Тікелей эфир

Қазақ шежіресіне неге әйелдер кірмейді және Исламды жаңа заманға сай жаңғырту мүмкін бе?

Фото: TEDxAstana
Фото: TEDxAstana
Астанада алтыншы рет өткен TEDxAstana жобасында осы және өзге де тақырыптар қозғалды.

Астанада өткен TEDxAstana конференциясында спикерлер қазақ тілінің қолданысы, отарсыздану, исламды модернизациялау, білім берудегі теңсіздік, донор болудың маңыздылығы секілді мәселерді қозғады. Шараның "Бейуақыт" аталуы да бекер емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2022 жылғы оқиғалардан кейін өз-өзімізге, жалпы әлемге деген түсінігіміздің шайқалған жайы бар. Демек, ауыр әңгімені қозғап, күрделі шешім қабылдайтын уақыт келді. Бұл бір «бейуақыт» кезіндегі көңіл-күймен барабар сәт.

Бейуақыт – ақпен алысқан қараның күшіне енетін өтпелі апақ-сапақ кезі. Бұл уақытта ұйықтасаң, бойды "қара күштер" билейтініне сенген ата-бабамыз, шаруасын қараңғыға қалдырмай қамдаған. Ұйымдастырушылар қазіргі бастан кешіп жатқан тарихи сәтті тәтті ұйқыдағыдай өткізуге болмайтынына және "бейуақыт" метафорасы бүгінімізді суреттейтініне сенімді.

"Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы қажет"

Конференцияны тіл белсендісі Мақсат Арзаман бастап, биылғы жылдың өзекті мәселелерінің біріне айналған қазақ тілінің қолданысы туралы сөз қозғады.

Мақсат қазақстандықтарға қазақ тілін үйретіп, жан-жақты танытатын QazaqGrammar, JanaSozdik, QialDub, QazaqshaJaz жобаларында жұмыс істейді. Бала кезден тілдік кедергілерге жиі ұшыраған Мақсат мұндай күрес көптеген қазақ баласының басынан өткеніне сенімді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін ол достарымен Qazaqsha Jaz қозғалысын бастаған.

Мақсат Арзаман / Фото TEDxAstana

"Қозғалыстың мақсаты – әлеуметтік желідегі кәсіпкерлік парақшалардан өз тұтынушы құқымызға сай қазақша ақпарат беруін талап ету. Ерекшелігіміз – сыпайы және мәдениетті түрде, заң баптарына сәйкес талап қойып, екі тілде де ақпарат берілуі қажет екенін ескерту. Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы қажет", – дейді Мақсат.

Осылайша QazaqshaJaz қозғалысы 1000-нан астам кәсіпкерден қазақ тілінде ақпарат беруді талап еткен. Нәтижесінде жүзден аса компания парақшасын қазақша жүргізе бастап, мәзірін қазақшалаған. Сонымен қатар Мақсат командасымен бірге қазақ тілін енді үйреніп жүргендерді қолдау үшін Tildes сөйлесу клубын ашқан.


Оқи отырыңыз: "Қазақша үйренгісі келетіндер көп". Орыс жігіт қалай қазақ тілі клубын құрды?


"Қазақ шежіресіне неге әйелдер кірмейді?"

Әйелдерге арналған онлайн шығармашылық жазу курсының авторы Эльмира Какабаева болмыс ізденісі мен жазу ісін отарсыздандыру арасындағы байланыс туралы айтты.

Эльмира баршаны  білуге шақырады. Эльмираны әулетінің тарихы жеке басын іздеу мен жазуды отарсыздандыру арасындағы байланысты зерттеуге итермеледі. Ол қазақ шежіресіне неге әйелдер кірмейді деп таң қалып, барлығын Қазақстан тарихының қиын кезеңдерін бастан өткерген, бір дәуірге тиесілі өзіндік тарихы бар аналар мен әжелер туралы кеңінен білуге шақырды.

Эльмира Какабаева / Фото TEDxAstana

"Тек тарихында апаларым, аналарым, әжелерім мен әпкелерім секілді менің де ешқандай рөлім жоқ екенін алғаш көрдім. Өзіміз іздеген сұраққа жауап табу үшін дәл бүгін не істей аламыз? Біз пікірлес адамдармен кездесіп, отбасымыздың тарихын қалай жинауға болатыны туралы сөйлесе аламыз. Оқиғаларды, сәттерді, диалогтарды, кеңістіктерді суреттеуге машықтандыру арқылы бұл оқиғаларды қайта жаза аламыз", – дейді Эльмира.

"Шыңғыс хан қазақ па?"

Орта ғасыр тарихшысы Жақсылық Сәбитов жұмысында "Шыңғыс хан – қазақ", "Нағыз қазақ – көк көзді аққұбалар" деген сарындағы тарихи мифтерге жиі ұшырасады. Кәсіби тарихшыға бұл аңыздардың ақ-қарасын ажырату қиын емес, десе де адамдар оған сенгісі кеп тұра береді. "Қазақстандағы тарихи мифтер феномені туралы сөз сөйледі. 

Жақсылық Сәбитов / Фото TEDxAstana

Ол мифтердің қоғам мүддесін көрсететінін және көбіне зерттеле қоймаған дәуірлерден бастау алатынын алға тартады. Қазақстандағы тарих ғылымының мәселелері бұл олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік бермейді, сондықтан жаңа мифтер пайда бола бермек. Оған ғылыми талқылаулардың аздығы, түпкі дереккөздерді дұрыс қолданбау, мамандардың жоқтығы, қоғамда тарихшының беделі болмауы секілді мәселелер себеп.

"Тарих ғылым ретінде дамыған сайын мифтер тарихи шындық шеңберінен асып кетпейді. Әсері мен ықпалы да төмендей түседі", – дейді ғалым.


Оқи отырыңыз: Мәйіт донорлығы. Өзге адамға ағзаңызды қалдыру үшін не одан бас тарту үшін не істеу керек?


"Мәйіт донорлығы. Өзгеге мүшеңізді беруге дайынсыз ба?

Оксана Акулова – Қазақстанда ұзақ жылдар бойы трансплантология тақырыбын жазған журналист. Қанат Бейсекеев, Қайрат Нұрмағамбетов және Әлия Сандыбаймен бірге ол қайтыс болғаннан кейінгі донорлық адам өмірін сақтап қалған шынайы оқиғалары туралы деректі фильм жасауға атсалысты. Еліміздегі органдарды ауыстыру мәселесінің бүгінгі ахуалы туралы деректі фильм өлімнен кейінгі донорлардан орган трансплантациясын күтіп жүрген бірнеше адамның хикаясын баяндайды. "Күту тізісі" туындысын TEDxAstana қатысушылары бірінші болып тамашалады. 

Оксана адамдардың тағдырын мысалға ала отырып, мәйіт донорлығы мыңдаған адамға өмір сыйлайтынын түсінген. Дегенмен, Қазақстан қоғамы бұл мәселеге әлі күнге дейін үреймен қарайтынды. Сол үшін де донор болғысы келетіндер көп емес. Жақын адамының ағзасын басқаға ауыстыруға келісім беруге дайын туыстары одан да аз.

Оксана Акулова / Фото TEDxAstana

Жағдайды мүмкіндігінше тезірек өзгерту керек, өйткені адам өмір донорларға қарап тұр. Бұны қалай істейді? "Өлімнен кейінгі донорлық туралы көбірек айту, проблемалар мен ауыр сұрақтардан қашпай, адал және ашық талқылау керек",– дейді Оксана. Ол бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға әзір. Барша адамды донорлық туралы көбірек білуге ​​және жорамал емес, білімге негізделген жеке таңдау жасауға шақырады.

Исламды жаңа заман талабына сай қайта қарастыру керек пе?

Исламды қазіргі заманға сай модернизациялау мүмкін бе? Дінтанушы, ҚазҰУ философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы, "Ислам және модернизм" жобасының авторы Асылтай Тасболат бұл сұрақтың жауабын қазіргі ислам ойшылдарынан тапқан. TEDxAstana сахнасында Асылтай бүгінгі қазақ қоғамына модерн исламның рефлексиясы не себепті қажет екенін тарқатып, әлемдік практикаға тоқталды.

"Қазір біз зымыраған XXI ғасырдамыз. құран 7-ғасырда түскен. Қаншама ғасырдан бері адамның санасы, тұрмысы өзгерді. Ислам модернизмі болса аяттардың универсал мазмұнын ашып, оларды бүгінгі заманда дұрыс түсініп, дұрыс қолдануды мақсат етеді", – дейді дінтанушы. 

Асылтай Тасболат / Фото TEDxAstana

Асылтай Тасболаттың айтуынша, елде урбанизация процесі күшейген тұста мұндай трендтердің зерттелмеуі, пән ретінде оқытылмауы, медиада талқыланбауы және кітап түрінде басылмауы – әлемдік ақыл-ой қазынасынан жырақта қалып бара жатқанымыздың көрінісі. 

"Қазіргі таңда қоғамда дінге деген сұраныс, қажеттілік бар, оған сәйкес сұрақ та, қайшылық тудыратын ақпарат та көп. Сол себепті адамдардың ислам жайлы түсінігін прогрессив арнаға бұру маңызды. Дінге келгенде адам сауатты, сыни тұрғыда ойлайтын, мәселені ашық талқылай алатын деңгейде болуы қажет", – дейді ол.


TEDx – жаһандық TED қорының бүкіл әлемге таратуға тұрарлық идеяларды іздеуге бағытталған жобасы. Арнайы TED лицензиясын қажет ететін конференциялар әлемнің 3 мыңнан астам қалалары мен университеттерінде өтеді. Елордада TEDxAstana конференциясы энтузиаст-еріктілердің бастамасымен алтыншы рет өтіп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары