бұл бағыт біз үшін маңызды болып қала береді", – деді ол.
Ерлан Саиров ұлттық рухани тіректі сақтау мемлекеттің тұрақтылығына тікелей әсер ететінін айтып, отбасы мен ұрпақ тәрбиесі – бұл жүйенің негізгі іргесі екенін атап өтті. Оның сөзінше, қоғам үшін ең өзекті міндет – ұлттық болмысты жоғалтпай, жаңа ықпалдарға байыппен қарау.
"Ең бастысы – ұлтымыздың рухани келбетін сақтап қалу. Оның іргесі отбасынан, ұрпақ тәрбиесінен басталады", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: Үйсіздік, чайлдфри, өзі үшін өмір сүру. Қазіргі жастардың кеш үйленуіне не себеп
Ол сондай-ақ кез келген өзгерісті қабылдауда эмоцияға емес, ақылға жүгіну керектігін жеткізіп, қоғамдық пікір екіге жарыла бастаған жағдайда әсіресе сабырлы талдау қажет екенін атап өтті.
"Сол себепті әр мәселені ақылмен саралап, байыппен қараған жөн", – деп түйіндеді ол сөзін.
"Бір нәрсені насихаттауға тыйым салу үшін ол алдымен құқық бұзушылық ретінде бекітілуі керек"
Адвокат, құқық ғылымдарының PhD докторы, адам құқықтары жөніндегі халықаралық кеңесші Халида Әжіғұлова заң жобасына қатысты өз ұстанымын білдіріп, бұл бастаманың Конституцияға сай келмейтінін айтты. Оның айтуынша, "ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы" ұсыныс тұтас бір әлеуметтік топты кемсітеді және құқықтық мемлекетке жат өшпенділік пен төзімсіздікті қалыптастыруы мүмкін. Сарапшы "ЛГБТ насихаты" деген терминнің өздері үшін де анық еместігін айтып, қандай да бір насихатты шектеу үшін ол әрекет заңсыз болуы тиіс екенін түсіндірді.
"Өкінішке қарай, Мәжіліс депутаттары жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестік ұғымдарының мәнін терең түсінбейді және Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерінен бейхабар екенін көрсетті. Қандай да бір нәрсенің насихатына тыйым салу үшін, ол алдымен құқық бұзушылық ретінде бекітілуі керек. Ал Қазақстанда біржынысты қарым-қатынас қылмыстық жаза қарастырылған әрекет емес. Демек, құқықтық негізсіз нәрсенің "насихатын" тыйым салу мүмкін емес", – деді қорғаушы.
Әжіғұлова, сондай-ақ, "балаларды қорғау" деген уәждің қисынсыз екенін айтып, сексуалдық бағдар мен гендерлік сәйкестік адамның туа біткен ерекшелігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қауіптісі – ақпарат емес, балалардың бағдар ерекшелігі үшін буллингке ұшырауы.
"Әлемде бірде-бір адам теледидардан біржынысты махаббатты көріп, кенеттен ЛГБТ болып кеткен жағдай болмаған. Бұл – ғылыми тұрғыдан да, тәжірибеде де дәлелденбеген. Дәл осы буллинг балаларды тығырыққа тіреп, суицидке әкелуі мүмкін. Сондықтан мемлекет кемсітушілікке қарсы құқықтық білімді күшейтуі тиіс. Қазақстан бір жағынан БҰҰ құрылымдарында жоғары деңгейде өкілдік алып отырмыз деп мақтанады, ал екінші жағынан тұтас бір топты кемсітетін заң қабылдамақ. Бұл – адам құқықтары саласындағы қос стандарттың көрінісі. Ғылым гомосексуалдықтың туа біткен қасиет екенін әлдеқашан дәлелдеді. Табиғи ерекшеліктерді "насихатқа" теңеп, оған тыйым салу – "қараңғылық". Егер бұл заң қабылданса, Қазақстан адам құқықтары саласында айтарлықтай кері кетеді", – деп түйіндеді ол сөзін.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59
"Бұл мәселенің шешімі – тыйымда емес, мәдени талғамды көтеруде. Ұлттық құндылық пен өнер бір-біріне қарсы емес, оларды тек дұрыс арнаға бағыттау қажет. Қоғамның талғамы өссе, сахнадағы бейнелер де ешкімге күш салмай-ақ, біртіндеп жөнге келеді деп ойлаймын", – деді Бағила Балтабаева.
"Біздің басты міндетіміз – халқымызды имандылыққа, рухани тазалыққа шақыру, ата-бабамыздан мирас болып жеткен ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды ұлықтау. Ұлттың рухани бірлігі мен отбасылық институты – қоғам тірегінің ең маңызды бөлшектері. Соңғы уақытта қоғамда әртүрлі атаумен көрініп, өзін адам құқықтарын қорғаушылар ретінде көрсететін кейбір топтардың дәстүрлі құндылықтарымызға қайшы дүниелерді насихаттауға ұмтылып жүргені жайлы хабарлар түсуде. Әсіресе әлеуметтік желілерде қоғамның құндылықтық таңдауларын қайта бағалау қажеттігін айтып, қалыптасқан ұстанымдарға әсер етуге тырысатын пікірлер жиілеп кетті", – деді ұстаз Елбек Тасболатұлы.
"Киноға келетін болсақ, әйел адамның рөлін ер адам немесе ер адамның рөлін әйел адам сомдау – баяғыдан келе жатқан үрдіс. Көбінесе комедия жанрында қолданылады. Комедия гендерлік рөлдердің ауысқанын, кейіпкердің өзіне тән емес әлеуметтік жағдайда ашылғанын жақсы көреді. Мұндай тәсіл арқылы авторлар әйелдер мен ерлерге қатысты стереотиптерді, қос стандарттарды, әлеуметтік айырмашылықтарды күлкіге айналдырады", – деді Жанкелді Өмірәлиев.
"Қазақстан әрқашан өзінің дәстүрі мен салт-санасын сақтау жолында болған, сондықтан бұл бағыт біз үшін маңызды болып қала береді", – деді ол.
"Өкінішке қарай, Мәжіліс депутаттары жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестік ұғымдарының мәнін терең түсінбейді және Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерінен бейхабар екенін көрсетті. Қандай да бір нәрсенің насихатына тыйым салу үшін, ол алдымен құқық бұзушылық ретінде бекітілуі керек. Ал Қазақстанда біржынысты қарым-қатынас қылмыстық жаза қарастырылған әрекет емес. Демек, құқықтық негізсіз нәрсенің "насихатын" тыйым салу мүмкін емес", – деді қорғаушы.