
Алматыда қазақтың дәстүрлі аударыспақ ойыны бойынша жаттықтырушыларға арналған екі күндік семинар өтіп, оған сала мамандары, спортшылар және федерация өкілдері қатысты. Шара барысында 2024 жылғы жүмыс қорытындыланып, үздік жаттықтырушыларды марапатталды. Сондай-ақ, семинар қатысушылары өзекті ережелерді талқылап, оларды жетілдіру жолдарын қарастырды.
Аударыспақ федерациясы ұйымдастырған семинардың спорттың дамуы үшін маңызы зор. Мұндай кездесулерде стратегиялық шешімдер қабылданып, ережелер түзетіледі және жарыстардың жаңа стандарттары қалыптасады. Семинар теория және практикадан тұрды. Қатысушылар ойынның даму стратегиясын, оны халықаралық деңгейде танымал ету механизмдерін және ірі спорттық шараларға интеграциялау перспективаларын талқылады. Аударыспақтың дамуына елеулі үлес қосқан үздік жаттықтырушылар марапатталды.

"Әр өңірден келген жаттықтырушылар мен төрешілерге екі күн семинар өтіп, бүгін "Даукей" клубында ережелерді практика түрінде талқылап жатырмыз. 2001 жылдан бері аударыспақтан ел чемпионаты өтіп келеді. Екі жыл бұрын ат үстіндегі күрес халықаралық федерациясы құрылып, Қырғызстанда ат үстіндегі күрестен тұңғыш әлем чемпионаты өтті. Аударыспақ әр елде әртүрлі аталады. Бір мәмілеге келіп, "Ат үстіндегі күрес" деген ортақ атау бердік. Федерация президенті Марат Жұманның қолдауымен аударыспақ дамып жатыр. Сәуір айында ересектер арасында алты салмақ дәрежесінде ат үстіндегі күрестен Азия чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Аударыспақ ережесіне жылда толықтырулар енгізіп отырамыз, өйткені спортшылардың жарақаты аз болуы керек", – деді аударыспақтан ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев.

Жаттықтырушылар мен төрешілер "Даукей" көкпар клубына келіп, күннің суығы мен жауған қарға қарамай, алған теориялық білімін іс жүзінде сынауға кірісіп кетті. Беліне бірі көк, бірі қызыл белбеу таққан екі жігіт атқа мініп, әдіс-тәсілдерді көрсетті. Жиналған жұрт ережеге қатысты өз ойын айтып, нені қосып, нені алып тастау керек деп қызу сөз таластырды.
Аударыспақ федерациясы 2023 жылы құрылып, қысқа мерзімде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оның басшысы – кәсіпкер және ірі Atasu Group логистикалық холдингінің негізін қалаушы Марат Жұман. Ол ұлттық спортты ел ішінде де, сыртта да белсенді түрде насихаттап келеді. 2024 жылы аударыспақ әлемдік танымалдыққа ие болып, Көшпенділердің Дүниежүзілік ойындарының ресми бағдарламасына енді. Ұлттық құрама спортшылары Алты салмақтың бесеуінде алтын алып, командалық есепте көш бастады.
"Семинарға барлық өңірден аударыспақ спортының мамандары – жаттықтырушылар мен төрешілер шақырылды. Бір жыл бойы өткен жарыстардың қорытындысы және аударыспақ ережесі талқыланады. Қандай әдіс-тәсілдерді алып тастауға не қосуға болатынын ақылдастық. Бұл практика барлық спортта бар. Кеше теория өтсе, бүгін ат үстінде спортшылармен бірге практика өткізіп жатырмыз. Семинар қорытындысы бойынша халықаралық ат үстіндегі күрес федерациясы бекіткен ережеге балама ереже жасалады және биыл елімізде өтетін ресми жарыстардың барлығы осы ережелермен өтеді. Ереженің басты мақсаты – аттар мен спортшылардың қауіпсіздігі, екіншісі – айла-тәсілдерді орындауда спортшының барлық мүмкіндігін шығару және бағалау. Ресми жарыстарда ұлттық құраманы жасақтап, спортшылар халықаралық жарыстарда осы ережелерге сай өнер көрсетеді", – деді Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбуриев.

Ат үстіндегі күрес халықаралық федерациясы өткізген семинарда ортақ ереже талқыланып, федерацияға кіретін 12 елдің барлығы ережені мақұлдаған. Халықаралық жарыстарда Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстаннан келген шетелдік төрешілер де төрелік етеді.
"Көп спортшылар белдесу кезінде көп жатып қалып жатыр. Атты пайдаланып жатып қалып, әдіс-айла жасамайтын спортшылар бар. Ондайда қарсыласы қанша айлы жасағанмен бір деңгейде күреспейді. Әр әдіс-айланы жасаған кезде спортшының қауіпсіздігі ескеріледі. Қолы қайырылып кетпеуі керек, басқа да жарақат алмауы керек. Әр облыс өз аттарымен келген кезде аттардың тістеу, тебуі дегенді жібермеуіміз керек. Сондықтан төрешілердің де біліктілігін арттырып жатырмыз. Оның бәріне төрешілер баға береді. Бекіткен ережемен жыл бойы ресми жарыстар өткізіп, жыл соңында әр жарысты талқылаймыз. Барлығы дұрыс болса ештеңе өзгермейді, ал қосымша қосайық деген ұсыныстар болса, ережені қайта қараймыз", – деді ол.
Қазақстанның аударыспақ ұлттық құрамасы – әлемдік аренада жетекші командалардың бірі. 2024 жылы маусымда Қазан қаласында өткен ат үстіндегі күрестен екінші әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алып, 4 алтын және 1 күміс медаль иеленді. Негізгі спортшыларды даярлау орталықтары Ақтөбе және Түркістан облыстарында орналасқан. Нұркен Байбуриев аударыспақтан ресми жарыстарға қатысатын спортшылар саны екі-үш есе артқанын айтып отыр.
"Облыстардың бәрінде спорт мамандарымыз жастарды, жасөспірімдерімізді көптеп тартып жатыр. Ұлттық құндылығымыз әрі қазақтың қанында бар спорт болғаннан кейін жастар көптеп келуде. Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл секілді облыстар командалық жүйеде алда келе жатыр. Барлық өңірде үйірмелер, жаттықтырушылар жұмыс істейді. Басты мақсатымыз – аударыспақты бұқаралық спорт түріне айналдыру", – деді мемлекеттік жаттықтырушы.
Аударыспақ – екі салт аттының ат үстіндегі күресі. Жарыстар арнайы дайындалған 15 метрлік алаңда өтеді. Бұл күрес түрі Орталық Азия елдерінде кең таралған. Халықаралық атауы – Horseback Wrestling яғни ат үстіндегі күрес. 2023 жылғы шілде айында Алматыда әлемдік ат үстіндегі күрес федерациясының бірінші конгресі өтіп, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Венгрия, Ауғанстан және Түркия делегациялары қатысты.
Жарыс ережелеріне сәйкес, қатысушылар үш жас және салмақ дәрежесіне бөлінеді: жасөспірімдер (15-17 жас), жастар (18-20 жас) және ересектер (21 жас және одан үлкен). Бұл дәрежелер спортшыларға тең жағдай жасап, жарыстарды әділ әрі қызықты етеді.
Алматыдағы семинар ұйымдастырушылары ережелерді жаңғырту және жаттықтырушылар құрамын нығайту арқылы аударыспақты жаңа деңгейге көтеріп, бүкіл әлемде одан да көп жанкүйерлерді тартуға болатынын атап өтті.