Тікелей эфир

Несиеге iPhone не қымбат көлік алуға адамды не итермелейді? Психоаналитиктер түсіндірді

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Биыл банкке берешегін кешіктіргендер саны 11% өсті.

2023 жылы несиесін уақытылы төлемегендердің қарызы 390 млрд теңгеден асты. Ұлттық банктің хабарлауынша, қарызды кешіктіретіндер саны биыл 11% өскен. Оның ішінде 327 млрд теңге тұтынушылық несие болса, 46 млрд теңге микроқаржы ұйымдарынан алынған. Ал ипотекалық қарыз сомасы 26 млрд 700 млн теңгеден асады.

Несиені уақытылы төлемегендердің көбі – Алматы тұрғындары – олардың қарызы 164 млрд теңге. Шымкент, Астана қаласында да берешегін өтемей жүргендер көп.

Тұтынушылық несие алуға адамды не итермелейді?

Психоаналитик Константин Колобов адамның несиеқұмар болуы ішкі жай-күйі, жан-жарасымен тікелей байланысты болатынын айтады. Сондай-ақ ол несие алудың оң тұстары да болатынын атап өтті. 

"Адамның бойында қандай да бір тәуелділік барын анықтау үшін психоаналитикалық диагностикадан бастаймыз. Соңғы уақытта мамандар несиені жиі алуды "тәуелділік" деп қарастырып жүр. Несие алудың астарында "сау тәуелділік те" болуы мүмкін. Мысалы, өз қалауымен сүйіп қосылған ерлі-зайыпты қай жағынан алсақ та бір-біріне қамқор болады. Әйелі күйеуінің жұмыстан қарны ашып келе жатқанын ойлап шай қойып, тамақты жылыта бастайды. Күйеуі үйінде өзін күтетін адам барын біліп жоғары жалақы алып, үйге уақытында келуге тырысады. Бөгеліп жатса, әйеліне ескертеді. Сол секілді кей бизнесмен, инвестор несиені табысын еселеу үшін алады. Сондай-ақ несиені соңғы шыққан iPhone ұстап, бренд киім кигісі келгендіктен алатындар да бар. Тіпті жалдамалы пәтерде тұрып жатса да, сыныптастар кездесуінде жақсы көріну үшін Land Cruiser көлігін несиеге алған адамды көрдім. Мұндай әрекетке адамды не итермелейді? Себеп біреу – адам іштей өзін өзгелерден кем сезінеді. Ал адам қай кезде өзін кем сезінеді? Ата-анасының немесе өзге жақындарының өзін жақсы көретінін сезінбей өскенде. Психоанализ ілімінде мұны "нарцистік құрылымдағы адам" деп айтады. Мұндай адамдар өміріндегі ащы шындықпен бетпе-бет кездесуден қорқып, жан-жарасын сырт көзге бүтін етіп көрсетуге тырысады. "Сыныптастар кездесуіне қалай барамын? Олар мен туралы не ойлайды?" деп уайымдаған клиенттерім болды. Оларға өзі туралы шындықты мойындау ауыр тиді. Осы ұят сезімі әсерінен әлгі кездесуге жалдап болсын қымбат көлік мініп, біреудің Rolex сағатын сұрап тағып баруға тырысқандар болды. Ал несие қуыс кеудені толтыруға көмектеседі. Бірақ адам қанша жерден несие алып, iPhone сияқты қымбат телефонды қос-қостап ұстаса да, бәрібір іштегі жағымсыз сезімнен арыла алмайды. Басқа біреуде жақсырақ дүниенің болуы олардың жанын жегідей жейді", – деді группаналитик Константин Колобов.

"Бала әке-шешесін ұялту арқылы жазалайды"

Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова тек несие құмарлық емес, клептомания астарында да махаббат пен эмоциялық байланыстың жетіспеушілігі жатқанын айтады. Осы орайда ол әкесі алдына алып келген 8 жасар қыздың оқиғасына тоқталды. 2-сыныптағы қыз бала мектепте де, үйінде де ұрлық жасайтындықтан, отбасы психоаналитиктен көмек сұрауға мәжбүр болған.

"Мектеп директоры "Не кетесіңдер, не психологқа барып емделесіңдер" деп талап қойған екен. Консультацияға келген ер адамның денесі ірі, ал қызы титімдей ғана. Кейін қыз бала екеуіміз оңашада қалдық. Айтуынша, сабақтан "4" деген баға алып келсе, әкесі ұрады. Қандай да бір себеппен әке-шеше махаббатын сезінбеген балалар, оларды клептомания арқылы жазалауы мүмкін. Бұл жағдайда әке-шешесін ұялтып, олар мектепке басын салбыратып келетіндей жағдай жасап тұр. Мұның барлығы бейсаналы жүзеге асады. Сонда 2-сынып оқушысы өзін еңгезердей әкесінен қалай қорғай алады? "2" немесе "3" деген баға алып келсе, жанашырлық танытуға болады. Бірақ "4" деген баға үшін қыз балаға қол көтеру – ақылға сыймайтын дүние. Анасына келер болсақ, ол қыз баланың өмірінде айтарлықтай рөл атқарып отырған жоқ. Әйел осы қызынан кейін ұл бала босанып, бар назары кенжесіне ауып кеткен. Консультация кезінде әкесінен үйіне барған соң қызымен ашылып сөйлесуді өтіндім. Келесі келгенде екеуінің ашылып сөйлесіп, бір жылап алғанын айтты. Бұл жерде әкенің көзіне жас алғаны – оның өзінің қандай қате жасағанын түсінді деген сөз", – деді психоаналитик.

Анна Құдиярова терапия барысында қыз баланың неге басқалардың заты мен ақшасын ұрлайтынын зерттеген. Сонда әкесінің оған тиісті деңгейде ақша бермейтіні анықталған. Әрі-бері жолына 25 теңге мен бәліш сатып алуға 10 теңге береді екен. Кейде бәліш жемей, оның орнына басқа керегін сатып алады. Ақырында әкесі қызына 200 теңгеден беріп отыруға келіседі. Оқиға мұнымен бітпейді. Қыз бала 14 жасқа толған кезде әлгі отбасы тағы да психоаналитик көмегіне жүгінеді. Бұл жолы ол анасының сөмкесінен ескертпей 2 мың теңге алған.

"Жасөспірім қыз анасына әтір сатып алғысы келген. 8 наурызға дейін тек 3 мың теңге жинап үлгергендіктен, қосымша ақшаны анасының сөмкесінен алады. Мұндай сыйлықтың болғанын әкесі де растады. "Қызымды тәрбиелеу керек. Мен оған әлі күнге дейін 200 теңге беріп келемін ғой. Ол неге ұрлайды?" деп шағым айтты. Ал арада 6 жыл өтті. Қыз балаға қазір бәліш қана емес, тырнақ бояйтын лак пен ерінге жағатын далап керек. Қысқасы, 2 мың теңге беріп отырады деп келістік. Ата-ана баласына осылай ақша берген кезде өзінің тар адам еместігін көрсетсе игі. Тым көп те берудің қажеті жоқ, жеткілікті мөлшерде болуы керек. Бұл балада өзіне берер бағасының жақсы болуы үшін жасалады. Сондай-ақ ақша адамға тәуелсіздік сезімін сыйлайды. Бірақ ақшадан бұрын эмоциялық байланыстың болуы маңызды. Жалпы бала жақын адамымен тіршілік қамы үшін күніне екі рет, белсенді қозғалуы үшін төрт рет құшақтасуы қажет. Ал балаңызда бақытты балалық шақ болсын десеңіз, күніне 8 рет құшақтаңыз. Алдыма келген клиенттің көбі әлі күнге дейін "Әкем-шешем маңдайымнан бір құшырлана сүйіп, құшағына басса" деп аңсайды. Балаларыңыз қартайған шақта сізге қол ұшын созғанын қаласаңыз, сіз оларға бүгін көмектесіңіз", – деп кеңес берді Анна Құдиярова.

Психоаналитиктің айтуынша, 1,5-3 жас аралығында әр балада ақшамен қарым-қатынас құрылады. Баланың осы жаста қандай тәрбие көргеніне қарап, ертең бай немесе кедей болатынын болжауға болады. Тіпті депозит салатынын немесе қарызға белшесінен батып жүретінін де. Дәлірек айтсақ, адамның дәулетті болуы ата-анасының оның нәжісіне деген көзқарасымен байланысты. Бала үлкен дәретке отырған кезде қол соғып қошеметтесе, үлкендер "Әй, жарайсың!" деп қуанса, ол баланың ересек өмірде қолы ашық болады. Өзін де, өзгелерді де түрлі сыйлықпен қуантады. Ал осы жас аралығында "Үлкен дәретке отырғың келсе де, келмесе де отырасың" деп қорқытып алсақ, кейін сараң адам болып өседі. Ішінде барды бергісі келмейді.

Дегенмен Анна Құдиярова арада эмоциялық байланыс орнатудың, яғни бала "5" алып келсе де, "2" алып келсе де, бірдей жақсы көретінімізді сездіру маңызды екенін алға тартты. Әке-шешесінің риясыз махаббатын сезініп өскен баланың өзіне берер бағасы тұрақты болады. Сондай-ақ маман несие алудың астарында әке мен ана алдында өзін қарыз сезінумен немесе керісінше "мені жақсы көрмеді" деген ой жататынын айтады.

Группаналитик Константин Колобов та әріптесімен келіседі. Ата-ана мен бала арасындағы эмоциялық қарым-қатынас әрдайым алға шығады.

"Несиені тәжірибесі мол, ірі корпарация басқаратын адам алатын болса, ол міндетті түрде қаражатын еселейді. Әу бастан оны несие алуға қажеттілік емес, қаражатты еселеу деген ой итермелеп отыр. Кейбір жас отбасының дүкенге баласымен бірге кіргісі келмейтінін, оны кімге ұстата тұрсақ деп жүгіріп кететінін байқаған шығарсыз. Мұндай ата-аналар "Балам дүкенге кіргенде анаған да, мынаған да жармасып алады" деп қорқады. Үлкендер тарапынан махаббатты сезінбеген бала әлбетте оның орнын ойыншықпен не қымбат затпен толтыруға ұмтылады. "Аузыңды жап" деп баласының қалауын мүлдем ескермейтін ата-аналар да бар. Ал шынайы махаббат бар отбасында барлығы ретімен жүзеге асады. Теория жүзінде мұның барлығы емделеді деп айтамыз. Осыған қарап емделу оңай деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл шыдамды талап ететін ұзақ жол", – деді Константин Колобов.

Банктен несие алғанда не нәрсеге мән беру керек?

Осы орайда психоаналитик несие алмас бұрын жан жарасына үңіліп, өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет кездесуден қорықпауға шақырды. Қаржыгер маман Жалғасбек Ақболат та осындай пікірде. Оның айтуынша, несие берген кезде тек банк тарапы ұтады. Сондай-ақ оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

"Жоғарыда айтып өткенімдей, банктерге несие беру мөлшерлемесін 56%-ке дейін көтеруге рұқсат беріліп келді. Осының арқасында олар күреп табыс тауып жатыр. Мысалы, тұтынушы бір жыл мерзімге бір миллион теңге алса, оны келесі жылы 1 миллион 560 мың теңге етіп қайтарады. Ал егер мерзім 2 жыл болса, онда үстіне тағы 56% қосылады. Негізінде бұл – халықты қинау. Оған қоса, азаматтар несиені қайтара алмай қалған кезде үстіне тағы "%" қосады. Осы тұста "Банктер несиеге беретін ақшаны қайдан алады?" деген орынды сұрақ туындайтын шығар. Біріншіден, банктерден, екіншіден, депозиттерде тұрған ақшалардан алады. Азаматтар депозитке ақша салса, сол қаржыны айналымға енгізеді. Меніңше, 56% орнына 30% да жеткілікті. Тіпті, осы 30 пайыздың өзін көп деп айтар едім. Өйткені тұтынушылық несиені халық өзіне жаратып жібереді, одан ешқандай ақша жасамайды. Ақыры бұл ақшаны қайтаруға қабілетсіз болып, тұрмыс деңгейінде түрлі кикілжің болады", – дейді Жалғасбек Ақболат.

Осы орайда маман несие алған кезде шартты толық оқып шығуға кеңес берді. Әсіресе, мына пункттерге аса мұқият болуды ескертеді:

  • "Форс-мажор жағдайында" деген пунктте инфляция деңгейі 10 пайыздан асса, клиенттің несиесі қайта қаралатыны туралы жазылады. Клиенттің несиенің үстіне қосып төлейтін ақшасы өседі. Тіпті банк бұл туралы клиентке ескертпеуі мүмкін.
  • "Жылдық эффектив мөлшерлеме". Бұл – клиенттің нақты төлейтін проценті. Көп жағдайда билбордта 0%, 12%, 16% деген жалған ақпарат көрсетіледі. Банк клиенті менеджерден "жылдық эффектив мөлшерлеме" туралы ақпарат талап етуге құқылы.
  • "Несиені қайтарудың екі түрі болады: дифференциал және аннуитет. Көбіне адамдар есеппен бас қатырғысы келмегендіктен, екінші түрін таңдайды. Мысалы, басынан бастап, соңына дейін 50 мың теңге төлеп отырасыз деген сияқты. Бұлай төлеу бір қарағанда ыңғайлы болып көрінгенімен, үстіне қосып төлейтін %-і көп. Ал дифференциалда тиісінше бастапқыда көп, соңына қарай аз ақша төлейсіз.

"Бұл төлем түрінде үстіне қосылатын "%" аз болса да, адам кестеге қарап отыруға міндетті болады. Сол кестеде көрсетілген сомадан аз төлеген жағдайда үстіне тағы "%" қосылады. Несие рәсімдегені, қарыз ұйымдастырғаны, микронесие бергені, қызмет ұсынғаны, банк шотын ашқаны, қарыз алуға өтініш бергені және басқа да құжаттарды қарағаны үшін деген комиссия түрлері бар. Мұндай пункттер кездесіп жатқан жағдайда оларды төлеуге тиісті емес екеніңізді мәлімдеу қажет", – дейді қаржыгер.

Сондай-ақ Жалғасбек Ақболат бюджет хатқалталарын ұйымдастырған артық болмайтынын айтады: азық-түлікке, коммуналдық төлемдерге, "қалауларға", көңіл-көтеруге, қосымша қор деген сияқты. Ақшаны жұмсаған кезде осы хатқалталардағы сомалардан асып кетпеуі керек. Қаржыгер несиені төлеген кезде проценті ең жоғарысынан бастауға кеңес берді.  

Серіктестер жаңалықтары