Қазақстандық танымал блогер Қайсар Қамзаға ресми түрде іздеу жарияланды.
Ресми дерекке сәйкес, 1995 жылғы 18 қыркүйекте туған Қамза Қайсар Бақытжанұлы 10 қаңтардан бастап іздеуде. Іздеу шараларын Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізіп жатыр. Алайда қазіргі уақытта қылмыстық істің нақты мән-жайы мен қай бап бойынша күдікке ілінгені ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу органдары да бұл іске қатысты қосымша ақпарат бермеді.
Осы жағдайдан кейін блогер Instagram желісінде "бәрі дұрыс" деп хикая жариялады.
Келесі сторизінде блогер: "Кімнің ала жібін аттап кеттім екен? Кәдімгідей ел, дүйім жұрт, мемлекет болып, бүкіл жұмысты ысырып қойып іздейтіндей қылмыскер емес сияқты едім ғой. БТА банкті тонап, миллиардтарды алып кеткен Әблязов сияқты шығарып қойыпты ғой", – дейді.
Ескерту: блогердің бейәдеп сөздері алынып тасталды.
Бұл видеоны бұрынғы посттармен салыстыра отырып, оның Вьетнамда түсірілгенін аңғаруға болады.
Қайсар Қамза деген кім?
Қайсар Қамза – әлеуметтік желіде кең аудиториясы бар блогер. Оның Instagram-да 2,6 миллионнан астам оқырманы бар, TikTok-та 340 мыңнан астам жазылушысы бар. Ол көбінесе тревел-блог форматындағы контенттер түсіреді. Сонымен қатар бірқатар қазақстандық фильмдерге түскен.
Бұған дейін оның Үндістандағы сапары кезінде түсірілген видеолары қоғамда қызу талқыға түскен. Онда блогердің бейәдеп сөздер қолданғаны және жергілікті тұрғындарға дөрекілік көрсеткені айтылды.
@qaisar_071 ♬ оригинальный звук - QAISAR ҚОРА😂🐓
Осы жылдың тамыз айында Қаржы мониторингі агенттігі жыл басынан бері 34 блогердің онлайн ойындарды жарнамалауға қатысы бар екенін анықтаған еді. Олардың қатарында Қайсар Қамзаның да есімі аталады.
"Блогер Niko_nett пен инфлюенсер Қайсар Қамза да ерекше назарда. Соңғысы өзінің Telegram-дағы арнасында заңсыз ойындарды үнемі насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келеді", – деп жазылған агенттік хабарламасында.
Агенттік: "Онлайн-казино жарнамасы ойынға тәуелділікке бастайтын негізгі арна екенін біле тұра, аталған тұлғалар өз істерін жалғастыруда. Олар адамдардың тағдырына немқұрайлы қарап, отбасылардың күйреуіне себеп болуда. Миллиондаған табысқа кенелген блогерлер айыппұлдарын төлеп, заңсыз әрекетін қайта жалғастырып жүр", деп жазды. Тіпті осыған байланысты мұндай әрекеттерді Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-тармағы аясында "заңсыз ойын бизнесіне көмектесу" ретінде қарастыруға ниетті екенін де жеткізген.
Сонымен қатар хабарламада қаржы пирамидаларын жарнамалағандағыдай, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілгені айтылды.
Оқи отырыңыз: Baller, Қайсар Қамза, Арина Байкова: заңсыз казино жарнамалаған 34 қазақстандық блогер әшкереленді
Осыған дейін қандай блогерлер жауапқа тартылды?
Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов
Қазақстанда блогерлерге қатысты қозғалған ең резонансты істердің бірі – Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты қылмыстық іс. Олар 2022 жылы қаржы пирамидасын ұйымдастырды және жарнамалады деген айыппен жауапқа тартылған. Тергеу дерегінше, блогерлер әлеуметтік желідегі ықпалын пайдаланып, азаматтарды инвестиция салуға үгіттеген. Сот оларды 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Жанабыловтар ісі
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова да сотқа тартылған блогерлер қатарында. Олар былтыр Instagram арқылы көлік пен ірі ақшалай ұтыстарды уәде еткен ойын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Сот олардың әрекетін заңсыз лотерея ұйымдастыру ретінде бағалап, әкімшілік істі қылмыстық тергеуге жолдады. Құзырлы органдар бұл жағдайды заңсыз кәсіпкерлік белгілері бар деп таныды.
Тотақановтар ісі
Былтыр шілде айында Қаржы мониторингі агенттігі ерлі-зайыпты Даулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты тергеу бастады. Агенттіктің дерегінше, жұбайлар ұлын емдеу үшін қазақстандықтардан шамамен 1,3 миллиард теңге жинаған. Алайда, тергеу барысында жиналған қаражаттың көп бөлігін үй, көлік алу сынды жеке мақсатта пайдаланып, баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсағаны анықталды. Сот шешімімен олар 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мұрат Әбділдә
Әлеуметтік желі арқылы танылған Мұрат Әбділдә 2022 жылы Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздықты азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған. 2024 жылы мерзімінен шартты үрде босап шыққанымен, көп ұзамай сот бұл шешімнің күшін жойып, блогер қайтадан түрмеге оралды.
Айка ісі
2024 жылы Айка есімді блогер аса ірі мөлшерде психотроптық затты заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау, сонымен қатар "элиталы эскорт" ұйымдастыру деректері бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. 2025 жылы Қылмыстық кодекстің 74-бабына өзгерістер енгізілгеннен кейін сотқа өтініш түсіріп, кішкентай баласы болғаны үшін жазасын өтеуі екі жылға шегерілді. Екі жыл ішінде ол пробациялық бақылауда болады.
Блогерлерге қатысты заң бар ма?
2023 жылдан бастап Қазақстанда "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заң күшіне енді. Бұл құжат блогерлердің қызметін тікелей лицензияламаса да, жауапкершілік аясын нақтылады.
Заңға сәйкес:
- жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған;
- коммерциялық контент пен жарнама ашық белгіленуі тиіс;
- табыс табатын блогерлер салықтық міндеттемелерді орындауы қажет.
Сонымен қатар мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көшеде бейтаныс адамдарды рұқсатсыз суретке немесе видеоға түсіріп, оны желіге жүктейтіндерге, "пранк жасауға" заңмен тыйым салынуы мүмкін екенін жеткізді. Министрдің айтуынша, мұндай контент көп жағдайда этикалық және құқықтық нормаларды бұзады. Алайда ведомство басшысы нақты қандай өзгерістер екенін айтпады, ол нақты ережелерден бастап, тыйым салуға дейін жетуі мүмкін.
Мамандар не дейді?
Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліп блогерлердің Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тек "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы" заңға ғана емес, барлық заң нормаларына сәйкес әрекет етуі тиіс екенін еске салды.
"Олар Әлеуметтік желідегі әрекеті үшін блогерлер де қарапайым азамат сияқты жауапкершілік арқалайды. Сондықтан, аудиториясына әсер ететін, қаржылық немесе әлеуметтік сипаттағы кез келген әрекет заң алдында бақылауға алынуы мүмкін", – дейді заңгер.
Ал экономист Айбар Олжай блогерлерге қатысты тексерістер екі бағыттан тұратынын айтады. Біріншісі – жарнаманың мазмұны мен саны, екіншісі – одан түскен табыстың заңдылығы.
"Себебі кез келген кәсіпкерліктен түскен табыстан салық төленуі керек. Бұл бағытта Мемлекеттік кірістер комитеті осыған қатысты біраз жұмыс жүргізген болатын. Қазір көп блогер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық төлейді және есеп тапсырып отырады. Сонымен қатар, салық органдары мен Қаржы мониторинг агенттігі ірі блогерлердің транзакцияларын бақылап отырады. Бұл тек блогерлерге ғана емес, жалпы кәсіпкерлер мен азаматтарға да қатысты. Блогер болсын, кәсіпкер болсын, табысынан салық төлеу міндетті. Салық жүйесінде соңғы жылдары реформалар жүріп, тәртіп орнатылды", – деді экономист.
Сарапшы бүгінде жарнама мазмұнына қатысты да нақты ережелер бар екенін еске салды.
"Нені жарнамалауға болады, нені жарнамаламау керек, қандай іс-әрекеттер заңсыз саналатынын Қайсардың кейсі көрсетіп отыр. Мысалы, Қазақстанда лоторея өткізуге лицензиясы бар бір ғана ұйым бар. Одан ьасқа лотореялар заңсыз деп саналады. Онлайн казино және басқа да құмар ойындарға қатысты өзінің белгілі бір критерийлері бар. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін жарнамалауға тыйым салынған. Жалпы жауапкершілік барлығымызға ортақ. Блогерлерге олардың аудиториясы үлкен болғандықтан ғана көп назар аударылады", – деді маман.
USD:
510.1 / 514.1
EUR:
594.5 / 599.5
RUB:
6.39 / 6.51
"Олар Әлеуметтік желідегі әрекеті үшін блогерлер де қарапайым азамат сияқты жауапкершілік арқалайды. Сондықтан, аудиториясына әсер ететін, қаржылық немесе әлеуметтік сипаттағы кез келген әрекет заң алдында бақылауға алынуы мүмкін", – дейді заңгер.
"Себебі кез келген кәсіпкерліктен түскен табыстан салық төленуі керек. Бұл бағытта Мемлекеттік кірістер комитеті осыған қатысты біраз жұмыс жүргізген болатын. Қазір көп блогер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық төлейді және есеп тапсырып отырады. Сонымен қатар, салық органдары мен Қаржы мониторинг агенттігі ірі блогерлердің транзакцияларын бақылап отырады. Бұл тек блогерлерге ғана емес, жалпы кәсіпкерлер мен азаматтарға да қатысты. Блогер болсын, кәсіпкер болсын, табысынан салық төлеу міндетті. Салық жүйесінде соңғы жылдары реформалар жүріп, тәртіп орнатылды", – деді экономист.