Тікелей эфир

АҚШ-та кәсіп бастау оңай ма? Сан-Францискода мейрамхана ашқан әйелдердің хикаясы

Сан-Франциско қаласындағы Fang мейрамханасы / Фото: kathyfang.com
Сан-Франциско қаласындағы Fang мейрамханасы / Фото: kathyfang.com

Информбюро журналисі АҚШ-та әйелдердің экономикадағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту тақырыбында өткен пресс-турға қатысты.

"Америка кәсіпкер әйелдерді қалай қолдайды?" атты мақаламызда ел астанасы Вашингтондағы коммерциялық емес ұйымдардың жұмысы және бизнестегі әйелдер туралы жазған едік. Бұл жолы біз Сан-Францискодағы ерлермен қатар мейрамхана ісінде көш бастаған әйел кәсіпкерлердің хикаясын баяндаймыз.  

АҚШ үкіметі, соның ішінде федералды, жергілікті билік органдары әйелдер бизнесіне көмектесуге мүдделі. Әйелдер бизнесіне арналған гранттар, бизнесті жобалау және жүргізу бойынша тегін консультациялар мен құжат жағынан көмектесуден басқа, әртүрлі салық жеңілдіктері бар. Бұл кәсіпкер әйелдерді өз бизнесін дамытуға және АҚШ экономикасына үлес қосуға ынталандыру үшін жасалады.

Cassava мейрамханасы. Юка Иорой

Юка Иорой 1998 жылы Жапониядан АҚШ-қа қоныс аударған. 2008 жылы Лос-Анджелестен Сан-Францискоға көшіп келіп, 2012 жылы күйеуі Кристоффер Толиао екеуі Cassava атты мейрамхана ашқан. Олар кәсібін 8 орындық шағын кафеден бастаған. 2022 жылы ауқымын кеңейтіп, қала орталығындағы жаңа ғимаратқа көшкен. 11 жыл бойы мейрамхана дәмді асханасымен ғана емес, "әділ жұмыс орны" принципімен де ерекшеленіп келді. 2023 жылы James Beard қоры осы үшін Юка Иорой мен Кристоффер Толиаоны "Көрнекті ресторатор" номинациясына қосты. Онымен қоса, отты қолданбайды, тағамдарды электр құрылғыларында әзірлейді. 

Юка Иорой / Фото: Infromburo.kz

"Cassava дегеніміз – тәтті картоп. Америкалықтар айта алатындай атау іздедік. Алғашқы кәсібімізге 40 мың АҚШ долларын, жақында осында келіп тағы 100 мың АҚШ долларын инвестицияладық. 2020 жылы James Beard қорының сыншылары мейрамхана ісімен айналысатын азшылықты қатарға қоса бастады. Содан бері аймақта қытайлықтар мен жапондар бағаланады. Бірақ әйелдер аз. Командамызда 20-22 адам бар. Мұнда әртүрлі азшылық өкілі жұмыс істейді. Токсик маскулиндікпен (ерлер туралы стереотиптер) күресеміз. Ер адамдардың өзі одан зардап шегіп жатыр. Жұмысқа аларда алдымен адамның көзқарасын біліп аламыз. Нәсілге, жынысқа, дінге бөліп-жармайтын, кәсібіміздің өркендеуіне зияны тимейтін адамдарды таңдаймыз. Ортақ құндылықтарға қарсы келетін ерлерді бірден байқаймыз", – деді Юка Иорой.

Юка әлі күнге дейін Жапония азаматы. Елінің болашағын ойлап, дауыс беру үшін азаматтығын өзгертпеген. Әрі жапон үкіметі қос азаматтыққа рұқсат бермейді. Дегенмен ол Жапониядан гөрі АҚШ-та бизнес ашу оңайырақ дейді.

Cassava қонақтары / Фото: cassavasf.com

АҚШ-та федералды үкіметтің агенттігі – Шағын бизнесті басқару (SBA) мекемесі елде кәсіп бастауға, оны дамытуға қолдау көрсетеді. SBA кәсіпкерлерге тегін консультация беріп, грант, субсидия, несие ұсынады. Юка да SBA консультациясын алған.

"Бізді қолдаған қорға алғыс айтамын. SBA тегін консультация берді, грант беретін ұйымдармен байланыстырды. Covid-19 пандемиясы кезінде мемлекет шағын грант берді. Бұл бізге жақсы көмектесті. Тіпті ағылшын тілін білмесеңіз де, ірі қалалардағы шағын бизнесті дамыту орталықтары бар көмегін аямайды. SBA үлкен сомада қарыз берді, өйткені біз бизнес екенімізді дәлелдедік", – деді ол.

Фото: cassavasf.com

Кәсіпкер Юка Иоройдың жетістігі ерлер басым мейрамхана ісімен айналысқысы келетін әйелдерге шабыт береді.

"Өз саясатымыз бар. Салық бәрімен бірдей төлеймін. Шығындарды азайтып жатырмын. Бұл ғимаратты он жылға жалға алдым, себебі қалада экономикалық жағдай құбылмалы. Сан-Францискода мейрамхана бизнесі жақсы дамыған. Басқа жаққа көшу әзірге қымбат әрі қиын. Кәсібім ұнайды. Мейрамхананы басқаруға көп уақыт қажет. Күйеуім екеуміз бизнесті бірге алып жүрміз. Биыл Бальбоа көшесіндегі алғашқы орынды қайта аштық. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, дами береміз", – деді Cassava мейрамханасының иесі.  

Fang мейрамханасы. Кэти Фэнг

Сан-Францискода мейрамхана иесі, отбасы мен кәсібін қатар алып жүрген әйел, ана Кэти Фэнгпен әңгімелестік Ол бізді 300 адамдық үлкен мейрамханасында күтіп алды. Кэти 12 жылдан бері әкесі Питер Фэнгпен бірге Fang мейрамханасын басқарады. Екеуі де әрі аспаз, әрі менеджер. Кэтидің бренд және инновациялық аспаздық жобалары секілді жетістіктері ерлер басым мейрамхана бизнесінде әйелдердің де көбеюіне әсер етті. Әкесі екеуі жайлы Food Network арнасындағы алты сериялық Chef Dynasty: House of Fang деректі сериалынан кейін Кэти Фэнг көпшілікке танымал бола түсті. 

Кэти Фэнг / Фото: Informburo.kz

"Ата-анам 1980 жылы Шанхайдан Сан-Францискоға көшіп келгенде қалталарында бар-жоғы 40 доллар ғана болған. Бірінші барған жері – қытайлар тұратын Чайнатаун ауданы. Ағылшын тілін еркін білмесе де, бірнеше мейрамханада жұмыс істеп, ақша тапты. Бір күні өз кәсібімізді бастайық деп ұйғарып, 1988 жылы House of Nanking мейрамханасын ашты. Үйден гөрі сол жерде көп уақыт өткіздік. Ата-анамның талмай еңбек еткенін көріп өстім. Олар аптасына жеті күн тынбай жұмыс істейтін. Сондай қиындықты көрген соң мейрамхана ісімен айналысқым келмеді. Оған қоса ол кезде шеф, ресторатор болу беделді жұмыс емес еді. Аспаздар қиын жағдайда өмір сүретін. Мәртебелі жұмыс болмады", – деді Кэти Фэнг. 

Десе де Сан-Францискодағы қытай ауданындағы шағын кафенің асүйінде өскен Кэти әкесінің ісін жалғастырып, аспаздық өнерде өз атын қалдырды.

House of Nanking мейрамханасы / Фото: kathyfang.com

2009 жылы әкесі екеуі Сан-Францисконың қақ ортасынан Fang мейрамханасын ашты. Питер мен Кэти Фэнг – әрі ортақ иелері, әрі шеф-аспаздар. Бүгінде Кэти кәсіпкер ғана емес, өз білгенін басқаларға үйретіп жүр. Ол бірегей ингредиенттер мен дәмдерді пайдаланып, қарапайым әрі пайдалы, дәмді ас жасауды үйретеді. Кэти шеф болуды ғана емес, өзгелерге пайдалы болуды да армандаған.

"Ешқашан мейрамхана ісімен айналысамын деп ойламаған едім. Қаржы мамандығын бітірдім, сол салада жұмыс істедім. Сандардан жалықтым, ішім пысты. Өзім қаламайтын нәрсені істемеймін деп шештім. Қатарластарым, айналам жолы болмаған адам санады. Даяшы болдым. Кондитерлікпен де айналыстым. Содан 27 жасымда әкеме мейрамхана ашайық дедім.12 жыл бұрын атақты шеф, Қытай тағамдары жөнінде сарапшы болғым келді. Ол кезде әйел шефтер жоқтың қасы еді. Өзің жайлы айту үшін кез келген мүмкіндікті пайдалану керек. Өз хикаямды айта бастадым. "Шефке ұқсамайсыз" дегендер де болды. Білген-түйгенімді, жүріп өткен жолым туралы бөліскім келді. 2022 жылы арна продюсері келіп сөйлескен соң, отбасылық мейрамхана туралы реалити шоуға қатыстық", – деді ол. 

Кэти Фэнг / Фото: kathyfang.com

Алты сериялы деректі сериал шеф-аспаз әрі мейрамхана иелері Питер мен Кэтидің, әкесі мен қызының қарым-қатынасын баяндады. Көрермендер Азиядан шыққан иммигрант отбасының еңбек жолын көре алады.

"Chef Dynasty: House of Fang" Кэти Фэнг түскен алғашқы жоба емес. Ол оған дейін "Beat Bobby Flay", "Cutthroat Kitchen", "Guy’s Grocery Games" шоуларына түсті. "CHOPPED" шоуының екі дүркін чемпионы атанды. TASTE AWARD 2023 "Аспаздық бойынша жыл жаңалығы" номинациясын жеңіп алды. Ол NBC арнасындағы TODAY шоуында жиі қонақ болады. Сондай-ақ, 2022 жылы "Alex vs America" шоуында төрелік етті. "Жеңіл азиялық асхана" атты кітаптың авторы ретінде де танымал бола түсті. Коронавирус пандемиясы кезінде тұрғындар үйлерінде азия тағамдарын әзірлей алуы үшін танымал тұздықтарды сата бастады.

Кэти және Питер Фэнг / Фото: Food Network 

Кэти және Питер Фэнгтің қос мейрамханасында танымал тұлғалар жиі қонақ болады. "Матрица" фильмдерінен House of Nanking мейрамханасында кеспе жеп отырған Неоны көреуге болады.

"Ата-анамның мейрамханасы 30 орындық еді. Кейіннен 45-ке өсті. "Матрица" фильмін түсірген кезде бүкіл түсірілім тобы кеспе ішуге бізге келетін. Соңғы түсірілімде Киан Ривзбен фотоға түсіп, әңгімелестік. Ол кезде аяғым ауыр еді. Баламыздың атын Нео деп қойдық. Әкем Киан Ривзді алғаш көргенде танымай, басқа актермен шатастырған екен. Киан болса қуанып, ол үшін үлкен құрмет екенін айтқан. "Құмырсқа адам" фильмінде де біздің тамаққа тапсырыс беріп, оны алып кететін эпизод бар", – дейді кәсіпкер.

Актер Киан Ривз бен Кэти және Питер Фэнг 

Мейрамхана осы күнге дейін 4,5 миллион адамға қызмет көрсеткен. Бір кеште бұл жерге 70 мың адам келіп-кетуі мүмкін. 

"Covid-19 кезінде мейрамхана жабылып, House of Nanking жақта жұмыс істедік. Бес шеф бар, барлығы әйел. Мейрамханадағы әр қызметкер бесаспап, бәрін істей береді. Бәріне үлгереді. Тағамдардың рецептін өзіміз жасаймыз. Даяшы да боламыз, ыдыс та жуамыз. Менеджер ретінде қонақтармен сөйлесіп, есік алдында тұрамыз. Тіпті әкем терезе жуады. Көп мейрамханадан мұндайды көру қиын. Адамдармен сөйлесіп, әр келген қонаққа назар аудару қажет. Тағамдарымыз қымбат емес, әрдайым қолжетімді болғанын қалаймыз. Кәсібімізді ойымызға кіріп-шықпаған жоғары деңгейге көтердік. Мейрамханамыздың танымал болуына қарапайым көрінуі, әрі әкем ашқан кездегі сапаны ұстап тұруымыз себеп деп ойлаймын", – деді Кэти Фэнг.

Fang мейрамханасы / Фото: kathyfang.com

Кэти Фэнг кәсібін дамыту үшін үкіметтен ешқандай көмек алмағанын, десе де кез келген мүмкіндікті міндетті түрде қолдану керек екенін атап өтті.

"Америкада дүниеге келген қытайлық қой" деуі мүмкін. Бірақ дәстүрлі құндылықтарды ұстанамын. Әкеммен қарым-қатынасым да солай. Ата-анамның ісін жалғастырдым. Ал балаларым мейрамхана ісіне қызықса, бар білгенімді үйретемін. Қазірдің өзінде көп нәрсе біледі. Қаламаса, онда басқа амалын табамын. Кәсібімді жүргізу үшін мемлекеттен көмек алмадым. Десе де иммигранттар экономикалық мүмкіндіктерді пайдалануы керек. Олар туралы хабарымыз болмады. Егер білгенде, мүмкіндіктерді ерте пайдаланғанда бизнесіміз тез аяққа тұрып, жылдам дамитын еді", – деді ол. 

Кэти Фэнг тәлімгер ретінде өзгелерге кеңес береді. Мейрамхана бизнесінде жүрген әйелдерге хикаясын айтып, қолдау көрсетеді.

Фото: Кэти Фэнгтің Facebook парақшасынан

"Қазір кез келген салада тез үйренуге, жетістікке жетуге болады. Бір іске деген құштарлық табу қиынның қиыны. Көпшілік заңгер бол, дәрігер бол деп жатады. Әр мамандық қоғамда маңызды. Өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз. Сол істің шебері болыңыз. Кез келген бизнес бір орында тұрмайды, дамуы керек. Ендігі мақсат – тағамдарымыз азық-түлік дүкендерінде тұрса деймін", – деп ол сөзін түйіндеді. 

CAMEX туры

Информбюро журналисі АҚШ-та өткен "Әйелдердің экономикадағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту" (CAMEX) атты пресс-турға қатысты. Турдың мақсаты – Орталық Азия журналистерін АҚШ-тың креативті экономикасындағы әйелдердің рөлімен таныстыру.  Бұл пресс-турды Шетелдік журналистерге арналған пресс-орталықтармен серіктесе отырып АҚШ Мемлекеттік Департаменті қаржыландырады. Бағдарламаны Вашингтонда орналасқан Меридиан халықаралық орталығы әзірледі. Орталық Азия журналистері 10 күн бойы Вашингтонда, Денвер мен Боулдер қалаларында және Сан-Францискода әйелдер бизнесіне қолдау көрсететін үкімет пен коммерциялық емес ұйымдармен, сондай-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген әйел кәсіпкерлермен кездесті.

АҚШ-та кез келген кәмелетке толған адам бизнес аша алады. Азаматтыққа қарамайды. Ол үшін онлайн-өтінім жазып, әр штатқа сай салық төлеу қажет. Содан кейін Салық қызметінен нөмір алып, кәсібін бастай берсе болады. Бизнесі бар адамдар үкіметтен грант ала алмайды, дегенмен кәсібін дамытуға қажет дағдылар мен ресурстарды алуға көмектесетін әртүрлі бағдарламаларға қатыса алады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары