Бүгінде ұлтаралық неке тек жеке таңдау емес, жаһандану дәуірінің әлеуметтік құбылыстарының біріне айналды. Әртүрлі мәдениет, тіл және дәстүр өкілдерінің отбасы құруы әлемнің көптеген елінде қалыпты жағдай саналады. Қазақстанда да шетел азаматтарымен шаңырақ көтеріп жатқан қыз-жігіттер аз емес. Дегенмен мұндай некеге қатысты қоғамда пікір екі түрлі: бірі оны қалыпты жағдай ретінде бағаласа, енді бірі ұлттық болмысқа әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.
Мұндай жұптар танымал адамдар мен олардың отбасында да кездесіп жатады. Мәселен, белгілі ақын Жүрсін Ерманның немересі эфиопиялық отбасының келіні. Ал таяуда белгілі кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай британиялық Карл Обиге шыққанда да қоғам пікірі екіге жарылды.
Ұлтаралық отбасыларда мәдени айырмашылықтар қаншалықты маңызды? Балалар қандай құндылықтармен тәрбиеленеді? Отбасы өміріне қоғам пікірі қалай әсер етеді?
Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін америкалық афроамерикалық азамат Джеффриге тұрмысқа шыққан қазақстандық блогер Анарды әңгімеге тарттық.
Дубайда басталған таныстық
Анар мен Джеффри Дубайда танысқан.
"Біз Дубайда менің блогерлік қызметімнің арқасында таныстық. Ол мен жиі баратын мекеменің операциялық директоры болып жұмыс істейтін. Танысқаннан кейін ол бірнеше ай бойы мені кездесуге шақырып жүрді. Ақыры келісімімді бердім. Маған, ең алдымен, оның отбасылық құндылықтары, жауапкершілігі және отбасы құруға деген байыпты көзқарасы ұнады", – дейді Анар.
Ұлтаралық неке туралы әңгіме қозғалғанда қоғам назарын көбіне ұлтқа, нәсілге немесе мәдени ерекшеліктерге аударады. Алайда Анардың айтуынша, оның таңдауына әсер еткен негізгі факторлар адамның шыққан тегі емес, өмірлік ұстанымдары мен отбасыға деген көзқарасы болған.
Ұлтаралық некеге қатысты қоғамда әртүрлі көзқарас болғанымен, Анар жақындарынан ешқандай қарсылық көрмеген.
"Жақындарым менің таңдауымды толық қолдады. Олар бұл менің өмірім және менің шешімім екенін түсінеді. Маған сенім артты. Олар үшін ең маңыздысы – жанымда лайықты әрі сенімді адамның болуы еді", – дейді ол.
Екі мәдениет арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар
Әртүрлі мәдени ортадан шыққан адамдардың отбасында айырмашылықтардың болуы – табиғи құбылыс. Анар алғаш байқаған ерекшеліктердің бірі – тағам мәдениеті.
"Әрине, мәдениеттеріміз арасында айырмашылықтар бар. Мысалы, афроамерикалықтар түрлі тұздықтарға, дәмдеуіштерге және тағамға қосымша берілетін өнімдерге ерекше көңіл бөлінеді. Мен үшін бұл бастапқыда тосын нәрсе болды, өйткені біздің отбасымызда бәрі әлдеқайда қарапайым еді", – дейді ол.
Дегенмен кейіпкердің сөзінше, күнделікті өмірде көзге түсетін айырмашылықтардан гөрі, ортақ құндылықтардың көптігі ерекше әсер қалдырған.
"Жолдасым үшін де отбасы әрдайым бірінші орында тұрады. Ол ер адам отбасының тірегі, қорғаушысы және жақындары үшін жауапкершілік алатын адам болуы керек деп есептейді", – дейді Анар.
Сонымен қатар Анарды отбасылық міндеттерді бөлісу мәдениеті де тәнті еткен.
"Мені, әсіресе, отбасылық міндеттерге деген көзқарасы таңғалдырды. Онда әйел барлық нәрсені жалғыз атқаруы тиіс деген түсінік жоқ. Егер мен бос болмай қалсам, шаршасам немесе өзімді жайсыз сезінсем, ол еш қиындықсыз кешкі ас әзірлейді, үй шаруасына көмектеседі, балаға қарайды. Ол отбасыға ерлі-зайыптылар бір-бірін қолдайтын серіктестік ретінде қарайды", – дейді ол.
Жаңа есім – Кайрон
Ұлтаралық отбасыларда дүниеге келген баланың есімі де белгілі бір символдық мәнге ие болуы мүмкін. Ол көбіне екі отбасының, екі мәдениеттің немесе екі дәстүрдің арасындағы байланысты көрсетеді.
"Балаға ат қою біз үшін өте әсерлі әрі маңызды кезең болды. Бастапқыда жұбайым ұлымызға әкемнің есімін беруді ұсынды. Бұл мен үшін өте жылы әрі маңызды әрекет болды. Өйткені ол осылайша менің отбасыма және біздің дәстүрімізге деген құрметін көрсетті. Соңында екі мәдениетті де біріктіретін есім іздедік. Осылайша Кайрон есімі пайда болды. Ол менің әкемнің Қайрат деген есіміне үндеседі әрі халықаралық ортада да үйлесімді естіледі. Екеумізге де бұл есім қатты ұнады", – деп түсіндірді Анар.
Қазір отбасының күнделікті өмірінде қазақ дәстүрлері көбірек көрініс табады екен.
"Қазір күнделікті өмірімізде қазақ дәстүрлерін көбірек қолданамыз. Өйткені бала тәрбиесімен көбіне мен айналысамын. Дегенмен біз үшін ұлымыздың екі жақты да білуі өте маңызды. Ұлымыздың қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін де, әкесінің америкалық мәдениетін де біліп өскенін қалаймыз. Меніңше, бұл – үлкен артықшылық. Өйткені дүниетанымы кең болып өседі, өзін әртүрлі мәдени ортада еркін сезінетін болады және өмірлік тәжірибесі әртүрлі адамдарды жақсырақ түсінеді", – дейді ол.
Қоғам көзқарасы
Әлеуметтік желіде ұлтаралық отбасылардың өмірі көпшілік назарынан тыс қалмайды. Анар да блогер ретінде отбасы туралы ақпаратты ашық бөлісетіндіктен, түрлі пікірлерге жиі тап болады.
"Мен блог жүргізетіндіктен және отбасым туралы ашық айтатындықтан, пікірлер әртүрлі болады. Көп адам жылы лебіз білдіріп, біздің хикаямызға қызығушылықпен қарайды, тіпті өздерінің ұлтаралық некедегі тәжірибелерін де бөліседі. Отбасылық контент жариялай бастаған кезде, Қазақстанда басқа мәдениет пен ел өкілдерімен отбасы құрған қыздардың көп екенін байқадым, бұл мен үшін жағымды жаңалық болды", – дейді ол.
Дегенмен жағымсыз пікірлер де кездеседі.
"Әрине, жағымсыз пікірлер де кездеседі. Бірақ мен оларға сабырмен қарауды үйрендім. Меніңше, адамдар көбіне өз ішінде не болса, соны сыртқа шығарады. Сондықтан мен өзге біреудің жағымсыз сезімін жеке қабылдамаймын", – дейді ол.
Анар өзінің өмірлік тәжірибесінен шығарған басты қорытындысын бөлісті.
"Менің тәжірибем көрсеткендей, бақытты қарым-қатынас адамның ұлтына, тері түсіне немесе шыққан тегіне байланысты емес. Ол өзара құрметке, ортақ құндылықтарға, сенімге және бір-біріне қамқор болуға негізделеді. Мен үшін ең маңыздысы – осы", – дейді Анар.
Оқи отырыңыз:
Шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздарға буллинг: қоғам нені қабылдай алмай жүр?
Hatewatch феномені: Адамдар неге жек көруден ләззат алады?