
Психоаналитик Жанар Оспан лудоманияның себебі, түрлері және отбасы мүшелері үшін қандай салдары болуы мүмкін екенін әңгімеледі. Маманның айтуынша, "бақыт – ақшада" деген бағдарламамен өскен балалар амалсыз құмар ойынның құрбаны болуы мүмкін. Осы орайда ол отбасы құндылығын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Құмар ойындарға қатысты тағы қандай шектеулер енгізілуі мүмкін
Парламент мәжілісі депутаты және "Аманат" партиясының фракция мүшесі Нартай Сәрсенғалиев құмар ойындардың жарнамасына қатысты жаңа шектеулер енгізу мүмкіндіктерін айтқан еді. Ол өткен жылы қабылданған заңға толықтырулар қажет болғанын атап өтті және осыған байланысты жаңа өзгерістер әзірленгенін айтты. Депутаттың мәлімдеуінше, бұл қадам қоғамның мүдделерін қорғау және құмар ойындардың зиянды әсерін азайту мақсатында қолға алынған. Сәрсенғалиевтың айтуынша, құмар ойындардың жарнамасын шектеу қоғамдағы талдау және талқылаулардың негізінде қозғалатын болады.
Нартай Аралбайұлы заң бұзылған жағдайда қандай жауапкершілік көзделгенін түсіндіре отырып, бірқатар шара туралы баяндады. Алдымен, заң бұзушыларға 200 АЕК көлемінде айыппұл салынатындығын және құмар ойын ұйымдастырушылардың лицензиясын тартып алу мәселелері қарастырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, әкімшілік кодекске енгізілетін өзгертулер арқылы бұл тұрғыдағы жүктемені арттыру жоспарлануда.
Депутат сонымен бірге құмар ойын ойнауға қатысты шектеулерге назар аударды. Бұлардың ішінде айыппұл төлемегендер, сотталғандар, алимент төлемегендер секілді тұлғалар бар. Енді бұл тізімге шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар мен бас бостандығы шектелгендер де енгізілді. Бұл өзгерістер бәс тігетіндер үшін тыйым салынғандардың базасында бар-жоғын анықтауда маңызды болмақ.
Оқи отырыңыз: Психолог: Баладан демалу үшін оған гаджет сыйлау – болашақ лудоманды тәрбиелеумен тең
Осыған қоса, құмар ойындарды қоғамдық көліктердің ішінде және сыртында жарнамалауға тыйым салынғанын атап өтті, бұл да заңның қатаңдатылғандығының бір көрінісі болмақ.
Виртуалдық букмекерлік кеңсе, казино мен онлайн бәстерді жасайтын слоттардың пайда болуы құмар ойындарға тәуелділікті арттыра түскендей. Бұл тәуелділіктің көптеген атауы бар – лудомания, құмар ойындарға тәуелділік және т.б. Бірақ барлығы бір құбылысты білдіреді, ол психологиялық бұзылу, әлеуметтік байланыстардың үзілуі, отбасының ыдырауы, тұлғаның деградациясына әкеледі. Аталған патология есірткі мен ішімдікқұмарлыққа ұқсайды, ең бастысы, емделеді. Осы орайда психоаналитик Жанар Оспан лудоманияның себебі, тәуелділік белгілері, түрлері және салдары туралы әңгімеледі.

Ойынға тәуелділіктің басты белгілері қандай
"Алкоголизмнен айырмашылығы – ойынға тәуелділік сырт көзге физиологиялық тұрғыдан еш көрінбеуі мүмкін. Лудоманда сөйлеу бұзылыстары да, созылмалы аурулардың өршуі де болмайды. Ол бұл туралы отбасынан ұзақ уақыт бойы жасырып жүреді. Бірақ лудоманияның пайда болған кезде дереу әрекет етуді қажет ететін белгілері бар", – деді психоаналитик.
Олар:
- ойыннан басқа барлық бұрынғы қызығушылықтарды ұмыту;
- компьютер немесе смартфон ұстап отыру (бәстерді мобильді қосымша арқылы да жасауға болады);
- ашушаңдық, агрессия, жағдайды талқылаудан бас тарту;
- жеңіске жеткен кезде қатты толқу және себепсіз оптимизмнің пайда болуы. Бірақ ұтыла бастағанда көтеріңкі көңіл-күй депрессия фазасына ауысады;
- асқан сезімталдық;
- ұйқысыздық;
- бәс тігетін фильмдер мен ойындар туралы көп айту.
Оқи отырыңыз: Лотереяларды құмар ойындар қатарына енгізу ұсынылды
"Лудоманияның басқа да белгілері бар. Ерте ме, кеш пе – лудомандар микрокредиттік ұйымдардан қарыз ала бастайды. Өсіп келе жатқан шығындар – ойынға тәуелділіктің бір белгісі. Біраз уақыт өткен соң, ойынқұмар қарызын өтей алмайды. Бұл жағымсыз салдарларға әкеледі – коллекторлар қоңырау шала бастайды, олардың психологиялық қысымы лудоманның отбасына да түседі. Жақындары бұл мәселені осы кезеңде ғана байқайды. Дегенмен, онымен күресуді әлдеқайда ертерек бастау керек. Ауыр жағдайларда лудоманияның ішімдікке әуестік, дүрбелең шабуылдары, айналадағылармен жанжалдасу сияқты белгілері байқалады", – деп түсіндірді маман.
Ойынқұмарлықтың себептері қандай
Психоаналитиктің айтуынша, адамның лудоман болуына өскен ортасы әсер етпей қоймайды. Тіпті, отбасы мүшелері құмар ойындардан аулақ болса да.
"Әлеуметтік ортаның ерекшеліктері, соның ішінде отбасында қалыптасқан нанымдар адамның ойыншы болуына әсер етеді. Әке мен ана құмар ойынды қолдамаса да, байқамай олар баланың миына "Бақыт – ақшада" деген бағдарламаны енгізуі мүмкін. Осыдан адам қатты қиналғанда ғажайыптың күшіне сенуге бейім келеді. Яғни жеңіл жолмен әп-сәтте ұтысқа ие боламын деп ойлайды. Сондай-ақ химиялық тәуелділік те себебі болуы мүмкін. Өмірдегі ең тамаша компас – бақыт. Алайда бақыт пен қаражат егіз ұғым емес. Отбасында осыны балаға жеткізе білу маңызды", – деді Жанар Оспан.

Ойынға тәуелділіктің қандай түрлері бар
Жанар Оспанның айтуынша, патологиялық ойынға тәуелділіктің әртүрлі түрі бар. Олар лудоманның қызығушылығы қандай нәрсеге шоғырланатынына байланысты жіктеледі.
Компьютерлік ойынқұмарлық
Компьютерлік ойынқұмарлық – бұл смартфон, консоль, компьютерде ойын ойнауға бейімділік. Ойындардың және сюжеттердің алуан түрлілігі ойыншыны жаңалықтарға көбірек уақыт бөлуге ынталандырады. Турнир жеңімпаздары адам айтса нанғысыз сомалар алатын киберспорттың дамуы қосымша мотивацияға айналады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда күн сайын 4 ойынқұмар өзіне өзі қол салады
Казинодағы құмар ойындарға байланысты ойынқұмарлық
Казинодағы құмар ойындарға байланысты ойынқұмарлық – бұл лудоманияның классикалық нұсқасы. Мұнда карточкалық ойындар, рулетка, түрлі ойын автоматтары жатады. Виртуалды казинолардың қолжетімділігі, интернеттегі жарнама, бонустар арқылы тегін айналым мүмкіндігі – мұның бәрі адамды баурайды.
Коммерциялық ойындар және спорттық бәстер
Коммерциялық ойындарға байланысты ойынқұмарлық – букмекерлік кеңселерде спортқа бәс тігу, лотерея және телевикториналарға қатысу. Мұндай бәстердің қаупі кәдімгі ойын автоматтарымен салыстырғанда жоғары. Тотализатор және спорттық бәстерде болжам жасау мүмкіндігі бар. Егер адам жарыстардан немесе нақты спорт түрінен жақсы хабардар болса, ол сәтті болжамдар жасай алады, олардың соңынан бірқатар жеңіс келеді және дофаминдік марапат, бақыт гормонының бөлінуі болады. Мұндай тәуелділіктен арылу қиын, бірақ қажет, өйткені ерте ме, кеш пе, сәттілік жолы аяқталады, ал лудоманияның салдарын жоюға біраз уақыт кетеді, дейді психоаналитик Жанар Оспан.