Тікелей эфир

Алуа Қонарова: Жасым жер ортасына келгенде жаңа өмір бастауға мәжбүр болдым

Алуа Қонарова – белгілі продюсер, "Rin'Go World" орталығының негізін қалаушы.

Қазақстандық продюсер Informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында пандемияның өз шығармашылығына әсері және қазіргі шоу-бизнес пен продюсерліктегі өзгерістер туралы айтып берді.

– Алуа, қазір сіздің Түркияда екеніңізді білемін. Ол жақта немен айналысып жүрсіз? Қандай жаңалығыңыз бар?

– Әзірше Аланияда тұрып жатырмын. Қазақстандағы жұмысым тоқтап тұрғандықтан, осы жерде уақытша аялдауға мәжбүрмін. Бұл жерде де оңай емес, тоқтамай жұмыс істеу керек.

– Қазір құрылыс саласына араласа бастадыңыз ба?

– Иә, мен мұнда бір ірі құрылыс компаниясының серіктесімін. Мен үйлерді сатумен айналыспаймын, ондай нәрсе қолымнан келмейді. Бұл жерде амбассадор ретінде жарнама жағына көңіл бөлемін. Мысалы, жақында елге барып, осы компанияның таныстырылымын жасап қайттым. Компания басшылығымен локдаун басталғанға дейін танысқан едім. Ол кезде пандемияның басталатынын білген жоқпыз, осы жерден бір пәтерді броньдап қойғанмын. Кейінірек елге қайтып, несие алып, тағы бір жобалар бастап, сол үйге қаржы құямын деп ниеттендім. Анам Түркияда тұрып жатқандықтан, былтыр наурыз айында туған күнімен құттықтау үшін келгенмін. Сол кезде пандемия басталып, аяқ астынан шекара жабылып қалды да, жоспарымның тас-талқаны шықты. 

– Қателеспесем, сіз сол үйге жақында қол жеткіздіңіз...

– Иә, жақында үйлі болдым. Бірақ, әлі бірталай уақыт төлейтін төлемі бар. 

– Бір кездері теңіз жағасында шағын үйім болса деуші едіңіз. Арманыңыз орындалды ма енді?

– Иә, Аллаға шүкір! Негізі, осы уақытқа дейін ойлағанымның бәрі орындалып келе жатыр. Теңіз жағасында тұрғым келеді деп жазуыма үлкен мегаполистің шуынан шаршағаным себеп болған шығар. Бірақ, адам армандағанда да абайлап армандауы керек екен (күлді).

Продюсер Алуа Қонарова

– Иә, 2019 жылы бірнеше сұхбатта "жұмыстан шаршадым, біраз демалғым келеді. Тіпті басқа салаға ауысуды да ойлап жүрмін" деген екенсіз. Сол айтқаныңыз қазір шынымен орындалып жатқандай. Маған мынаны айтыңызшы, жасыңыз жер ортасына келгенде жаңадан өмір бастаған қалай екен? Қанша дегенмен, 20 жыл бойы мүлдем басқа салада жүрген адамсыз ғой. 

– Бұл өзгеріс маған оңай тимеді. Себебі, локдаун басталғанда Түркияда ойламаған жерден қалып қойдым. Қазір көптеген қазақтар бұл жаққа алдын ала жоспарлап, заттарын буып-түйіп, саналы түрде көшіп келіп жатыр ғой. Ал, менің жайым басқа. Осы жерден бір үйді броньдап қойып, ары қарай Қазақстанда жұмыс істей берем деп ойладым. Мамама Түркияның ауа райы жағады, ол кісі "осы жақтан үй алсақ қайтеді?" деп айтып жүргеніне біраз уақыт болған. Пәтер қарауыма да себепші болған – cол кісі. 

Пандемия басталғанда басқа елде қалып қойғаным маған моральдық тұрғыдан да, материалдық жағынан да ауыр соққы болды. Қыс мезгілі әртістер үшін өлі кезең екенін білесіз. Жылда көктем келерде әртістеріме ән жаздырып, жобаларға біраз қаражат жұмсап, дайындала бастайтынмын. 2020 жылы да тура солай жасадым, себебі, көктем келісімен концерттер басталады, жұмыс қыза түседі деп сендім. "Рензо", "Аянат" топтарын, Асылтас деген әншімді дамытуға алдын ала қаржы құйған едім. Қараша айына дейінгі жоспарымызды жазып қойғанбыз. Сондай-ақ, сериал немесе кино түсіремін деп дайындалып жүрдім. Жаңадан ашылған мектебіме қатысты қаншама жоспарым бар еді. Бір мезетте бәрінің күлі көкке ұшты. Локдаун басталғанда мектебімнің ғимаратын жалға беріп отырған кісілер ай сайынғы төлемін төмендеткісі келмеді. Бос тұрған ғимаратқа және Алматыдағы жалдамалы пәтеріме ай сайын ақша төледім. Түркияда да пәтер жалдап тұрдық, оның төлемі тағы бар. Қазақстанға қайтқым келген кезде қолдағы қаржым таусылды. Өте қиын кезеңнен өттім.


Оқи отырыңыз: Карина Абдуллина: Басыма түскен қайғы менің балет жазуыма түрткі болды


– Әлеуметтік желіде біраз оқырманыңыз бар. Басқа әртістер сияқты жарнама жасау жағын қарастырмадыңыз ба?

– Оған менің ар-ұятым жібермеді. Жалпы, өзім ұстанымға өте берік, шыншыл адаммын, осы мінезім көп ақша табуыма өмір бойы кедергісін тигізіп келе жатыр. Локдаун кезінде маған жарнама үшін қомақты қаржы ұсынғандар болды. Бірақ, бәрінен бас тарттым. Өзімнің аудиторияма ломбард, желілік маркетинг, ұтыс ойындарын жарнамалағым келмеді. Өз оқырмандарымды қатты сыйлаймын, ақша үшін оларды алдағым келмейді.

Әрине, оңай болған жоқ. Ақша табу үшін әртүрлі нәрсемен айналысуға тура келді. Мысалы, шекара ашылған кезде осы жақтан пәтер жалдағысы келген кісілерге жол көрсетіп, ақша таптым. Оларға пәтер тауып бергенім үшін 5 евро алатынмын. Ондай кезеңнен де өттім. Сосын бұдан былай пәтер жалдап тұра алмайтынымды сезген соң, пандемия басталмас бұрын пәтер броньдаған жерге бардым. Сол компанияның басшысына барып, өз жағдайымды айтып бердім. "Қазақстандағы жұмысым тоқтап тұр. Сіздің компаниядан үй алғысы келген қазақстандықтарға жарнама жасау жағынан көмектесе аламын" дедім. Ол кісі маған серіктес болуды ұсынды. Осылайша, біздің әріптестігіміз басталды. 

Осы жазға дейін жағдайым қиын болды. Пандемия басталғалы бері жақын достарымның өте аз екенін түсіндім. Жақын деп санаған адамдарымның біразы сырт айналды. Шынымды айтсам, қиналған сәтте маған танымайтын адамдар көп көмектесті. "Инстаграмдағы" оқырмандарымды сондай жақсы көремін. Олардың арасында үлкен әжелер де бар. Маған Ақтөбе, Шымкенттен ірімшік, құрт, кәмпит салып жіберген апаларыма алғысым шексіз. Осындай қиын жағдайда шетте жүргенде көңілімді аулағаны үшін оқырмандарыма қатты риза болдым. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар да маған жақсы көмектесті. Жалпы, түрік халқы иманды, мейірімді халық дер едім. Базарға, дүкенге барғанда, ақшаң жетпей жатса, "ала бер, кейін әкеп берерсің" дейді. Бірінші рет көріп тұрған адамға затты тегін бере салуы мүмкін. Сонымен қатар, Түркияда қарияларға деген құрмет ерекше екенін байқадым.

Пандемия басталған кезде өнер адамдарын ешкім қолдаған жоқ

– Жақында "Алматыда үйім жоқ болса да, Түркиядан баспана алу бақыты бұйырды" деп жазғаныңызды оқыған едім. Шоу-бизнесте 20 жылдан астам уақыт жүрген адамсыз ғой. Қарапайым халық сіздерге, өнер адамдарына қарап, "бұлардың бәрі ауқатты тұрады" деп ойлауы мүмкін. Осы уақытқа дейін жеке пәтер, көлік алмауыңызға не себеп болды?

– Себебі, мен жылдар бойы дұрыс өмір сүрмей келген екенмін. Өзімнің қарамағымдағы әртістерімді қатты жақсы көремін, әрдайым тек солардың жағдайын жасауды ғана ойлаппын. Оларға "алдымен сендер аяқтан тұрып алыңдар. Пәтер, көлік алыңдар. Сосын мен де алармын" дейтінмін. Бейнебаян түсіріп алайық, жаңа топ ашып алайын деп, кейінге қалдырып жүре бердім. Бұған тек өзім кінәлімін. Бұрын Алматыда пәтерім болған еді. Оны кепілге қойып, "Ринго" тобын дамыту үшін несие алдым. Кейінірек ипотекаға бір пәтер алдым, оның ақшасын 11 жыл бойы төледім. Бір күні мен оның төлемін төлей алмайтын жағдайға жеттім. Себебі, қанша жыл төлесем де, төлемі азаймады. Ол ипотеканы жауып тастайтын жағдайым да болды. Бірақ, мен қолға түскен қаржының бәрін әртістеріме жұмсайтынмын. Оларға 40-50 мың долларға дейін қымбат бейнебаяндар түсірдім. Продакшнның барлық мүшелерін жылда бала-шағасымен бірге Таиландқа демалуға апаратынмын. Сондай-ақ, Алматыда үлкен кеңсеміз болды, "Ayumi" тобындағы қыздардың пәтерақысы да менің мойнымда еді. Әріптестерім "неге біреудің баласы үшін басыңды қатырып жүрсің? Сенің есің дұрыс па?" дейтін. Шынымен, менің есім дұрыс емес шығар, білмеймін. Бірақ, солай істеп жүрген кезде маған бәрі дұрыс көрінді. Олардың оқу ақысын төлеуге, үй алуына, ота жасауына көмектесуді өзімнің міндетім деп білдім.

Әртістерімді халықаралық байқауларға апару үшін, бейнебаян түсіру үшін пайызға қарыз ақша алатынмын. Бізде ешқашан инвестор не демеуші болған емес. Тек екі халықаралық байқауда Алла Пугачеваның 100 мың доллар бергенін ұмытпаймын. Ол кісіге алғысым зор. 100 мың долларды қалтама салып алған жоқпын, қарыздарды қайтарып, қалғанын шығармашылыққа жұмсадық. Әртістерімнен қай ақша қайда кетіп жатқанын ешқашан жасырған емеспін. Сондықтан болар, бірге жұмыс істеген 16 жыл бойы сыйластығымызға сызат түспей келе жатқаны. 

Алуа Қонарова және "Ринго" тобы

– Енді Қазақстанға оралған соң, өзгелер үшін емес, өзіңіз үшін өмір сүре бастайсыз ба? Мына оқиға сізге сабақ болған шығар?

– Сабақ болғанда қандай! 50 жасқа келгенде маңдайыма тиді ғой. Ешқашан өзім үшін өмір сүрмегенімді түсіндім. Осы жасқа келгенде бөтен елде жалғыз өзің қалып, өмірді қайтадан бастаудың қиындығын айтсаңшы! Бұл жаста миың да басқаша жұмыс істейді екен, жас кездегідей емес. Елде жиған атақ-абыройыңның құны мұнда бес тиын, сен мұнда ешкім емессің. Осындай жағдайдан кейін басқаша ойлана бастағаным рас. Алдымен өзімнің, сосын барып басқалардың жағдайын жасаймын деп бекінсем де, әзірге қолымнан келер емес. Себебі, қазір анамның жағдайын жасап жүрмін. Өмір бойы біреу үшін өмір сүріп келемін. Мүмкін мені солай тәрбиелеген шығар, білмеймін. 


Оқи отырыңыз: Каскадер Әлия Ысқақова: Ең қауіпті трюктер жылқы малының қатысуымен жасалады


– Сіз және сіздің біраз әріптесіңіз пандемия басталғанда өнер адамдарының көмексіз, қараусыз қалғанын жаздыңыздар. Сіздіңше, оларға қандай көмек көрсетілуі керек еді?

– Біраз уақытқа дейін үндемей келдім. Алайда, Мәдениет және спорт министрлігі фонограммаға қатысты бір ережені айта бастаған кезде шыдамым таусылды. Мен осыдан 20 жыл бұрын айтқан мәселені олар қазір көтергені ашуыма тиді. Әртістер өзі жұмыссыз қалып, шығармашылығы тұралап жатқанда, олар "әртістердің сахнадағы жүріс-тұрысын бақылаймыз" деп шықты. Осыны айтатын уақыт па қазір? "Әртістердің жүріс-тұрысын тексеретіндей сіздер кімсіздер?" дегім келді. Біздің шығармашылығымызды мемлекет қаржыландырмайды. Есесіне, сахнаға әр шыққан сайын салық төлеп отырмыз. Пандемия басталғанда бізді ешкім қолдаған жоқ. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы жалға алған студиямыздың төлемін сәл де болса азайтсақ деп едік, ол өтінішіміз жауапсыз қалды. Министрлік онлайн-концерттер ұйымдастырып, әртістердің аз да болса қаламақы алуына жағдай жасаса болатын еді. Жарайды, тіпті сол кезеңде олар өнер адамдарына еш көмек бермесе де, ең болмаса тыныштық беруі керек еді. Министрліктің фонограмма туралы мәлімдемесінен кейін халықтың әншілерге деген жеккөрініші одан сайын күшейіп кетті.

– 42 500 теңге әлеуметтік көмек алдыңыз ба?

– Иә, алдым. Соған да рахмет! (күлді).

Шоу-бизнесте жүргендердің көбі мені ұната бермейді

– "Инстаграмда" арнайы парақша ашып, естеліктер жаза бастаған едіңіз. Жақында соны оқиын деп іздегенде, таба алмай қалдым.

– Мен ол парақшаны өшіріп тастадым. Себебі, ол естеліктер менің депрессияға батып, өзімді жоғалта бастаған кезімде жазылды. Бәрін қайтадан бастау процесі мені сындырып жіберді. Бәлкім, бұл сынақ маған бойымдағы өркөкіректік, мақтанқұмарлық сияқты жаман қасиеттерден арылу үшін берілген шығар, кім біледі? Соңғы екі жылда өзімнің атақ-абыройым жоқ, баяғы "ешкім емес" кезіме қайта оралдым. Серіктесім "Аланиядағы пәтеріңіз дайын болды, кіре беріңіз" деп хабарлағанда, бұл пәтерге лайық емес шығармын деп біртүрлі күйде болдым. Сонда әлеуметтік желідегі оқырмандарым "сіз бұған лайықсыз!" деп жылы сөзін жаудырып, көңілімді көтерді. Содан кейін "жылдар бойы басқаларға көмектесіп келдім, Алла маған сол үшін осылай сый жасап жатқан болар" деген ой түйдім. 

Естеліктерімде басымнан өткен оқиғаларды қаз-қалпында, ашық жазған едім. Менің өмірім соқтықпалы-cоқпақты жол деуге болады. Ешқандай туыс, күйеу не көңілдестің көмегінсіз бүгінгі дәрежеме жеткен "self-made" адаммын. Ықпалды адамдармен ешқашан дос болған емеспін. Адамдармен араласқанда, өзіме ұнамайтын қылығын көрсем, қарым-қатынасты бірден үзіп тастаймын. Шыншыл адаммын. Біреуге жағымпазданғанша, аш қалғаным артық деймін. Осындай біртүрлі ұстанымдарым бар. Маған негізі кішкене жұмсақтау болып, бірдеңе ұнамай қалса, шорт кетпеуді үйрену керек шығар.

Алуа Қонарова және "Рензо" тобы

– Ендеше осындай шыншыл мінезіңізбен шоу-бизнеске қалай сыйып жүрсіз?

– Шынын айтқанда, менің ұстанымдарыммен шоу-бизнесте жүру оңай емес. Менімен дос болу да қиын шаруа дер едім (күлді). Осы салада жүргендердің көбі мені онша ұната бермейді деп ойлаймын. Бұл салада жақсы араласатын 1-2 досым бар, болды. Негізі, өзім де, продакшндағы әртістерім де шоу-бизнесте басқалармен етене жақын араласқан емеспіз. Өзгелерден оқшау, өз қазанымызда қайнап жатқан бір қауым болдық. "Бұл өте лас сала, мұнда екіжүзділік көп, араласпаңдар" деп, әртістерімді шоу-бизнеске қатты жақын жолатпадым. 

– Шоу-бизнеске 2000 жылдардың басында, қиын кезеңде келдіңіз. Естеліктеріңізде "ол кезде әртістерге қазіргідей жағдай жасалмады, пойызбен, көлікпен жолдары шұрық тесік елдімекендерді араладық. Барған жердегі қонақүй, сахналардың жай-күйі тіпті нашар еді" дейсіз. Сондай проблемаларға қарамастан продюсер болуыңызға не әсер етті?

– Білесіз бе, ол жылдары бұл нәрселер бізге проблема болып көрінген жоқ. Табиғатымнан қарапайым адам болғандықтан, барған жерде көп нәрсе талап етпейтінмін. Бастысы, жататын жеріміз таза болса және әртістерді сахнаға уақытында апарып, алып кетсе деуші едім. Бірақ, соның өзі орындалмай жататын. Бұрынырақта Ресейдің жұлдыздарының асты-үстіне түсіп, ал қазақстандық әншілерге грим бөлмесін бермей қоятын кездер көп болды. Қазіргі ұйымдастырушылардың әртістерге деген қарым-қатынасын сол кезбен салыстырсаңыз, айырмашылығы жер мен көктей. Қазір әншілер ештеңеге бас қатырмайды, бәрі дайын, көпшілігі ұшақта бизнес-класпен ұшады. Өз басым әлі күнге дейін бизнес-класпен ұшып көрмеген адаммын (күлді).

– Әлі ме?

– Иә, осы күнге дейін не өзіме, не әртістерге бизнес-класқа билет сұрап көрмеппін. Сондай бос мақтанның не керегі бар? Біз жұмыс істеуге барамыз ғой. Бастысы, сахнада дыбыс жақсы естілсе болды. 


Оқи отырыңыз: Актриса Әлия Әнуарбек: Жолдасым туралы фильм басқа отбасыларға ой салады деп үміттенемін


Қазір продюсерлік орталықтардың орнын лейблдар басып жатыр

– Өз жұмысыңызды басқа елдердегі әріптестеріңіздің тәжірибесімен салыстырасыз ба? Қандай айырмашылық байқайсыз? 

– Иә, салыстырамын. 2000 жылдардың басында "Дауыс International", "Рахат-Лукум" топтарымен, Рахат Тұрлыхановпен жұмыс істедім. Сол кезеңде мәскеулік режиссерлердің темірдей тәртібін көріп, таңдай қаққаным бар. Олар барлық ісін минутына дейін жазып қойып, сол бойынша жұмыс істейді. Өзінің де, өзгенің де уақытын бағалайды. Осы әдісті кейін өз әртістеріме үйреттім. Олар барлық жерге уақытында барады. Өкінішке қарай, біздің саламызда әлі де уақытқа ұқыпсыз қарайтын жандар көп. Бұрындары бір бағдарламаға түсу үшін 5-6 сағаттап күтуге тура келетін. Сосын мен "30 минут ішінде бағдарлама басталмаса, біз кетеміз" деп талап қоя бастадым. Сөйтпесек, қаншама уақыт текке кетуші еді. 

Шын мәнінде қазақстандық және ресейлік продюсерлер өз әртістеріне ақша табу құралы ретінде қарайды. Бірақ, мен бұл тізімде жоқпын. Өз әртістерімді жақсы көремін, оларды ештеңеден кем қылғым келмейді. Әр продюсердің жұмыс істеу тәсілі әртүрлі.  Менің әдісім бөлек, оны ешкімнен көшірген жоқпын. 

Алуа Қонарова және "Аянат" тобы

– 2000 жылдардың басында сіз біршама уақыт "Орда" тобының продюсері болдыңыз. Бір бағдарламада "ордалықтар" 2004 жылы кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің ұсынысымен Ресейге бармақ болғанын, сол кезде сізді де шақырғанын баяндағанын көрдім. Сіз Ресейге барудан бас тартқан екенсіз.

– Бұл – жалған ақпарат. Маған ешкім Ресейге баруды ұсынбады. "Ордалықтарды" Тоқтар Төлешовпен өзім таныстырған едім. Олар кейін маған айтпай, өзара келіссөз жүргізген ғой. Онысын мен кеш білдім. Әрине, кезінде реніш болды. Бірақ, кейін жігіттер қателік жасағанын түсініп, келіп кешірім сұрады. 

– Сіз олармен қай жылдары жұмыс істедіңіз?

– 2002-2004 жылдары. Оларды алғаш көргенімде, өздерін "біз Бауыржан-шоуданбыз" деп таныстырды. Биі мен киім кию стилі өзгеше екен, сонысымен есімде қалды. Кейінірек алаңда Рахат Тұрлыхановтың үлкен концертін ұйымдастырғанда, жігіттерді соған қатысуға шақырдым. Олардың өнері ұнаған соң, бірге жұмыс істеуді ұсындым. Арамызда ешқандай келісімшарт болған жоқ. Тапқан ақшаны теңдей бөліп, қалғанын шығармашылықты дамытуға жұмсаймыз деп ауызша келістік. Мен оларға бейнебаян түсіру үшін қарызға ақша алдым, оны телеарналардан көрсету де қымбат тұратын еді. Қазақстан бойынша турларын ұйымдастырдым. Осылайша, әріптестігіміз басталды. Олар да мені басқа әртістерім сияқты "мама" деп атайтын (күлді). Жігіттерге үлкен құрметпен қарадым, барынша жағдайын жасадым. Әлі есімде, қыстыгүні тамақ сатып алып, оны жігіттердің үйіне апарып беріп, сосын өзім үйге автобуспен қайтатынмын. Қалтамда көп ақшам болмаса да, солардың қарны тоқ болса дедім. Сондықтан болар, олар сыртымнан келіссөз жүргізгенде, қатты ренжідім. Енді ол кезде тым жас болды ғой, қазір бұған түсіністікпен қараймын.

– Бір сұхбатта сіз "Рингоның" Түркияда тыңдармандары көп. Сондықтан, жігіттерді сол жаққа апарғым келді. Өкінішке қарай, ол елде жасы 35-тен асқан әртістер жоғары бағаланады" депсіз. Қазір "ринголықтар" да 35-ке келді. Болашақта, жағдай біршама түзелген соң оларды Түркияға апаруыңыз мүмкін бе? Жалпы, Түркияда жүргенде жаңа шығармашылық мүмкіндіктер қарастырып жүрсіз бе?

– Иә, сырттай бақылап жүрмін. Маған Түркияның эстрадасы біршама артта қалғандай көрінді. Меніңше, Мұстафа Сандал, Таркан сияқты бірді-екілі жұлдыздар алға шыққанымен, мұндағы эстраданың жайы мәз емес. "Рингоны" ол жаққа апару үшін көп ақша керек. Қазір мен оған дайын емеспін, алдымен өзім аяқтан тұрғым келеді. 


Оқи отырыңыз: Жәмилә Серкебаева: Халқымыз бойына Еуропа мәдениетін сіңіргенін қалаймын


– Қазір қазақстандық шоу-бизнесте продюсерлер буыны ауысып жатқан кезең сияқты көрінбей ме сізге?

– Иә, бұл рас. Осыдан бір жыл бұрын "қазір әртістерге продюсер керек емес" деп айтқаным бар еді. Себебі, лейбл деген ұғым бар. Әнін де, сөзін де өзі жазатын әртіс сол лейблға барады да, шығармашылықпен айналысады. Сонымен қатар, бүгінде хит – хит емес деген нәрсе жоқ, жастар өзіне ләззат сыйлайтын нәрсемен айналысып жүр. Лейбл әртістерге альбомын жазуға, стримингке шығуға, mood-видео түсіруге көмектеседі. Әртіс стримингте әндері жүктелсе, содан түскен табыстың 70 пайызын алады. Қазір негізгі табыс көзі – стриминг. Ол жерде продюсердің керегі жоқ. Мен елге оралған соң, не істейтінімді тап басып айта алмаймын. Мүмкін осыған дейін аяқталмаған жобаларымды бітіріп, шоу-бизнестен кететін де шығармын. 

– Өкшеңізді басып келе жатқан жастарға көзқарасыңыз қандай?

– Мен жастарды әрқашан қолдап, қоштап жүремін. Мысалы, "Өзен" лейблының негізін қалаған Айзатулла деген жігітті қатты құрметтеймін. Айзатулла – өте зиялы, білімді жігіт. Лейблындағы қыз-жігіттер өте талантты. Жалпы, кейінгі уақытта жарқ етіп көрініп жүрген жастардың көпшілігінің бойындағы еркіндік пен қарапайымдықты жоғары бағалаймын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары