Lego киіз үй және Talapai. Қазақтың ұлттық ойындарын қалай жаңғыртуға болады

Айнұр Полатова / Фото: Informburo.kz
Айнұр Полатова / Фото: Informburo.kz
2022 жылы құрған Talapai стартапында бес түрлі қазақтың ұлттық ойыны бар.

Айнұр Полатова – қазақтың ұлттық ойындарына жаңа реңк берген жас стартап иесі. "Бес тас", "Құмар", "Ағаш үй" бестемшесі, "Тұмар" бестемшесі, "Тоғызқұмалақ" секілді бес ұлттық ойыннан тұратын Talapai жобасы Қазақстанға ғана емес, шетелге де танылып келеді. Киіз үй пішінді бестемшесі Louis Vuitton-ның назарына іліккен Айнұр енді киіз үйдің жиһаздарымен LEGO нұсқасын жасап шығармақшы.

Осы орайда Информбюро тілшісі тіл ғылымдарын оқи жүріп қазақтың ұлттық ойындарын зерттеп қана қоймай, оларды қайта жаңғыртқан Айнұрмен сұхбаттасты.

– Айнұр, өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Ұлттық ойындарды жаңғырту идеясы қалай дүниеге келді?

– Ақтөбе облысы Мөртек ауданының тумасымын. ҚазҰУ-да "Қазақ филологиясы" мамандығын тәмамдадым. Одан кейін ЕҰУ-да және Гёте атындағы Франкфурт университетінде "Лингвистика" бойынша магистратура бітірдім. Бакалаврда оқып жүргенде ұлттық ойындарды жаңғырту идеясы келді. Денсаулығыма байланысты Астанаға көштім. Сол кездері "өмірімде не істеп үлгердім?" деген сұрақ туды. Батыл болып, тәуекел етіп, өзім қалаған дүниелерді жасағым келді. Соңымнан із қалатындай пайдалы іспен айналысамын деп шештім. Қазақ тіліне, қазақ қоғамына үлес қосатын дүниемен айналысқым келді. Ойлана келе Қазақстан нарығында ойын индустриясы мүлдем жоқ екенін түсіндім. Достарымызбен бас қосқанда түрлі үстел ойындарын ойнағанда қазақ халқында үстел форматына келетін ойындар бар ма деген сұрақ туындады.

Фото: Айнұр Полатованың жеке архивінен

Ұлттық академиялық кітапханаға барып түрлі энциклопедияларды, оның ішінде ойындарға қатысты, жалпы қазақ мәдениетіне қатысты зерттеулерді оқып, этнографтармен сөйлестім. Қазақ көшпелі халық болғандықтан шауып жүріп бір орыннан екінші орынға қозағалатын қимыл ойындары екен. Көп қимылды қажет етпейтін тоғызқұмалақ пен асықты білеміз. Зерттей келе үстел ойындарына сай келеді-ау деген бес ойынды алды да, жобаны бастап кеттім. Ойындарды барынша заманауи реңкте жасау басты мақсатым болды. Бала кезден сырты көк тоғызқұмалақты көріп өстім. Пішіні бізді қызықтырмағандықтан бізден кейінгі ұрпақтың да қызығуы екіталай. Тоғызқұмалақты өте сапалы ағаштан, оюмен көмкеріп өзім елестеткендей заманауи реңкте жасауды ойладым. Солай жоба басталып кетті. 

– Жоба неге Talapai деп аталады?

– Talapai деген атау бірден ойға келген жоқ. Ойындарды жасап шығару оңай болмады. Оқуды енді бітіріп, Астанаға көшіп келген кезім. Ненің қайда екенін білмеймін. Тек қана миымда елестеткен сұлба бар, бірақ оны жүзеге асыру үшін материалды қайдан алатынымды, қалай жасайтынымды білмеймін. Екі айдай қате жіберіп, оны дұрыстап, Астанада бір шетінен екінші шетіне барып жүріп шебер таптым, шеберхана іздедім. Барлығы дайын болғаннан кейін енді жобаның атын қалай қоямыз дегенде ойындардың арасында "Хан талапай" болды. Ойынды "Талапай-ау, талапай, табылды ойын, алақай!" деп бастайды екен. Қазақтың ұмыт қалған ойындарын таптым, енді халық оны талап алса екен деген ниетпен "Талапай" деп қойдым. Этимологиялық сөздіктегі мағынасы – бір нәрсені талан-тартысқа салып бөліп алу.

Қазіргі кезде "Тоғызқұмалақ", "Бес тас, "Бестемше" деген ойындар бар. Бестемшенің екі түрі бар: "Ағаш үй" және "Тұмар" бестемшесі. Ертеректе киіз үй пішініндегі бестемше болған деген дерек бар. Бірақ мен оны жасаған кезде барынша өзгерткім келді де, түрлендіре келе үшбұрышты тұмар формасын ойлап таптым.

"Ағаш үй" бестемшесі / Фото: Айнұр Полатованың жеке архивінен 

– Ұлттық ойындардың пайдасы қандай? 

– Түрлі ойындардың арқасында мәдениетіміздің бөлшектері сақталып бізге жеткен. Мысалы, "Бестемше" ойынында жүріс солдан оңға қарай жүреді, өйткені қазақ атқа оң жағынан мінген, нанды оң қолымен үзіп жеген, оң қолымен амандасқан. Әр отауда бір-бір тастан қалдыру себебі – қазақ әр баласына енші бергенде үйде кенжесі қалатын болған. Осы секілді әр ойынның өзіндік мәні, құндылығы бар. Ұлттық ойындарымыздан халқымыздың салт-дәстүрі анық көрінеді.

Ұлттық ойындар халқымыздың мәдениетін, пайымын танытып қана қоймай, белгілі бір қасиеттерді дамытуға бағытталған. Мәселен, бестас ойнаған бала қол моторикасын дамытып, ұшқырлық пен ептілігін арттырады. Бестастың пайда болуы тарихы қызық. Мұны көбіне қыздарға арналған ойын деп айтады, өйткені әжелеріміз қыздарға ойлап тапқан. Ұлдар далада жүрсе, қыздар кесте тігетін болған. Кесте тігіп отырған кезде қолдары жалыққанда әжелер кішкентай асықтарды жинап алып бестас ойнатқан. Бестемше, тоғызқұмалақ болса халқымыздың стратегиялық ойлауын, логикасын көтереді. 

– Ойындар қандай материалдан және қайда жасалады?

– Екі жылдан бері ойындарды шығарып келеміз. Әр ойынның өзіндік жасалу техникасы бар. "Бестемше" ойынын алсақ, сыртын қарағаштан жасаймыз. Берік, өте сапалы, бай көрінеді. Ағашты Алматыдан алдыртамыз. Әріптесімнің бірі – шығыстан. Ол Қатонқарағайдың балын алып келеді. Сол балдан шайыр жасап, шеберіміз шайырды ағашқа сіңіреді. Ешқандай бояу қолданбаймыз. "Бестемшені" ашқан кезде балдың иісі мүңкіп тұрады. Батыстан саз балшық әкеліп, қолдан тастар жасаймын. Орталықтан тері аламыз. Одан сыртқы қаптамасын жасаймыз. Сонда біздің ойындарымызды алсаңыз еліміздің әр өңірінен бір-бір бөлшек жинайыз. Сол өнімді қолыңызға ұстаған сәтте Қазақстанның барлық өңіріне сапар шеккендей боласыз.

Ойын тастары барынша әдемі болғанын қаладым, бірақ жақсы тас таба алмадым. Моншақтан жасап көрдім. Түрлі фестивальдерде, көрмелерде шеберлермен танысып, саз балшықтан жасап көрейін дедім. Тасты киізден де жасадым, түрлі тәжірибе жасап көрдім. Саз балшықтан жасағанда көп уақыт алады. Осы жобаға ақша тарту үшін жұмыс істеймін әрі тастарды жасау үшін тағы түні бойы отырамын. Соған қарамастан бұл ойынның өзіндік құндылықтары бар деп ойлаймын. Өз еліміздегі материалдардан қолмен жасап шығамыз.

– Louis Vuitton назарына қалай іліктің?

– Louis Vuitton-ға өзім хат жаздым. Стартап болғандықтан қолдау табу өте қиын. Әуелде жобаны қалай дамытарымды білмедім. Астананың суығында бес ойынды арқалап алып түрлі есікті қағып, "жоқ" деген жауап естідім. Louis Vuitton-нан шақыру алған кезде медиа өкілдері көп жазды, сұхбат алды. Бірақ оған дейін ойындарымыз ешкімге қызық болмайтын. "Ұлттық ойындар не үшін қажет?" деп адамның мысын басатын сұрақтар қоятын. Сонда да басқалардан ақыл сұрап, жобаны барынша дамытуға тырыстым.

