Тікелей эфир

Драматург Жәнібек Әлікен: Телефоннан бас алмайтындарды түбінде кітап оқығандар басқарады

Фото: instagram.com/janibek_aliken/
Фото: instagram.com/janibek_aliken/
Мектеп оқушылары кездесу кезінде Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын сахналады.

Драматург, актер Жәнібек Әлікен Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепте оқушылармен кездесуі кезінде пьеса жазып бастаудың алғышарттары мен қыр-сыры туралы әңгімелеп, балаларды кітап оқуға шақырды. Осы орайда ол әлеуметтік желінің кемшін тұстарына да тоқталды. 

"Жауыз адам ешуақытта өнерге құштар болмайды. Өнердің қызметі көкейге ой салу болғандықтан, адамзатты жақсылыққа бір табан жақындатуға тырысады. Youtube, Tik-tok, Instagram білім болмайды, барлығы кітап оқумен келеді. Адамның миынан артық режиссер жоқ, бір адам ұсынған нәрсені әлемде ешкім ұсына алмайды. Айналып келгенде осы ұсынысты жасауға, адамзатқа ойыңды жеткізуге кітап қана көмектеседі. Бүгін телефон мен теледидар қарап жүргендерді түбінде кітап оқығандар басқарады. Қанша заман өтсе де, кітап оқу сәннен қалмайды. Күндердің күнінде телефонның дәуірі өтеді, бірақ кітап қала береді", – деді Жәнібек Әлікен. 

Мұнымен қатар ол көпке дейін теріс құндылықтардың насихатталып, бұзақылық әрекеттердің романтизацияланып келгеніне тоқталды. Абайды үлгі етіп, керек білімді еш қаражат жұмсамай, кітаптан да алуға болатынын айтты. 


Оқи отырыңыз: Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Психолог кеңестері


"Өкінішке орай, біздің бала күнімізде кітаптың қаншалықты құнды екенін айтқан адам болмады. Ағаларымыз армияда кіммен төбелескенін, кімді ұрғанын айтатын. Бұзақылықты романтизациялау жоғары деңгейде болды, өйткені ол кісілерге де дұрыс бағыт сілтеген адам болмады. Америка секілді дамыған елдерде баланы өз ойын жеткізуге бала күнінен үйретеді, кітаппен дос болады. Біз де сапалы ұлт боламыз десек, осыны қолға алуымыз керек. Әлем қазақ десе, бірден Абайды еске алады. Бүкіл қазаққа ақыл айтатын білім қайдан келді? Осы кітаптан. Семейдің бір ауылында отырып ешбір орыспен сөйлеспей-ақ тіл үйреніп, бізді жаңа әдебиет әлемімен таныстырды. Лермонтов пен Пушкинді аударды. Мейлі өнер адамы, мейлі ұстаз, мейлі математик болыңыз, бастысы арманыңызға адал болыңыз", – деп қосты драматург. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары