Тікелей эфир

Instagram-да белсенді қазақстандық спортшылар кімдер? Информбюро шолуы

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Боксшы Ангелина Лукастың, файтер Шавкат Рахмоновтың және волейболшы Сабина Алтынбекованың оқырмандары 1 миллионнан асқан.

Informburo порталы Instagram әлеуметтік желісін белсенді қолданатын қазақстандық спортшылардың тізімін жасады. Бұл тізімге 4,9 миллион оқырманы бар боксшы Геннадий Головкин кірмейді. Өйткені ол 2023 жылы бар-жоғы 7 пост жариялаған.

Ангелина Лукас

Ангелина Лукас / Фото: instagram.com/angelina_lukas1997

Боксшы Ангелина Лукасты блогер деуге болады. Instagram-да 2 миллион жазылушысы бар. Парақшасындағы контенттер кәсіпқой бокстағы жекпе-жектері туралы ғана емес. Ангелина өнімдерге жарнама жасайды. Күнделікті түскен фотосуреттерін, жаттығу видеоларын жиі жариялайды. Ара-тұра түйген ойларын бөлісіп отырады.

Шавкат Рахмонов

Шавкат Рахмонов / Фото: Spencer Kyte, Getty Images

Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың Instagram аккаунтына 1,2 миллион оқырман жазылған. Шавкат жариялаған фотосуреттер мен видолар жүз мыңдап лайк жинайды. Файтер жаттығуларын жиі таспалайды. Өзгелермен түскен фотоларын жариялап тұрады. Ара-тұра демеушілерін жарнамалап тұрады. Жақында өткен соңғы жекпе-жегінен кейін жариялаған постындағы лайк саны 318 мыңнан асқан.

Сабина Алтынбекова / Фото: instagram.com/altynbekova_20

Волейболшы Сабина Алтынбекованың Instagram-аккаунтына 1,1 миллион оқырман жазылған. Бүгінде қазақстандық спортшы дубайлық Al Wasl футбол клубының сапында ойнайды. Сабина әлеуметтік желіде өзін спортшы ғана емес, инфлюенсер және модель ретінде көрсетеді. Шетелдегі демалыстары туралы жиі фотосуреттер жариялайды. Ара-тұра өнімдерді жарнамалап тұрады. 

Әйгерім Әбілқадырова 

Әйгерім Әбділқадырова / Фото: instagram.com/ab_aigerimm

Дзюдошы Әйгерім Әбділқадырова Instagram желісін белсенді қолданады. Спортшының парақшасына 936 мың оқырман жазылған. Әйгерім дзюдошы ғана емес, ол грэпплингтен қыздар арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Биыл ол Парижде өткен дзюдодан Grand Slam турнирінде қарсыласын тістеп алған соң танымалдылығы арта түсті. Оған дейін де Әйгерімнің вайндары мыңдаған лайк жинайтын. 

Еркебұлан Тоқтар

Еркебұлан Тоқтар / Фото: instagram.com/erkebulan_toktar

Ережесіз жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар Instagram желісінде өте белсенді, оған 681 мың адам жазылған. Еркебұлан файтер ғана емес, кәсіпқой бокста да жұдырықтасады. Кейінгі кезде актерлігімен көзге түсіп жүр. Ол төбелескенде де шоу жасайды. Әлеуметтік желіде өзі түскен жобаларды, жекпе-жектерін салып отырады. Өз өмірі, білген-түйгені жайлы да жазып тұрады. Посттары мыңдап лайк жинайды.  

Елена Рыбакина / Фото: Howard Fendrich, Associated Press

Теннисші Елена Рыбакина 2022 жылы Үлкен Дулыға турнирі – Уимблдонды жеңгеннен кейін шетелдік аудиторияға таныла түсті. Instagram-да 466 мың оқырманы бар. Еленаның шетелдік жанкүйерлері көп. Теннисші әр турнирді қорытындылап, пост жазады. Шетелде түскен фотосуреттерін жариялап тұрады. Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA), Wimbledon, Australian Open секілді халықаралық турнирлердің парақшалары Елена Рыбакинаның мачтарын бөліседі. Теннисші парақшасында "Адидас" секілді әлемдік брендтерді жарнамалайды, посттарында демеушілерін белгілейді. 

Қуат Хамитов

Қуат Хамитов / Фото:instagram.com/kuat__khamitov

Ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтың Instagram-да 494 мың оқырманы бар. Ол парақшасында ММА туралы ғана емес, спорт саласындағы мәселелер туралы айтады және қазақстандық футболшыларды жиі сынайды. Қуат Хамитов Қазақстанда және шетелде маңызды оқиғалар туралы үнемі пікір айтады. Қаңтар оқиғасы кезінде де үнсіз қалмады. Ара-тұра вайн видеолар түсіреді. 

Данияр Елеусінов

Данияр Елеусінов / Фото: Данияр Майлыбаев 

Олимпиада және әлем чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновке Instagram-да 436 мың оқырман жазылған. Спортшы көбінесе өзі өткізген жекпе-жектері туралы пост жариялайды. Оқырмандарын белгілі мерекелермен құттықтап тұрады.  

Бахтиер Зайнутдинов / Фото: kff.kz

Футболшы Бахтиер Зайнутдиновтің Instagram парақшасында 288 мың жазылушы бар. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы түркиялық "Бешикташ" сапында да ойнайды. Сол себепті Бахтиердің Түркияда да оқырмандары көп.   

Елдос Сметов

Елдос Сметов / Фото: Данияр Майлыбаев

Дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов Instagram-да белсенді. Спортшының 210 мың жазылушысы бар. Көбінесе дзюдоға, жалпы спортқа қатысты посттар жариялайды. Елдос Сметовтің татамидегі видеоларын шетелдік парақшалар да жариялап тұрады.

Серіктестер жаңалықтары