Тікелей эфир

Қазақстан БАҚ бостандығы рейтингінде 180 елдің арасында 134-орында тұр

Соңғы жылдың ішінде еліміз рейтингте 12 пунктіге дейін төмендеген.

БАҚ бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 134-орында тұр. Республика Уганда мен Шри-Ланка арасында. Соңғы жылдың ішінде еліміз рейтингте 12 пунктіге дейін төмендеген. "Шекарасыз репортерлар" халықаралық ұйымы қазақстандық БАҚ-тың жұмыс істеу шарттарын ауыр деп бағалайды.

Қоқан-лоққы, шабуыл және сотқа шақырту

Қазақстандық журналистер тұрақты түрде проблемаға тап болады. Ресми деректер бойынша, 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда журналистер құқығын бұзған 91 оқиға, ақпарат алу мен таратудағы құқық бұзушылық бойынша 166  факт, журналистер мен блогерлерге қатысты сот және сотқа дейінгі 45 оқиға тіркелген. 

Соның бірі 2023 жылдың 18 тамызында ҚазТАГ журналисі Диана Сапарқызының басынан өтті. "Казахстанская" шахтасында болған өртке қатысты ақпарат жинау барысында журналист алпауыт "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының күзетшісімен сөзге келіп қалған. БАҚ өкілінен телефонды тартып алып, түсірген видеосын өшірген, денсаулығына жеңіл дәрежеде жарақат келтірген. Екі айдан кейін, 27 қазанда Шахтинск соты журналиске шабуыл жасау дерегімен қаралған әкімшілік істі тоқтатты. 

Келесі күні, 28 қазанда "АрселорМитал Теміртауға" тиесілі шахтада қайғылы жағдай болып, 46 кенші қаза тапты. 

Кейбір ақпарат шындыққа сай емес 

БАҚ – салмақты сала. Басылған немесе айтылған мәтін халық арасына тарап, заңға дейін жүгінуге алып барады. Журналист жазған мақала немесе блог ұлтаралық араздықты, дін аралық түсінспеушілікті тудыруы мүмкін. 

"Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты қоздырғаны" үшін жауап алынатын 174-бап бар. 

174-бап бойынша ұлттық және діни араздықты тудырғаны үшін іс қозғалады. Бұл бапқа ілінетіндер тек журналистер ғана емес. 

2018 жылы VK желісіне 5 діни материал жариялаған Петропавл тұрғыны Тимур Давлетов сот орындығынан бір-ақ шықты. Сот бес айға созылып, ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылудың алдында тұрды. "Әділ сөз" қорының мамандары мен сот сарапшылары жарияланған мәтіндердің жастар мен білімсіз адамдардың қауіпті террористік топтарға қосылудан сақтандыру мақсатында жазылғанын анықтап, Тимур ақталды. 

2019 жылы қазақстандық сарапшылар сарапшы зерттеу әдістемесін құрастырып, соның себебінен 2020 жылы 57 іс қана қозғалды. 2017 жылы қозғалған іс саны 219-ға жеткен еді. 

2023 жылы журналистерге қарсы 174-бап бойынша қозғалған бірде-бір іс тіркелген жоқ. 

БАҚ бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 134-орында тұр.

Сөз бостандығы және ақпаратқа қолжетімділік 

ЮНЕСКО мәліметінше, жер жүзінің 85% тұрғыны соңғы бес жыл аясында сөз бостандығы мәселесімен бетпе-бет келген. Әлем бойынша қоғамдық ұйымдар журналистер құқығын қорғау заңнамасын күшейтуді сұрап, дабыл қағуда. 

Өткен жылы Брюссель "БАҚ бостандығы туралы акт" құрастырды. Оның мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландырудың анық көрсетілуін қамтамасыз ету, редакцияны саяси қысымнан құтқару, Pegasus сияқты бағдарламалар арқылы репортерларды аңдуды доғару. 

Қазақстанда "Масс-медиа туралы" заң жобасы талқыланып жатыр. Әу бастан заң жобасы халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс еді. Алайда заңнаманың алғашқы нұсқасы қызу талқыға түсті. 

Сонымен, бастапқы нұсқада журналистердің ерекше жағдайдағы жұмысы туралы тармақ болды. Шын мәнінде, бұл цензураны енгізуді және кәсіптің негіздерін бұзуды білдіреді. Талқылаулардан кейін медиа қауымдастық жобадан Конституцияға қарсы норманы алып тастай алды.

Журналистер үшін баспасөз карталарын енгізудің орындылығы туралы әлі де келіссөздер жүргізілуде. Карталар олардың иелеріне аккредитациялауды жеңілдетуге арналған. Алайда, құрамы күмән тудыратын арнайы комиссия журналистерді қысым құралы ретінде қарастыруға болатын бұл рұқсаттардан айыруға құқылы. Баспасөз карталары туралы норма Әзірбайжан мен Түркия заңнамасынан алынды, онда картаның болуы журналистерге кем дегенде мемлекеттен қандай да бір жеңілдік алуына кепілдік береді. Қазақстанда мұндай ештеңе жоқ. 

Жақсы тұстары да жоқ емес. Сұрақтарға жауап берілу уақыты заңнамада 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Талап ету мерзімі де еуропалық елдердегідей 3, тіпті бір жылға дейін қысқаруы мүмкін. 

Бұл дегеніміз – журналистер жарияланған ақпараттың шын екенін дәлелдейдін мұрағатты тек 1-3 жыл аралығында сақтауға болады деген сөз. Бүгінгі таңда журналистің үстінен 30 жыл өтсе де арыз түсіре алады, сондықтан редакция том-том құжатты өзінде сақтауға мәжбүр. 

“Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова журналист статусын қоғамдық маңызы бар кәсіп ретінде тіркеуді сұрайды. 

"Біз Қылмыстық Кодекстің жұмыс істемей тұрған 158-бабына қайта ораламыз. 15 жылдың ішінде сотқа дейін тек екі іс жеткен. Шабуыл жасау, қоқан-лоққы көрсету секілді істер негізінен БАҚ-та жариялануы тиіс. ІІМ жәбірленуші тараптың ресми өтінішін күтпеуі керек", - дейді ол. 

Заңнама парламент қарауына 2023 жылдың қарашасында жіберіледі. Алайда Қазақстан журналистерінің жұмысында өзгеріс бола ма, жоқ па – ол мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. 

Полиниа Чичихина

Қазақшаға аударған Мейіргүл Оңғарова

Серіктестер жаңалықтары