Тікелей эфир

Алматыда жер сілкінісінің жиілеуі: Афтершоктар қуатты зілзалаға ұласуы мүмкін бе

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
23 қаңтарда Қытай мен Қырғызстан шекарасында қуатты жер сілкінісі болғаннан қазірге дейін 8 мыңнан астам ұсақ афтершок тіркелді.

2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы қаласында жер сілкініп, Астана, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарының тұрғындары дүмпуді сезді. Төтенше жағдайлар министрлігінің деректері бойынша, елде 15 өңір сейсмикалық қауіпті аймаққа кіреді. Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығының мәліметінше, 23 қаңтарда жер сілкінгеннен кейін Қазақстан бойынша 8 мыңнан астам ұсақ афтершок тіркелді. Олардың шамамен жүзінің магнитудасы 5 балдан жоғары болса, жиырма шақтысы ғана Алматыда сезілді. Осы орайда сейсмолог Мұхтар Хайдаров афтершоктардың себебін және олардың қазақстандықтар үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіндірді. 

"Қуаты аз балл жер сілкіністері үлкен апаттың алдын алады" деген пікірлер бар. Бірақ, афтершоктарды жақсы құбылыс деуге келмейді. 23 қаңтар күні Қытай қалаларының біріндегі жер сілкінісінің магнитудасы 7 балға жетіп, қазір соның афтершоктарын сезіп жатырмыз. Өткен аптада үш-төртеуін қаттырақ сездік. Жалпы, афтершоктар процесін үш жолмен түсіндіруге болады. Біріншісі – қазақша айтқанда – ақыры тоқтайтын, шегі бар құбылыс. Жақсы жағдайда осылай болады. Екіншісі – орташа жағдай – афтершоктың "мінезі болса", бірқалыпты, бірақ созылмалы процеске айналады. Яғни, дүмпу жалғаса береді, қазір біз осыны бастан өткеріп отырмыз. Бұл ауыр апатты жағдай болмаса да, оны жақсы деп айтуға келмейді. Себебі, өмір сүруге кедергі келтіріп, процесс түтіндеп отыра береді", – деді Мұхтар Хайдаров. 


Оқи отырыңыз: Жер сілкінгенде үйде, көшеде және көлікте қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет


Сейсмолог маманның айтуынша, афтершоктың үшінші түрінің салдары ауыр. Осы орайда ол Қытай сейсмологтарымен байланыс орнатудың және мемлекет деңгейінде бағдарламаларды қолға алудың маңыздылығына тоқталды. 

"Үшінші жағдайда афтершоктар өз жолын тауып, үлкен жер сілкінісіне алып келеді. Ешкімді қорқытқым келмейді, дегенмен сейсмологтар осы нәрсеге алаңдайды. Осы орайда Қытайлық әріптестермен байланыс орнату маңызды. Өйткені, біз көбінесе сол жақта басталған жер сілкіністерінің дүмпуін сезіп отырмыз. Тағы бір мәселе – Алматының өз тарихында бірнеше рет ауыр жер сілкінісін басынан өткеруі. Бұл жолы ауыр апаттың болуын күтудің қажеті жоқ. Парламент, Үкімет барлығы бірлесіп арнайы бағдарламаларды қолға алып, халықты сақтандырудың қамына кірісуі керек. Қазір өте жақсы көмектесетін ғылыми-техникалық әдіс-құралдар бар. Жуырда Алматы қаласының әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздік басқармасы құрылды. Бұл – өте жақсы бастама. Дегенмен, оның да үлкен апаттың алдын алуға күші жетпеуі мүмкін", – деді сейсмолог. 

Мұнымен қатар Мұхтар Хайдаров зәулім ғимараттар мен Алматы халқы санының көбеюінің жер сілкінісіне еш әсері жоқ екенін айтып өтті. 


Оқи отырыңыз: "Ғасырдан да ұзақ түн": Алматыдағы жер сілкінісі әлеуметтік желіде қалай көрініс тапты?


"Әлеуметтік желіде жер сілкінісіне халық саны тығыздығының және алып ғимараттардың әсері бар деген пікірлер жүр. Зәулім ғимараттар мен адамдардың салмағын алып таулармен салыстыруға келмейді. Бұл бір пайыздың миллиондай ғана үлесі болатын шығар", – деп қосты Мұхтар Хайдаров. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары