Тікелей эфир

Қазақ бапкер неге Тунисте чемпиондар тәрбиелеп жүр? Жаттықтырушы Есбол Сұлтановпен сұхбат

Есбол Сұлтанов пен шәкірті Фирас Катоуси / Фото: REUTERS/Tingshu Wang
Есбол Сұлтанов пен шәкірті Фирас Катоуси / Фото: REUTERS/Tingshu Wang
Париж Олимпиадасында Тунис құрамасы таеквондодан алтын және қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте төртінші орыннан көрінді.

Париж Олимпиадасында Есбол Сұлтанов жаттықтыратын Тунис елінің таеквондошылары екі жүлдеге ие болды. Бірі чемпион атанып, екіншісі тарихи жүлдеге ие болып, чемпион атанды.

Қазақстанның таеквондодан ұлттық құрамасында көп жыл қызмет атқарған Есбол Сұлтановтың шәкірттері Тунис еліне екі бірдей Олимпиада жүлдесін сыйлады. Бірі тарихи алтын медальға ие болып, осы спорт түрінен тұңғыш Олимпиада чемпионы атанса, екіншісі қола жүлде иеленді. Білікті маман қалай Тунис құрамасының бас бапкері атанды? Олимпиадаға барған төрт таеквондошының екеуі бірдей қалай жеңіс тұғырынан көрінді? Есбол Сұлтанов Қазақстанға орала ма?

Осы орайда Информбюро порталы шетелде жұмыс істеп жүрген білікті қазақ бапкерімен сұхбаттасып, екі елдің спорт саласы туралы әңгіме өрбітті.

– Таеквондодан Тунис құрамасының жеткен жетістігімен құттықтаймын. Бапкер ретінде Париж Олимпиадасын қорытындылап өтсеңіз…

– Биылғы жазғы Олимпиада ойындарына Тунис мемлекетінен төрт таеквондошы қатысты: екі ұл, екі қыз. Олардың біреуі алтын, біреуі қола алды.

2021 жылы өткен Токио Олимпиадасында бір ғана күміс медаль алған болатын. Париж Олимпиадасында Тунис елінен таеквондо спорты тарихындағы алғашқы чемпион шықты және бұл биылғы жазғы ойындардағы Тунис құрамасының жалғыз алтыны. Сондықтан Тунисте тарихи оқиға, үлкен қуаныш болып жатыр. Әрине, мұны бір жылдық еңбегімнің нәтижесі деп ойлаймын.

Олимпиада чемпионы болған Тунис спортшысы Фирас Катоуси

– Тунис құрамасына қашан ауыстыңыз? Қалай шақырту алдыңыз? 

– 2023 жылы Тунис споршылары таэквододан әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсете алмады. Осыдан кейін Тунис таеквондо федерациясы халықаралық деңгейдегі бапкер іздеді. Бірнеше елдің жаттықтырушыларының арасынан мені таңдады. Келісімшарт көңілден шығып, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ұлттық құрама командасының тізгінін қолға алдым. Құрама өкілдерімен жақсы таныспыз. Әлем чемпионаттарында, жарыстарда, оқу-жаттығуларда кездесіп, тәжірибе алмастық. Токио Олимпиадасы алдында Алматыға келіп, негізгі жаттығу жиынын өткізді. Содан жақсы араласып кеттік. Сол кезде қандай бапкер екенімді көріп, бақылап жүрді. Туниске барғанда спортшылармен тез тіл табысып кеттік.

– Шетелде жұмыс істеу оңай емес. Қандай қиындықтар болды? 

– Екі қиындық болды. Біріншісі, өзге ел, ешкімді танымайсың. Спортшыларға үйренісу, жақсы әріптестер табу, команда жасақтау қажет болды. Жаңа федерация. Бөтен елдің менталитетіне, жұмыс мәдениетіне үйрену және өз ыңғайыңа қарай кейбір дұрыс емес нәрселерді туралау қажет болды.. Екіншісі, жауапкершілік арқалау қиын болды, өйткені таеквондо спорты Тунисте қатты дамыған. Елдегі нөмірі бірінші спорт деуге болады. Қазақстанда бокстан қалай жүлде күтсе, Тунисте таеквондодадан солай үміт күтеді. Мен үшін жауапкершілік арқалау қатты ауыр болды. Бүкіл халық нәтиде күтеді. Бүкіл жаттықтырушылар, спортшылар, клубтағылар, федерация өкілдері маған сенді. Париж Олимпиадасында сенімді ақтап шыққаныма қуаныштымын.

– Тунис таеквондо федерациясы қалай жұмыс істейді екен?

– Тунис федерациясы ұлттық құрамамен тығыз жұмыс істейді. Федерация президенті, әкімшілік қызметкерлер, ұлттық құрамамен жарысқа барсақ та, оқу-жаттығу жиынына барсақ та әр баланы жеке біледі. Олардың  қарсыластарын да, әлемдік рейтингтегі орындарын да біледі. Бүкіл нәрседен хабары бар. Қазақстан таеквонда федерациясына белсенді жұмыс істеу керек. Олимпиада ойындарын бүкіл ел көріп, үміт артады. Елдің үмітін ақтау үшін бүкіл жүйе дұрыс жұмыс істеуі керек, атсалысу керек деп ойлаймын. Жауапкершілікті тек ұлттық құрама бапкері мен спортшыларға жүктеп қана қоймай оларға барынша қолдау көрсету керек. Қателіктер болса түзетіп, бірге тығыз жұмыс істеу керек.

– Парижден кейін сізді басқа да араб елдері бапкерлікке шақырып жатыр дейді. Бұл рас па?

– Париж Олимпиадасындағы айутулы жетістіктен кейін бірнеше елдің таеквондо федерациясының президенттері жолығып, танысып, визит картасын қалдырды. Біреулер жоспарымды сұрады. Тунис елінің таеквондо федерациясымен келісімшарт аяқталды. Олар да жаңасын ұсынайық деп жатыр.

Фирас Катоуси финалда жеңіске жеткен соң бас бапкер Есбол Сұлтановты құшақтаған сәт

– Қазақстандық таеквондошылар Париж Олимпиадасында үздік нәтиже көрсете алмады. Оларға не жетпеді деп ойлайсыз?

– Қазақстандық таеквондошылар қалай дайындалғанынан хабарым жоқ. Қалай жаттыққанын көрмедім, оқу-жаттығу жиындарының басы-қасында болған жоқпын. Тек жарыстағы кездесулерін ғана көрдім. Менің ойымша, Батырхан Төлеуғали мен Самирхон Абабәкіровке тәжірибе жетіспеді. Екеуі де жас спортшылар. Оларға әлі де болсын халықаралық деңгейде тәжірибе керек. 

– Қазақстан құрамасының Париж Олимпиадасындағы нәтижесін біреу сынап, біреу қошеметтеп жатыр. Кейбірі спортшыларға кінә тақпай, жүйені түбегейлі өзгерту керек дейді. Сіз не дейсіз?

– Сыртта жүргендіктен Қазақстан құрамасының Олимпиададағы нәтижесі жайлы ештеңе айта алмаймын. Әр спорт түрінің федерациясы бар, басшылары, жаттықтырушылары бар. Олардың өзінің дайындық бағдарламалары болды. Сол жұмыстың бәрін көрмей, сыртынан сын айту дұрыс емес деп есептеймін. Олимпиада нәтижесін сол спорт түрінің мамандары талқылағаны дұрыс.

Фирас Катоуси мен бапкер Есбол Сұлтанов Париж Олимпиадасында

– Қазақстандық спортшылар физикалық жағынан дайын болғанымен психологиялық тұрғыда сынып қалып жатыр деген пікір айтылып жүр. Психологиялық дайындық қаншалық маңызды? Instagram парақшаңызда Тунис спортшысының жаттығудағы қимылын Олимпиада төрінде жеңіске жеткен кезде қайталаған видеосын салған едіңіз. Бұл спортшыны психологиялық тұрғыда дайындау ма?

– Спортшыларды жаттығу кезінде "жеңісті қалай тойлайсың?" деп билететінбіз. Біреу былай істеймін дейді, біреуі жүрек көрсетемін дейді, біреуі былай билеймін дейді. Ал енді соны көрсет деп ортаға шығарғанда бала ашылады.  Психологиялық жағынан дайындау ғой. Алтын алған Фирас Катоуси жаттығуда "ағай, мен осылай билеймін, бірақ сіз менімен бірге билейсіз" деген еді. Мен енді көп билеген адам емеспін. Фирас финалда ұтқан кезде билеңіз деп бұрылып қарады. Қосылып билеу керек болды.

Психологиялық дайындық өте маңызды. Өзіне сенімсіз адам қанша жаттығу жасаса да, қанша техникасы күшті, физикасы мықты болса да, миы тоқтап қалған кезде оның ешқандай органы жұмыс істемейді. Қолы да, аяғы да, көзі де, реакциясы да қатып қалады. Құлағы да жаттықтырушыны естімей қалады. Сондықтан спортшының психологиялық тұрғыда дайын болуы өте-өте маңызды. 

– Спортшының жеңісі бірінші өзінікі ме, әлде елдікі ме? Спортшының еңбегі кімдікі? Спортшы өз амбициясын биік қою керек пе, әлде елінікін бе? 

– Спортшы туым көтерілсін деп, әнұран ойнасын деп елінің атынан шығады ғой. Спортшыларда патриоттық сезім өте жоғары болады. Туды сүйіп, көтеріп жүгіреді. Әнұран ойнағанда көзіне жас алады. Спортшылар үшін, жаттықтырушылар үшін, команда үшін бұл өте құнды рухани дүние. Дүбірлі жарыстарда жүздеген елдің туын көргенде еліміздің байрағы желбірегенін қалаймыз. Спортшы неге елім басқалардан төмен болуы керек дейді. Жеңісті спортшының еңбегі, елдің қолдауы деп айтар едім. 

– Парижде грек-рим күресінен күміс алған Демеу Жадыраев дайындығы мықты болғанымен, финалда жауапкершілік ауыр болып кеткенін айтты. Ерте чемпион деп мадақтау, алтын ал деп қолқалау спортшыны жігерлендірудің орнына сындырып тастамай ма? 

– Сұрағыңыз өте орынды. Спортшыға жүк артып, сенен елің күтіп жатыр, сен ұтуың керек, саған осындай ақша бөлінді, саған халық сеніп жатыр деген сөздер жарыстың алдында айтылмайды. Бұл сөздер жаттығу басында айтылады. Жаттығуды жасауға ерінгенде немесе жүз пайыз толық орындамағанда жаттықтырушы баланың жанын шығарып тұрып "халық саған сеніп жатыр, саған жағдай жасап жатыр, мына жаттығуың не?" деп жанын шығарып тұрып айтады. Мұның бәрі сол жерде айтылатын әңгімелер.

Ал жаттығу, жасалатын жұмыс бітіп, бірнәрсе жөндеуге уақыт жоқ болғанда тек шабыт бересіз. Жарыс кезінде спортшының назарын тек істейтін әрекетіне, өзіне, қарсыласына аудару керек. Сол жайлы ғана әңгіме болуы қажет. "Олимпиада ойындарынан халық, ел жүлде күтіп жатыр" деген сырттағы әңгімелерді айту дұрыс емес. Ол спортшыны басып тастайды.

Қола жүлде алған Мохамед Халил Жендуби

Бір қызығы Демеу күресерден бір күн бұрын оны Олимпиада қалашығынан көріп қалдым. Екеуіміз сөйлесіп қалдық. "Демеу, сен күнде күресіп жүрсің. Сол бозкілем, сол қарсыластар, үстіңде сол киім, сол ереже, сол күрес, сол төрт-бес әдіс. Мың рет күрескен шығарсың, бозкілемге шыққанда тек соны ойласайшы. Олимпиада, қай ел, спортшының аты маңызды емес. Қарсы алдыңдағы адамды, істейтін әрекетіңді көріп тұрсың, өзіңнің әрекетіңді білесің. Ішіңдегі нәрсеге назарыңды бөлсең болды" деп айтқан едім. Ақыл-кеңесімді бердім. "Рахмет, аға" деп аздап бойындағы қобалжу басылғандай көрінді. Сол кеңесім пайдасы тисе қуаныштымын. Жақсы ниетім болды. Көріп қалдым да, Олимпиададан кішкене ойы бөлінсін деп, назарын істейтін әрекетіне ғана аудардым.

Шынымен де, сіз айтқандай спорт саласында жүрген шенеуніктер, федерация мүшелері, функционерлер айтатыны тек сол жауапкершілік, "алуымыз керек", "ұтуымыз керек", "ұтылып қалма", "осынша ел қарап отыр, жақсы көрін", "президент жүр", "анау жүр, мынау жүр" деген қажеті жоқ әңгімелер айтады. Бала оның бәрін айтпаса да біледі. Оны айтып балаға одан сайын жауапкершілік артып қояды. Мұндай әңгімелерді жаттығу кезінде, дайындалуға уақыт бар кезде, бірнәрсе өзгерте алар кезде айту керек.

– Тунис құрамасында жүргеніңізді көпшілік Олимпиада кезінде білді. Қазақстанда неге қалмады, неге шетелде жүр, мұндай мықты бапкерлеріміздің бағасын білуіміз керек деп жазып жатыр. Бұған не дейсіз? Ұлттық құрамаға ораласыз ба?

– Туниске бір жыл бұрын келісімшарт бойынша кеттім. Олимпиада ойындарындағы жетістіктен кейін көзге көрініп, атым шықты. Қазақстан ғана емес, басқа елдер де таң қалып, қай жақтан екенімді сұрап жатыр. Париж Олимпиадасында көптеген елдің таеквондо федерацияларының президенттері жүрді. Келіп танысып, визит карталарын беріп жатыр. Кейбіреулер ұсыныс жасап жатыр, кейбіреулер жоспарымды, келісімшарт қашан бітетінін сұрап жатыр. Тунис елі де келісімшартты келесі Олимпиадаға дейін созуды қалап отыр. Әзір ешкімге жауап бермедім. Бір ай еңбек демалысымда отбасыма барып,  елде болып қайтамын деп айттым. Барлығы келісімшарттарын жібереді. Бір ай демалыста қарап шығып, жауабымды беремін.

Тунис таеквондошылары / Фото: Есбол Сұлтановтың жеке мұрағатынан

Таеквондодан Қазақстан құрамасына келер болсам, егер федерация ұсыныс жасап жатса өйлесуге, жоспарды талқылауға қарсы емеспін. Жұмыс шарты, жобалары, команда құрылымы ойдан шығып жатса елімнің туы көкке көтерілгенге не жетсін. Әзірге федерациядан ешкім хабарласпады. Ұсыныс болса қарастырамын.

– Көп спортшының арманы – Олимпиада, әлем чемпионаттарын жеңу. Ал бапкерлер нені армандайды? 

– Бапкер шәкіртін биік тұғырдан көрсем дейді. Жаттығуларда, дайындықтарда жасаған айла-тәсілдерді, ұстаздың қойған тапсырмасын шәкірт бұлжытпай орындап, сол арқылы жетістікке жетіп жатса бұл жаттықтырушыны керемет күйге бөлейді. Осындай жетістік арқылы спортшы дами береді және кез келген жарысты ұту қиын болмайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары