Мамандықты қалай таңдауға болады? Кәсіби бағдар тесттерін дұрыс қолдану жолы

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Мамандық таңдауға көмектесетін 5 тест.

2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда 15 жастан асқан халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі 64,3 пайызды, ал жұмыс күшіне шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 95,5 пайызды құрады. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деректеріне сәйкес, 2026 жылдың маусым айының соңында 8,6 мың адам кәсіптік оқуға, қайта даярлауға немесе біліктілігін арттыруға жіберілген, ал 1,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысқан.

Бұл деректер еңбек нарығында мамандықты дұрыс таңдаумен қатар, кәсіби дағдыларды үнемі жетілдірудің және қажет болған жағдайда басқа кәсіпке қайта даярланудың да маңызды екенін көрсетеді. Кәсіби бағдар тесттері адамның қызығушылығы мен қабілетіне жақын бағыттарды анықтауға көмектеседі. Оларды мектеп бітірушілер ғана емес, мамандығын өзгертуді немесе жаңа дағдыларды меңгеруді жоспарлап жүрген ересектер де пайдалана алады. 

Кәсіби бағдарды қалай анықтауға болады?

Кәсіби бағдарды анықтауға арналған әдістемелер адамның қандай қызмет түріне қызығатынын, қай бағытта қабілетін жақсырақ көрсете алатынын және қандай жұмыс ортасы өзіне қолайлы екенін бағалауға көмектеседі.

Кең таралған әдістемелердің бірі – психолог Евгений Климовтың жіктеуі. Ол мамандықтарды бес топқа бөледі:

  1. Адам – адам. Адамдармен қарым-қатынас жасауға, оларға көмектесуге, үйретуге немесе кеңес беруге негізделген жұмыс. Мысалы, мұғалім, дәрігер, заңгер, журналист.
  2. Адам – табиғат. Тірі ағзалармен, табиғи құбылыстармен және қоршаған ортамен байланысты қызмет. Мысалы, биолог, агроном, ветеринар, эколог.
  3. Адам – техника. Техникалық құрылғыларды құрастыру, жөндеу және пайдалану. Мысалы, инженер, механик, электрик.
  4. Адам – белгі жүйесі. Ақпаратпен, сандармен, мәтіндермен, кодтармен және басқа шартты белгілермен жұмыс істеу. Мысалы, бағдарламашы, аудармашы, бухгалтер, корректор.
  5. Адам – көркем бейне. Көркем туындылар жасауға, шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қызмет. Мысалы, суретші, актер, музыкант, дизайнер.

Тағы бір танымал әдістеме – америкалық психолог Джон Голландтың кәсіби бағдар теориясы. Ол адамның қызығушылығы мен тұлғалық ерекшеліктеріне қарай алты типті ажыратады:

  1. Шынайы тип. Практикалық жұмысқа, құрал-жабдықтармен әрекет етуге және нақты нәтиже алуға бейім. Мысалы, механик, агроном, электрик.
  2. Зерттеуші тип. Ақпаратты талдауға, ғылыми ізденіске және күрделі мәселелердің шешімін табуға қызығады. Мысалы, ғалым, зерттеуші, бағдарламашы.
  3. Әлеуметтік тип. Адамдармен араласуға, үйретуге, қолдауға және кеңес беруге бейім. Мысалы, мұғалім, психолог, әлеуметтік қызметкер.
  4. Көркем тип. Шығармашылыққа, қиялға және өзіндік идеяларын жүзеге асыруға қызығады. Мысалы, жазушы, дизайнер, режиссер.
  5. Кәсіпкер тип. Ұйымдастыруға, бастама көтеруге, адамдарды сендіруге және шешім қабылдауға бейім. Мысалы, кәсіпкер, менеджер, продюсер.
  6. Дәстүрлі тип. Жүйелі жұмысқа, ақпаратты реттеуге, есеп жүргізуге және нақты ережелерді сақтауға бейім. Мысалы, есепші, іс жүргізуші, деректерді өңдеу маманы.

Бұл типтер бір-бірін жоққа шығармайды. Бір адамда бірнеше бағыт қатар басым болуы мүмкін. Сондықтан тест нәтижесі бір ғана мамандықты міндетті түрде таңдау керек дегенді білдірмейді.

Кәсіби бағдарға көмектесетін 5 тест

№1. Daryn Bagdar

Daryn Bagdar сайтында 9, 10, 11-сынып оқушыларына кәсіби бағдарды анықтауға арналған тест өтуге болады. Тесті бастау үшін адамның есімі мен телефон нөмірін енгізу қажет. Ары қарай екі жауап нұсқасы бар бірнеше сауалға жауап бересіз. Одан кейін жауаптарыңызға сай келетін мамандық саласын ұсынады. Сонымен қатар қай пәнді жақсы оқитыныңызды көрсету керек. 

Скрин: daryn-bagdar.kz

Жауаптарды сараптау біраз уақыт алады. Тест нәтижесі дайын болғанда тест бастарда көрсеткен нөмірдегі Whatsapp-қа келеді.  

Тест тапсыру →

№2. Enbek.kz

Скрин: enbek.kz

Қазақстанның Электрондық еңбек биржасында Ирина Гуслованың модификациясындағы Джим Барреттің кәсіби бағдар тесті бар. Ол адамның тұлғалық ерекшеліктеріне жақын қызмет түрлерін анықтауға көмектеседі.

Тест сұрақтарының әр блогында үш түрлі қызмет ұсынылады. Олардың ішінен өзіңізге ең тартымды бір нұсқаны таңдау керек. Нәтижесінде қай қызмет түрлеріне көбірек қызығатыныңызды және қандай мамандықтарды қарастыруға болатынын біле аласыз.

Бұл тестті мектеп оқушылары ғана емес, кәсіби бағытын өзгертуді ойлап жүрген ересектер де пайдалана алады.

Тест тапсыру →

№3. Testometrika

Testometrika платформасында кәсіби бағдарды анықтауға арналған бірнеше тест бар. Олардың арасында Евгений Климовтың әдістемесіне негізделген тест те кездеседі.

Климов әдістемесі арқылы адамның қай қызмет саласына көбірек қызығатынын анықтауға болады. Мысалы, біреуге адамдармен жұмыс істеу ұнаса, екіншісі техникалық міндеттерді орындауға немесе ақпаратты талдауға бейім болуы мүмкін.

Платформада кәсіби қызығушылықтарды нақтылауға арналған басқа да тесттер ұсынылған. Олардың көмегімен бастапқы нәтижені толықтырып, өзіңізге жақын бірнеше бағытты салыстыра аласыз. Кейбір тестілердің толық есебін алу ақылы болуы мүмкін.

Тест тапсыру →

№4. Фоксфорд

Фоксфордтың кәсіби бағдар платформасы мектеп оқушыларына арналған тесттер ұсынады. Тесттер баланың жасына және оқу сыныбына қарай бөлінген.

Мысалы, 5-8-сынып оқушыларына арналған тест кәсіби бағыттарға бейімділігін және дамытуға болатын қабілеттерін анықтауға көмектеседі. Ал 9-11-сынып оқушыларына арналған нұсқа болашақ мамандықтарды, қажетті дағдыларды және білім алу жолдарын қарастыруға бағытталған.

Тест нәтижесі оқушының мықты жақтарын түсінуге және қандай қабілеттерін дамыту керегін анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен мамандық таңдау кезінде мектептегі үлгерімін, пәндерге қызығушылығын және нақты жұмыс түрлерін де ескерген жөн.

Тест тапсыру →

№5. Адукар

Тест Голланд әдістемесіне негізделген. Барлығы 42 сұрақтан тұрады. Ұсынылған екі мамандықтың бірін таңдап отыру арқылы мінезіңізде алты тұлға типінің қайсысы басым екенін анықтай аласыз. Сонымен қатар олардың әрқайсысының егжей-тегжейлі сипаттамасы беріледі.

Аталған тестті де кез келген адам тапсыра алады. 

Тест тапсыру →

Кәсіби бағдар тестін қалай дұрыс тапсыру керек?

Тест нәтижесі адамның жауаптарына байланысты болғандықтан, сұрақтарға шынайы жауап беру маңызды. Мамандық таңдағанда айналадағы адамдардың пікіріне немесе қоғамда беделді саналатын кәсіптерге ғана сүйенбей, өз қалауыңызды ескерген жөн.

Тест тапсыру кезінде мына жайттарға назар аударыңыз:

  • Біріншіден, сұрақтарға өзіңізге ұнайтын қызмет түрлеріне қарай жауап беріңіз. Басқалар мақұлдайтын немесе табысы жоғары саналатын мамандықты әдейі таңдаудың қажеті жоқ.
  • Екіншіден, бір ғана тесттің қорытындысына сүйеніп шешім қабылдамаңыз. Бірнеше әдістеменің нәтижесін салыстырып, ортақ тұстарын анықтаңыз.
  • Үшіншіден, қабілет пен қызығушылықтың айырмасын ескеріңіз. Белгілі бір істі жақсы орындау оны күн сайын жасағыңыз келетінін білдірмейді. Керісінше, қызығатын салада әлі дамытуды қажет ететін дағдылар болуы мүмкін.
  • Төртіншіден, еңбек нарығын зерттеңіз. Өзіңізге ұнайтын мамандық бойынша қандай білім қажет екенін, оқу орындарындағы бағдарламаларды, жұмыс мүмкіндіктерін және еңбек жағдайларын қарастырыңыз. Қазақстанның Электрондық еңбек биржасындағы кәсіби бағдарлау және жұмыс іздеу қызметтері бұл бағытта қосымша ақпарат алуға көмектеседі.
  • Бесіншіден, мамандық өкілдерімен сөйлесіп, мүмкін болса, сол саладағы жұмыс барысын бақылап көріңіз. Мамандықтың атауы қызық көрінгенімен, күнделікті міндеттері адамның күткеніне сәйкес келмеуі мүмкін.

Мамандықты қай жастан бастап таңдаған дұрыс?

Кәсіби қызығушылықтарды мектептің орта буынынан бастап зерттеуге болады. Бұл кезеңде оқушының қай пәндерге қызығатынын, қандай тапсырмаларды ықыласпен орындайтынын және қандай қабілеттерін дамытуға болатынын байқаған жөн.

Жоғары сыныптарда бұл мәліметтерді нақты білім беру бағдарламаларымен, оқу орындарымен және еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен салыстыруға болады. Ал ересек адам кәсіби бағытын өзгерткісі келсе, тест нәтижесін бұрынғы жұмыс тәжірибесімен, меңгерген дағдыларымен және жаңа салаға ауысу мүмкіндіктерімен бірге қарастырғаны дұрыс.

Ескерту: Кәсіби бағдар тесті болашақты дәл болжай алмайды және адамның өмір бойы қандай мамандықпен айналысатынын анықтамайды. Оның негізгі мақсаты – адамның қызығушылығы мен қабілетін жақсырақ түсінуіне көмектесу. Сондықтан тест нәтижесін түпкілікті шешім емес, кәсіби бағытты зерттеудің бір құралы ретінде қарастырған жөн.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау