Отандық бірқатар компания мен Кореяның ұлттық туризм ұйымы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы туристік байланысты дамыту үшін меморандумға қол қойды. Шараға Кореяның ұлттық туризм ұйымының президенті Ким Чан Силь қатысты.
Кореяға сапар жылы
Оңтүстік Корея үкіметі 2023-2024 жылдарды "Кореяға сапар жылы" деп жариялады.
"Біз 2027 жылға қарай 30 миллион шетелдік туристі елге тартуды көздеп отырмыз. Кореяға туристік бағыт ретінде қызығатын саяхатшылар көп. Одан бөлек медициналық туризм қатты дамыған. Пандемияға дейін 2019 жылы Кореяға медициналық қызмет алу үшін 13 мың қазақстандық келді. Тарихы бай еліміздің төл мәдениеті мен ерекше табиғаты туристерге қызық екені сөзсіз. Корея барлық сала бойынша шетелдік қонақтарды қабылдауға дайын. Халқымыз да туристерге әрқашан көмектесіп, оларды құшақ жая қарсы алады", – деді Ким Чан Силь K-Medical Tourism Festival аясында.
Кореяның ұлттық туризм ұйымы – спорт және туризм министрлігіне қарайтын коммерциялық емес мемлекеттік ұйым. 1962 жылы құрылған. 22 елде 33 өкілдігі бар. 2017 жылы Алматыда ашылған өкілдік Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан елдерінде жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар 1 сәуірден бастап Оңтүстік Кореяға визасыз бара алады
2022 жылдың сәуірінен бастап қазақстандықтар www.k-eta.go.kr сайтында өтінім толтырып, Оңтүстік Кореяға 30 күнге дейін визасыз бара алады. Қазір туристерден ПЦР-тест талап етілмейді.
Алматы-Сеул рейсі алты күн бойы қатынайды
2022 жылы Air Astana компаниясы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында 75 мыңнан астам жолаушыны тасымалдады. Биыл бірінші тоқсанның өзінде жолаушылар ағыны 20 астам жолаушыны құраған. Әуе компанияның ыңғайлы, кең Боинг-767 лайнері Алматы-Сеул бағытында аптасына 6 рейс орындайды.
"Бүгінгі меморандум қазақстандықтардың Кореяға, оңтүстіккореялықтардың Қазақстанға жиі саяхаттауына мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы жолаушылар ағынының артуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Екі ел арасындағы визасыз режим де жолаушылардың көбеюіне жақсы әсер етеді. Айта кету керек, Сеул – Air Astana әуе компаниясының пандемиядан кейін алғашқылардың бірі болып жаңартқан тарихи халықаралық бағыттарының бірі", – деді Air Astana компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Адель Дәулетбек.
Оның айтуынша, Оңтүстік Кореядан Орта Азияға Алматы арқылы транзитпен баратын туристер Қазақстанда ұзақ тоқтамай, бір сапарда бірден екі елді көру мүмкіндік беретін Stopover Holidays бағдарламасын жиі пайдаланады. Осылайша транзиттік жолаушылар трансфер жасайтын қалада бірнеше күн қалып, жергілікті мәдениетпен таныса алады.
Оқи отырыңыз: FlyArystan 3 шілдеден бастап Астана-Ташкент рейсін іске қосады
Кореядан Қазақстанға гольф ойнауға келеді
Kazakh Tourism басқарма төрағасы Талғат Аманбаевтың сөзінше, пандемияға дейін Оңтүстік Кореядан Қазақстанға жыл сайын 17-20 мың турист келетін.
"Біз осы көрсеткішке жетеміз деп отырмыз. Негізінен олар тау шаңғысы курорттарына келеді. Енді алдымызда туризмнің люкс түрі – гольф туризмді насихаттау арқылы жазғы маусымда туристер тарту міндеті тұр. Сондай-ақ, сити-турлар тек шетелдік туристер арасында емес, сонымен қатар қазақстандықтар арасында да кең танылып жатыр. Қазақстанның туристік орындарын дәріптеу мақсатында корей телеарнасы келеді. Сонымен қатар корей журналистері үшін ақпараттық тур ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі меморандум жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыру үшін дереу жұмыс тобын құрамыз", – деді Талғат Аманбаев.
Қазақстанда Оңтүстік Корея азаматтары гольф-туризмді, ал қазақстандық туристер емделу үшін Оңтүстік Кореяны жиі таңдайды. Кореяның ұлттық туризм ұйымының президенті Ким Чан Силь де Қазақстанның шетелдіктерге несімен тартымды екенін айта кетті.
"Қазақстан табиғатымен, тау, даласымен шетелдіктерге қызық. Кореяда адамдар асығыс, бір-бірімен бәсекелес. Оларға тоқтап, айналасына тамсанып, тыныштықта өмір сүру жетіспейтін секілді. Сіздерде ми тынығатын, көз демалатын табиғат, кең дала бар. Оған қоса мұнда әртүрлі мәдениет біте қайнасып жатыр. Сіз бен бізді тарих байланыстырады. Қазақстанға қаншама корейлер жер аударылды. Қазақтар көшпенділер ғой. Тарихты жақсы көретіндер көшпенділердің жерін көргісі келеді. Ол үшін туристерге жағдай жасалуы керек. Кореяда отырып қай жерде қандай орын бар, қалай баруға болады дегендей ақпарат алуға болатын Digital туризмге көңіл бөлсеңіздер дейміз", – деді Ким Чан Силь.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауы, Бурабай, Көлсай. Қазақстанда туристер ең көп баратын 5 мекен
Шетелдіктер Кореяға не үшін барады?
Жыл сайын Кореяға 10 миллиондай шетелдік турист келеді. Туристерді Кореяның бай тарихы мен салт-дәстүрі, туристік орындардың әртүрлілігі қызықтырады.
- Күндіз де, түнде де қауіпсіз;
- Барлық жерде Wi-Fi бар,
- Дүкендер, мейрамханалар, сауда орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді;
- Тамақты тез жеткізеді;
- Картамен төлеу ыңғайлы;
- Көлік жүйесі дамыған;
- Қажет ақпараттар бірнеше тілде жазылған;
- Медицина қызметі сапалы әрі тез көрсетіледі.
Кореяда курорттарда йогамен, медитациямен айналысуға, орман ішінде жүруге, таза ауада кино тамашалауға болады. Сауықтыру бағдарламалары да әртүрлі.
K-pop жанкүйерлері, корей дорамаларын ұнататындар Сеулдің қақ ортасындағы HiKR Ground заманауи ақпараттық орталығына барып, ойын алаңдарын тамашалап, видео түсіріп, корей суретшілері мен мүсіншілерінің көрмесін тамашалай алады.
Пусанда теңіз ғана емес, белсенді демалыс орындары, ойын-сауық паркі, мәдени орындар бар. Туристер Пусандағы Busan X the SKY атты ең биік ғимаратқа шығып, қаланы 411 метр биіктен көріп, бұлттың арасында тамақтанып, тамаша көріністі тамашалай алады. Теңіз жағалауын 4,8 шақырымға созылатын пойыз жүріп өтеді. Адреналинді жақсы көретіндер Lotte World ойын-сауық паркінде 105 шақырымға созылатын және бір уақытта 360 градусқа айналатын америка төбешігінде сырғанай алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға туристер қай елдерден көп келеді?
Кореяда жағажайларда суға түсіп қана қоймай, экскурсиялық пойызға мініп, теңіз өнімдерінің дәмін татып, көңілді уақыт өткізуге болады. Кореяның үздік жағажайлары:
- Хэундэ Кичжан;
- Кваналли;
- Чеджудо аралындағы Чунмун;
- Каннын.
Кореяда заманауи зәулім ғимараттар мен ежелгі сарайлар бір-бірімен астасып, үйлесім тапқан. Тарихи, ең көне көшелерінде емін-еркін жүруге болады. Ақпараттың бәрі ағылшын тілінде жазылған. Адасып кетемін деп қорықпайсыз. Ал корей ұлттық киімі – ханбокты жалға алсаңыз, ежелден келе жатқан сарайларға тегін кіре аласыз.
Корея медицинасы жақсы дамыған. Сол себепті туристер емделуге, пластикалық операция жасауға, трансплантацияға, медициналық тексерістен өтуге жиі барады. Мұнда шетелдік пациенттерге қызмет көрсететін мекемелерді тіркеу жүйесі және ауруханаларды аккредиттеудің кореялық бағдарламасы, медицина туризмінің ақпараттық орталығы бар.
Пайдалы сайттар:
- Visit Korea;
- Medical Korea;
- Heal we go Korea YouTube арнасы.