Тікелей эфир

Энергетик сусын жүрек пен жүйке ауруларын қоздырады. Олардың алғашқы белгілері қандай

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Зерттеуге сәйкес, Қазақстанда жасөспірімдердің 30 пайызы энергетик сусынды күнделікті ішеді.

8 шілде күні мемлекет басшысы 21 жасқа толмаған қазақстандықтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салатын заңға қол қойды. №2 Алматы қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Ардақ Тұрғанбаева бұл заң дер кезінде қабылданғанын айтады. Өйткені, энергетикалық сусындардың құрамындағы заттар жасөспірімдердің денсаулығына аса зиян және оларды түрлі созылмалы ауруларға шалдықтырады. Дәрігер мемлекет тарапынан салынған бұл тыйымның жастар болашағы үшін аса маңызды екеніне тоқталды. Оның сөзінше, көптеген мемлекет экономикалық пайданы адам денсаулығынан жоғары қойғандықтан, мұндай заңды әлі күнге дейін қабылдай алмай келеді. 

Энергетик сусын құрамында не бар?

Энергетик – адамның көңілін көтеруге және оның физикалық немесе ақыл-ой қабілетін арттыруға арналған сусын. Алайда, оның бұл әсері ұзаққа созылмайды және адамның жүйке жүйесін қоздырады. Құрамында кофеин болғандықтан, оларды шектен тыс пайдалану жүрек ауруына, ал көмірқышқыл газы мен қанттың қоспасы асқазан мен бауыр ауруына шалдықтырады. 

Энергетиктердің құрамында міндетті түрде "жүйке жүйесінің стимуляторы" қызметін атқаратын кофеин болады. Ол – жер бетінде ең көп таралған психоактивті зат. Жер шары халқының басым бөлігі оны бала күнінен шай, кофе, какао және алкогольсіз сусындар құрамында көп тұтынады. 

"Күнделікті кофеин қосылған сусын ішудің белгілі бір нормасы бар. Бұл ересектер үшін 400 мг, ал 12-18 жастағы жасөспірімдер үшін – 100 мг. Бір тәулік ішінде осындай мөлшерде ғана тұтынуға болады. Бірақ, адамның денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, оның қалыпты дозасы бұдан да төмен болуы керек. Жүкті, бала емізетін келіншектер, қарттар мүлде тұтынбаған жөн. Стимулятор рөлін атқаратын энергетиктің  маңызды бөлігі – қант. Ол қант диабеті мен асқазаны ауыратын адамдар үшін аса қауіпті. Энергетиктердің басым көпшілігінде 2 амин қышқылы – L-карнитин мен таурин бар", – деп түсіндірді Ардақ Тұрғанбаева.

Оның айтуынша, L-карнитин артық салмақтан арылуға және бұлшық ет көлемін арттыруға жақсы көмектесетіндіктен, оны спортшылар жиі тұтынады. Ол улы қоспа болмаса да, зерттеулер оның атеросклерозға шалдықтыратынын дәлелдеді. Осылайша, ол да энергетик құрамындағы ең қауіпті компоненттердің бірі болып саналады.

Энергетик құрамындағы екінші амин қышқылы – таурин. Ол дененің барлық жасушасында кездеседі және оларда көптеген қызметті орындайды: тотығудан қорғайды, энергия алмасуына, гендік модуляцияға, гомеостазға және осморегуляцияға қатысады.

"Таурин көзге, бүйрекке, жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесіне пайдалы. Тәжірибелер көрсеткендей, таурин, L-карнитин сияқты, төзімділікті арттырады және жаттығу кезінде майдың ыдырауын тездетеді. Таурин – қауіпсіз зат, сондықтан оны қорықпай тұтынуға болады. Адам ағзасы тауринді өзі бөледі, сонымен қатар оны тамақтан – негізінен балық, ет және жұмыртқадан алады. Таурин тапшылығы шала туған нәрестелерде, жүрек және бүйрек жеткіліксіздігі бар адамдарда, қант диабетімен ауыратындарда және вегетариандарда болуы мүмкін. Бірақ, қалғандары оны қажетті мөлшерде алады. Тағамдық қоспалардың құрамындағы тауриннің пайдасы қазір зерттеліп жатыр. Құрамында осы секілді пайдалы заттардың да бар екеніне қарамастан, энергетиктер зиян тигізбейтін ағза жоқ", – деді дәрігер. 


Оқи отырыңыз: Психолог: Есірткіні бір рет пайдаланудың өзі миды ешқашан қалпына келмейтіндей зақымдайды


Ары қарай дәрігер Ардақ Тұрғанбаева Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы бірнеше жыл бұрын жүргізген сауалнама нәтижесіне тоқталды. 

"Мамандар 11-15 жастағы 8,5 мың оқушы арасында сауалнама жүргізген болатын. Нәтижесінде әрбір бесінші жасөспірімнің күн сайын тәтті сусын тұтынатыны белгілі болды. Баланың жасы жоғары болған сайын ол тәтті сусындарды жиірек тұтынады. 11 жастағы балалардың 15 пайызы, 13 жастағы балаларлың 20 пайызы, 15 жастағы балалардың 30 пайызы күнде осындай сусындар тұтынады екен. Бұл балалардың ағзасы энергетикалық сусынға тәуелді болып қалғандықтан, олар одан бірден бас тарта алмайды. Олар үшін жалғыз жол – салауатты өмір салтын ұстанып, біртіндеп спортпен шұғылданып бастау. 10-15 минут болса да, күнделікті бір спорт түрімен шұғылданып бастаған абзал. Осы орайда Жапония елін мысалға алғым келіп отыр. Бұл елде мемлекет деңгейінде салауатты өмір салтын сақтау мен спортты насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Бізге де осы бағытта көбірек жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Себебі, ұжым болып балалар мен жастардың санасына әсер ету оңай", – деді Ардақ Тұрғанбаева. 

Энергетиктер денсаулыққа қалай әсер етеді?

Маман бұл сусындардың ағзаларды зақымдап қана қоймай, адамның ашушаң, мазасыз болуына әсер ететінін айтады. 

"Президент бұл заңға қол қоймас бұрын көптеген зерттеу жүргізілгеніне сенімдімін. Мемлекет деңгейінде мұндай мәселенің көтерілуі энергетиктердің аз ғана дозасының өзі аса қауіпті дегенді білдіреді. Әсіресе жасөспірім шақтан жастар қатарына қосылып, ағзада көптеген өзгеріс болып жатқан кезде теріс әсерін көп көруге болады. Энергетик ішіп бастаған сау адамның өзі де жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығуы мүмкін. Сусынның құрамындағы кофеин әсерінен қан қысымы күрт артып, жүрек жиі соғады, жүрек жеткіліксіздігі, миокард ишемиясы деген секілді аурулар пайда болады. Қазір Қазақстанда да, шетелде де энергетик сусындарды көп тұтынған соң, жүрек талмасына ұшырап ауруханаға түсіп жатқандар көп. Кез келген психостимулятор секілді энергетиктер де жүйке жүйесіне теріс әсер етеді. Осының себебінен ұйқысыздық, бас ауруы, мазасыздық, агрессия, галлюцинация, үнемі шаршау сезімі пайда болады. Сондай-ақ, энергетик құрамындағы кофеин сусынға деген тәуелділікті арттырады", – деді Ардақ Тұрғанбаева. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда әрбір оныншы адамның бүйрегі ауырады. Бұған энергетик пен газды сусындардың қандай қатысы бар


Мұнымен қатар, дәрігер энергетиктердің некроз, гепатит секілді бауыр ауруларына шалдықтырып, асқазанның қышқылдығын арттыратынын айтады. Бұл диарея, гастрит, ойық жара және қабынуды тудыруы мүмкін. Соңғы зерттеулердің бірінде дәрігерлер күніне бірнеше бөтелке энергетик ішетін жасөспірімдердің асқазан-ішек жолдарының бұзылып, екі елі ішектің қабынып, қан кететінін және артынша түрлі жара пайда болатынын анықтаған. 

"Америкада дәрігерлер энергетикалық сусын тұтынған соң ауруханаға түсетін адамдардың 51 пайызы балалар екеніне көз жеткізген. Осы секілді дәлелді зерттеулерден кейін көптеген ел энергетикалық сусындарды балалар мен жасөспірімдерге сатуға тыйым салуға тырысты. Алайда, экономикаға кері әсерін тигізетін болғандықтан, бас тарта, тыйым сала алмады. Бізде 21 жасқа толмағандарға сатпау туралы шешімді – өте қажет қадам деп санаймын. Ата-аналарды баласына тәтті сусындар сатып алып бермеуге шақырамын", – деді дәрігер. 

Серіктестер жаңалықтары