Оқырман назарына АҚШ бас консулы Мишель Еркінмен болған видео сұхбаттың (13.11.2025) қазақ тіліне аударылған скрипт-нұсқасын ұсынамыз.
АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркін екі жылдан астам уақыттан бері Қазақстанда қызмет етіп келеді. Бұл уақыт аралығында ол экономикалық, білім беру бағдарламаларын дамытумен айналысып, америкалық ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеді және АҚШ пен Орталық Азия елдері арасында "C5+1" форматындағы диалогты құруға көмектесті. Ақ үйде өткен тарихи саммит пен Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылатыны туралы хабардың аясында екі ел арасындағы мемлекетаралық, сондай-ақ өңірлік форматтағы қарым-қатынастың болашақ дамуы жаңа сипаттарға ие болмақ.
Informburo.kz порталына эксклюзив сұхбатында Мишель Еркін қол жеткен келісімдер, аса маңызды минералдар, АҚШ мемлекеттік хатшысы мен президентінің Қазақстанға жасауы мүмкін сапары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, қазақша Еркін деген тегін неге Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігінің символы деп есептейтінін айтты.

– Сәлеметсіз бе, бас консул ханым. Біздің студиямызға қош келдіңіз Ең алдымен ұзаққа созылған тарихи шатдаунның аяқталғанымен құттықтаймын! Бұл жаңалық бірнеше сағат бұрын ғана құлағымызға жетті. Дегенмен, біз Сізді мұнда біздің күн тәртібіміздегі сұрақтар бойынша әңгімелесу үшін шақырдық. Қазір бұл мәселелер де өте қызық. "C5+1" саммитінен соң айтар әңгімеміз аз емес.
– Сұхбатқа шақырғандарыңыз үшін көп рахмет! Әсіресе, осындай тарихи кезеңде, президент Трамп пен сіздердің мемлекет басшыларыңыз Тоқаев және Орта Азия елдерінің өзге де басшылары арасында өткен аптада болған тарихи кездесуден соң сұхбатқа келу мені қуанышқа бөлеп отыр.
– Әңгімені соңғы күндердегі ең өзекті мәселеден бастасақ. Ол – Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы. Бұл маңызды жаңалықты әлемге Дональд Трамп хабарлады. Трамп – Тоқаев – Нетаньяху арасындағы бірлескен телефон қоңырауынан соң америкалық лмдер әлеуметтік желіде: "Жақында біз ресми қол қою рәсімі туралы хабарлаймыз. Бұл КҮШ клубына қосылуды қалайтын елдер әлі де көп" деп жазды. Мишель ханым, бұл мәселеде бізге Сіздің сарапшы ретіндегі пікіріңіз қызық. "Күш клубы" деген не және оны CapsLk арқылы жазып, ерекше маңыз берудің мәні неде?
– Президент Трамп Қазақстанның өзінің екінші президенттік мерзімінде Ибраһим келісімдеріне қосылан алғашқы ел екенін расымен атап өтті. Әлі құжаттарды жетілдіріп, қол қоюға дайындау бойынша атқарылатын жұмыстар бар. Бірақ, мен қазір тараптар қол қойған өзге де көптеген келісімдер туралы айта аламын. Бұл келісімдердің тарихи маңызы зор. Құрама Штаттар мен Қазақстан өткен аптада және бізге президенттің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор және мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау келген алдыңғы аптада миллиардтаған доллардың сауда және инвестициялық келісімдерін жасасты. Олардың арасында "Қазақстан темір жолына" локомотивтер сату бойынша Wabtec-пен арадағы келісімдер, Air Astana мен Boeing арасындағы миллиард долларға жуық келісімдер бар. Сондай-ақ...
– Иә, олар туралы біз міндетті түрде әңгімелесеміз. Дегенмен, Қазақстан қабылдаған шешімді түрліше бағалап жатқандар бар. Бәрі дерлік бұл жай ғана дипломатиялық реверанс емес екенін мойындайды. Бұл туралы, тіпті, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марк Рубио бірқатар БАҚ-қа растап жауап берді. Reuters хабарынан үзінді келтірейін: "Бұл – дипломатиялық байланыстардың аясынан тысқары шығатын терең қарым-қатынастар. Тараптар бірге жұмыс істей алатын әртүрлі бағыттар бойынша экономикалық дамуға айрықша және бірегей мүмкіндіктерге жол ашатын серіктестік қалыптасы келеді". Бұл келісімге қосылу туралы шешім қатысушы елдердің (ал олардың саны үшеу – әлі мәселе ашық күйінде тұрған Суданды қоспағанда, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Марокко) жоғары аталған салалар бойынша дамуына қандай да бір серпін берді ме?
– Біз Ибраһим келісімдеріне қол қою нәтижесінде экономикалық әріптестіктің расымен де күшейетінін күтіп отырмыз. Бірақ, мен басқа елдердің экономикасына қатысты болжамдар айта алмаймын. Сондықтан, мен бүгін өткен аптада біз бірқатар келісімге қол қою арқылы қол жеткізген тарихи прогресс туралы айтқым келеді. Оның ішінде, мен бұған дейін атап өткендей, Boeing және Air Astana арасындағы сомасы 7 млрд доллар болатын келісім, Wabtec пен "Қазақстан темір жолы" арасындағы сомасы 4 млрд доллардан асатын келісім бар. Сондай-ақ, мысалы, John Deere қондырғылары Қазақстанда шамамен 3-4 млрд долларға сатылады, бұл екі елдің де экономикасына көмектеседі.

Рұқсат етсеңіз, мен Құрама Штаттар мен Қазақстан арасында өте маңызды минералдарды әзірлеу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанына қуанышты екенімізді айтқым келеді. Америкалық Cove Capital компаниясы Қазақстанда вольфрамды қайта өңдеу зауытына бір млрд доллардан астам қаржы инвестициялайды. Болашақта қосымша инвестиция бөлу мүмкіндігі де бар. Осылайша, Қазақстанға келіп, оның экономикасына инвестиция құйғанда біз тек қаржылық капитал ғана әкеліп қоймаймыз, оған қоса көптеген жоғары технологиялық шешімдерді, жоғары өнеркәсіптік стандарттарды, еңбек ен қоршаған ортаны қорғау стандарттарын да ала келеміз. Бұл расымен де саладағы үздік тәжірибе және біз оны осы вольфрам кеніші мен қайта өңдеу зауытынан бастауға үміттіміз.
– Сіздің ойыңызша, Ибраһим келісіміне қосылу туралы шешім Қазақстанды "АҚШ – Израиль" саяси жобасының бейтарап аралық еліне айналдырмай ма? Бұл шешімге тарапты таңдау ретінде баға бері жатқандарға не деп жауап беруге болады?
– Бұған дейін атап өткенімдей, бұл келісім экономикалық серіктестікті күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ, Ибраһим келісімдеріне қатысты сізбен бөлісетін менде өзге жаңа ақпарат жоқ. Ал менің айтқым келетіні – өткен аптада болған және сәтті өткен "C5+1" саммиті мен алдыңғы аптадағы президенттің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор және мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландаудың Қазақстанға сапары жайында.
– Дегенмен, Ибраһим келісімдеріне қатысты мәселені қорытындылайық. Екі тарап әлі қол қоюы қажет бұл келісімнің аясында экономикалық басымдықтардан бөлек, қандай кепілдіктер туралы айтуға болады? Мен қазір қауіпсіздік мәселесіне назар аударып отырмын. Өйткені, Қазақстан қалай болғанда да террористік ұйымдардың риторикасына ілініп қалып жатыр. Бұл мәселеде келісімдерге қосылу Қазақстанға қандай да бір кепілдіктер бере ме?
– Жаңа айтқанымдай, келісімнің шарттары әлі біздің үкімет, Қазақстан үкіметі және Израиль үкіметінің арасында әлі талқыланып жатыр, сәйкесінше келісімге әлі қол қойылған жоқ. Сондықтан, қазіргі уақытта мен оған қатысты пікір айта алмаймын. Сондықтан, қауіпсіздік мәселесі бойынша толыққанды ақпарат алу үшін Қазақстан үкіметі мен Израиль үкіметіне хабарласуға кеңес берер едім.
– Иә, әрине. Бұл мәселелер әлі талқыланып жатыр. Бірақ, қалай болғанда да, бүгінгі бәрі жылдам дамып жатқан заманда сұрақтардың туындауы заңдылық. Екі тарап бұл сұрақтарды әлі де түрлі деңгейде талқылайды де ойлаймын. Сіз "C5+1" саммитінің барысын мұқият бақылағаныңызға да сенімдімін. Ол өз мақсаттарына жетті, солай ма?
– Мен бұл – тарихи оқиға деп есептеймін. Біз Қазақстанда дайындықты біздің президенттеріміз президенттің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор және мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландаумен 28-30 қазанда кездескеннен әлдеқайда бұрын бастадық. Бұл кездесулер саммиттің расымен де сәтті өтуіне негіз қалады. Біз үшін бұл көп жылғы, оның ішінде "C5+1" платформасының аясындағы жұмыстың шешуші сәті болды. Ал бұл платформа біздің Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен дипломатиялық платформамыз екенін жақсы білесіздер. Ол 2015 жылы құрылды. Сәйкесінше, бізде биыл 10 жылдық мерейтой.
Біз биыл он жылдықты саммитпен ғана емес, жоғары деңгейдегі іскерлік кездесулермен де атап өттік. Дәл осы кездесулерде мен атап өткен, сомасы миллиардтаған долларды құрайтын келісімдердің көбі жасалды. Біз үшін саммит, онымен байланысты сапарлар мен іскерлік шаралар үлкен жетістік болды. Олар бүкіл өңірдің және әсіресе Қазақстанның инвестициялары мен саудасының дамына негіз болып, біздің елдеріміздің бәрін үшін өз жемісін әкелді деп есептеймін.

– 10 жыл бұрын негізі қаланған бұл алаңның өткеніне ретроспективті түрде, таяудағы өткен кезеңіне және бүгінгі оқиғаларға қарай отырып, қандай баға берер едіңіз?
– Мен мұнда 22 жыл бұрын жұмыс істегенімді білесіз. Сондықтан мен 2005 жылы Қазақстаннан кеткен уақыттан кейінгі экономикалық прогресті байқадым. Сонда да мен бұл саммитке өте жоғары баға берер едім. Мен оны он жылғы еңбектің, дипломатиялық қызметтің және жеке сектормен жұмыстың жемісі деп бағалаймын. Мысалы, өткен жылы Алматыда біз "C5+1" саммитінің бизнес бөлігі болып табылатын алғашқы "B5+1" саммитін өткіздік. Онда 250-ден астам қатысушы болды. Олардың көбін бүкіл өңірдің кәсіпорындары құрады. Олар Алматыда бас қосу арқылы өткен аптадағы саммиттің сәтті өтуіне негіз қалады.
Сондықтан, бұл өңірде ұзақ уақыт өткізген адам ретінде саммиттің жетістіктерін көру, ұзақ жылғы дипломатиялық және жеке әріптестікке негіз қалағанымызға көз жеткізу мені қуанышқа бөлейді.
– Саммит барысындағы келіссөздерге тоқталсақ, маған сіздің келіссөз жүргізуші ретіндегі пікіріңізді білу қызық болып тұр. Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "жаратқан жіберген көшбасшы" туралы айтқан сөзі лезде ел арасында тарап кетті. Саммит уақытында процеске қатысушылардың реакциясын бақылау өте қызықты болды. Кез-келген саяси технолог мұндай сәтте қуанатыны анық. Ал дипломатия тұрғысынан сіз бұл келіссөз процесін қалай бағалар едіңіз?
– Қазақстанның жолы болды, мемлекет басында тәжірибелі дипломат және мемлекет қайраткері отыр. Әрине, оның қарым-қатынасы өте жақсы. Президент Тоқаевтың президент Трамп арасындағы қарым-қатынас өте жақсы. Мен олардың бірнеше рет телефон арқылы сөйлескенін және арасында өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қалыптасқанын білемін. Меніңше, бұл келіссөздердің сәтті өтуіне және келісімдерге қол жеткізуге өз үлесін қосты.
– Саммит қорытындысында Ақ үй қандай сомадағы инвестициялар мен шарттар туралы жариялады? Қателессем, сөзімді түзерсіз, өңір бойынша – 27 миллиард шамасында, ал Қазақстан үшін сома 17 миллиардты құрайтынын білемін. Мұндай нәтижелерге біз қалай келдік, осы жайын егжей-тегжейлі айтып берсеңіз. Бұл құжаттар ұзақ әзірленгеніне және олардың бір күннің ісі емес екеніне сенімдімін.
– Біз көптеген саланы қамтитын кең ауқымды келісімдерге қол қойдық. Оның қатарында ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, авиация, маңызды минералдар және өзге де салалар бар. Бұл келісімдер, мен бұған дейін атап өткендей, Мемлекеттік департаменттің экономикалық бөліміндегі біздің қызметкерлердің, сондай-ақ коммерциялық қызмет мамандарының көп жылғы жұмысының нәтижесі. Бізде Сауда министрлігінде бүкіл Қазақстанға жауап беретін коммерциялық атташе бар, ол Алматыда жұмыс істейді. Олар іскерлік байланыстарды дамыту мақсатында компаниялармен әріптестік құрады. Сондай-ақ, бізде "B5+1" форумы бар, ол 2024 жылы Алматыда өткізілсе, кезекті шара 2026 жылғы ақпанда Бішкекте өтеді.
Осылайша, біз бұл жоғары деңгейдегі сапар болғанына және мұндай жоғары деңгейдегі келесі сапар қашан болатынын білмейтінімізге қарамастан, жұмысты жалғастырамыз. Бұл жұмыстар өткен аптаның тарихи жетістіктерін дамыту үшін, көбірек келісімдер жасасу және Қазақстанмен әріптестіктің жаңа жолдарын табу мақсатында жалғасын табады.

– Қазақстанның геосаяси жағдайы бір жағынан тиімді болса, екінші жағынан оңай да емес. Бұл туралы саммит барысында америкалық тараптан да бірнеше рет айтылды. Аса маңызды минералдарға айрықша қызығушылыққа орай, бұл мәселе ушыға түсуі мүмкін бе?
– Бұған дейін айтқанымдай, Құрама Штаттар мен Қазақстан аса маңызды минералдардың кен орындарын игеру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қазақстан аса маңызды минералдарға бай екені белгілі. Америкалық Cove Capital компаниясы тек өндіру мен байыту ғана емес, Қазақстанда қайта өңдеуге де бір миллиардтан астам инвестиция құйып отыр. Америкалық компаниялар кез-келген салаға келгенде орындайтын позитивті жұмысты тағы бір қайталап айтқым келеді. Олар жетекші тәжірибе мен заманауи технологияларын әкеліп, қоршаған ортаны қорғайды және ұзақмерзімді перспективаға жұмыс істейді. Олар Қазақстанға көмек көрсетуді көздейді. Оны біз Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері инвестиция салған компаниялардың мысалынан көре аламыз.
– Сіз дұрыс айтасыз. Расымен де бұл теңгерімді сақтау, шикізаттық және шикізаттық емес секторда да әріптестікті қатар дамыту өте маңызды. Бүгінгі таңда әңгіме Қазақстанмен 30 келісім жайында болып отыр. Алда әлі бірқатар маңызды кездесу, келісімге келулер болады. Тіпті, мемлекеттік хатшы Марк Рубионың Қазақстанға келетіні туралы да айтылды. Оның Қазақстанға сапары туралы мәселе шешілді ме? Білкім, нақты күні не уақыт мерзімдері белгілі болар?
– Біз үшін мемлекеттік хатшы Марк Рубионы біздің өңірде, оның ішінде Қазақстанда қарсы алу үлкен құрмет болар еді. Бірақ, менде оның сапарының күні туралы әзірге ақпарат жоқ. Ол келесі жыл ішінде Орталық Азияның барлық еліне бару ниеті бары туралы расымен де айтты. Меніңше, 2026 жылы болуы керек.
– Біз де оны Қазақстанда қарсы алуға аса қуанышты боламыз. Тарихқа үңілсек, ол Қазақстанға келген Америка Құрама Штаттарының бірінші мемлекеттік хатшысы болмайды. Ал америкалық лидер туралы бұлай айта алмаймыз. Саммит кезінде президент Трамп америкалық көшбасшының Қазақстанға жасалуы мүмкін бірінші тарихи сапары жайында: "I think it's very possible" деп жауап берді. Гипотеза тұрғысынан талдап көрсек, егер Марк Рубио Қазақстанға келесі жылы келсе, онда президент Трамп қашан келуі мүмкін? Яғни, бұл 2026, 2027 жыл болуы мүмкін бе?
–Президент Трамптың сапары, әлбетте, тарихи әрі тамаша жетістік болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, менде оның жұмыс кестесіне қатысы ақпарат жоқ, сондықтан президенттің жоспарларына қатысты сұрақтарды Ақ үйге жолдауыңызды сұрауға мәжбүрмін. Мен президенттің нақты сапарын бекітетін бірде-бір хаттаманы білмеймін, бірақ, бұл сапар болады деп үміттенемін.

– Бас консул ханым, келесі жылы мемлекеттік хатшының сапары кезінде Сіз осы қызметте боласыз ба?
– Мен мемлекеттік хатшы Марк Рубио қай айда келетінін білмеймін, бірақ ол 2026 жылы болады деген үміттемін. Білкім, мен әлі осы қызметте болармын, бірақ менің бас консул ретіндегі өкілеттік мерзімім алдағы жазда аяқталады.
– Өткен екі жарым жыл өнімді жұмыстарға толы болды. Сіз бұл кезеңдегі өз жұмысыңыздың негізгі нәтижелері ретінде нені атар едіңіз?
– Бас консул жұмысының ең жақсы жақтарының бірі – мен әртүрлі мәселелермен айналысамын. Мәдениет және білім беру салаларынан баста, экономикалық, саяси және қауіпсіздік бойынша мәселелерге дейін... Мемлекеттік департаменттегі 23 жылдық қызметімде мен негізінен экономикалық және коммерциялық мәселелермен айналыстым. Сондықтан, егер мен өзіме ұнайтын және өзімді еркін сезінетін жұмысты таңдау құқығы берілсе, ол экономикалық және коммерциялық мәселелер болар еді.
Мәселен, ол – Шымкенттегі Coca-Cola зауытын ашу кезінде лентаны қию мүмкіндігі. Америкалық ірі компания Honeywell-дің жаңа кеңсесінің ашылуы кезінде лента қию мүмкіндігіне ие болдым. Снектер шығаратын Pepsi Lay’s зауытына бару мүмкіндігім болды. Сондықтан, бүкіл ауыр жұмысты көру, оның жасалған келісімдер, Қазақстанға құйылған инвестициялар мен Құрама Штаттармен жасалған сауданың нәтижелерін көру расымен қуанышқа бөлейді.
– Жастарды, жас кәсіпкерлерді, оның ішінде әйелдерді қолдауға бағытталған көптеген білім беру, гуманитарлық жобалар болғанын білемін. Қай бағдарламаларды өзіңіз ерекше атап өтер едіңіз?
– Бізде мені айрықша қанаттандыратын және "C5+1" дипломатиялық платформасының аясында өңірлік сипатқа ие бір жоба бар. Ол – GoViral. Бұл жоба шығармашылық индустрияда жұмыс істейтін жас кәсіпкерлер мен блогерлерге арналған. Біз оны менің қызмет уақытымда да, оған дейін де зор мақтанышпен қолдау көрсетіп келеміз. Осы ретте "C5+1" платформасының тағы бір жетістігі – бүкіл Орталық Азиядағы жастарды біріктіруіміз дер едім. "C5+1" саммитінде біз, сондай-ақ, платформамыздың аясында мәдени және экономикалық әріптестікті сақтауды күшейту жөнінде екі жаңа келісімге қол қойдық.
– Келесі сұрақтың жауабы біздің көптеген көрерменіміз үшін де қызықты боларына сенімдімін. Мен Сізді бірнеше мәрте "Еркін ханым" деп атадым. Тегіңіздің қазақша айтылуы, әлбетте, кей адамдардың көкейінде сұрақ тудырғаны анық.

– Еркін – менің күйеуімнің тегі. Ол америкалық азаматтық алғанда біз осы текті таңдадық. Қазақ дәстүрі бойынша, бұл тек оның әкесінің атынан алынған. Мен үшін оның еркіндік немесе тәуелсіздікті білдіретіні маңызды. Бұл АҚШ үкімет Қазақстанға не қалайтынын еске салып тұрады. Ол Қазақстан еркін, егемен болғанын және территориясының тұтастығы сақталғанын қалайды. Біз үшін бұл текте еркіндікті білдіретін символикалық мән жатыр. Бұл текті күйеуім АҚШ азаматтығын алғанда бірге таңдадық.
– Сіз орысша сөйлейтініңізді білемін. Қазақ келіні ретінде өтіліңіз үлкен болғандықтан, қазақша да білесіз. Осы орайда сізге мынадай сұрақ қойғым келіп отыр. Қазақ тілінде сіздің жадыңызға жатталған, санаңызға сіңіп қалған қандай да бір мақал, мәтел не өзге қанатты сөз бар ма?
– Қазақ тілінде мен үйренген алғашқы сөздердің бірі "айналайын" болды. Қазақ тілі мен үшін сүйікті әрі ерекше тіл, өйткені бұл сөзді менің енем балаларым кішкентай көзде көп айтатын. Мен үшін бұл сөз көп жылдардан бері мен алып келе жатқан отбасының қолдауын білдіреді. Маған қазақ туысқандар мен балаларым кішкентай кезде үлкен қолдау көрсеткен тамаша ене бұйырды. Отбасымның, күйеуімнің және енемнің қолдауынсыз мұндай талабы қатал мансап құруым қиынға соғар еді.
– Шын мәнінде, қызмет бабымен қайда жүрсеңіз де, Қазақстан әрдайым сіздің жүрегіңізде деп ойлаймын. Сізге атқарған жұмысыңызда, бізге уақыт бөліп, студияға келгеніңізге алғыс айтамын. Алдағы уақытта да жетістіктеріңіз көп болуын тілеймін!
– Үлкен рахмет. Мен өз тарапымнан сөз қоссам бола ма? Қазақстанда біліп-таныған қазақ халқының айрықша бір қақырын атап өткім келеді. Ол – қазақ халқының бүкіл әлемге әйгілі қонақжайлылығы. Таяуда президент, президенттің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор және мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландаум барған делегацияға көрсетілген қазақтың қонақжайлылығы оларға қазақ асханасымен, қазақ мәдениеті және дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік бергенін айтқым келеді. Бұл расымен де оларда оң әсер қалдырды және өткен аптада қандай жетістіктерге жол ашқанын өз көзімізбен көрдік. Сондықтан, президент әкімшілігіне, Алматы әкіміне және Сыртқы істер министрлігіне қонақжайлылығы үшін алғыс айтқым келеді. Меніңше, бұл – қазақ халқының қолынан өте, өте жақсы келетін іс.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59