"Тұмар" бестемшесі / Фото: Айнұр Полатованың жеке архивінен 

"Бестемшенің" формасын көбісі сөмкеге ұқсатады. Сол жылы Louis Vuitton киіз үй сияқты дүкен ашты. Содан неліктен киіз үй пішінді сөмке жасамасқа деген ой келді. Олар шахматты қолдайды, ал менің өнімім шахматтан кем түспейді. Соның бәрін байланыстыра келе оларға хат жаздым. Екі аптадан кейін жауап берді. Басында жай хабарлама шығар деп ойладым. Кейін ресми жауап екенін, қызығушылық танытқанын түсіндім. Алғашында онлайн сөйлестік. Кейінірек Францияда кездестік.

– Lego Nomad Yurt туралы айтып өтсең. Бұл жоба не үшін маңызды? Дауыс жинау процесі қалай болып жатыр?

– Lego Nomad Yurt жобасы үлкен арманымнан туды. Шетелде көп адам ойындарымызға қызықты. Еуропада ойындарымыздың курсы бар. Берлинде қаншама жобаға қатыстым. Бәрі ойындарды сатып алғысы келді, авторлық құқықты да алғысы келді. Германияда оқып Қазақстанға оралған соң ойындарды шетелде емес, өз елімде дамытамын деп шештім. Балалар LEGO-ға қызығады. LEGO-мен қалай байланысу керек екенін білмесем де, ағаштан киіз үй түріндегі конструктор жасай бастадым. Қалада өскен балалар киіз үйдің қандай бөлшектерден тұратынын білмейді екен. Олар үшін киіз үй Наурыз кезінде немесе тағы басқа мейрамдарда дайын күйінде әкеле салатын құрылыс сияқты. Сондықтан кереге мен уық деген не, сықырлауық қалай қарай ашылады, ішіндегі сандық пен кебеженің айырмасы қандай, жиһаздары қалай аталатынын білмейтін. Жиһаздарына дейін жеке-жеке құрастырылатын конструктор жасадым.

Lego Nomad Yurt жобасы / Фото: Айнұр Полатованың жеке архивінен 

Іздестіре келе LEGO-ның идея ұсынатын сайтын таптым. Жапондар кезінде "неге біздің заттарымыз жоқ?" деп LEGO-ға шағым түсірген. LEGO оларға өздігінен шығара алмайтынын, халыққа қажет болса сұраныс бар екенін көрсетіңдер деп айтқан. Жапондар сайт ашып, бірнеше жоба ұсынып, түрлі конструктор жасап шығарған. Қазір әлемде идея құлдырауы болып жатыр ғой. Сол кезде LEGO-да да идея құлдырауы болып, бұл сайтты жапондар ғана емес, бүкіл әлем қолдана алатындай етейік дейді. LEGO талаптарына сай құрастыра алатындар болса, бірнеше кезеңнен өтсе, соңғы кезеңде дауыс жинай алса жобаны іс жүзінде жасап шығарады.

Lego Nomad Yurt жобасы / Фото: Айнұр Полатованың жеке архивінен 

Біз шамамен алты ай дайындалып, бірнеше кезеңнен өттік. Киіз үй конструкторын жасау өте қиын болды, өйткені доғал формаларды, шаңырағын LEGO-ның шынайы фигураларынан құрау өте қиын екен. Барлық кезеңнен өтіп, енді дауыс жинап жатырмыз. Әзірге 5700 дауыс жинадық. Он мың дауыс жинасақ киіз үй пішініндегі LEGO-ны шығаруға тырысады. Шетелдіктер де қызығатынын көрсету үшін дауыс жинау процесін тездетпедім. Киіз үй көшпенділерге ортақ дүние болған соң Lego Nomad Yurt деп атадым. 

– Алда қандай жоспарың бар? Ұлттық ойындарымыз әр мектеп қабырғасында болса екен деп армандайсың ба?

– Жоспар өте көп. LEGO-мен коллаборация жасасақ деп басқа да дизайн әзірлеп қойдық. Сондықтан киіз үйден басқа да конструкторлар шығарамыз. Ойындарды дамытып, қазақ тіліндегі ойындар жасауға көшеміз. Ұлттық ойындарымыз мектеп қабырғасында тұрса екен деген арманға жартылай болса да жеттік. "Бестемше" балабақшада ойнатылады, кейбір мектептерде ресми курс ретінде енгізілді. Армандарымыз орындалып жатыр деп сеніммен айта аламын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары