Тікелей эфир

Қазақстанда жемқорлық жайлы алғашқы экшн драма қалай түсіріліп жатыр?

Киноның басты рөлін сомдайтын актер Ержан Түсіпов
Киноның басты рөлін сомдайтын актер Ержан Түсіпов
Туынды идеясының авторларының бірі – марқұм Фархат Әбдірайымов.

Жас режиссер Дархан Төлегеновтің екі қысқаметрлі картинасы шетелдік кинофестивальдерде жеңімпаз атанса, "Бағыт" фильмі халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner арнайы бағдарламасына енді. Мұнымен қатар, оның алғаш түсірген толықметрлі "Ағайындылар" туындысы Oldenburg International Film фестивалінде Spirit of Cinema – әділқазы алқасының арнайы жүлдесін иеленді. 

Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен режиссер "Қонақтар" атты кезекті туындысына кірісті. Бұл – билік органдарындағы сыбайлас жемқорлық туралы баяндайтын экшн қосылған драма. Жергілікті полицейдің қызы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің құрбаны болғаннан кейін, полицей өзінің теріс жолға түскенін түсінеді және кінәлілерді жазалау арқылы бәрін түзеткісі келеді. Бұл әке мен қыз арасындағы отбасылық драма ғана емес, жемқорлыққа батқан жүйемен күресті баяндайтын оқиға.

"Жемқорлық Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді жалмаған проблема.  Осы мәселенің шешімін табуға шығармашылық арқылы аз да болсын үлесімді қосқым келеді. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Әрине, бұл тақырыптағы фильм үшін психология не драматургия таптырмас жанр болатын еді. Алайда, мен экшн араластыруды жөн көрдім. Фильмнің шамамен 50 пайызы – экшн сахналар", – деді Дархан Төлегенов.  

Фильмнің түсірілім алаңы. Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Фильмнің сценариін Дархан Төлегенов, Максим мен Тимур Ақбаров үшеуі бірлесіп жазған. Сондай-ақ, жемқорлықпен күрес агенттігі қызметкерлері мен бұрынғы полицейлер кеңесші болған. 


Оқи отырыңыз: Дулыға Ақмолда: Режиссер болып туу керек, ал қазір әнші де, күйші де кино түсіріп жатыр


Туындының идея авторларының бірі – марқұм Фархат Әбдірайымов. Негізгі түсірілім жұмыстары Қарағанды облысының Балқаш қаласында өтті. Фильмнің кастингі екі айға созылған. Режиссердің таңдауымен басты рөл Ержан Түсіпов пен дебютант Ділназ Құрманғалиеваға бұйырды.

"Фильм түсірілмес бұрын режиссердің тапсырмасымен екі айдай уақыт каскадерлермен аптасына бес күн дайындалдым. Жаттықтырушымның есімі Қайыржан, өмірге қауіп төндіретін сахналарда мені Жасұлан және Димаш есімді дублерлер алмастырады. Көбісі бұл туындыны "Авария – дочь мента" фильміне ұқсайды деп жобалап жүр екен. Алайда, олардың ұқсайтын тұстары аз", – деді Ержан Түсіпов. 

Режиссер Дархан Төлегенов, актерлер Ділнәз Құрманғалиева және Ержан Түсіпов
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ГОСТИ. Криминальная драма (@gosti.film)

Полиция қызметкерінің қызын сомдайтын Ділнәз Құрманғалиева экшн жанрындағы фильмге түсуді бұрыннан армандағанын айтады. 


Оқи отырыңыз: Суретші Есенгелді Тұяқов: Сценографтың жұмысы театр сахнасында қалып қоймауы қажет


"Менің келбетім көбінесе нәзік қыздардың рөлін сомдауға келеді. Бірақ, мен үнемі осындай қантөгіске толы фильмге түсуді армандаған едім. Міне, енді арманым орындалып жатыр. Кейіпкерім Әсел жемқорлық жүйесімен күреспесек, жастардың өмірі қалай нашарлайтынын көрсетеді", – деді актриса. 

Фильмнің түсірілім алаңы. Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Түсірілім жұмыстары 21 қыркүйекте басталған фильм 2023 жылы қалың көпшілікке жол тартады деп жоспарланып отыр. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары