"Балалар ұзақ дүние көргісі келмейді". Неліктен анимациялық фильмді отбасымен бірге тамашалау керек

"Элио" фильмінің дубляж командасы / Фото: Руслан Зиганшин
"Элио" фильмінің дубляж командасы / Фото: Руслан Зиганшин
Шах-Мұрат Ордабаев – әлемдік туындыларды қазақша сөйлетіп жүрген дубляж режиссері.

"Қазақ тілі" қоғамының ұйытқы болуымен ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. 19 маусымда қазақша дубляждалған "Элио" фильмі үлкен экранға шықты. Жер бетінде жалғызсырап, өзге ғаламшарлықтардан өзін ұрлап кетуін өтінген Элионың шытырман оқиғасы ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ата-анасынан айырылған бала Жерде өзін жалғыз сезінеді, сыр ақтарар досы да жоқ. Бір күні арманы орындалып, өзге әлемге аттанады. Басқа ғаламшардан нағыз дос табады. Алайда бұл қуаныш көпке ұзамайды. 

Информбюро тілшісі Disney мен Pixar студияларының "Элио" анимациялық туындысын тамашалап, осы фильмнің қазақ және орыс тіліндегі дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевпен аз-кем сұхбаттасты.

– Дубляж жұмысы қалай жүрді?

– Бүгін премьераның масштабынан "Элио" шағын жоба секілді көрінгенімен, бірақ олай емес. Мен үшін бұл ерекше жоба, өйткені "Элио" – Pixar мен Disney студияларының бірегей туындысы. Бұл ешқандай ремейк емес, спин-офф, приквел не сиквел емес. Ешнәрсенің көшірмесі емес.

Жаңа дүние болған соң кастинг жасаған кезде, әсіресе аудармашылар ынтамен келеді. Ақ қағазға жаңадан жазылған туынды болғандықтан, оған дейін жасалған аудармаға жүгінудің, жаңадан бірнәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Сол үшін бұл жоба өзіме де ыстық.

Бас кейіпкер Элионың көрерменге, әсіресе құрдастарына айтары көп. Кішкентай бала өз қаласында, өз мемлекетінде ғана емес, үп-үлкен Жер шарында орнын таба алмай жүр. Басқа ғаламға көшсем деп армандайды. Өзге ғаламшарлықтардан өзін ұрлап әкетуін сұрайды. Элио өзін жалғыз сезінеді. Досы да, жақыны да жоқ. Бірақ анимациялық фильм шынайы достықтың не екенін, дос болу үшін мықты, бай, сұлу тіпті адам болудың да шарт емес екенін, өзге ғаламшарлық құбыжық та жүрегі адал әрі ізгілік деп соғатын болса дос таба алатынын баяндайды. Өскелең ұрпаққа, әсіресе өтпелі кезеңге қадам басқан жеткіншектерге, ортаншы балаға, назардан тыс қалған мейірімге зәру балаларға айтары көп дүние. 

Шах-Мұрат Ордабаев достарымен / Фото: Руслан Зиганшин

– Дубляж актерлері қалай таңдалды?

 – Дубляж кастингтерінде ерекшелік болады деп айта алмаймын. Жұмыс барысы бірдей, бірақ бұл жобада басты кейіпкерлерді дыбыстауға барынша дебютанттарды шақырдық. Элио мен Глордон – екеуі де ұл кейіпкер. Бірақ біз Глордонды дыбыстауға қыз баланы ұсындық. Студия қарсы шыққан жоқ, рұқсатын берді. Қазақ тілінде "род" болмағандықтан ешқандай қиындық туған жоқ. Осылайша екі баланың ғана емес, ұл мен қыздың достығын көрсеткіміз келді.

– Неге қыз бала дыбыстады?

– Фильмдегі құбыжық баланың дауысы өте жіңішке, нәзік. Қазақтың ұл балаларына тән емес дыбыс болғандықтан, қыздардың арасынан іздедік. Ұлдар олай нәзік сөйлемеді. "Нәзік сөйле", "жұмсақ сөйле", "қыз сияқты сөйле" десең намыстанады. Сондықтан продюсерлермен кеңесе келе қыз баланы алдық және дұрыс шешім болды. 

– Бұл фильмде буллинг мәселесі де қозғала ма?

– Ол да бар. Лагерьге жаңадан келген Элионы өзге балалар ұрып-соғып қарсы алады. Жетім Элио ғарышты ғана армандайды. Жер шарында өзін жалғыз сезінеді. Қиындықтарға қарсы тұру, жалғыздықпен күресу, шынайы дос табу бір жарым сағаттық фильмде жақсы көрсетіледі. Қолда барда алтынның қадірі жоқ демекші, өзге ғаламшарлықтармен араласып, солармен қырқысқанда ғана Жердің қадірін түсінеді.

– Кейінгі кезде отбасы, мейірім, махаббат туралы анимациялық туындылар көптеп шығып жатыр. Қазіргі мультфильмдерді балалар ғана емес, үлкендер де көруі керек сияқты...

– Оларды балаларға арналған емес, отбасылық фильмдер деп айтады. "Үш марғау", "Маша мен аюды" тек балалар көреді деуге болады. Ал отбасылық фильмдерді ата-ана баласымен, үлкендер өзінен кішілермен көруі қажет. 

– Бірақ қоғамда мультфильм тек балаларға арналған деген стереотип бар ғой.

– Қоғамда сондай қате түсінік қалыптасқан. Анимацияны тек балаларға арналған деп есептейтіндер бар. Анимация – өнердің бір тәсілі. Анимация арқылы кезінде соғыс, геноцид, жемқорлықпен күрес туралы туындылар да түсірген. Зорлық-зомбылыққа, нашақорлыққа қарсы дүниелер бар. Олар балаларға арналған дүние емес қой, жалпы көрерменге арналған. "Элио" – отбасылық фильм. Көрерменге қызық, іш пыстырмайды. 

Бірақ қазіргі балаларға ұзақ дүние көрсету қиын. Әлеуметтік желілерден отыз секундтық, бір минуттық видео көріп үйреніп қалған. Соның кесірінен балалар хикаясы бар мультфильмдерді көруге ерінеді. Ал біз кітап оқып, толықметражды фильм көріп, сериал тамашалап үйренген ұрпақ әлі де хикаяны басынан аяғына дейін кейіпкермен бастан кешуге дайынбыз. Ал қазіргі балаларды, өкінішке қарай, бір минутта қызықтыра алмасаң ұзақ дүние көрсете алмайсың. 

"Элио" фильмін тамашалап отырған көрермен / Фото: Руслан Зиганшин

– Биыл тағы қандай фильмдер дубляждалады?

– "Жануарлар шаһары" шығады. "Аватар" фильмінің үшінші бөлімінің жұмысын биыл бастаймыз. Жылдың соңына қарай жарық көреді.

– Қазақшаға дубляждалып жатқан фильмдердің орысша дубляжын да сіздер жасайсыздар ғой? 

– Соғыс басталғалы, Ресей Украинаға шабуыл жасағалы Disney сияқты үлкен компаниялар ресми түрде Ресейден кетті. Олар соғысты қолдамайды. Орыс тілі тек Ресейге тиесілі дүние емес.  Орыс тілінде сөйлейтін басқа да мемлекеттер бар, сол үшінде дубляж орыс тілінде жүргізіліп жатыр және оны Қазақстанда жасайды. Бізбен қоса орысша тамашалайтын елдер бар. Бірақ бұл фильмдер ресми түрде Ресейге таратылмайды. Ол жақта көрермендер пират нұсқасын ғана көреді.

Орысша дубляж жұмыстарына 2023 жылы қосылдым. Алғашқы жобаларды ресейлік әріптестеріміздің көңілінен шықпады. Көш жүре түзеледі. Қазақша жоба қалай шығады екен деп ешқашан қорыққан жоқпын. Қазақстан не Алматы болғандықтан емес, Бішкекте дыбысталса олар да уақыт өте келе жақсы жасайды деп ойлаймын. Орысша дубляж жасайтынымыз негізінде өкінішті. Алматы да, Бішкек те орысша сөйлей алады, орысша дыбыстай алады. Қазақ тілінің жанашыры ретінде мұны өкінішті жайт деп есептеймін. Бұл бір жағынан мықтылығымызды да, басқа жағынан әлсіздігімізді де көрсетеді. Тек қазақша бола берсе екен деп ойлаймын. Олар өздері орысша дыбыстаса, біз олармен жарысып қазақшасын көрсетейік. Бірақ жағдай осындай. Соғыс ешқашан жақсы болған емес, бірақ соғыстан кейін қазақша дубляж қайта тірілді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары