USD: 486.1 / 488.7
  • EUR: 553.0 / 558.0
  • RUB: 6.01 / 6.15
Тікелей эфир
Алматы +33C
Все города

"Бәрін нөлден бастадым". АҚШ-та жүк тасымалдайтын қазақстандық кәсіпкермен сұхбат

Фото: Сәбит Амербаевтың жеке архивінен
Фото: Сәбит Амербаевтың жеке архивінен
Сәбит Амербаевтың компаниясы Аляска мен Гавайидан басқа 48 штатта жұмыс істейді.

АҚШ-та жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары аз емес. Олардың арасында кәсібін бастап, компания басқарып отырғандар да бар. Соның бірі – Сәбит Амербаев. Ол жеті жыл бұрын АҚШ-қа келіп, "мүмкіндіктер елінде" жаңа өмір бастаған. Жүк тасымалдау саласына бет бұрып, бүгінде шет елде жеке кәсібін жүргізіп отыр. 

Осы орайда Информбюро порталы кәсіпкер Сәбит Амербаевпен сұхбаттасып, АҚШ-та бизнес бастау жолы туралы сұхбаттасты. 

– Қайда дүниеге келдіңіз? АҚШ-қа қашан көштіңіз? Неліктен жүк тасымалдау саласын таңдадыңыз?

– Жамбыл облысы Қордай ауданында тудым. 2016 жылы қыркүйекте АҚШ-қа келдім.

Логистика саласында жоғары білім алдым. Қазақстандағы жұмысыммен байланысты болған соң АҚШ-та да осы салада жұмыс істеуді, сүйікті ісіммен айналыса беруді жөн санадым. АҚШ әлемде логистика саласындағы нөмірі бірінші ел болып отыр.  

2017 жылы үлкен жүк көліктерін айдауға рұқсат беретін А құжатын алу үшін мектепте оқыдым. Достарым арқылы Viva Express компаниясына жұмысқа тұрдым. Алты жылдай осы компанияда жұмыс істеген соң ары қарай өсу керек екенін ұқтым. Жаңа жұмыс орындарын ашып, өзіме жұмыс істеу керек екенін түсіндім. Жүк тасымалдау саласында жұмыс істеген соң тәжірибем толысып, өз компаниямды ашуға дайын болдым. Осылайша досымыз екеуіміз өз компаниямызды ашамыз деп шешіп, оны US 50 Road LLC деп атадық. Бәрін басынан бастау оңайға соқпады. Бізді ауыр және габаритті (RGN) жүктер қызықтырды.

– АҚШ-қа алғаш келгенде және кәсіп бастаған кезде қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Әрине, шетелге қыдырып бару бір басқа, ал өзге елге көшіп, өмір сүру мүлдем басқа дүние. Бастапқы кезде тіл жағы, несие тарихының болмауы, тәжірибе аздығы және достардың жоқтығы қиынға соқты. Ал компания ашар кезде командасыз, байланыссыз бәрін нөлден бастау қиын болды.

Компания ашар кезде АҚШ-тың көлік жүйесі туралы заңдарын мұқият оқып шықтым. Кәсібімді бір ғана жүк көлігінен бастадым. Жүкті өзім іздедім, өйткені командам, диспетчерлер болған жоқ. Диспетчер де өзім болдым, брокерлермен де өзім келіссөз жүргіздім. Кіріс-шығысты қадағаладым. Компания енді ғана ашылған соң ешкім жұмыс істемеді. Америка Құрама Штаттарында ең алдымен компанияның қанша жыл жұмыс істегеніне, тәжірибесіне қарайды. Сол себепті бұл қиындық туғызды, бірақ бұл уақытша еді. Жұмысты жүйеге қойып алған соң жүргізушілер жалдап, бизнесімді он RGN трак флотына дейін кеңейттім. 

Ауыр және габаридті жүк / Фото: Сәбит Амербаевтың жеке архивінен

– Компанияңыздың басты миссиясы мен құндылықтары қандай? Қай штаттарда жұмыс істейсіздер?

– Штаттарда RGN жүктерді тасымалдау үлесі көп емес. Өйткені компаниялардың басым бөлігі жеңіл жүктерді тасымалдағанды жөн көреді. Бірақ біз секілді ірі жүктерді тасымалдаудың машақаты көп. Көп адам жұмысқа келеді де, жұмыс тәртібіне шыдай алмай кетіп қалады. Расында өте қиын жұмыс, себебі арнайы жолмен арнайы уақытта жүруің керек. Мысалы, 90 мың фунт болатын өте ауыр жүк тиелген көлікті таң атқанша айдай аласың. Ереже өте көп болған соң кез келген адам жұмыс істеуге дайын емес. Кішкентай қателіктің өзі қаншама шығын мен уақыт алып, жүйкені кетіреді. Сондықтан көп адам жұмысты енді бастаған кезде шыдай алмай кетіп қалады. 

Соған қарамастан кәдімгі жабық жүктерді ғана емес, ашық ірі жүктерді тасымалдауға басымдық бердім. Үлкен техника, ірі құрал-жабдықтарды тасымалдаған кезде бәрін өзің өлшеп, өзің істеуің керек. Бұл салада жұмыс істейтіндер көп емес. Сондықтан алдыма ірі жүктерді тасымалдау саласындағы көшбасшы компания болу мақсатын қойдым.

Компаниямыз Аляска мен Гавайидан басқа барлық штатта жұмыс істейді.

– COVID-19 пандемиясы кезінде қалай жұмыс істедіңіз? 

– Пандемия кезінде Viva Express компаниясында жұмыс істедім. Ол кезде қоймалардың көбі жабылып қалды. Бәрі кешікті. Жолдар жабық болды. Тауарды жүктегенде үнемі іркілістер болды. Соған қарамастан жұмыссыз жатқан күнім болмады. Сол кезде адамдарға ауадай қажет болған дәрі-дәрмек, азық-түлік секілді бірінші кезектегі заттарды тасымалдадым. Қиын кезде АҚШ-қа және оның азаматтарына көмектесуді борышым деп білдім. 

Сіздің сұрағыңыздан соң коронавирус пандемиясы кезінде карантиндік шектеулердің көптігінен жұмыс істеу оңай болмағанын есіме алып отырмын. Айналадағы адамдарға қауіпсіз болу үшін дене қызуын өлшеп, үнемі маска тағып жүрдік. Кейде тауарларды жеткізгенде арнайы форма киюге тура келді. Қоймаға келген кезде киім-кешекті міндетті түрде ауыстыру қажет еді. Кезек ұзақ болған соң мұның бәрінен өтуге бес-он минут емес, екі сағат, тіпті бір күндей күтуге тура келді.

Сол кездері жұмыспен қоса біз қайырымдылықпен айналыстық. Жұмыссыз қалған отбасыларға және жүргізушілерге көмектестік. Қажет заттарды жеткізіп, сол бір қиын уақытта бір-бірімізді барынша қолдадық.

Кәсіпкер көліктің қауіпсіздігін өзі қадағалайды / Фото: Сәбит Амербаевтың жеке архивінен

 – Қарамағыңыздағы қызметкерлерге қалай қарайсыз?

– Өзім де сол жолдан өткен соң жүргізушілердің жұмысы қаншалық қиын екенін жақсы білемін. Олардың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұрады. Ай сайын жүргізушілерге кэмпинг секілді жұмыстан тыс уақыт өткізу іс-шараларын ұйымдастырамын. Кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлердің тамағын төлеймін. Әр қызметкерімнің туған күнін назардан тыс қалдырмай, сыйлық ретінде сертификат беремін. Компанияның кеңеюіне үлес қосып жүрген жүргізушілерге алғысымды айтамын. 

Компания мақсаты табыс табу болғанымен, оны жүргізушілерді ұстап тұру үшін икемді жұмыс тәртібі, жоғары жалақы, жүргізуші жүксіз қалса өз есебінен олардың баспанасын, машина жалдау ақысын, тамағын төлеп беретін компаниялардың бірі. Жыл сайын компаниялар салық төлейді. Біз де салық төлеп, Америка экономикасын көтеруге үлес қосып жатырмыз.  

– Қауіпсіздікті қалай қадағалайсыз? 

– Кейде біздің жұмысымыз адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Біз ауыр және габаридті емес жүктерді тасымалдаймыз. Маршруттарды жоспарлау, жүкті тіркеуді және қауіпсіздікті қадағалау жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің және жол-көлік қозғалысының басқа да қатысушыларының өміріне тікелей байланысты. Мұқият жоспарлау және барлық стандарттарды сақтау арқылы апаттарға жол бермеуге және жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алуға тырысамыз.

US 50 ROAD LLC компаниясының жүк көлігі / Фото: Сәбит Амербаевтың жеке архивінен

– Алда қандай мақсатыңыз бар?

– Мақсатым – сүйікті ісіммен айналысуды тоқтатпай, жаңа жұмыс орындарын құрып, Америка экономикасын дамытуға өз үлесімді қосу. Жүргізушілердің қауіпсіздігін нығайтуға күш салғым келеді. 

US 50 ROAD LLC компаниясын досыммен бірге ашқандықтан енді ірі жүктерді тасымалдаумен айналысатын Kazak Express INC атты жеке компаниямды ашуды жоспарлап отырмын.

Болашақта жүк тасымалдайтын жүргізушілер бір де бір күн жүксіз, жұмыссыз қалмауы үшін жағдай жасайтын мобильді қосымша не сайт ашу жоспарда бар. Мұны стартап деуге де болады. Әзірге миымда идея болып тұр, мұны пысықтау керек. 

Компаниямдағы жүк көліктерінің санын жүзге жеткізгім келеді. Брокерлермен байланыс жасауды жолға қойып жатырмын. Мен үшін жұмыс орнын ашу, қауіпсіз және тұрақты логистика құру, саладағы кәсіби стандарттарды дамыту маңызды. АҚШ дәл осы мақсаттарымды ауқымды әрі кәсіби түрде жүзеге асыруға алаң, бар мүмкіндікті ұсынып отыр.

Сәбит Амербаев отбасымен / Фото: жеке архивінен

Жолдасым екеуміз екі қыз тәрбиелеп отырмыз. АҚШ-та балаларымның жақсы өмір сүруіне, білім алуына жағдай жасалған. Әрі өз ісіммен оларға үлгі болсам деймін. Сондықтан қайырымдылық жасауды жалғастыра беремін. Жұмыстан тыс уақытта жануарларға, мұқтаж адамдарға көмектесетін ұйымдардың жүктерін тегін тасымалдаймын. 

Жүк тасымалы бизнес қана емес, бұл адамдардың өміріне және күрделі жүктерді қауіпсіз тасымалдауға деген жауапкершілік деп айтамын. Шетелде кәсіп бастаймын деушілерге айтар ақылым – оқыңыз, үйреніңіз, қауіпсіздік пен сапаны әрдайым бірінші орынға қойыңыз. Менің бизнесімнің табысты болу құпиясы да осы.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз