Тікелей эфир

Франсис Фукуяма: Тарихтың соңы – либерализмді басып озатын, одан да жоғары жүйе

Философтың "Либерализм және оған айтылған сын" кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.

Қазақстанға алғаш рет Стэнфорд университетінің аға ғылыми қызметкері әрі оқытушысы, саясаттану ғылымдарының профессоры, 20-ға жуық тілде жарық көрген "Тарихтың ақыры және соңғы адам" кітабының авторы, философ Франсис Фукуяма келді. Ол мемлекеттік құрылым, бизнес пен азаматтық қоғам көшбасшыларын даярлайтын Leadership Academy for Development бағдарламасында сабақ берді. Оған қоса философтың "Либерализм және оған айтылған сын" кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Алматыда CAPS Unlock ұйымының ұйымдастыруымен өткен кітаптың тұсаукесеріне Франсис Фукуяманың әңгімесін тыңдап, қолтаңбасын алу үшін 300-ге жуық адам жиналды. Олардың бірқатары авторға кітабы және либерализм туралы сұрағын қойды. Информбюро тілшісі Франсис Фукуяма жауап берген маңызды сұрақтарды жазып алды. 

– "Либерализм және оған айтылған сын" кітабыңызда оқырманға не айтқыңыз келді?

– Либерализм кей елдерде танымал сөз емес. Мысалы, Владимир Путин 2019 жылы Financial Times басылымына берген сұхбатында "либерализм бізге керек емес, ескірген доктрина" деп айтты. Енді менің түсінігімдегі либерализм қандай? Либерал көбінесе солшылдарға жатады. Ал Еуропада, керісінше, экономикалық бостандыққа сенетін оңшылдар ұстанатын идея десе де болады. Менің ойымша, олардың ешқайсысы либерализмнің дұрыс ұғымы емес. Сондықтан классикалық либерализм түсінігін қалпына келтіруіміз керек. Классикалық либерализм бойынша әрбір адам баласы терісінің түсіне, қай жерде туғанына қарамай өз намысының құрметтелуіне лайық. Ал мемлекет өз тарапынан әр адамның құқығы мен бостандығын құрметтеп, қорғауы керек. Олай болса адамдар өз ойын еркін айта алады, баспасөз бостандығы болады. Өздеріне қажет дүниелер үшін еркін ұйымдаса алады. Мұның барлығы Конституцияның арқасында іске асады. Адамдар құқық пен заң үстемдігі бола тұра, өзінің бостандығы мен құқығын іске асыратын қоғамды құруы керек. Ол елдің аумағына байланысты емес. АҚШ сияқты, не Швеция, Азиядағы Жапония немесе Корея сияқты елдер де болуы мүмкін. Либерализмнің елдің экономикалық деңгейіне де байланысы жоқ. Ең бастысы – құқық пен заңның үстемдігі, адамның ар-намысын құрметтеу.  

Фото: CAPS Unlock

Кітабымда либерализмнің неге тиімді әрі дұрыс жүйе екенін дәлелдейтін үш себепті атадым: біріншісі – прагматикалық шешімдер. Либерализм 300 жыл бұрын Еуропада пайда болған. Оның ең негізгі мақсаты – әртүрлілікті, алуантүрлілікті қамту. Еуропа 350 жыл діни қақтығыстардың ортасында тұрған еді. Протестанттар мен католиктер бір-бірімен келісе алмайтын. Орталық Еуропа халқының үштен бірі осы діни қақтығыстарға бола қайтыс болды. Содан олар барлық азаматты адам баласы ретінде құрметтейтін, тату-тәтті өмір сүре алатын, дінге, діни қағидаға сүйеніп қана қоймай, әр адамның еркін шешімі мен таңдауына негізделген жүйе құруымыз керек деп шешті. Мұндай либерал қоғамның ең маңызды құндылығы – төзімділік, толерантты болу. Бұл либерал қоғам үшін де, Қазақстан сияқты әртүрлі ұлт тұратын ел үшін де өте маңызды. 

Бір ұлттың ғана мәдениетін дұрыс деп тауып, қалғанын дұрыс емес деу зорлық-зомбылыққа әкеледі. Бұл – прагматикалық себеп. Өкінішке қарай, әртүрлі саяси жүйе, әртүрлі мемлекет бір ұлттың басқа ұлтқа деген үстемдігін қорғайды. 

Екінші себеп – адамның ар-намысы құрметтелетіндіктен, либерализм моральдық тұрғыдан дұрыс жүйе. Барлығымыз адам баласы болғандықтан шешім шығарамыз, таңдау жасаймыз. Шешімдеріміз кейде дұрыс, кейде қате болып жатады. Бірақ либералды қоғамда адамдарға іргелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріледі. Либералды қоғамда тұратын адам қайда тұрамын, қандай тілде сөйлеймін, қандай мектепке барамын, қандай дінді ұстанамын деген шешімдерді өзі тәуелсіз қабылдай алады. Сондықтан адамда осындай таңдау еркіндігі болуы керек. Тұжырымдай келе айтар болсам, қоғамның либералды болуы елдің өніп-өсуі үшін өте маңызды. Нидерланды, Германия, АҚШ секілді дамыған елдер – көбінесе либералды қоғамдар. Олардың арасында Қытай да бар. Қытайды саяси тұрғыдан либералды ел деп айта алмаймыз. Бірақ 1979 жылы Қытайдың экономикасы өзгеріп, азаматтарына жекеменшікті иемденуге, коммерциямен айналысуға, сауда жасауға, жалпы экономикалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамығанын және "Қытай ғажабы" деген феноменді байқап отырмыз. Либералды қоғам – бай қоғам. Осы себептермен либералды қоғам болған дұрыс, бірақ оған айтылатын сын өте көп. 

Франсис Фукуяма / Фото: CAPS Unlock

– Қазіргі либерализмнің келбеті қандай?

– Қазір либералды демократия дамып келе жатыр. 2000-жылдарға таман 110-ға жуық ел либерал идеяларын тастап, кері бағытта бара жатыр. Мысалы, Тунис, Мьянма, Сальвадор сияқты елдерде либералды демократия, яғни ашық қоғам орнына жабық қоғамға айналып бара жатыр. 

Өкінішке қарай, популистік ұлтшылдықты либерал қоғамдардан да байқап отырмыз. АҚШ-та да ұлтшылдық популизм бас көтерді. 2016 жылы Дональд Трамп президент болып сайланып, бірнеше жылда өзін авторитарлы басшы ретінде көрсетті. Оның басты мақсаты билікке қол жеткізу, билікті ұстап, уысынан шығармау еді. Демократиялы жолмен сайланған жетекшілер бар, бірақ олардың билігі шектеулі. 2016 жылы либералды қоғам ережелерін сақтамайтын Трампты қалай таңдағанымызды түсіне алмаймын. 

Фото: CAPS Unlock

Үндістан басында либералды республика болып құрылды. Әртүрлі каста, ұлттар бар, тілдері де бөлек. Осындай алуантүрлі ел тек либералды жүйе ішінде ғана өмір сүре алады деп ойлаймын. Қазір премьер-министрлері Нарендра Моди ықпалынан бір ғана дінге – индуизмге бет бұрып жатыр. Сонда 200 миллионға жуық ел тұрғыны Үндістан халқына жатпайтын халық болып шықты. Мұның салдарынан зорлық-зомбылық та артады, келешекте қақтығыстар пайда болады деп ойлаймын. Либералды қоғамда тұратын, либералды құндылықтарды қолдайтын адамдар осындай мәселелерге тап болып жатыр. Сондықтан әртүрлі жетекшілердің билігін заң арқылы шектеуіміз керек. Бір қолға жиналған биліктің бірнеше қатесі бар. 

– "Демократия өз-өзін қорғай алмайды, демократияны қорғай алатындар болуы керек" дейді. Осымен келісесіз бе? Келіссеңіз, оны қалай қорғауымыз керек? 

– Либерал демократияның тарихы соңғы жүз жылда жаман болмады. Отызыншы жылдары қиындықтарға тап болды. 1945 жылдан кейін әлем қатты өзгерді. Кейінгі жылдары Украинаға біраз көңіл бөліп жүрмін. Әріптестерім Украина о бастан либерал қоғам болған деп сенеді. Украина өзгерістерге ұмтылған еді. Оларда да ел басқаруда сыбайлас жемқорлық секілді әртүрлі мәселе болған. Бірақ қоғам ретінде демократияға ұмтылған еді. Демократия үшін күресе алатынын, тәуелсіздігін қорғай алатынын көрсетті. Әлі де дәлелдеп жатыр. Көп ел, көп адам Украинаны қолдайды деп күтпеген едім. Украинаға ақша да, қару-жарақ та жібереді. Қажет көмек береді. Сондықтан демократтар өзін қорғай алады. Адамдар демократия үшін күресе алады.

Сыртынан мықты көрінгенімен іштей әлсіз елдер көп. Ал демократиясы бар елдер расымен мықты.

Фото: CAPS Unlock

– Либерализм идеяларын қанша жылдан бері зерттеп келесіз. Бірақ қос стандарттар бар екенін сезіп отырмыз. АҚШ өзін әлемді құтқарушы деп санайды. Бұл туралы не айтасыз?

– Жалпы АҚШ өз мұраттарын кейде іске асырмайды. Оларды алға тартатын, соған тұратын мемлекеттер өте аз. Геосаяси қарама-қайшылықтар, бәсеке де бар. Еуропада НАТО-ны, суық соғыс кезінде АҚШ-тың атқарған рөлін алсақ, либералды жүйені қолдайтын елдерді АҚШ қорғап шықты. Барлығы керемет деп те, нашар деп те айта алмаймын. Шынымен де АҚШ тарихи тұрғыдан өте маңызды рөл атқарып, ашық қоғамдарды қорғап келеді.

– Либерализмді ұстанбай Қытай экономикалық бәсекеде жеңіп шыға ала ма?

– Бір кездері Қытай АҚШ-ты ұтқандай болды, бірақ олар экономикасын кішкене жіберіп алды. Өте көп ақшасын инфрақұрылымға, құрылысқа салды. Сұранысты адамдардың қажетіне қарай игермеді. Салық секторына қысым түсірді. Көп ақша табатын ұйымдарға қысым жасап, салдарынан салық мөлшері азайып, Қытайдың өсу қарқыны АҚШ-қа қарағанда қатты төмендеді. Экономистер келесі он жылда Қытай АҚШ-ты озады деп болжаған еді. Енді қарасақ Қытай ешқашан оза алмайды. АҚШ экономикасы 7-8 пайызбен өссе, Қытайдікі 2-3 пайызбен өсіп келеді. Сондықтан либерализм өте қажет жүйе. Экономика бақыланса, оның дамуы екіталай.

Фото: CAPS Unlock

– Ұлттық мемлекеттер либерализмге қалай ұмтылуы керек?

– Кез келген елге ұлттық кімдік керек. Әйтсе де сол қоғамда тұратын адамдар осы ұлтқа жатуы керек, осы ұлтқа ұсынылатын дүниелерге қол жеткізе алуы керек. Қазақстанда адамдар бірнеше тілде сөйлейді. Кітабымның бірден екі тілге аударылуы – соның айқын дәлелі. Елдің кімдігі бір ұлтқа, бір дінге немесе бір халыққа негізделмеуі керек. Бұл күрделі жұмыс. Сол үшін көшбасшылар елді бір мақсатқа біріктіретіндей идея ұсынуы керек. Елді бір ғана топ билемеуі керек.

– 2021 жылы наурызда президент Тоқаевпен онлайн сөйлескенде не айттыңыздар?

– Президент Тоқаевпен әңгімеміз жарасып, жақсы сөйлескен едік. Не айтқанымызды айта алмаймын. Жеке әңгімені құрметтеуім керек. Жалпы Тоқаев геосаясат туралы сұрақтар қойып, тереңірек зерттеймін деп әңгімелескен еді.

– Қазақстанда либерализмге қарсы шыққан адамдар бар. Бірақ оларды солшыл не оңшыл деп айта алмаймыз. Қазақстан – орталықтандырылған авторитарлы мемлекет. Сіздің ойыңызша, либерализмді қолдайтын және авторитарлы мемлекеттерде тұратын адамдар билігі бір жерде шоғырланатын мемлекеттерге байланысты не істей алады?

– Қазақстанда бір өзгерістер болатын болса, шынайы либералды демократиялық өзгерістер болмайды деп ойлаймын. Меніңше, Қазақстанда мүмкін болатын жүйе – орталық билігі бар либералды демократия. 

Фото: CAPS Unlock

Билігі орталықта шоғырланған жүйелер әртүрлі идеяларға, диалогқа, пікірталастарға ашық болуы мүмкін немесе керісінше жабық болуы мүмкін. Менің ойымша, Қазақстан осындай ашықтыққа ұмтылуы керек. Геосаясат өте маңызды. 

Фото: CAPS Unlock

– "Тарихтың ақыры және соңғы адам" кітабын жаздыңыз. Тарихтың соңы не болмақ?

– Бұл "Модернизация қайда бара жатыр?" деген сұрақ қойған кітап еді. Ол тарихтың соңын білдірмейді. Тарихтың соңы коммунизм болмақ дегендер бар. Ал мен 1989 жылы коммунизмге жетпейтінімізді, тарих соңы ол емес екенін айттым. Тарихтың соңы либерализм, ашық нарықтық экономика болмақ. Әлеуметтік ұйымның басқа бір жолы, жүйесі болуы керек деп сенемін. Либерализмді басып озатын, одан да жоғары жүйе болады деп айтқанмын. Осы аргументім әлі орынды деп ойлаймын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары