Тікелей эфир

Дәрігер Гүлмира Әбдібаева: Нашақорлар ешқашан толық емделе алмайды деген жалған

Маман Алматы қаласында көптеген азаматтың тәуелділіктен емделіп, отбасына оралып жатқанын айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы отырысы кезінде сепаратизм, терроризм және экстремизм әрекеттерінің таралуына жол бермеуден бөлек, заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес жүргізу басты басымдықтардың бірі екенін айтты. 

Сондай-ақ президент 2024 жылғы 19 маусымда Шығыс, Орталық Еуропа және Орталық Азия елдерінің есірткіге қарсы саясаты жөніндегі комиссиясының төрағасы Александр Квасьневскийді қабылдады. Осы кездесу барысында есірткі бизнесінің белең алуымен бірігіп күрес жүргізу және осы бағыттағы озық тәжірибелерді насихаттау туралы сөз қозғалды. 

"Жуырда ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзімде есірткі өндірумен және оны халық арасында таратумен айналысатын адамдарға қатысты жазаны қатаңдату тұрғысынан заңнаманы қайта қарау қажет екенін айттым", – деді президент.

Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Әбдібаева мемлекет басшысының есірткіге тосқауыл қою мәселесін жиі көтеруіне себеп жоқ емес екенін айтады. Себебі есірткіні негізінен әке-шеше болатын және Отан қорғайтын жастағы азаматтар бәрінен көп тұтынады. Яғни есірткі азаматтардың жеке денсаулығына ғана емес, экономика, мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отыр. 

"Нашақорлық сәбилерге немесе қарияларға емес, Отанымызды қорғайтын, барынша жұмысқа қабілетті, әке-шеше атанатын жастарға келіп отырған ауру деуге болады. Оны негізінен жастар тұтынатындықтан, шекарамызға да үлкен қауіп төніп тұр деген сөз. Сол себепті қазір Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның осы нашақорлыққа қарсы көтеріп отырған саясатын толықтай қолдаймыз. Бұл мәселені республика деңгейінде көтеріп жатқаны өте орынды. Президент алкогольді және энергетикалық сусындарға жастардың әуестігін қолдамайтынын көрсетті. Біз де осы саясатты ұстанамыз және қолымыздан келгенше азаматтарға көмектесеміз", – деді Гүлмира Әбдібаева. 

Мұнымен қатар маман науқастың емделу процесі туралы айтып берді. 

– Әлем бойынша есірткіге тәуелділікті емдеу жолы сан түрлі. Сіздер қай әдісті қолданасыздар?

– Бүгінде бір адам есірткіге тәуелді болса, екіншісі ішімдікқұмар. Бұл тәуелділік қашан, қалай басталғанын және науқастың қазіргі денсаулық жағдайы қандай екенін ескере отырып жеке-жеке емдеу және оңалту жоспары құрылады. Яғни бір әдісті алып барлығына бірдей таңып бермейміз, адамның жеке ерекшеліктерін міндетті түрде ескереміз. Психотипті заттардың ішіне алкоголь де, токсикоманиялық заттар да кіреді. Бізде амбулаториялық және стационарлық психотерапевтер бар. Олар да өзінің жеке әдістері арқылы емге көмектеседі. 


Оқи отырыңыз: ІІМ: Тіпті 1 грамм есірткі сақтағандар да өмір бойына бостандығынан айырылуы мүмкін


– Ал қай кезде науқас жетістікке жетті деп білесіздер?

– Науқас жылдам емделіп шығуы үшін қоршаған ортасы үлкен рөл ойнайды. Сол себепті біз оның туыстары қаншалықты қолдап жатқанына, отбасын қаншалықты сақтап қала алғанына баса мән береміз. Осылардың барлығын жан-жақты анықтаған соң ғана белгілі бір емдеу әдісін қолданамыз. Ал жетістік көрсеткіштері сан түрлі. 

– "Тәуелділік ешқашан емделмейді" немесе "тәуелділікті келесі бір тәуелділікпен ғана емдей аламыз" деген қаншалықты рас? Мысалы, шетелдерде есірткі мен ішімдікке тәуелділікті дінге тәуелділікпен алмастыруға тырысады. 

– Уақыт өте келе көптеген аурудың емі табылатыны сөзсіз. Сол себепті "Нашақорлар ешқашан емделмейді" деген сөз жалған. Оған біздің клинкада толықтай емделіп шығып жатқан науқастарымыз дәлел. Иә, емделу процесі оңай емес. Он екі ай бойы тұрақты түрде қаралып, жан-жақты бақылауда болады. Толықтай емделіп шыққан соң өз отбасына оралып, есептен шығып жатқандар көп. 

– Нашақорлардың емделуі үшін қоршаған ортасының маңызды екенін айттыңыз. Сіздер науқастардың жақындарымен де жұмыс істейсіздер ме?

– Отбасы мүшелеріне де тәуелді адамдар деп қараймыз. Себебі тәуелдінің жанында жүргендер де тәуелділер. Біз олар үшін арнайы топ ашып, олармен психологтар жұмыс істеп жатыр. Жыл басында осы жоспар бекітіліп, қазір осы бағытта жан-жақты шаралар ұйымдастырудамыз. 

– Нашақорлардың туыстары мен қоғам тарапынан стигма бар екені рас. Мұны өзгертуге бола ма?

– Қоғамда нашақорлар мен психологиялық ауытқуы бар азаматтарға басқаша қарайтыны рас. Біздің мақсатымыз осы емделіп шыққан азаматтар қайта қоғамның толыққанды мүшесі бола алатынын көрсету. Стигманы жеңе алдық деп айта аламыз. Өзім Алматы облысының тумасымын, көптеген емханада жұмыс істедім. Қалалық жерде наркологиялық және психиатриялық орталықтың бар екенін барлығы жақсы біледі және жұмысы да жақсы дамыған. Ал ауылдық жерлерде өкінішке орай білмейтін адамдар көп. Ауылдағы азаматтардың, балалардың ішімдікке салынып жатқанын көріп, олардың көзі ашылсын деген мақсатта қызмет еткім келді. 

Серіктестер жаңалықтары