Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында Ұлыбританияның халықаралық ұйымы – Британ кеңесінің ұйымдастыруымен "Ағылшын тілі және инклюзия" атты халықаралық конференцияға қатысқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өкілдері бүгінде мемлекеттен 90 млн теңге грант жеңіп алып, болашақ ағылшын тілі мұғалімдерін заманауи тәсілмен дайындап жатқанын бөлісті.
Бұған университет қалай қол жеткізгенін және оның қандай артықшылықтары барын ҚазҰҚПУ Білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру орталығының басшысы Әлия Задаханова Информбюро тілшісіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.
Әлияның айтуынша, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Британ кеңесінің Accelerating English Language Learning in Central Asia (AELLCA) бағдарламасына қатысатын Орта Азиядағы 18 университеттің бірі. Жоба аясында университет Ұлыбританияның Sussex университетімен және Өзбекстандағы Бұқара педагогикалық институтымен серіктестік орнатқан.
"Британ кеңесінің қолдауымен қолға алынған Орта Азиядағы ағылшын тілін дамыту жобасы біздің университетімізде 2024 жылдан бастап жүзеге асырылды. Оның аясындағы біздің стратегиялық серіктесіміз – ұлыбританиялық Sussex университеті болды. Sussex профессорлары біздегі алғашқы воркшоптарын 2025 жылы өткізе бастады. Нақтырақ айтқанда, бұлар бірлескен воркшоптар болатын. Соған сай, профессорлар біздің оқытушылық құраммен бірігіп, болашақ ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған бағдарламаларды жүргізді", – деді Әлия Задаханова.
Бұл жобаның басты артықшылығы – ұлыбританиялық мамандар ағылшын тілін оқытудың заманауи стратегияларын теория жүзінде таныстырып қана қоймайды, оны практика жүзінде қалай жүзеге асыруға болатынын да үйретеді. Оған қоса, әртүрлі стратегияларды қолдана отырып, жергілікті жерге бейім келетін оқыту тәсілін таңдауға көмектеседі. Әлия Задаханованың айтуынша, AELLCA бағдарламасына қатысу арқылы ҚазҰҚПУ оқытушылары оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларының мазмұны, сондай-ақ оқу үлгерімін бағалау стратегияларын да жаңартқан.
"Бұл жоба аясында біз инклюзивті білім беру бағытына да ерекше көңіл бөлдік. Өйткені, қазіргі қоғамда түрлі ерекшелігі бар, соған сәйкес, оқытудың ерекше тәсілдерін қажет ететін балалар көп. Олар әр мектептен, әр сыныптан табылады. Міне, солардың қажеттіліктерін өтеу мақсатында оқытушылар қандай біліктіліктер мен дағдыларға ие болу керектігін серіктестерімізбен бірге зерттеп, өз оқытушыларымызға үйреттік", – деді ол.
Жобаның тағы бір артықшылығы – ол тек университетте жұмыс істеп жатқан оқытушыларға ғана емес, сонымен бірге болашақ ағылшын тілі мұғалімдері – қазіргі студенттерге де арналған. Бір апталық семинарға бірінші жылы отыз, екінші жылы алпыс адам қатысса, олар өз алған білім-біліктілігін студенттеріне үйретуі не оқыту процесінде қолдануы арқылы барынша кең аудиторияға таратады. Дегенмен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушылар құрамы бұл жетістікпен шектеліп қалуды жөн санамайды. Сондықтан, жинаған тәжірибенің негізінде ағылшын тілін оқытудың жаңа стратегияларын ендіру бойынша жоба жасап, мемлекеттік гранттық қаржыландыру жобасына ұсынып көреді. Сөйтіп, үш жылдық бұл жобаға ұжым 90 млн теңгелік грант жеңіп алады.
Осылайша, Британ кеңесінің Accelerating English Language Learning in Central Asia бағдарламасы аясындағы жобаның жаңа тынысы ашылады. Қазір үш жылдық жобаның екінші жылы өтіп жатыр. Әлия Задаханованың қазірдің өзінде оның оң нәтижелерін байқап отырғанын айтады.
"Ең бастысы, біздің оқытушыларымыздың өзіне деген сенімі күшейді. Бұған дейін тек өзінің университетінің қабырғасында ғана сабақ беріп жүрген оқытушылар қазір басқа жоғары оқу орындарында, оның ішінде шетелдік университеттерде де семинар өткізіп, өз тәжірибесін бөлісіп жүр. Мұндай семинарлар барысында кейді біз қолданысқа енгізген стратегияларымыздың көп оқу орындары үшін мүлде жаңа екенін байқап жатамыз. Бұл біздің дұрыс жолда келе жатқанымызды білдіреді және халықаралық стандарттарға жақындай түскеніміздің айғағы саналады", – деді Әлия Задаханова.
Еске салайық, AELLCA бағдарламасы – Британ кеңесінің Орта Азияда ағылшын тілін оқытуды жеделдету мақсатында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы ағылшын тілі мұғалімдерін даярлау мен олардың кәсіби дамуын жетілдіруге бағытталған бастамасы.
USD:
491.5 / 494.3
EUR:
568.0 / 573.0
RUB:
6.17 / 6.29
"Британ кеңесінің қолдауымен қолға алынған Орта Азиядағы ағылшын тілін дамыту жобасы біздің университетімізде 2024 жылдан бастап жүзеге асырылды. Оның аясындағы біздің стратегиялық серіктесіміз – ұлыбританиялық Sussex университеті болды. Sussex профессорлары біздегі алғашқы воркшоптарын 2025 жылы өткізе бастады. Нақтырақ айтқанда, бұлар бірлескен воркшоптар болатын. Соған сай, профессорлар біздің оқытушылық құраммен бірігіп, болашақ ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған бағдарламаларды жүргізді", – деді Әлия Задаханова.
Пікірлер
Әзірге пікірлер жоқ…