Тікелей эфир

Алматыда Александр Невскийге ескерткіш қойылады. Оның Қазақстанға қандай қатысы бар?

Алматыдағы Александр Невский ғибадатханасы. Фото: Православ жаңалықтары агенттігі
Алматыдағы Александр Невский ғибадатханасы. Фото: Православ жаңалықтары агенттігі
Ескерткіш князьдің 800 жылдығына орай Александр Невский атындағы ғибадатхана алдында орнатылады деп жоспарланған.

Биыл Ресейдің ұлы қолбасшысы, тарихи маңызы зор Нева ұрысы мен Мұз шайқасының жеңімпазы, қатарынан Киев, Новгород және Владимир князі атанған Александр Невскийдің туғанына – 800 жыл. Соған орай, бүкіл Ресей бойынша түрлі ауқымдағы шаралар жоспарланса, Қазақстан да үлкен дайындық үстінде. Алматыда Александр Невский атындағы ғибадатхана (оның құрылысы жайында Информбюро порталы арнайы мақала жариялаған болатын – авт.) бой көтерсе, келер жылы оның жанына Невский ескерткіші қойылады. Сондай-ақ, қала әкімдігінің ғибадатхана маңында Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан барша қазақстандықтарға арналған саябақ жасау бастамасы бар. Ал шіркеу жанынан ағып жатқан бұлақ абаттандырылады.

Неге Александр Невскийдің 800 жылдық мерейтойына ерекше мән беріліп отыр? Оның Қазақстанға қатысы қандай?

Бұл үшін тарихқа аз-кем үңілу қажет. 41 жыл ғана өмір сүрген Александр Невский тарихта екі қырымен ерекшеленген. Бірі – қолбасшылығы болса, екіншісі – дипломаттық қыры. Біріншісіне дәлел – біз жоғарыда атап өткен Нева ұрысы мен Мұз шайқасы сынды соғыстардың бірде-бірінде жеңіліс таппауы болса, сол дәуірдегі ең мықты империя – Алтын Ордамен бейбіт келісімге келуін дипломатия тұрғысындағы жеңісі деп тануға болады.

Александр Невский портреті. Сурет tulaeparhia.ru сайтынан алынды

Александр Невский 1236-1252 және 1257-1259 жылдар аралығында үш мәрте Новгород князі болған. Дәл осы уақыт аралығында қолбасшылық қабілеті кеңінен танылған. Александр шведтермен Нева бойында болған ұрыстағы жеңісінен кейін Невский атанып, тарихта да осы атпен қалған. 1252 жылдан өмірінің соңына дейін Александр Невский Владимирдің ұлы князі болған.

Қазақстандағы Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың айтуынша, Александр Невский дипломатиялық әділ шешімдерімен тек қана ежелгі Ресей емес, бүкіл Еуразия аумағында дінаралық және ұлтаралық келісімнің ерекше моделін қалыптастыруға күш салған. Мұны Невскийдің орыс әлемінің позициясы мен ролін талқылау мақсатында бірнеше мәрте Бату ханның ордасына, сондай-ақ, моңғол империясы Алтын Орданың орталығы – Қарақорымға дипломатиялық сапар жасауымен байланыстыруға болады. Бұл сапар қазіргі Қазақстан аумағы – Каспий мен Арал теңізі, Балқаш көлінің жағалауы, Тянь-Шань тауының бойы, оның ішінде бүгінде Алматы қаласы орын тепкен Іле Алатауы арқылы жасалған.

"1247 жылы басталған Александр Невскийдің Алтын Ордаға сапары екі жылға созылған. Сапардың басым бөлігі бүгінде Қазақстан алып жатқан кең байтақ жер арқылы өткен. Князь көшпенді халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп, олардың жолшыларды қалай қабылдайтынын танып білген. Ол бұл сапардан қазақ даласы мен оны мекендейтін халық туралы мол мәлімет жинап қайтқан", – дейді Валентина Махиня, Солтүстік Қазақстан облысындағы Барлық қасиеттілер ғибадатханасы жанындағы Епархия музейінің сақтаушысы.

Бүгінде Александр Невский атындағы ғибадатханалар әлемнің бірқатар елдерінде бар. Айталық, мұндай шіркеулер Ресей қалаларынан бөлек, Софияда, Таллинде, Тбилисиде бой көтерген. Мақала басында жазғанымыздай, жаңа шіркеу Алматы қаласында да салынды. Парвослав жаңалықтары агенттігінің мәліметінше, шіркеу биіктігі 30 метр болса, ол 0,42 гектар аумақты алып жатыр. Егер бұл орында бұрын болған шағын шіркеуге 500 адам әрең сыятын болса, жаңа ғибадатхана 7 мың адамның қатар құлшылық жасауына мүмкіндік береді.

Икона салушы Владимир Курилов. Фото: Православ жаңалықтары агенттігі

"Ұсынылған бірқатар жоба ішінен біз қазақстандық сәулетші Сергей Козловтың жобасына тоқтадық. Мұны митрополит те мақұлдады. Ал ғибадатхананың ішін безендіруге ресейлік икона салушы Владимир Курилов жетекшілік ететін команда тартылды", – дейді Алматыдағы Александр Невский атындағы ғибадатхана басшысы Иоанн Лопатин.

Ал алдағы жылы шіркеу алдында Александр Невскийдің ескерткіші қойылады. Биыл мамыр айында Александр Невский ғибадатханасының алдындағы алаңда ескерткіш тұғырына белгі тас қойылды. 

Белгі тас. Фото: Православ жаңалықтары агенттігі

Александр Невскийдің қола бейнесін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жыл басында бекіткен болатын. 

Серіктестер жаңалықтары