Тікелей эфир

Қасым-Жомарт Тоқаев: ШЫҰ дауысы халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек

ШЫҰ саммиті. Фото: Ақорда сайты
ШЫҰ саммиті. Фото: Ақорда сайты
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды.

Қазақстан төрағалығымен елордада өткен "ШЫҰ плюс" саммиті аяқталды. Жиында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін тиімді шешімдерді әзірлеуге бағытталған қадамдарды атады. 

БҰҰ – баламасы жоқ ұйым

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев самитте сөйлеген сөзінде бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын айтты. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін.

"Бейбіт және үйлесімді даму мәселесін бірлесіп ілгерілету басты міндет болып қала береді. Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ортақ міндет – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Бұл ретте Қазақстан басшысы ШЫҰ-ның геосаяси рөлі де артып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда сайты

"Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде ШЫҰ дауысы халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, өзара сенім және серіктестік қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай "Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы" бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды.

Оң динамиканы сақтау, әлеуетті арттыру

Қазақстан президенті келесі басым бағыт ретінде сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуды атады. Санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективаларының аясын тарылтып жатыр.

"Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет", – деді мемлекет басшысы

Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең.

"Осы орайда Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өткім келеді. Мұны жаңа әрі тарихи жетістік деуге болады. Сондай-ақ, бұл өсім дүниежүзі экономикасы үшін тұрақтандырушы фактор саналады", – деп атап өтті президент.

ШЫҰ саммиті. Фото: Ақорда сайты

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптайтынын жеткізді.

"Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады", – деді мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту әлемдік сауданың тұрақты өсіміне зор ықпал етеді. ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі.

"Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған "Үлкен Еуразиялық белдеуге" айнала алады. Құрлықтық бірлестік ретінде өз позициямызды нығайту экономикалық тұрақтылық пен өркендеу үшін елеулі фактор болуға тиіс. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызы еліміз арқылы өтеді. Біз "Бір белдеу, бір жол" мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізін өзара ұштастыру үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Аталған күре жолдар синергиясының мультипликативтік әсері күшті болады. Осы ретте Стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру жөніндегі бастамамызды нақты жүзеге асыру мәселесіне ерекше мән береміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Климаттың өзгеруі – әлемдік мәселе

Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты.

"Қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түсті. Бұл саладағы ахуал алаңдатып отыр. Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек", – деді Қазақстан президенті.

Айта кетсек, алдағы қараша айында Бакуде COP29 конференциясы өтеді. Жиында климат бойынша күн тәртібіндегі мәселелер талқыланады.

ШЫҰ саммиті. Фото: Ақорда сайты

ШЫҰ – болашағы зор бірегей ұйым

"ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағытының бірі – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл маңызды сала біздің төрағалығымыз кезінде ұдайы назарда болды. Өйткені, қазақ жері – ежелден түрлі өркениеттер тоғысқан мекен", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үлкен Еуразияның бірегей мәдени кодын бойына сіңірген ШЫҰ-ның алып кеңістігі халықтар арасын жақындатуға дәнекер болып, өзінің тарихи рөлін одан әрі атқара беретініне сенім білдірді. Қазақстан креативті индустрия шоғырланатын орталық бола алатынын айтып, ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізуді ұсынды.

Президент білім саласына да тың серпін беру қажетін айтты.

"Бұл ретте диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейткен жөн болар еді. Студенттерге, әсіресе техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жыл сайын көбейтіп отыру керек. Қазақстан өзінің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінетін ғылыми білім беру гранттарын ұсынуды жалғастыруға дайын", – деді ол.

Сөз соңында мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және "ШЫҰ плюс" форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін атап өтті. 

"ШЫҰ аясындағы серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы бірегей ұйымымыздың одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне, сондай-ақ өзара сенімді, достықты және көпжоспарлы серіктестікті нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары