Тікелей эфир

Оңтүстіктің өзекті мәселесі. Oy-Detox отбасындағы зорлық тақырыбын Шымкентте талқылады

Фото: OY-DETOX
Фото: OY-DETOX
Жоба аясында Қазақстанның үш қаласында сол өңірдегі өзекті мәселеге қатысты талқы өтеді.

Шымкент қаласында OY-DETOX Aimaqtar жобасының алғашқы талқысы зорлық-зомбылық тақырыбы аясында өтті. Жоба авторлары әр аймаққа барып, сол аймақтағы мәселелерді жергілікті мамандармен талқылайды.

"Біздің мақсатымыз – аймақтардағы жаңа сарапшыларды таныстыру, әр аймақтың үнін есту. Неге десеңіз, талқының бәрі Алматы мен Астанамен шектеледі. Үлкен мінберде айтылатын сөздер кейде қалың көпшілікке жете бермейді. Әр аймақтың өзіндік проблемасы бар. Адамдар тіршілік, күнкөріс қамы деп жүріп қалыс қалады. Шымкент – жоба аясындағы үш қаланың бірі әрі алғашқысы. Әр аймақтың өзіне тән өзекті проблемасы, тыныс-тіршілігі болатыны сөзсіз. Мәселен,  Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің саны өзге аймақтарға қарағанда өте жоғары. Ұлттық құндылықтардың ошағы саналатын аймақта мәселенің мән-жайын жергілікті мамандармен талқылап көргіміз келді", – деді жоба жетекшісі, журналист Әйнел Әмірхан, 

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі директоры Бағдагүл Байтешова орталықтың жұмысы туралы айтты.

"Көмек сұрап келген әйелдер орталықта алты айға дейін тұра алады. Үш мезгіл тамақ береміз. Қабылдау бөлмесіне келгенде әйелдерді тыңдаймыз, кейін психологтар сөйлеседі. Отбасы құндылығын түсіндіреміз. Татуласып кететіндер де, енді бірге тұра алмаймыз деп ажырасамыз деп шешетіндер де бар. Оларға ажырасу процесін, алимент алу, мүлікті бөліп алуды түсіндіреміз. Адвокаттар тегін қызмет көрсетеді. Жұмысқа тұруына, әлеуметтік төлем алуына көмек береміз. Бізге әйелдер балаларымен келеді", – деді Бағдагүл Байтешова.

Фото: OY-DETOX

"Сана Сезім" әйелдер бастамалық құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Шахноза Хасанова 2016 жылға дейін дағдарыс орталықтары мүлдем болмағанын, оған дейін әйелдер барар жері болмай, отбасына оралып, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жабулы қазан күйінде қалатынын айтты.

"Заңға сәйкес зорлық-зомбылық көрсететін адамдарды жауапқа тарту керек. Әйтпесе өзін еркін сезініп, қайта қылмыс жасайды. Статистика осы мәселе туралы ашық талқылай бастағаннан кейін өсіп отыр. Әрине, бұрын болмаған, қазір пайда болған нәрсе емес. Заңды күшейтумен ғана бұл мәселені шеше алмаймыз. Әрбір азаматтың сана-сезімімен де жұмыс істеу керек. Мектеп, білім мекемелерінде алдын алу туралы, мұндай жағдайға ұшырағанда кімге жүгіну керек, қай жерге бару керек екенін айтымыз қажет. Зорлық-зомбылық құрбаны көбейген соң дағдарыс орталықтарын ашу қажет, себебі көпбалалы әйелдің жеті-сегіз баласына да орын тауып беру қажет", – деді Шахноза Хасанова.

Ахмет Ясауи ХҚТУ қауымдастырылған профессоры, "Сана" бағдарламасының жүргізушісі, PhD. Молдияр Ергебеков зорлық-зомбылықтан қорғану жолдары мен зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы туралы айтты. 

"Заң шықса да, ол заң орындалмауы мүмкін. Өйткені, зорлық-зомбылыққа қарсы мәдениет жоқ. "Өзі кінәлі", "тілі ащы екен", "өзі арандатыпты" деп заң орындалмауы мүмкін. Зорлық-зомбылықты көрген кезде сезімтал болу, көмекке ұмтылу мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Көп зерттеуші зорлық-зомбылық себебі неде дегенде дәстүрді алға тартады. Түркістан облысының тұрғындары көбінесе дәстүрге берік, дәстүршіл адамдар. Сондықтан дәстүр себеп болып отыруы мүмкін дейді. Дәстүр қатып қалған нәрсе емес. Белгілі бір кезеңде шыққан тарихы бар дүние. "Адамды өлтірме", "өсек айтпа", "біреуге қиянат жасама" деген секілді құндылықтар – ғасырдан-ғасырға сүзгіден өтіп келе жатқан маңызды құндылықтар. Ал енді "әйелді ұрып ұста", "үйіңнің төріне қамшы қойып қой, қамшыны көріп тыныш жүрсін" деген сияқты түсініктердің өзіндік бір шығу тарихы бар", – деді сарапшы.

Фото: OY-DETOX

Молдияр Ергебеков дәстүрлі қазақ қоғамының тарихына үңілгенде әйелдерге бағытталған зорлық-зомбылық, әйелдерді зат ретінде санау, заттандырған психология мен дәстүрдің шығуы отарланған кезеңнен басталатынын айтты.

"Мысалы, Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке би "әйелдерді ұрыңдар!" деген жоқ. Тіпті, Төле бидің келінімен ізгі қарым-қатынаста болғанын баршамыз білеміз. Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" кітабында қыз баланы оқытыңдар деген. Ахмет Ясауи әйел мен еркектер Құдайдың алдында да, шынайы өмірде де тең дейді. Қазақ қоғамы отарлық кезеңге ілікеннен әйелдерге бағытталған зорлық-зомбылық та арта бастады. Әлеуметтік психология тұрғысынан қарасақ отарланған қоғамның ең күштілері – еркектер. Олар отарланғандығын көтере алмайды, өйткені олар қорланды. Қорланған кезде олар қорлайтын басқа бір объектіні іздейді. Ал қоғамның ең әлсіз тұлғалары – әйел мен бала. Сондықтан да әйелдерге, балаларға бағытталған зорлық-зомбылық дәстүрінің тууын көбінесе осы отарлану кезеңінен көремін", – деді профессор.

Әйнел Әмірхан келесі талқы Ақтөбедегі азаматтық қоғамның даму тақырыбында екенін айта кетті. Талқы OY-DETOX YouTube арнасында жарияланады.

OY-DETOX Aimaqtar жобасының басты мақсаты – Қазақстанның бірқатар қаласында жергілікті сарапшылардың, мемлекеттік, үкіметтік емес ұйымдар, журналистер мен белсенділердің және қоғамдық сектор өкілдерінің қатысуымен қазақ тілінде ой-талқы өткізу. Жоба арқылы Қазақстанның түрлі қалалары мен аймақтарындағы жергілікті азаматтық қоғам, қоғамдық бастамалар мен қоғамдық қорлардың еңбегін медиада қолдап, олардың жұмысының маңыздылығын көрсету, қалың аудитория үшін жаңа сарапшылардың атын ашу. 

Бұл жоба Евразия қоры жүзеге асыратын АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы әлеуметтік Инновациялар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Серіктестер жаңалықтары