Париж Олимпиадасында бокс бәсекесі қыза түсті. Жүлделі орындар сарапқа салынатын жартылай финалға кімдер шыққаны анықталып жатыр. Қазақстан ерлер құрамасы Парижге толық құрамда барғанымен жеті боксшының бесеуі жарыс жолынан шығып қалды. Сәкен Бибосынов пен Нұрбек Оралбай бүгін жартылай финалға шығу үшін бокстасады. Ал қыздардан Валентина Хальзова алғашқы жекпе-жегінде жеңілді. 50 келіде Назым Қызайбай мен 57 келіде Карина Ибрагимова бүгін шаршы алаңға шығады.
Спорт сарапшылары қазақстандық боксшыларға әділ төрелік етпеді деп отыр. Ұлттық Олимпиада комитеті де ұйымдастырушыларға шағымданып отыр. Енді бірі боксшылардың дайындығы нашар болғандықтан қарсыластарына есе жіберді дейді. Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына ең көп медальді боксшылар салды. Алайда Париждегі нәтиже көңіл көншітпейді. Оған не себеп? Информбюро тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Тарихқа көз жүгіртсек...
Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына ең көп медальді боксшылар салды. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы жеті рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, бокстан 7 алтын, 7 күміс және 10 қола жеңіп алды. Тек 2020 жылғы Токио Олимпиадасында ғана алғаш рет қазақстандық боксшылар Олимпиададан алтынсыз қайтты.
1996 жылғы Алтанта Олимпиадасы:
- Василий Жиров (81 келі) – алтын;
- Болат Жұмаділов (51 келі) – күміс;
- Болат Ниязымбетов (63,5 келі) – қола;
- Ермахан Ыбрайымов (71 келі) – қола
2000 жылы Сидней Олимпиадасы;
- Бекзат Саттарханов (57 келі) – алтын;
- Ермахан Ыбрайымов (71 келі) – алтын;
- Болат Жұмаділов (51 келі) – күміс;
- Мұхтархан Ділдәбеков (91 келі) – күміс.
2004 жылғы Афины Олимпиадасы:
- Бақтияр Артаев (69 келі) – алтын;
- Генадий Головкин (75 келі) – күміс;
- Серік Елеуов (60 келі) – қола.
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы:
- Бақыт Сәрсекбаев (69 келі) – алтын;
- Еркебұлан Шыналиев (81 келі) – қола.
2012 жылғы Лондон Олимпиадасы:
- Серік Сәпиев (69 келі) – алтын;
- Әділбек Ниязымбетов (81 келі) – күміс;
- Иван Дычко (91 келіден жоғары) – қола;
- Марина Вольнова (75 келі) – қола.
2016 жылғы Рио Олимпиадасы:
- Данияр Елеусінов (69 келі) – алтын;
- Әділбек Ниязымбетов (81 келі) – күміс;
- Василиий Левит (91 келі) – күміс;
- Иван Дычко (91 келіден жоғары) – қола;
- Дариға Шәкімова (75 келі) – қола.
2020 жылғы Токио Олимпиадасы:
- Сәкен Бибосынов (52 келі) – қола;
- Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) – қола.
Парижде кімдер жеңіліс тапты?
Париж Олимпиадасында сынға түскен қазақстандық төрт боксшы алғашқы жекпе-жекте жеңілді. Ең бірінші бокстан Қазақстан командасының капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келі) Париж Олимпиадасындағы иорданиялық Зеяд Ишаишке жол берді. Токиода 91 келі салмақта қола медаль иеленген Қамшыбек Қоңқабаев испаниялық Айюб Гадфа Дриссиге есе жіберіп, жарысты аяқтады. 57 келіде сынға түскен Махмұд Сабырхан испаниялық Хосе Кильестен жеңіліп, келесі айналымға өте алмады. Валентина Хальзова (75 келі) алғашқы кездесуінде панамалық Атейл Байлонға жол беріп, жарыс жолынан шығып қалды.
63.5 келіде Мұхаммедсабыр Базарбайұлы алғашы жекпе-жегінде испаниялық Ойер Ибаррече Кондені 5:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Одан кейін Чу эн Лэйден (Қытайлық Тайпей) 3:2 басым түсіп, ширек финалға шықты. Жартылай финалға шығатынын боксшы белгілі болатын жекпе-жекте грузиялық Лаша Гурулимен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді. Осылайша Мұхаммедсабыр ширек финалда жарыс жолынан шығып қалды.
92 келіде сынға түскен Айбек Оралбай алғашқы кездесуінде нигериялық Олайтан Адам Олаорені жеңіп, келесі кезеңге өтті. Ширек финалда әзербайжандық Альфонсо Домингеске жол берді. Осы екі кездесуден кейін Ұлттық Олимпиада комитеті төрешілердің шешіміне наразы екенін айтып, мәлімдеме жасады.
Жарыста кім қалды?
Қыздардан Назым Қызайбай (50 келі) алғашқы Олимпиадасында сынға түсіп жатыр. Алғашқы жекпе-жегінде италиялық Джорданна Соррентинодан басым түсті. Ширек финалда бразилиялық Каролин Барбосадан 5:0 есебімен басым түсті.
80 келі салмақта сынға түскен Нұрбек Оралбай алғашқы жекпе-жегінде австралиялық Каллум Питерсті жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Ендігі қарсыласы – әзербайжандық Мурад Аллахвердиев.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов та (52 келі) жарысты жеңіспен бастады. Ол алғашқы кездесуінде түрік Самет Гумуштен басым түсіп, келесі айналымға шықты. Ширек финалдағы қарсыласы – Рио Олимпиадасының чемпионы өзбек боксшысы Хасанбой Дусматов. Нұрбек пен Сәкен бүгін жеңіске жетсе, онда медальға таласады.
57 келіде сынға түсетін Карина Ибрагимова бүгін алғашқы жекпе-жегін пуэрто-риколық Ашлиян Лозада Моттаға қарсы өткізеді.
Ұлттық Олимпиада комитеті не дейді?
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде жұмыс істеген кейбір төрешілердің қызметіне күмән келтіретінін мәлімдеп, PBU-ға (Paris boxing Unit) жүгінді. Кейбір төрелік кезіндегі біржақтылыққа назар аударуды сұрады.
"Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесін ұйымдастырушылар бұл ескертуге назар аударып, аталған жағдайға қатысты зерттеу жүргізуге уәде берді. Аталған төрешілерге қатысты іс қозғалды. Осы орайда, бұл іс-шараның жекпе-жектер нәтижесіне әсер етпейтінін ескеру керек. Ережеге сәйкес, аяқталған жекпе-жектер нәтижесі қайта қаралмайды. Алайда төрешілердің өз қызметінде қателік жібергені дәлелденсе, олар қызметтен шеттетілуі мүмкін", – делінген ҰОК хабарламасында.
Қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде төрелік еткен жекелеген төрешілерге қатысты PBU-ға жасаған ескерту қабылданып, қазіргі таңда зерттеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, Ұлттық Олимпиада комитеті 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді.
"Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда, біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз", – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева.
Сарапшылар не дейді?
Нұрғазы Сасаев, спорт сарапшысы:
– Дәл қазір бокстан алтын алуымыз өте қиын секілді. Токио төрінде алтын тұрмақ, күміске де зар болдық. Аузымызды қу шөппен, яғни екі қола жүлдемен "сүрттік". Сол себепті нақты шаралар жүзеге асырыла бастағандай. ҰОК басшысы болып, Геннадий Головкин бекітілді. Ал GGG Париж Олимпиадасы басталмай тұрып, ХОК президентімен кездесті. Мұның бәрі жай ғана кездесу деп ойламаймын... Содан соң GGG бүкіл әлемді таң қалдырып, "біздің федерацияға IBA сапынан шығуға кеңес беремін" деп салды. Дәл қазіргі халықаралық саяси жағдайды ескере отырып, бұлай айтуы "мүмкін емес" таң қалдым. Ағылшын тіліндегі нұсқасын оқып, таңдай қағып, бас шайқадық. Мұның бәрі "Олимпиада ойындары кезінде төрешілер біздің боксшыларға қиянат жасамаса екен" деген ой-жоспардың қолға алынып, алдын-ала "қимылдау" әрекеттері жүзеге асырыла бастады деп білемін.
Париж Олимпиадасында боксты Париж Олимпиадасында боксты Халықаралық Олимпиада комитеті өткізіп жатқанымен, төрешілер көбі IBA президенті Умар Кремлевті тыңдайтын сияқты. Қалай білмеймін, әйтеуір, ықпалы жүретіндей. Төрешілер біздің боксшыларды аяп жатқан жоқ. Тең дәрежеде өткен жекпе-жектерде жеңісті қарсыластарымызға беріп жатыр. Баяғы дәурен өткен... Айқын басымдықпен ұтпасақ болмайын деп тұр, – деп жазды Facebook парақшасында.
Бақтияр Тайжан, спорт журналисі:
– Махмұд Сабырхан бәрін істеді. Бірінші раундтан бастап түре қуды. Тырқыратып қашырды. Бесінші раунд іздетіп сандалтып жіберді. Екінші раундтағы үзілісте Хосе Кильес Бротонстың өңі қашып, көзінен үрей араласқан белгісіздік көрдік. Қорқыныш табы да аңғарылады, аузына құйған суды жұта алмай сыртқа ақтарды. Обьектив осыны көрсетті. Есепті естіген соң дүр сілкінгені анық. Қашып жүрсе де екі раунд жеңіпті. Үшіншісіне сілкініп шықты. Құлап қалмаса жеңіс өзінікі екен білді. Қолғапқа атты қылы тонналап салынған. Тып-тыныш тікесінен тік тұрғызып қойып ұрмасаң сұлатып салу қиын. Соңғы раундтың бітуіне жиырма секунд қалғанда Махмұд кері қайырылды. Оң қолын бір сілтеді. Ауаға. Бұрылып бара жатып тағы сілтеді. Ауаға. "Бүйткен боксың құрып кетсін". Деген шығар ішінен. Түңілді. Түңілдірді. Түңілдірдік. Бекзат болмысты сайыпқыранымыздың жанына теледидар жанынан айқайлағаннан басқа еш қайран көрсете алмадық", – деп жазды Бақтияр Тайжан.
Жақсы әдетім, білікті сарапшыларға жүгінемін. Алды әлем чемпионы болған інілерім, бокстың жілігін шағып, майын ішкен маман достарым бар. Соның бірі – Абат Адырбеков. Бокстан спорт шебері. Мырзағали Айтжановтың шаршы алаңдағы қарсыласы болған оғлан. Менің өтінішіммен екі боксшының барлық соққыларын санап шықты. Үш раундта да Махмұд жеңген.
Спорт тарихының жылнамашысы Қыдырбек Рысбек досым хабарласты. Қазақстандағы ең үлкен спорт ғылыми-әдістемелік орталығын директоры. Ең мықты сарапшылардың орталығы. Соларға талдатып көріпті. Махмұд күмәнсіз жеңген болып тұр. (...) Төрешілердің шешімімен ту ұстаған батырымыз Асланбек жеңілді. Жалоловтың басты қарсыласы, осы жолы деп отырған Қамшыбек жеңілді. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайтпас қайсар ер Айбек жеңілді. Алтын алады деген Махмұд мынау. Жеңіске әбден қаталап шөліркіген, бір боксшы қалай қайрат көрсету керек десеңіз бәрі бір бойынан табылатын Мұхамедсабыр жеңілді.
Ал, бір қызық айтайын. Осы жігіттердің ұлты өзбек болып, сол елдің атынан шыққан болса бәрі де 5:0 есебімен таза жеңген болар еді. Базбіреулер ойлайтын шығар, "өзбекке қарсы, көре алмайды" деп. Тіптен, олай емес. AIBA тізгіні кезінде ұлты өзбек, криминалдық элементтің қолында болды. Қолына билік тигеннен бастап ол әлемдегі үздік қазақ боксын тұншықтырудың барлық әрекетін жасады. Дандайсығаны соншалық, Өзбекстанда Азия чемпионатын өткізіп, бар алтынды өздері алды. Қазаққа қиғаны біреу. Риода үш алтын алса, екеуі таза емес. Азамат екен. Ұлтшыл екен. "Біз КСРО чемпионатын қазақтар үшін өткіземі" дейтін өзбек ағайынның аз жылда жалын күдірейтіп, әлемдегі үздіктердің қатарына қосты.
Міне, өзбек боксшының дәуірлеуінің басында кім тұр?! Ол әлі де ықпалды. IBA-нің президенті Умар Кремлев – соның қойған адамы. Халықаралық олимпиада комитеті IBA-ны олимпиадаға кіргізбей, есіктің сыртын көрсеткен еді. Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин олимпиада алдында Қазақстанның IBA-дан шығатындығын мәлімдеген болатын. IBA-ның төрешілері Парижде қазылық жасап отыр. Қазақстан боксына ата жау болып отырған да солар.
Екінші себеп. Олимпиада алдында қауқары қайтқан Куба есептен шығып, финалдық айқастар қазақ пен өзбектердің арасында өтетіндігі айтылды. Рас. Бұл кілемнің астымен ойнайтындарды қауіптендірді. Өз ойым, таза айқас болатын болса Баһадүр Жалоловқа сөз жоқ. Қалған боксшыларымен біздің баһадүрлер терезесі тең жекпе-жек өткізер еді. Жеңіп жатса түк те таңданбаймын. Ал, бұл әлемде үздік деген атаққа дайындалып жүрген өзбек боксына көлеңкесін түсірді. Махмұд туралы салмағы кем, бойы, қолы қысқа деген айыптаулар көп айтылды. Ал, айтайын. Атадан ер болып туған осы Махмұд екінші айналымға өткенде өзбектің бәске қойған Абдумалик Халоковымен тырнағының көбесі сөгілгенше, қасық қаны қалғанша соғысар еді. Шаршы алаңның шаңын қағып, аяғына тұрғызбас еді. Әттен-ай... Опыра ұратын батыр Айбекте арманда кетті. Ташкентте жеңдіріп беріп жатқан Муйдинхужаевты үш рет талдырып тастап, жеңісті жұлып алған Асланбек қандай?! Шегінуді білмейтін, қарсыласының есін жиғызбай ұратын Мұхамедсабыр қандай!
Үшінші себеп. Біздің спортта тұлға қалмады. Қазақтың садағасы болған, қызыл империямен айқасқан Қаркен Ахметов қандай еді. Отыз жыл қазақ спортын басқарған Аманша Ақпаев, қайтпас қайсар Темірхан Досмұхамедов... Бокс және дзюдо федерациясының президенті болған Бекет Махмұдов. Бапкерлерден төбесімен тау көтерген қаһарлы Әбдісалан Нұрмаханов...
Екі олимпиадаға қазылық еткен досым, белгілі балуан Бақытжан Жақсығұлов "Бәке, жартылай финалға дейін Олимпиада ол – Олимпиада. Содан кейін сауда басталады" деп еді. Олимпиадалық дәрежедегі төреші 2007 жылдан бастап, осы уақыт аралығында ересектер арасындағы 6 әлем чемпионатында, 23 жасқа дейінгі үш әлем чемпионатында, жастар арасындағы төрт әлем чемпионатында, сондай-ақ екі Азия ойындары мен 14 Азия чемпионатында жұмыс істеген білікті маманның айтқаны рас екен. Көзіміз жетті, – деп жазды Facebook парақшасында.
Бақыт Сәрсекбаев, Бейжің Олимпиадасының чемпионы:
– Жігіттердің физикасы өте нашар! Екінші раундта тыныс алулары қиындап, рингте әзер жүр. Соққы тым аз. Сериялық соққылар мүлдем жоқ. Үш минутта қанша соққы жасауға болады? Физикамен айналысады деп шақыртқан мамандары қайда қарап жүр? Кешенді ғылыми топ мүшелері не бітіріп жатыр? Неге біздің боксшыларға шаршы алаңда дем жетпей қала береді? Неге үш раундта аяққа тұрып үйренбейді? Бәрің шұбырып не бітіріп жүрсіңдер? Сосын тағы бір сұрағым бар: әрбір боксшы лицензия алғаннан кейін Олимпиадаға дейін неше жекпе-жек өткізді? Практика бар ма? Мысалы, мен Бейжің Олимпиадасына дейін жарты жылда 22 кездесу өткіздім. Ал бас бапкер, айтарға сөзім жоқ, – деп Бақыт Сәрсекбаев Facebook парақшасында ұлттық құрама боксшыларын сынады.
Еске салсақ, Токио Олимпиадасына дейін боксты AIBA ұйымдастырып келді. 2016 жылы Рио олимпиадасында 91 келіде сынға түскен Василий Левит финалда ресейлік Евгений Тищенкодан жеңілді. Ол кезде де төрешілер Левитке әділ төрелік етпеді деп наразы болды. Халықаралық олимпиада комитеті жекпе-жекке қазылық еткен төрешілерді Олимпиададан шеттетті.
2021 жылы бокс жарыстарында және Рио Олимпиадасында сыбайлас жемқорлық фактілері болғаны расталып, AIBA Олимпиададан шеттетілді. Токио және Париж Олимпиадасында бокс жарыстарын Халықаралық Олимпиада комитетінің өзі ұйымдастырды.